Тақырыбы: Мұқағали оқулары
Мақсаты. Мұқағали Мақатаевтың өмірімен таныстыру,ақын шығармаларының идеялық-көркемдік мазмұнын ашу,өлеңді мәнерлеп жатқа оқуға дағдыландыру.Талантты тұлғаның қайталанбас қасиеттерін оқушылар арасында насихаттау,ақынның жүрекке жеткен әндерін көңілге тоқу.
Дамытушылығы: Оқушыларды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баули отырып, ой-өрістерін, сөз қорларын дамыту.
Тәрбиелілігі: Жеке тұлғаны рухани жан-жақты болуға тәрбиелеу,үлкенге құрмет кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, баяндау,әңгімелеу,іздендіру.
Көрнекілігі: Ақынның портреті,шығармалар жинағы,ақын туралы естеліктер,буклет, сурет,альбом.
Барысы: 1. Ұйымдастыру
2. Кіріспе сөз. Бүгінгі сабағымыз ақын,поэзияның Хан тәңірі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналмақ. Мұқағали – сөз құдіретінің мән-мағынасын терең түсініп,сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелеген ақын.Өзінің естелігінде ақын «Мені сөзге,жырға үйір еткен халық,сүюге тәрбиелеген әжем» дейді.
Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан. Ол биік адамгершілікті де, достықты да, бауырмашылдықты да, табиғатты да, махаббаты да, тілмен тәуелсіздікті де жырлаған.
1-оқушы: Өмірге бір-ақ келген асыл едің,
Теңіздей тебіреніп тасып едің.
Сағымға еніп кеткен кемедейсің,
Аралап ХХ ғасыр елін.
Өмірін өлеңменен өрген ақын.
Тағдырдың тапшылығын көрген ақын,
Қазақтың қасиетті қара өлеңі.
Жалғаса береріне сенген ақын- деп толғана еске алады кейінгі ұрпақ.
Артында қалың елім,қалсын -деп,елінің ,жерінің бүтіндігін ,қамын ойлап кеткен ақындарымыз.
(Сахнада баяу музыка ойнап тұрады.)
Сынып сағатымыз 4-бөлімнен тұрады.
1-бөлім«Ақын келбеті» Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармалары.
2-бөлім «Поэзия – жүрек тілі» (Ақын өлеңдерін оқу)
3-бөлім Мұқағали туралы естеліктер.
4-бөлім. Қорытынды:
Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш-қуат алған Мұқағали қазақ әдебиетінде қаламдас достары ішінен ерекше өз үнімен оқшау келген дара тұлға.Табиғатына тартып туған ақынның асқар таулардай биіктігі,Шәлкөде жайлауындай кеңдігі, Қарасаз шалғынындай шалқыма көңілі туған жердің қасиеттілігінен бе деп қаласыз?!
3. І-бөлім. «Ақын келбеті»
( Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы)
Мұқағали Мақатаев (1931-1976) Алматы облысының Райымбек ауданында өмірге келген. Қазақтың аса дарынды ақыны. Оның көптеген өлеңдері мен поэмалары жарық көрген. Балаларға арналған жырлары да мол.
Балалық шағы соғыс пен тұспа-тұс келген Мұқағали Мақатаев өлеңді 10-11 жасынан жаза бастайды. Алғашқы –өлеңдері аудандық газеттерде жарық көрген содан Мұқағали шығармалары 1960-70 жылдары үздіксіз басыла бастайды. Бұл жылдарды ақының қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады. Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана деген байламды берік ұстап, шен- шекпенге де, лауазым атаққа да қызықпаған». Мұқағали Мақатаевтың «Қаламқас», «Қарлығашым келдің бе?,«Дариға жүрек»,«Аққулар ұйықтағанда»,«Өмір дастан» т. б.жыр жинақтары туған.
Мұқағали Мақатаевтің балалық шағы ауыр жағдайда өтті. Әкесі соғысқа кетіп оралмады. Соғыстың ауыр жылдарын басынан өткізді. Зерек, алғыр, өткір мінезді Мұқағали мектепке жасы толмай-ақ ерте барды. Мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстардың ұйтқысы болды.
Өмірінің соңына дейін өлең жазды.
«Өлді деуге болама, айтыңдаршы өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай Мұқағали Мақатаев өмірден ерте кетсе де біз үшін мәңгі тірі өшпес бейне. Жүрегімізде жатталып, көңілімізде сақталып қалмақ. Әлі де бізбен бірге. «Мені жырға, сөзге үйреткен, халықты сүюге тәрбиелеген-әжем» дейді ақын. Рас, көбіне әжесінің тәрбиесінде өскен.
4.ІІ-бөлім. «Поэзия — жүрек тілі»
Иә, Мұқағали – ғажайып, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия.
2-оқушы: Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мен сені сезесің бе, неге іздедім?
Алауратқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім
3-оқушы:
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу – күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
4-оқушы:
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң, жарқыным,алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа.
Дарынды ақынымыз жырлағандай өлеңдері көркем қуатымен, еркелігімен халқының жүрегіне жол тауып жатты. Сондай өлеңінің бірі — әкеге арнау өлеңі.
