Еңбек үрдісінде адам өндірістік үрдіс технологиясының ерекшеліктерімен, микроклимат жағдайларымен, орындалатын еңбек іс әрекеттерінің сипатымен байланысты әр түрлі факторлардың әсеріне ұшырайды. Бұл факторлардың көпшілігі өздеріне тән патологияның – кәсіби аурулардың - дамуына себеп болуы, сонымен қатар, этиологиясы кәсібі емес аурулардың ағымын ауырлатуы немесе олардың пайда болуының қауіп-қатер факторы болып табылады.
Еңбек іс әрекетінің адам ағзасына тигізетін теріс салдарының алдын алудың ғылыми негіздерін және практикалық шараларын дайындаумен еңбек гигиенасыайналысады. Ол өндірістік орта мен еңбек үрдісінің факторларын, олардың адам денсаулығына әсерін зерттейді және алынған ғылыми мәліметтер негізінде жұмысшылардың денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу, сонымен бірге, жұмысшылардың кәсіптік емес ауруларының өршуі мен олардың асқынуының алдын алу мақсатында еңбек жағдайын жақсарту жөнінде шаралар дайындайды.
Өндірістік орта деп, адамның өндірістегі еңбек әрекеттері жүзеге асырылатын ортаны түсінеді. Адамға өндірістік орта өндірістік үрдіс факторлары, табиғи-климаттық (ықшам климаттық) факторлар, сонымен қатар, еңбектің жалпы санитарлық жағдайларымен байланысты (рационалды емес және жеткіліксіз жарықтандыру, қанағаттанарлықсыз тұрмыстық жағдайлар, жоспарлау және т.б.) факторлары арқылы әсер етеді.