Тақырыбы: Ұлыстың ұлы күні-Наурыз! Мақсаты



Дата02.07.2018
өлшемі96 Kb.
#45987
Тақырыбы: Ұлыстың ұлы күні-Наурыз!

Мақсаты: 1. Оқушыларға Наурыз - қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы екенін ашып айтып, түсіндіру. Оқушыларды ерте кезден келе жатқан халық дәстүрін, мейрамдарын жалғастыруға баулу.

2.Ұлттық дәстүріміз бойынша өтетін Наурыз мерекесінің ерекшелігін, табиғат пен адамның байланысын, салт-дәстүрін, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін,қазақ халық дәстүрін дамыту. Ойын арқылы халықтың салт-дәстүрлеріне балалардың қызығушылықтарын ояту.

3.Қазақтың әдет-ғұрпын, тіліміз бен дінімізді құрметтеуге, имандылыққа, қазақ халық дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: қанатты сөздер, көрме.

Басталуы:

Төреғали Төреәлінің орындауында «Қазақ қызға үйленем» әніне пародия

Орындайтындар: Исабай Айтбек /11б сынып оқушысы/ және 11б сынып қыздары

1 - жүргізуші: Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Тауық жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

2- жүргізуші : Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр,

Уа, жамағат, теріп ал нәсібіңді.

Ризығың болсын көл – көсір!

Көп шашайық шашуды. /Шашу шашылады./



/«Қазақ » биі биленеді. / Орындайтындар: 10 б сынып қыздары
1-жүргізуші:

Күттіріп келген жыл басы,

Бізбен бірге жырлашы.
Дастарханға елімнің,

Береке, ырыс сыйлашы.


Ата – бабам тойлаған.

Әз – Наурызым, армысың!


(Сахнаға ұлдар шығып наурыз тойына шақырады, 10 б сынып және 9б сынып ұлдары)
Жандос
: Уа халайық, халайық
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке бұл тойдың
Шашуларын шашайық!
Армысың Наурыз,
Қуаныш боп, кір төрлет!
Ел болып саған,
Көрсетіп жатыр сый – құрмет!
Айдос : Бауырласқа тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де
Нұрсұлтан
Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын,
Әз Наурыз келіп еліме, Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр - салтымның көсілсін бұлақ жалғасып,
Қастерлі менің халқымның мереке Наурыз жыл басы!
Дархан:

Ұлыс күні кәрі жас


Құшақтасып көріскен
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Жанат : Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса, Наурыз дәстүрлі.
Бақытыма шалқыдым,
Ашылады нұрымыз
Осынау байтақ елімде
Айтылады жырымыз
Бақдаулет: Сәулесі бар Наурызда таңғы үміттің,
Басын қосқан сан адам сан ғұрыптың.
Ұлыстың ұлы күні паш етейік,
Белгісін достықпенен мәңгіліктің.
Бекзат: Жүріңдер Наурыз тойға басып аяқ
Қалыс адам қалмасын некен – саяқ.
Ән шырқап, би билейік, қауым болып,
Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп.
Наурыз, наурыз наз үнді,
Жер жап – жасыл жаз үлгі.
Жақсылықты жаранға
Жайып келші, бар ізгі.:

Яссауи: Қош келдің Наурызым Ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

1-жүргізуші: Мектебімізге «Атамекен» газетінің тілшісі Тоқтасыноа Тұрсынжан ағамыз қонаққа келіп отыр.

2-жүргізуші: Наурыз күнініне тілек білдіру үшін Мектеп директоры Макашова Эльмира Абилбековнаны ортаға шақырамыз.
Н.Тілендиев «Ата толғауы» күй . Есілбекқызы Әйгерім /қобызда 10б/ , Серғазы Қарақат/домбырады 9б/

1-жүргізуші: Наурыз – жыл басы. Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз – жаңа жылдың бірінші күні болып саналады, бұл күн - күн мен түннің теңесу күні. Наурыз «Жаңа күн» деген сөз. Яғни бұл күн біздің ата - бабаларымыз, арғы тегіміз, мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы.

2-жүргізуші: Наурыздың мағынасы
Наурыз, март (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) – Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Ол – күнтізбелік жылдың үшінші айы (31 тәулік), көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан – жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген.

