Екібастұз қаласы әкімдігінің білім
бөлімінің №28 Абай атындағы жалпы
орта білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі Ахметова Бақтыгүл Далабайқызы
Тақырыбы: «Абай – дана, Абай – дара қазақта»
Мақсаты:
Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге үйрету.
Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, эстетикалық тәрбие беру.
Жас ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмге негізделген азаматтық психологияны орнықтыру, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбаевтың шығармашылығын дәріптеу
Міндеттері:
Жас ұрпақты Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен тәрбиелеудің мазмұны мен маңыздылығын ұғындыру. Жас жеткіншектер тәрбиесі еліміз қауіпсіздігінің негізін құрайтын басты стратегиялық міндет екендігін түсіндіру.
Сабақтың әдіс-тәсілі: Сұрақ- жауап, баяндау, түсіндіру, өлең оқу, ән айту
Сабақтың көрнекілігі: Абай портреті, кітаптар, шығармалары, тірек сызбалар, қанатты сөздер, бейнебаян
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезең.
Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар , оқушылар! Бүгінгі « Абай- дана, Абай- дара қазақта» атты әдеби шарамыз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады. Бүгін Абайдың өлеңдері, әндері мен шығармаларының үзінділерімен танысасыздар.
Жүрісі:
1.Кіріспе бөлім
Мұғалім:
Бүгінгі Абай Құнанбаев туралы тәрбие сағатымыз бәйге түрінде өткізіледі. Бәйге - қазақтың ұлттық ойыны. Бәйге - аттардың жарысы. Ендеше бүгінгі сайысқа "Құлагер" және "Тайбурыл" командалары қатысатын болады. Бәйге 5 айналымнан тұрады. Ендеше бәйге ойынына дайындығымызды тексеріп алайық. "Құлагер", "Тайбурыл" топтарының мүшелерінің жарыс алдында тұлпарларынынң шабысын, білімдерінің қаншалықты екенін көріп алайық.Абай ата туралы қандай мәліметтерге дайындалып келдіңіздер, көрсетіңіздер.
Тайбурыл командасының ойыншысы
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Семей өңірінің қазіргі Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Абайдың шын аты Ибраһим. Әжесі еркелетіп «Абай» деп атап кеткен. Абайдың ата-тегі, тәрбиеленіп шыққан ортасы Тобықтының шынжыр балақ, шұбар төс, ауқатты отбасы болған. Әкесі Құнанбай аға сұлтан, болыс болса, аталары Өскенбай, Ырғызбай атақты, әйгілі билер болған. 2015 жылы Абай атамыздың 170 жылдығы тойланды.
Құлагер тобының ойыншысы
Болашақ ақын жас кезінен өлең , әңгімеге әуес болып , әжесі Зере мен анасы Ұлжан аңыз- әңгімелерін барлық ынтасымен тыңдайтын. Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан Абайды әкесі он екі жасында Семейге оқуға жібереді. Абай Ахмет-Ризаның медресесінде оқыды. Медреседе араб, парсы тілдерін жақсы меңгереді. Шығыс ақындары Низами, Сағди, Фзули, Хафиз шығармаларымен танысады. Медреседе оқып жүріп, үш ай «Приходская школада» орысша оқиды.
I АЙНАЛЫМ . "ҚАЙЫМДАСУ"
Мұғалім: Қайым айтыс - айтыстың бір шумақ өлеңмен қайырып отыратын шағын түрі. “Қайыра айту”, “қайта жауаптасу” деген ұғымнан шыққан.
Қайым, қайым өлең- бірден ойдан шығарып айтылатын... өлең, қара өлеңнің бір түрі. Бірақ бүгін біз өлең шығармаймыз. Абай ата өлеңдерін жалғастырып оқу арқылы қайымдасамыз.
Тайбурыл командасының ойыншысы
Ақ киімді денелі, ақ сақалды
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Құлагер тобының ойыншысы
Үсті басы ақ қырау, түсі суық
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
***
Жасымда ғылым бар деп ескермедім
Пайдасын көре тұра тексермедім
Тайбурыл командасының ойыншысы
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мезгілінен кеш сермедім
***
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы
Масатыдай құлпырар жердің жүзі
Құлагер тобының ойыншысы
Жан-жануар адамзат анталаса
Ата-анадай елжірер күннің көзі
***
Ғылым таппай мақтанба
Орын таппай баптанба
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге
Тайбурыл командасының ойыншысы
Бес нәрседен қашық бол
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз
Құлагер тобының ойыншысы
Тілеуің, өмірің алдыңда
Оған қайғы жесеңіз
Өсек, өтірік, мақтаншақ
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Тайбурыл командасының ойыншысы
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз
***
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Мұғалім:
Жарайсыңдар, балалар. Абай өлеңдерінің біразын жатқа білетіндіктеріңді көрсеттіңдер. Енді екінші айналымға көшейік.
