Тақырыбы: «Озық ойлы оқушы»
Мақсаты:
1. Білімділік: Оқушылардың математикаға қызығушылығын, ынтасын, зейінін арттыру, алған білімдерін тереңдету.
2. Дамытушылық: Ой - өрісін кеңейту, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
3. Тәрбиелік: Оңушыларды тапқырлыққа, алғырлыққа, белсенділікке және жеке тұлға етіп қалыптастыру.
Көрнекілігі: интерактивті тақтада слайдтар, карточкалар, формулалар.
Өту барысы:
Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар, қонақтар және оқушылар, сіздерді «Озық ойлы оқушы» интеллектуалды сайысымызды тамашалауға шақырамыз. Бүгін біз математиканың жұмбақты да тартымды әлемімен танысамыз. Біз бұл әлемнің қаншалықты қызықты, әрі сан түрлі екендігіне көз жеткіземіз. Осы ойынға әділ де, дұрыс баға беретін әділқазылар алқасымен танысайық:
1 – жүргізуші. Жиналған ылғи дарындылар,
Жүректе от, көздерінде жалын бар
Білімді оқушыларды халайық!
Қол соғып қарсы алайық!
Ал енді бүгінгі сайысымызға қатысатын оқушыларды ортаға шақырайық.
/6 оқушыны таныстыру, 6 – сынып оқушылары/
2 – жүргізуші. Ойынымызды бастамас бұрын жоспарымен танысып алайық. ІІ турдан кейін ұпайы төмен екі оқушы ойыннан шығарылады.
І тур. «Бәйге»
ІІ тур. «Жеті жұмбақ»
ІІІ тур. «Дода»
ІҮ тур. «Жорға».
1 – жүргізуші. І турымыз «Бәйгені» бастаймыз. Бұл турымызда ойыншыларға 15 сұрақ қойылады. Әрбір дұрыс жауапқа 10 ұпайдан беріледі. Олай болса іске сәт!
Сұрақтар:
1. Үшбұрыштың периметрі дегеніміз не? (барлық қабырғалардың қосындысы)
2. Қандай өрнекті әріпті өрнек деп атайды? (Құрамында әрпі бар өрнекті)
3. Жақша алдында «+» таңбасы болса, жақша қалай ашылады? (жақша ішіндегі алгебралық қосылғыштардың өз таңбалары сақталады)
4. Жай сан деп қандай санды айтамыз? (1 - ге және өзіне ғана бөлінетін санды)
5. Қандай түзулер перпендикуляр түзулер деп аталады? (бір – бірімен тік бұрыш жасап қиылысатын түзулер)
6. Алгебралық өрнек дегеніміз не? (Құрамында әріптер, сандар, арифметикалық амалдар таңбалары және жақшалары бар өрнек).
7. Қарама - қарсы сандар дегеніміз қандай сандар? (Тек қана таңбаларымен ажыратылатын сандар).
8. Тік бұрышты төртбұрыштың ені 4 см – ге тең, ұзындығы енінен 5 см ұзын. Ауданы неге тең? (36 см)
9. Тік төртбұрыштың ауданын қалай табамыз? (Ені мен ұзындығының көбейтіндісі)
10. Шеңбердің радиусы 6 см болса, диаметрі қанша? (12 см)
11. Қосудың нәтижесі не? (қосынды)
12. Ең үлкен екі таңбалы сан? (99)
13. Ең кіші тақ сан? (1)
14. Қайсысы көп 2 метр ме, әлде 201 см ме? (201 см)
15. Қолда 10 саусақ бар, 10 қолда неше саусақ бар? (50 саусақ).
2 – жүргізуші. Осымен І тур «Бәйге» аяқталды. Ұпай сандарын жариялау үшін сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
1 – жүргізуші. Сайысымыздың «Жеті жұмбақ» бөлімін бастаймыз. Бұл бөлімде әр түрлі жеті есеп беріледі. Әрбір дұрыс жауап 20 ұпаймен бағаланады. ІІ турдан кейін ұпайы аз екі ойыншы ойыннан шығады.
Сұрақтар:
1. Қосарланып жегілген үш ат бір сағаттың ішінде 27 км жол жүрді. Осы уақыттың ішінде бір ат қанша жол жүрген? (27 км жүрген)
2. “ Екі қарға ”. Екі қарғаның біреуі оңтүстікке, біреуі солтүстікке қарап отыр. Олар біріне – бірі:
- Достым, мен сені көріп отырмын, – дейді. Олар бірін – бірі қалай көреді?
(Қарғалар бір - біріне бетпе - бет отырғандықтан, олар бірін – бірі көреді.)
3. Қара ағаш басында 5 алма өсіп тұр. 1 жерге түсіп қалды, нешеуі тал басында қалды? (Қара ағашта алма өспейді)
4. Бір – бірімен жарысқа,
Бес аю, бір арыстан
Екі қой мен үш түлкі
Бәрі нешеу, кім білді? (Барлығы 11)
5. Үстелде 5 стақан сүт тұрған еді. Дастан 1 стақандағы сүтті ішіп, стақанды үстелге қойды. Үстелдің үстінде неше стақан қалды? (5 стақан)
6. Үш тұйеқұс ұшып келе жатты. Аңшы олардың бірін атып алды. Олардың қаншасы қалды? (Түйеқұстар ұшпайды)
7. Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шұнақ құлақ бес ешкі,
Қос лақты қос ешкі.
Екі қозылы екі қой
Бәрін бірге санап қой. (Барлығы 15)
2 – жүргізуші. Осымен «Жеті жұмбақ» бөліміміз аяқталды. Сөз кезегі әділқазылар алқасында. Ең аз ұпай жинаған 2 ойыншы ойыннан шығады.
Әзіл. Шешесі баласына:
- Балам, сен неге пианино ойнамай кеттің? Кәне бір әуенді шырқатып көрейік! Мен саған балмұздақ алып беремін.
Бала:
- Әкем «Пианино тартуды мүлдем қойсаң велосипед алып берем» деген.
1 – жүргізуші. Ойынымыздың келесі бөлімі «Дода». Сіздерге қойылатын сұрақтардың жауаптары 3 нұсқада беріледі. Әрбір дұрыс жауапқа 20 ұпай.
Сұрақтар:
1. Координаталық түзуді кім енгізді?
А) Ньютон В) Декарт С) Галуа
2. Математикалық теңдеулер туралы ғылыми еңбек жазған қазақ ғалымы
А) Жәутіков В) Декарт С) Галуа
3. Миллион деген сөзді қазақ арасына жеткізген ағартушы?
А) А. Құнанбаев В) Ш. Уалиханов С) Ы. Алтынсарин
4. 5 сынып және 6 сынып «математика» оқулықтарының авторы?
А) Ыбан В) Алдамұратова С) Макарычев
5. Пропорцияның қазіргіше жазылуын 1693 жылы қай математик енгізген?
А) Лейбниц В) Галуа С) Кантор
2 – жүргізуші. Осымен «Дода» бөліміміз аяқталды. Сөз кезегі сарапшыларда, ұпай аз жиналған 2 оқушы ойыннан шығады.
Әзіл.
1 – жүргізуші. Сайысымыздың ең шешуші кезеңі «Жорға» бөліміне де келіп жеттік. Әрбір дұрыс жауап 10 ұпаймен бағаланады.
Сұрақтар:
1. Айырмашылығы тек таңбаларында ғана болатын сандар? (Қарама – қарсы сандар)
2. 0 – ден үлкен сандар (Оң сандар)
3. Оң сандардың қосындысы қандай сан? (Оң сан)
4. Қарама – қарсы сандардың қосындысы неге тең? (0 – ге тең)
5. Нәрселерді санау үшін қолданылатын сандар. (Натурал сандар)
6. Ең кіші жай сан (2)
7. Бұрышты өлшейтін құрал (Транспортир)
8. Таңбалары бірдей сандардың көбейтіндісі қандай сан? (Оң сан)
9. Жазыңқы бұрыштың градустық өлшемі (180 градус)
10. Екі қатынастың теңдігі (Пропорция)
11. 5 – ке қарама қарсы сан (- 5)
12. Алымы бөлімінен үлкен бөлшек (Бұрыс бөлшек)
13. 14 қандай сан (Жұп сан)
14. Шешімдері бірдей теңдеулер (Мәндес теңдеулер)
15. Кері сандардың көбейтіндісі неге тең? (1 – ге тең)
2 – жүргізуші. Осымен «Жорға» бөлімі де өз мәресіне жетті. Әділқазылар ұпайлар санын сараптағанша әзілге назар аударайық.
Әзіл. Оқушылар «Егер мен бастық болсам...» деген тақырыпқа шығарма жазу үстінде.
Мұғалім:
- Мұсабаев, сен неге жазбай отырсың?
- Хатшы қызды күтіп отырмын...
1 – жүргізуші. Сөз кезегі әділқазылар алқасында. Жеңген оқушыны марапаттау.
2 – жүргізуші. Бүгінгі біздің «Озық ойлы оқушы» интеллектуалды ойынымыз аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге рахмет. Қош, сау болыңыздар!