1-жүргізуші: Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп неге атаған?
Бұл жөнінде мынандай аңыз бар: Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күнді – ұлыстың ұлы күні деп жариялайды. Наурызды тойлау тарихы Ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтар-дың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша – нов (ай), немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзі индо – еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған. Ал одан бергі мерзім ғана 5 мың жылдан асады. Қазақтың көне шежіресінде де Наурыз, Алаш деген сөздер бар.

2 жүргізуші:

Наурызды “Ұлыстың Ұлы күні” деп те атайды. Бұл мейрамды берекелі етіп тойласа, үйге ырыс пен бақ келеді деп сенген. Мейрам күні қазақтар әдемі киімдерін киіп, бір-бірлеріне қонаққа барады, келер жыл ырысты болсын деп жақсы тілектер айтады. Ұлыстың ұлы күні аталған наурызда еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын!



( Оқушылар тілектерін айтады) /10 бсынып оқушылары/

1 оқушы: Арайлап жеткен Әз Наурыз мейрамы құтты болсын!

2 оқушы: Ақ мол болсын! Ақтарылған ақ тілектер қабыл болсын!

3 оқушы: Тауық жылы мерекелі, берекелі жыл болсын!

4 оқушы: Орта толсын! Қуанышқа кенеліп, ынтымақ бірлік ажырамасын!

5 оқушы: Дендеріңіз сау, ғұмырларыңыз ұзақ болсын!

6 оқушы: Еліміз тыныш, туған жер аман болсын!

7 оқушы: Арайлап атқан әрбір таң шаттыққа толсын!

8 оқушы: Наурыз бақыт пен береке сыйласын!

9 оқушы:Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылылық пен татулық әкелсін!

10 оқушы: Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін -кезеңі наурыз мейрамы құтты болсын!

Ән « Мереке» Серғазы Қарақат /9б/ пен Қазақбай Аружан /10б/

1-жүргізуші:  Шыға келді сыланып сылаң келер,

Қиялдағы қиылды қыранға ерлер.

Қызғалдақты кешіп жүр қыр астында

Мың бұрала жүгірген бұраң белдер.


2 - жүргізуші: Наурызым қайта оралды аты аңыз

Сұраймыз алғыс та біз, ақы да біз.

Үй - дастархан, даламыз сахнамыз,

Ұлы мейрам Наурызға шақырамыз!



1 - жүргізуші: Көктем жетті көл - көсір шуақ құрып,

Қыс та ұзап барады жылап тұрып.

Шатырында үйлердің Наурыз жүр,

Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.



2 - жүргізуші: Оқушылар Наурыз туралы не біледі екен?, Аружан оқушылардан сұрап көрсек қалай қарайсың?

1 – жүргізуші Иә, әрине! Наурыз - бұл ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы.

9б сынып оқушылары:

Лаура: Наурыз тойы

Наурыз — шат-шадыманды ойын-сауық, той басы. Ол күнде Наурыз деген бір жазғұтырым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» (Абай). Кей жерлерде «наурыз тойы» деп те атады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тіілейді.

«Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы — Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. (Мәшһүр Жүсіп).

Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас косып «ұйқыашар» әзірлейді. Ол тәтті ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың соңы келер күні «наурыз көжеге» жалғасады.



Назерке: Наурыз жұмбақ

Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана құбылыстарды жұмбакқа өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:

Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар

Туғанда Шабансары таң сонда атар.

Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,

Таң райы Күнменен манауратар.

Шығыстан үркер туса егінді ор,

Батса көктен егісті егетін бол

Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,

Жоғалып қараңғыда шөгеді жол.

Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылысымын біліп, үйренуге жетелейді.

Мөлдір: Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.



Жанат: Наурызкөк

Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырады, жем шашады.

Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады.

Аян: Наурыз шешек

Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп) . Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.



Ерген: Наурызша

Наурыз айында ашық күндері, қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекті, әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда, басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «Наурызша» деп атаған. «Наурызша» жаңа жылдың алдағы жылылықтың белгісі.



Темірлан: Наурыз есім

Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай есбеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы қазақ халқында Наурызбай Құптанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атгы батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1859-60) болғаны тарихта белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.



Халық әні: «Игагай» Қобызда орындайтын: Есілбекқызы Әйгерім /10б/

1-жүргізуші: Иә, біздің мектебімізде Наурызбай атамыздың есімімен аталатыны қуантады.