«Әке» өлеңі оқылады.
5-оқушы:
Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,
Судағы жалғыз біткен жалбыз еді.
Мінеки, он ай болды хабары жоқ,
Біздағы әкемізге зармыз енді.
Бұл өлең асқар таудай қорғаны болған әкеге деген жас жүректің өшпес, ыстық сағыныш болатын.
– Ақынға не керек болды бұл өмірден? Өмірді соншалықты сүйген жанның өмір жайлы толғанбауы мүмкін бе еді.
5. ІІІ-бөлім. Мұқағали туралы естеліктер.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер ме мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы, — деп ақын өзі жырлағандай жарық дүниедегі аз ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын ақынның сезімтал жүрегі сезген сияқты. Ол туралы естеліктер жазылып жатыр,әлі де жазылады.
6. Әлнұр Мейірбековтың естелігінен үзінді оқу:
«Мұқағали адам ретінде жіберген кемшілігінде,азамат ретінде артықшылығын да ақын жүрек арқылы сана саңылауынан өткізді.Әркімнің жүрек тұсынан сөйлеп тұратын Мұқағалидың артықшылығы сол. Ол басынан өткерен барлық тауқымет пен азапты өзімнің ғана тағдырым деп ұққан еді. Ол үшін халқына өкпелеген жоқ.Керісінше бас иіп өтті». Ол туралы ақын былай дейді:
Не сыйлайды,не береді келер күн,
Не де болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.
7. Ақын жазушы Әбіш Кекілбаевтың естелігінен үзінді оқу:
Мұқағали Мақатаев адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарасым мен келісімнің жаршысы. Оның туған аулына,Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына, сағынышты махаббатына, баршасына арналған өлеңдері де шын тебіреністен,шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар.- дейді ақын жазушы: Әбіш Кекілбаев
8. Нұрғиса Тілендиевтің естелігінен үзінді оқу:
« Бірде Мұқағали, әйелім дариға үшеуміз қыдырып келіп, күрең шайды рахаттана ішіп отырғанда көңілденіп кетіп әйеліме «Дариға домбырамды берші маған» деппін. Қиядағыны көзбен шалатын Мұқалиға әлгі сөз әсер етіп, әсем жырды төге салды да, «Енді осыған ән жазыңыз, аға!» – деді. Сөйтіп, тамаша ән дүниеге келді.
Ән: «Дариға домбырамды берші маған»
9. Әжесі Тиынның естелігінен:
Ақынның атасы көкпар тартырып жүріп аттан құлап аяғы сынады. Ел – жұрт оны аттың алдына өңгеріп, аяғын салбыратып әкеледі. Туысқандары сынықшы іздеп кеткенде,әжесі атасына «Мына аяқ түбінде аяқ болмайды, шауып тастау керек» дейді. Атасы келіседі. Балтаны өткірлеп, ақынның батыл әжесі аяқты шауып тастап, жуып, таза шүберекпен орап қояды. Үш күннен кейін сынықшы келіп, бәрін дұрыс істегендігін айтып батасын береді. Бәйбішесінің мінезіне қарап атасы Мұқағалидың әжесін «Көк дауыл» дейді екен. Әжесіне арнап ақын «Сөнбейді әжең» деген өлеңін шығарған.
Ән: «Сөнбейді, әже, шырағың»
10. Бүгін менің туған күнім
Ой Пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай,
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай деп жырлағандай биыл Мұқағали Мақатаев 82 жасқа толады. Мұқағалидың еліне, халқына, Отанына, туған жеріне арнаған өлеңдері көп-ақ.
Мұқағали Мақатаев ғасырдан ғасырға жырлары жаңарып жетіп отыратын тот баспайтын шын асыл.
Өмір жайлы, өзің жайлы, ел жайлы.
Әлі талай келер ұрпақ толғайды.
Туған күні тойланған шын ақынның,
Өлген күні болған емес болмайды.-деп жырлаған Жарасхан Әбдіраш.
11. ІV – бөлім. Қорытынды:
Міне балалар,Мұқағали жайлы біраз мәлімет алдыңдар. Ақынның бейнесі жылдар өткен сайын биіктеп тұлғалана түседі.Тау биіктегенімен,теңіз тереңдегенімен, дала кеңдігімен көрікті десек, Мұқағали жанға жақын жырларымен сүйікті, өлеңдерімен көрікті. Ақынға ғасыр ауысқан кезде «Ғасыр ақыны» атағы берілген еді. Мұқағалидың рухани қазынасын ұлт игілігіне асыратын ХХІ ғасырдың жастары – сендерсіңдер. Мұқағалидың поэзисы таусылмайтын қайнар бұлақ. Ол – поэзияның Хантәңірі. Ол – сыршыл ақын. Ол – қара өлеңнің шебері. Ол – қайта өмірге келген ақын. Ол – драматург, ұстаз, сатирик. Ол – жазушы. Ол – журналист.
Мұқағали Мақатаев өмірден ерте кетсе де біз үшін мәңгі тірі өшпес бейне. Жүрегімізде жатталып, көңілімізде сақталып қалмақ. Әлі де бізбен бірге.
Достарыңызбен бөлісу: |