II АЙНАЛЫМ Абай әндерін шырқау
Тайбурыл командасының ойыншылары
"Көзімнің қарасы" әні
Көзімнің қарасы
Көңілімнің сарасы
Бітпейді іштегі
Ғашықтық жарасы
Жылайын, жырлайын
Ағызып көз майын
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын
Құлагер тобының ойыншылары
"Желсіз түнде жарық ай" әні
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп
Ауылдың жаны - терең сай
Тасыған өзен күрілдеп
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі
Көрінбей жердің топырағы
Құлпыраған жасыл жер жүзі
III АЙНАЛЫМ Абай өлеңдерінен көрініс дайындау
Тайбурыл командасының ойыншылары
Баласы: Апа, нан берші
Бәйбіше: Ала ғой, құлыным
баласы: Апа, далаға барып жеймін.
Бәйбіше:
Ана, кедейдің қу сирақ баларына таратып бергелі тұрсың ғой, үйде отырып же!
Құлагер тобының ойыншысы
Бәйбіше:
Отағасы, жайлауға қашан көшеміз? Күн суытты ғой!
Бай:
Ерте барсақ жайылым жерімізді жеп қоярмыз. Әзірше күзеуде отыра тұрайық.
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай -
Қыстың сызы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
IV АЙНАЛЫМ. ХАНТАЛАПАЙ
Мұғалім: Қазақ халқынынң ұлттық ойындарынынң бірі - Асық. "Ханталапай асықпен ойналады. Екі топтан бес-бестен оқушы шығады. Қазір мен асықты шашамын. Нөмірлеріне сәйкес сұраққа жауап беру керек.
Талапай-ау, талапай
Табылды ойын алақай
Асықты алға шашамыз
Талапайға басамыз.
Абайдың қандай әндерін білесің?
Абайдың бір өлеңін жатқа оқы.
Абайдың табиғат лирикаларын ата.
Абайдың күйлерін білесің бе?
Абайдың қандай аудармаларын білесің?
Орыстың қандай ақынының мысалдарын аударған.
Абайдың анасы мен әжесінің аттарын ата.
Абайдың шын аты кім?
Абай қай жерде туған?
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды деген өлең жолы қай өлеңнің үзіндісі
Абай қай жылы дүниеге келді?
V АЙНАЛЫМ. Абай аудармаларын рөлге бөліп оқу немесе сахналық қойылым.
Тайбурыл командасының ойыншылары
"Шегіртке мен құмырсқа"
Құлагер тобының ойыншылары
Қарға мен түлкі (И. А. Крыловтан)
Мұғалім: балалар, қай топтың оқушылары басым түскендігін немесе қай топ
Абай атамыздың өлеңдерін ұмытпай шебер оқығандықтарын,
Абайдың өмірбаяны туралы қаншалықты білім көрсеткендіктерін қазір
қазылар алқасының мүшелері айтатын болады.
Қорытынды.
Қане кім айтады? Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келейік.
Абай кім болған?
-Абай -ақын, кемеңгер, данышпан,сазгер,
Абай Құнанбаев 22 тамызда 1845 жылы қазіргі Семей облысы,
Абай ауданында дүниеге келген – 1904 жылы 5 шілдеде 59жасында қайтыс болған.
1-оқушы.
Абай атам "жақсы оқы"- деп еді
Жақсы оқимыз, оған бәрі сенеді.
Кей кездерде менің Абай атама:
"Жақсы оқимыз, ата!" дегім келеді.
2-оқушы:
Абай ата, асыл жан ғой, ардақты
Ақын ғой ол мінезі де салмақты.
3-оқушы:
Абай атам ән де жазған білесің,
Әрқашан да әнін айтып жүресің.
4-оқушы:
Ол алдымен адам және азамат
Ойшылдығы, ұлылығы ғаламат
Ол - философ, ғалым әрі ғұлама
Атағы да кеткен елді аралап!
Соңы
|
Достарыңызбен бөлісу: |