Тақырыбы: "Мұғалім мен оқушы арасында қақтығысты болдырмау жолдары"



Дата23.12.2021
өлшемі103,71 Kb.
#128306

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық - педагогтік колледжі




СӨЖ

Тақырыбы: "Мұғалім мен оқушы арасында қақтығысты болдырмау жолдары"



Топ: 43 «Б»

Білім алушы: Қазыкенова Ж.М.
Алматы 2021 ж

  Оқушылар мен ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі – психология ғылымындағы және тәлім-тәрбие ісіндегі әрі маңызды, әрі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Егер кіші мектеп жасындағы балалар үшін мұғалім мұғалім барлық бейнесімен ерекше із қалдырып, оларға күшті әсер ететін тұлға болып саналатын болса, ал ересек оқушылар мұғалімнің әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл-кеңесіне, басқа адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына өздерінше іштей сын көзімен қарайды. Осы мәселені анықтау бағытында арнайы жүргізілген психологиялық және педагогикалық зерттеулер ересек оқушылар арасында үлкендердің айтқан сөздеріне құлақ аспау, айтқанынан қайтпайтын мінез көріністерінде әрқилы кедергілер мен себептер болатындығын анықтады. Мұның салдары арада түрлі қақтығыстардың туындауына әкеп соқтырары анық.

Жалпы оқушы мен мұғалімнің арасындағы түсініспеушілік, түсініспеушілік салдарынан болатын қақтығыстар неден туындайды?  Бұл мәселе оқу процесіндегі қарым-қатынаста негізгілердің бірі. Оқушылармен өзара түсіністікті анықтап алмайынша мұғалімнің белгілі бір нәтижеге қол жеткізуі екіталай. Көбінесе мұғалімдер оқушыларды бір жақты қабылдайды. Бір оқушының жақсы жағын көріп қалса, оған үнемі бірінші көргендегі көзқараспен қарым-қатынас жасайды. Ал сыртқы бейнесі, кейбір қылықтары ұнамайтын оқушылардың сөзін салғырт тыңдап, жабық ым-ишара көрсетіп, эмоциялық жағынан оқушыны сезінбейді. Осыдан барып, оқушы мен мұғалім арасындағы ортақ келісім бұзылып, қақтығысты жағдайлар орын алады.

Психологиялық және педагогикалық зерттеу жүргізу арқылы оқушы мен мұғалім арасындағы осындай қақтығысты мәселенің түйінін шешу үшін мынадай тәсіл қолданылды. Бұл тәсіл бойынша оқушылар тарапынан мұғалімге қойылатын талап-тілектер төрт топқа бөліп қарастырылып, тиісті қорытындылар жасалды.

1-топқа ұстаз бен шәкірт арасындағы мұғалімнің адамгершілік сапалары жатады. Олар: игі тілек, шәкірттерге мүмкіндігінше ықыласты көмек көрсету, олардың жан-дүниесін түсінуі. Мұндай қасиеттерді оқушы ұстаздарының бойынан көргісі келеді. Ал мұғалімнің оларға немқұрайлы, селқос, ықылассыз  қарауын оқушылар ұстаздың ұнамсыз қасиеттері деп санайды.

2-топқа мұғалімнің өз пәнін жетік білетіндігі, балаларға оқу материалын жете түсіндіріп ұғындыра алатындығы, әр-алуан амал-тәсілдер қолданып, сабақты тартымды және қызықты өткізуі сияқты ұстаздық шеберлігіне қойылатын талап-тілектер кіреді.

3-топқа ұстаздың оқушыларының бір-бірімен өзара қарым-қатынасына, олардың өміріндегі күйініш-сүйініштеріне, табыстары мен сәтсіздіктеріне, әр түрлі қоғамдық-көпшіліктік жұмыстарына қатысуларына байланысты көңіл бөліп, мән беруі, ұстаздың сынып жетекшілік жұмысындағы іс-әрекеттері жатады.

4-топқа мұғалімнің жеке басына тән мінез-құлықтарының ерекшеліктері жатқызылады.

Сонымен, шәкірттердің ұстаз бойындағы сапалары мен ерекшеліктері туралы көзқарастары мен өзіндік пайым-түсініктерін былайша жіктей аламыз:

1.     Мұғалімнің адамгершілік сапалары мен өзіндік қасиеттері; оқушыларға деген қатынасы;

2.     Мұғалімнің өз пәнін жетік меңгеруі мен ұстаздық шеберлігі;

3.     Мұғалімнің сынып ұжымын басқарып, оған жетекшілік ете алуы;

4.     Мұғалімнің мінез-құлқындағы даралық сапалары, бойындағы қасиет ерекшеліктері.