2-жүргізуші: Қазақтар үшін бұл мейрам – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, құнарлықтың және достықтың белгісі ретінде атап өтіледі. Ертеректе адамдар Наурыз келмей тұрып үйлерін және мал-жайын қалыпқа келтіріп, мейрамға орай ағаш отырғызып, гүл еккен. Егер Наурыз келген үй таза болып, үй иесі жақсы адам болса, сол үй ауру-сырқау, сәтсіздік, ауыртпалықтардан тазарады деп саналған.

1-жүргізуші:Тойлау барша қауымдық сауық-сайранмен, ойындармен, ат жарысымен және т.б. көңіл көтерушілікпен жалғасады. Ең басты салттық тағам наурыз-көже болып саналады. Наурыз-көже 7 түрлі тағамнан жасалуы тиіс. Бұл өмір сүру үшін маңызды 7 белгіні: су, ет, тұз, май, ұн, дәндер (күріш, жүгері немесе арпа) және сүтті білдіреді. Қазақтар үшін 7 саны – қасиетті сандардың бірі.

Ән: «Қазақтай ел қайда» әні Қосанов Елдар /9 Б/ , Даниярұлы Темірлан /9б/

1-жүргізуші: Ерітіп қарын даланың,

Жинатып гүлін саланың.

Жетелеп жұмсақ самалын,

Келді Наурыз – жыл басы.

Күлімдеп қарап күміс күн,

Аспанын бүркіп пүліш түн.

Ұлы күні Ұлыстың,

Келді Наурыз – жыл басы!



2-жүргізуші:  Шыға келді сыланып сылаң келер,

Қияңдағы қиылды қыранға ерлер.

Қызғалдақты кешіп жүр қыр астында

Мың бұрала жүгірген бұраң белдер.  


Би: «Аққу» биі Есілбекқызы Әйгерім /10б/

1-жүргізуші: Жақындатып өткенге, кеткенге енді,

Көктем келді балбырап, көктем келді.

Суық сорған жаныма шуақ құйған,

Осы еді ғой күткенім көптен бері.



2-жүргізуші: Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,

Жап-жасыл болып кетті дүние жаңғырып.

Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!

Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!



Наурыз көктемнің келуі: Өтеуова Аружан /10б/

Мен көктеммін жаңа туған арманмын,

Шырағымын жаңа атқан таңдардың.

Мен көктеммін бүршік болып бүр жардым

Арасында дауыл болдым гүлзардың

Мен көктеммін, көктеммін мен көкорай

Адамдарға шуақ берем мен талай

Мен көктеммін тал болып та жайқалдым

Нөсерлеттім құйындаттым мен боран

Мен көктеммін ғашықтардың әнімін

Көктеммін мен бойжеткеннің сәнімін

Мен көктеммін балаларға қуаныш

Ал біреуге өмірінің мәнімін.

1-жүргізуші: Ерітіп қарын даланың,

Жинатып гүлін саланың.

Жетелеп жұмсақ самалын,

Келді Наурыз – жыл басы.

Күлімдеп қарап күміс күн,

Аспаның бүркіп пүліш түн.

Ұлы күні Ұлыстың,

Келді Наурыз – жыл басы!



2- жүргізуші Наурыз ұлттық мереке болғандықтан, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтып кетуді де дұрыс деп санаймыз. Біз, қазақ халқы әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұраларды насихаттап жүрген халықпыз.

Ән менен би,


Жыр менен күй жарасқан
Нұрын төгіп күлімдейді көк аспан
Қадірлейік бейбіт аспан аққұсын
Қадірлейік халқымыздың дәстүрін.
1-жүргізуші: Наурыз тойымызды бұдан әрі «Тұсаукесер» ырымымен жалғастырсақ. Бүгінгідей ұлы тойда ата дәстүрді көріп тамашаласақ.
2-жүргізуші:

Дәстүрдің озығы бар, жазығы бар,

Өткеннен бізге жеткен асылы бар.

Сәбидің кейбір кезін қызықтайтын,

Қазақта «Тұсау кесер»рәсімі бар.

1-жүргізуші:Тұсау кесу дегеніміз 1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт.

Күлгенің де той сенің,

Жүргенің де той сенің.

Қызықтасын халайық,

Тұсау кескен бұл күнің

Есте қалсын, жарқыным.



2-жүргізуші:

Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.

Бүгінгі күні Амантай әже өзінің немересі Аружанның «Тұсау кесер» тойын Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұтастырып, қалың жұрттан бата алу мақсатында осы жерде «Тұсау кесер» тойын өткізбекші.

1-жүргізуші: Келесі кезекті Тұсау кесер рәсіміне берейік.

Көрініс: «Тұсау кесер»

Майра: Алғашқы немерем Айша жер-Анаға алғаш аяқ басып, үлкен өмір көшіне ермек, із тастамақ. Сол құлынымның тұсауын кесуге өзімнің аяғы жеңіл, жүрісі шапшаң, ақкөңіл, елімізге сыйлы,мектеп директоры Эльмира апайға немеремнің тұсауын кестіремін.

Ал, келін балам, кішкентай Айшаны ортаға әкеліп, Эльмира апасына табыс ет. (Осы кезде ақ жайма жайылып, тұсау кесуге қажетті заттар ортаға қойылады.)



Әйгерім: (баланы көтеріп келе жатып айтатын өлеңі:)

Тәй-тәй балам, тәй балам,

Шақырып тұр айналаң,

Жүруге алғаш талпындық

Құйтақандай жан балам,

Қаз-қаз тұрып талпындың,

Қуантасың, күлесің.

Аман болсаң аз-ақ күнде

Алшаң басып жүресің.

Майра :

Айналайын балам, өзің қандай сүйкімді едің. Тіл көзім тасқа.

Бөпеміз қаз тұрыпты,

Алға қадам басуға,

Тәй-тәй болып жүріпті,

Асулардан асуға.

Маған тұсау кестіріп,

Жатқандардан бұйрық сол;

Мені жүйрік депті жұрт

Менен асқан жүйрік бол.

(Майра әже қолына ала жіпті алып жатып)

Ала жіппен тұсайын

Айша қыздың аяғын

Тұсау жібін кесейін

Жасап баба ырымын.

Сағат сайын есейіп,

Шапқыласын құлыным

Аяқтары талмасын

Айналайын, алтыным.

Эльмира апай өзіңіз кесіп берсеңіз

(аяғын байлайды. Қолына қайшысын алып, тұсауын кеседі.)

Қаз-қаз балам, қаз балам.

Қадам бассаң мәз болам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың.

Алға қарай баса бер,

Асулардан аса бер.

(Айшаны жетектеп жүргізеді.)



Майра:

Ал, қыздарым, тәй-тәй-лап

Әлдиді алға бастаңдар.

Шошытпаңдар, айқайлап,

Жалғыз тастап қашпаңдар.

Немеремнің жолына мол ғып шашу шашыңдар

Із қалдырсын соңына,

Алдын кең ғып ашындар!



Ақсүйрік ана: Әкеліңдер ана сандықты ортаға «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» бүгін. Бұл жиған-тергенімді бүгін бермегенде қашан беремін. Осы сый-сыяпатыма риза болыңдар, қадамдарыңа гүл бітсін. ( сый-сыяпатын көрсетеді.)

Ән: «Наурыз-Думан» Жанаспаева Алтынай /11б/

КВН: «Армандастар» /10 б сынып ұлдары/

1-жүргізуші:

Наурызым - салтым жоғалып қайта табылған,

Шырағым болып алдымнан бүгін жағылған.

Бабамның үнін ақ бата беріп жеткізген

Әз қадамыңнан жаныма мейірім табылған.

Тамашаларымыз пәк сәбилердің күлкісін,

Ақ әжелердің өзінен естіп сырды шын.

Ақ бата алып қариялардан өмірге

Наурызым саған ұшырғым келді жыр құсын.

Наурызым - қалпың халқымның жарқын келбеті,

Көне дәстүрмен қауышып бүгін ел жетті.

2-жүргізуші:

Шығыс халықтарыңа ортақ үлкен мейрам Наурыз - бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналады. Олай болса құрметті қауым, барлықтарыңызға татулық, береке - бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт - береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!



Марат Дайана /9б/ : Самарқанның көк тасы

Бұл да Наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірі аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа  дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс. Екінші, бұл күні өр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанның  да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бүл күннің әлемге жылылық  әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

 Келгенінше құттықтап бірін-бірі,

Куанышта көрісіп кәрі-жасы.

