Тарихшы-ғалым, академик К. Нұрпейісов 1917-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргіндер тізбегін мынандай алты кезеңге бөліп қарастырады:
Бірінші кезең – 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде Совет өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлініп қырылысты. Олар бір-біріне «революционер» – «контрреолюционер» деген саяси айыптар тақты.
Екінші кезең – 20 жылдарды, әсіресе, оның екінші жартысын қамтиды. Бұл – Совет Одағында сталиншілдік, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің нығая бастаған тұсы еді. Бұл кезде Қазақстанда Ф. Голощекиннің «Кіші Октябрь» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақыты.
Саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі – 30-ншы жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңге Алаш қозғалысы жетекшілері мен қатардағы мүшелерін жаппай түрмелерге жабу мен соттау белең алды.
Саяси репрессияның төртінші кезеңі – 1937-1945 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі қуғын-сүргін «халық жауларымен» және «социалистік отанына сатқындық жасағандармен күресу» деген ұрандардың аясында жүргізілді.
Бесінші кезең – 40 жылдардың екінші жартысы мен 50 жылдарды қамтиды. Бұл кездегі саяси қуғын-сүргіндердің тоқпағы алдымен тағы да интеллигенцияға қарсы бағытталып, елдің зиялы қауымын қудалау және жәбірлеу буржуазияшыл ұлтшылдар мен тексіз (отансыз) коспополиттермен деген ұраншылдықтың аясында жүргізілді.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің алтыншы кезеңі – 1986 жылы желтоқсанда Алматыда және еліміздің басқа қалаларында ұлт-азаттық мәніне ие болған көтерілісті және оның салдарын басып-жаныштауға бағытталды
Достарыңызбен бөлісу: |