Мұғалім мен оқушы арасында тиімді қарым-қарым қатынас орнатып, қақтығысты болдырмау жолдары:

·          Өзара келісілген іс-әрекет ұйымдастыру;

·          Эмоциялық қарым-қатынас қалыптастыру;

·          Оқушының психологиялық қасиеттерін зерттеу;

·          Ортақтасу барысында оқушыға сенім білдіру;

·          Мұғалім өзін, оқушының өзін-өзі танытуы;

·          Оқушыға қатесін түзетуге мүмкіндік беру;

·          Келісілген ортақ шешім шығару.

Өзара келісілген іс-әрекет ұйымдастыру. Оқушы мен мұғалім өзара қарым-қатынаста тиімді іс-әрекет ұйымдастыру үшін алдағы істерін жоспарлайды, іс-әрекет нормаларын анықтайды. Мысалы, мұғалім «Сен сабаққа үш рет кешіксен ата-анаңа хабарласам», оқушы «Топтың ішінде мәселемді талқыламауыңызды сұраймын» деген сияқты ортақ келісім тиімді әсер етеді. Өзара келісілген іс-әрекетке жету үшін төмендегідей қиындықтар кездесуі мүмкін.

Қарсыласу – оқушы өз ұтысын көбейту мақсатына бағытталып, мұғалімнің мақсатын есепке алмайды  «Саған емес, маған».

Қашу – бұл әдіс мұғалімнің қарым-қатынаста өзінің де, өзгенің де мақсатына жетпеуі «Саған да емес, маған да емес».

Жол беру – кейбір оқушылар ортақтасу барысында мұғалім мақсатына жету үшін өз мақсаттарын құрбандыққа шалады «Маған емес, саған».

Кейбір оқушылар қарым-қатынаста тепе-теңдік таразы басын тең ұстайды «Саған қанша болса, маған да сонша». Мұғалім қандай қатынас жасаса соған жауап береді. Өзара келісілген іс-әрекет ұйымдастыруда ең тиімді әдіс – ынтымақтастық. Бұл «Саған да, маған да» деп аталады. Бұл жағдайда мұғалім баланы зорлап бағындырмай, келіскен түрде өз мақсатына баулап алған жөн. Ынтымақтастық ұстазының сөзінен де, іс-әрекетінен де, ым-ишарасынан да көрініп тұру керек.

Мұғалімнің әрекеті:

1.     Оқушының қатынасын, сезімдерінің көрінісін қабылдап, өзінің қатынасын жай түрде түсіндіреді;

2.     Оқушының әрекетін, тәртібін қолдайды;

3.     Оқушының ойларын дамытады;

4.     Оқушының жауабын алу мақсатында өзінің идеяларына негізделген сұрақтарды қояды;

5.     Өз идеяларын түсіндіреді, дамытады;

6.     Оқушы орындауға тиіс болатын бұйрықтарды, нұсқауларды береді.

Шәкірттің әрекеті: өзінің идеяларын, сұрақтарын, ұсыныстарын ашық білдіреді, өз ойларын еркін дамыта алады.

Эмоциялық қарым-қатынас қалыптастыру. Оқушы мен мұғалім қарым-қатынасында эмоциялық жағынан түсінісу жетпей жатады. Егер мұғалімнің көзінен оқушыға деген жаңашырлық пен мейірімділік сезіліп тұрса, қатал талапты да қабылдай алады. Кейде мұғалім оқушыға жанашыр болып көрінгісі келгенімен, бет қимылы,қол қимылы, дене қимылы, жүрісі, сыртқы бейнесі, даусы мен сөзінің ерекшеліктерімен жақтырмайтын эмоциялық сезімдері көрініп қалады. Оқушымен қарым-қатынаста олардың шашынан сипау, арқасынан қағу өзара эмоциялық қарым-қатынасты жақсартады. Оқушыны эмоциялық тұрғыдан қолдауда ол ішкі сезімін толық шығару үшін сөзін бөлмейсоңына дейін тыңдау, сөз арасында «иә», «е-ей», «а-а» деп немесе соңғы сөздерін қайталап отырған дұрыс. Сонымен бірге басты изеу, бет және көз қимылы маңызды.

Оқушының психологиялық қасиеттерін зерттеу. Оқушымен жақсы ортақтасу қарым-қатынасын орнату үшін психологиялық тұрғыдан зерттеу өте тиімді. Оқушының өзін-өзі бағалауын, эмоционалдық көңіл-күйін, сыныптағы беделін, отбасылық қарым-қатынасын, әлеуметтік жағдайын анықтап барып, тиімді іс-әрекетке көшуге болады. Психолог мамандармен бірлесе отырып, психологиялық зерттеу жұмысын жүргізіп, өзіндік бағасы төмен оқушылармен түзету жұмыстарын жүргізу керек.