Көңілі түгел адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп түскен тасы.                                      (А. Байтұрсынов).

 Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін білеміз.

Саумалық: 9»Б» сынып қыздары (4қыз)

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызымның көк құсы

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,

Ескі жыл есіркей кет.,

Жаңа жыл жарылқай кел — деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.



Ән: «Қазақ қыздары» 9б сынып ұлдар тобы

1-жүргізуші:

Наурыз - бұл ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыруы. Осы бір табиғат ана көгілдір көктемнің жып-жылы шапағатымен жайнап тұрған сәтте сіз де зор қуаныштарға бөленгейсіз!


Наурызды да амандықпен қарсы алайық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң, жол болсын!

1-жүргізуші: Сіздерді 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекемізбен баршаңызды құттықтаймыз!!! Жаңа Жыл отбасымызға жақсылық, дастарханымызға құт-береке алып келсін!!! Жанұяңызға тыныштық пен бақыт тілейміз, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

2-жүргізуші: «Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады» деген қағиданы берік тұтынған халық бүкіл ыдыс атаулыны дәнге, аққа таза суға толтырып бетін ашық қалдырған. Бұл 21 – Наурыз күнгі таң алдында орындалады екен. Бұның мәні: дала аралаған Қызыр Ата келіп «қыдыр, құт дарытып» кетеді дейді екен. Олай болса бүгінгі біздің Наурыз мерекемізге Қыдыр Ата келе жатыр.

1-жүргізуші:

«Наурызым – бабамның сөзі,

Наурызым – анамның сөзі,

Ғасырдан ғасырға жеткен,

Даламның сөзі»- демекші Қыдыр атадан бата сұрайық:

Исабай Айтбек: /11б/ Қыдыр баба:

Армысыңдар, жамағат.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын!

Көйлектерің көк болсын!

Қайғы уайым жоқ болсын!

Қуаныштарың көп болсын! Әумин! ! !

Жұрт тегіс бетін сипап, айтқаныңыз келсін

Осы, міне мереке басталғаны,

Наурызым, көңілдердің тасқан шағы.

Сәнді болсын қазақтың жарастығы,

Дәмді болсын жайылған дастарқаны.

Ал, құрметті қонақтар, дастарқаннан дәм татайық.

Міне, біздің елден алар бағамыз,

Көңіл кілтін адалдықтан табамыз.

Әр наурызда жолықтырсын аман-сау.



Ән: « Наурыз - думан» Серғазы Қарақат/9б/ және Қабдұлқазықызы Шұғыла /5ә/, Бозжігіт Елдана /5ә/

1-жүргізуші: Наурыз - жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні. Күн мен түннін,ыстық пен суықтын, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың тенелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі кайта түлейтін- Табиғат мерекесі.

2- жүргізуші: Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын- Шаруа мерекесі.

1-жүргізуші: Наурыз - әрбір шаңыраққа шырақ жағылып, Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын- Сенім мерекесі.

2- жүргізуші:Наурыз - жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын- Ынтамақ-бірлік мерекесі.

1-жүргізуші: Наурыз - жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп,ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін- Көңіл мерекесі.

2- жүргізуші: Мектеп директорының тірбие-ісі жөніндегі орынбасары Молдакулова Гульзира Нуриевнаға сөз кезегін береміз.

Нархоз қонақтары:

2- жүргізуші:

Осы, міне мереке басталғаны,

Наурызым, көңілдердің тасқан шағы.

Сәнді болсын қазақтың жарастығы,

Дәмді болсын жайылған дастарханы.

1-жүргізуші:

Міне, біздің елден алар бағамыз,

Көңіл кілтін адалдықтан табамыз.

Әр наурызда жолықтырсын аман-сау

Ән - шашудың шымылдырығын жабамыз.

Келесі Наурызды да амандықпен қарсы алайық.

Ал, құрметті қонақтар, дастарқаннан дәм татайық. /Наурыз көже тарату/

Бекітемін

Мектеп директоры Э.А.Макашова

Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы орта мектеп

мектепке дейінгі шағын орталығымен КММ



(мерекелік іс-шара)


Сынып жетекшілер: Г.А.Абдуллаева /9б/

Б.О.Маралова /10б/



А.С .Тампишева /11б/

2016-2017 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет