Байланысты: «Пластикалық ыдыстардың адам денсаулығына пайдасы мен зияны»
Елімізде мұндай ыдыстардыпайдалану ережесі айтылмайды. Ал, әлем елдерінде, мысалы, Дания үкіметі 1994 жылдан бері полиэтиленді қапшықтарды тегін берушілерге салық салатын болды. Осы шешімнен кейін біржолғы ыдыстарға сұраныс 90 пайызға құлдырады. Ал Германияда біржолғы ыдыстарды пайдаланғысы келген тұтынушы ақша төлеп, сатып алады. Және жинауға, қайта өңдеуге сатушы рұқсат алады, әйтпесе жауап береді. Сол себепті, саудагерлер мұндай ыдыстарды сатуға ықылассыз. Ирландияда полиэтиленді қапшық орнына түрлі мата сөмкелер пайдаланылады. АҚШ-тың бірқатар штаттары біржолғы ыдыстардан мүлдем бас тартты. Сингапур, Бангладеш, Тайваньда пластик ыдыстар құбырларды бітеп, өзеннің еркін ағуына зиян келтіретіндіктен, қолдануға тыйым салынған.
Австралия 2004 жылдан бері полиэтиленді ыдыстарды қолданбайды. Ағылшындар биоыдырағыш (биоерігіш) қапшықтар қолданады. Шынымен-ақ, бұл құрал тиімді және қызметі жарты жылға кепілдік береді. Көмірқышқыл газы тисе болды, аты айтып тұрғандай, ыдырап кетеді. Целлофан мен полиэтиленді ыдыстардың жалпы тіршілікке зиянын білдік. Олай болса, пайдасынан зияны көп біржолғы ыдыстардан құтылудың қандай жолы бар? Шешілмейтін түйін жоқ. Әрине, бар. Үкімет басындағылар, бюджеттен ақша бөліп, Қазақстанның әр бұрышына пластикалық ыдыстарды қайта өңдейтін зауыттар салса, біржолғы ыдыстармен күрес қарқынды жүріп кетер еді. Орта есеппен 50-100 теңге аралығында баға қойса, оларды жинайтындардың қарасы сөзсіз көбейеді. Әсіресе, балалар құтыларды жинап, алған ақшасын өз еңбегі болғандықтан, үнемдеп ұстауға машықтанар еді.
Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Балалар компьютер алдында да күндіз-түні отырмай, еңбек етеді. Ең бастысы – табиғат аясы тазарады. Ал олардың орнына матадан жасалғанын тұтынсақ ше? Немесе біржолғы ыдыстарды қатты қағаздан-ақ жасауға болады. Қағаз ыдыстарды пайдаланғаннан кейін, отқа жағамыз ба, басқа бір қажетке жаратамыз ба, қалауымыз біледі. Сондай-ақ, қағаз ыдыс температурасын ұзағырақ сақтайды. Қызу өткізгіштік қабілеті де төмен. Ыдысты ұстағанда қол күймейді. Микротолқынды пеште қыздырғанда улы заттар бөлмейді. Технология жетістігінің арқасында қағазға желім жапсырылмайды. Қысқасы, пластикалық ыдыстармен салыстырғанда қағаз ыдыстар сапалы, зиянсыз әрі ыңғайлы.
Жыл сайын көлемі мен тереңдігі әр түрлі, қызылды-жасылды пластик стақандар, тәрелкелер, қасықтар мен шанышқылар тонналап өндіріледі. Қазір басқосу кештері, жұмыс кеңсесіндегі атаулы күндерді тойлау, қызмет бабындағы кофе-брейктер, сонымен қатар табиғат аясына серуендеуге шыққан адам міндетті түрде біржолғы ыдыстарды пайдаланады. Бұл ыдыстардың басты артықшылығы: уақыт пен қалтаны үнемдейді, пайдалануға жеңіл. Ал зиянды тұстары екі есе көп. Бір рет пайдаланғаннан кейін, пластикалық ыдыстарды отқа жағуға болмайды, сондықтан қоқысқа тастауға тура келеді. Ал өте көп мөлшерде тасталған ыдыстар қаланы түгел қоқыс аумағына айналдырып жіберуі мүмкін. Адамның денсаулығына әкелетін зияны ұшан-теңіз. Бірақ, өндірушілер оны жоққа шығарады.