Ортақтасу барысында оқушыға сенім білдіру. Оқушыға тұрақты жылы сезім қалыптастыру оған достық және сүйіспеншілік сезімдеріне негізделген қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Өзіне жиі сенбейтін, қателіктерді жиі қайталайтын оқушы үшін ең тиімді әдіс мадақтау және сенім білдіру. Мұндай оқушылар өзіндік бағасы төмен болғандықтан қатал талап етсе, мүлдем тұйықталып немесе дау-дамайға бейім болады. Дау-дамай баланың өзінің қабілетінен жоғары талап еткеннен бболады. Мұндай оқушыларға өз қабілетіне қарай аз тапсырмадан бастау керек және де оны аз болса да өз уәдесін орындағаны үшін мадақтаған жөн. Сенім білдіру оқушыларды жігерлендіре түседі, осы тәсілдер арқылы талап деңгейін де көтеруге болады. Қиын кезде оған сенім білдіру, қолдау көрсету тығырықтан шығуға көмектеседі. Мұғалім мұндай балалар үшін сыныптастарының, ата-анасының сенім білдіруін талап еткені дұрыс нәтиже береді.

Мұғалім өзін, оқушының өзін-өзі танытуы. Көп жағдайда мұғалім оқушының мұндай іс-әрекетті не үшін жасап тұрғанын жан-жақты талдамайды да, жоқ ақпаратты өз жорамалымен толтырады. Солай шешім шығарып, іс-әрекетке көшеді. Мұндай қарым-қатынас бәрімізге кері әсер ететіні белгілі. Кейбір әділ мұғалімдер әр оқиғаның, іс-әрекеттің нақты себепшісін ізлеп табады, әділ шешім шығарады. Кейбір мұғалімдер бар жауапкершілікті сынып старостасына жүктеп қояды. Мұндай жағдайда мұғалім өз іс-әрекетін талқылап, өзін-өзі танып, өзінің қандай екенін оқушыға таныту қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады. Оқушыға өзін-өзі таныту үшін мұғалімнің шеберлігі өте маңызды. Егер жетістікке жетсе, себепкер өзі деп санайды да, жеңілістің себебін жағдайға сілтей салатын оқушыларға мұғалімдер өзін танытуға ықпал ету қарым-қатынаста ортақ тіл табысуға жетелейді.

Оқушыға қатесін түзетуге мүмкіндік беру. Мұғалімнің санасында идеал оқушының бейнесі қалыптасады. Мұндай оқушы мұғалімнің еңбегін жемісті етеді. Мысалы, жақсы оқиды, тәртіп бұзбайды, сөзді екі етпейді. Осындай оқушыларды мұғалімдер жоғары бағалайды. Ал үлгерімі төмен оқушы мұғалімнің ұнамсыз сезімдерінің қайнар көзі. Мұндай оқушыларды мұғалім эмоциялық қарым-қатынасымен де басып тастап отырады. Оқушылармен қарым-қатынаста жақсы оқушыларды жиі тақтаға шақыртып, белсенді қолдап отырады, оларға жаңа сабақты түсіндіруде 10-15 минут уақыттарын жұмсауға да бар. Ал үлгерімі төмен оқушыға келгенде аз уақыт беріп, ым-ишири арқылы «сен не білуші едің» деп көрсетіп тұрады. Жабық қарым-қатынас жасайды және өз өмірінің көбісін үлгерімі төмен оқушылардың құрбаны ретінде қабылдайды. Мұндай қатынастан кейін оқушы бағасы төмендеп, әлсіз, қабілетсіз деп санап, кейде өзін жек көруге дейін жетеді. Керісінше жылы сезім, жақсы сөз, мақтау мен мадақты жиі еститін бала өз күшіне сеніп, үлкендердің үмітін ақтауға тырысады. Зерттеулер бойынша, егер үлгерімі төмен оқушыны қолдаса, оған үлкен үміт артса, қатесін түзеуге мүмкіндік беріп, қолдау танытса ол жақсы нәтиже береді .

Қорытындылай келгенде, басқа мамандық иелеріне қарағанда, мұғалім мамандығы ерекше. Мұғалім кәсібінің ерекшелігі, ең алдымен оның педагогтық әдебінде. Бұл орайда тілге тиек болатыны, педагогтардың шәкірттермен арадағы қарым-қатынасында педагогикалық әдептілік негіздері барлық уақытта сақтала бермейді.  Осыдан да мұғалім мен оқушы арасында қақтығыстардың туындауына жол ашылады. Ал сол қақтығыстарды шешу жолдарын таба білу де тікелей ұстазға байланысты. Өз ісінің шебері, білікті мұғалім қандай қиындық туындаса да ақылмен, байыппен қарап дқрыс шешім шығарары даусыз.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Темина С.Ю. Конфликты школы и «Школа конфликтов» М. 2002г.



2.  Ғ. Ибрашев «Мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым қатынас психологиясы» // Мектептегі психолгия №7 (73) 2015ж.

3.  А. Жаппашева «Мұғалім мен оқушы арасында жағымды психолгиялық қарым қатынас орнату» // Мектептегі психология №4 (46) 2015ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет