1. Аурудың көзі мен инфекция резервуары - эпидемиялық бөртпе сүзегімен ауыратын науқас адам, Брилль ауруының риккетсиемия кезеңіндегі науқас адам. Аурудың жұқтыру қауіпі инкубациялық кезеңнің соңғы 1-2 күнінен бастап, қызба кезеңінде және апирексия кезеңінің алғашқы 2 күні бойынша сақталады.
2. Жұғу механизмі – трансмиссивті. Риккетсия тасымалдаушысы – негізінен киім биті, сирек баста болатын биттер. Биттер инфицирленген қанды сорғаннан соң 4-5 күннен кейін немесе тіршілік ету барысында (14-17 күн) нәжісімен риккетсияларды бөліп шығарады. Бит адамды шаққанда сілекей арқылы қышу сезімін шақыратын фермент бөледі. Адам бит тістеген терісін қасығанда олардың нәжісін терісіне енгізеді. Риккетсиялармен инфицирленген битті теріде езгенде немесе жарақаттанбаған теріге инфицирленген жәндіктердің экскрементін жаққанда жұқтырады. Сирек инфицирленген материал көздің коньюнктивасына немесе тыныс жолдарына түскенде (лабораториялық жағдайда) жұқтырады.
3. Қабылдаушы макроорганизм. Барлық жас тобындағы адамдар бөртпе сүзегін қабылдауы жоғары. Ауру қыс-көктем мезгілінде өршиді, оған әкелетін қолайлы жағдайлар, адамдардың көп топталуы, витаминдердің жетіспеушілігі және адамның денесі мен киімі арасында биттің дамуына қолайлы оптимальды температуралық жағдайдың туындауы.