Тақырып10. Шығыс Қазақстан территориясының зерттелу тарихы. 1 сағат
Ерте кезде зерттелуі
Орта ғасырда зерттелуі
Жаңа дәуірде зерттелуі
Алтайдағы, Зайсан қазаншұңқырындағы, Сауыр және Тарбағатай баурайындағы ежелгі тау кендерін өңдеген орындардың, суармалы каналдардың, елді мекендердің қалдықтарының жұрнақтарының табылуы кең байтақ Шығыс Қазақстан өлкесіндеертеде қоныстанған көшпелі қазақтардың болғандығын айғақтайды.
Өз билігін орнатқысы келген жоңғар шапқыншылығына байланысты XV ғ. бұл территорияның көпшілік халқы қырылып, жері бос қалды. Орыстың әскери барлау отрядының Ертістің жоғарғы ағысымен кедергісіз жылжуы жоңғар шапқыншылығына қарсы әрекет еді. Ертісті жағалай, Тобылдан Жаркентке дейін бірнеше бекіністер салу үшін, 1713 жылы Сібір губернаторы Матвей Гагарин құрылыс жобасын дайындап, орыс патшасы I-Петрге өтініш жасады. Губернатордың хабарламасын алған I-Петр экспедицияны жабдықтауға Жарлық шығарып, оған подполковник И.Д. Бухгольцты басшылыққа тағайындады. 1915 жылы 1 қазанда Бухгольц отряды Ямышев көліне жетіп, Ертістің оң жағасына "Ямышев" бекінісін малды. Ол Ертістен 3 км қашықтықта орналасқан еді. Бұл бекініс болашақта орыстардың Ертіс бойымен жылжуына таптырмайтын тірек болды.
Әскер басы Иван Калмыковтың экспедициясынан бастап, экспедициялар бірінен соң бірі осында сапар шекті. Орыс өкіметінің тапсыруы бойынша Калмыков шағын отрядпен 1717 жылы Зайсан көліне жүзіп шықты. Экспедицияның мақсаты бекініс салуға қолайлы орын таңдап, табу еді.
Ертістің жоғарғы жағындағы бекініс құрылыстарын салу мақсатымен, сол жылы Павел Северский мен Василий Чередов басқарған отряд жіберілді. Павел Северский "Железинск" және "Долонь" бекіністерінің іргетасын қалады. В. Чередов Ертіс бойымен жүре отырып, 1718 жылы оның оң жағалауынан бекініс салатын жер таңдады. Ол Семей бекінісінің орны болатын.
1719 жылы Индияға жақын жол таппақ ниетпен және Жаркент Дария өзеніндегі әйгілі алтын құм жөнінде нақтылы деректер алғысы келген I-Петр И.М. Лихаревқа жаңа экспедиция ұйымдастыруды тапсырды.
1720 жылы жаңа ғана іргесі қаланған Семей бекінісінің 440 адамнан құралған отряд 34 кең табанды қайыққы отырып, көлге бет алды. Олар Зайсан көліне сәтті жүзіп жеткенімен, бекіністі қалауға жоңғарлар мүмкіндік бермейді. Үш күндік атыстан кейін, Лихарев олармен бітімге келеді де, қайта оралады. Қайтар жолынла, Ертістің бойынан, өзеннің таудан шығар жерінде Өскемен бекінісін қалады. Бұл – өлкенің оңтүстігіндегі ең шеткі бекініс еді. Омбы мен Қара Ертіс аралығының табиғат байлығын игеру, зерттеу географиялық сипаттама беруде, бұл жорық орыс геодезистері істерінің бастамасы болды.
Өлкені зерттеу негізіне үлкен үлес қосқан Петербург Ғылым Академиясының мүшесі Петр Симон Паллас (1768-1774 жылдары) басқарған экспедиция өлкенің жалпы жаратылысын, табиғатын, өсімдіктері мен жануарларын, тау кендерін, ауыл шарушылығын, халықтардың әдет-ғұрпын, салт-саналарын зерттеді. 1771-1772 жылдары П.С.Паллас Ертіс бойында, Семейде, Алтайда болып, Ертістің шабындығын, балығын, тұз шығаратын көлдеріне дейін қалдырмай нақтылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Герасим Зырьяновтың ашқан керемет жаңалығы әлі белгісіз болып келген Бұқтырма өлкесін жан-жақты зерттеуге бастамасы болды. 1791 жылы ашылған түсті металдың бай кен орнына кейінірек Зырянь деген ат берілді.
Александр Гумбольдт Шығыс Қазақстан облысына саяхатқа шыққан. Ол Змеиногор, Риддер, Зырянь рудниктерін зерттеп, Өскемен мен Семейде болған. Бұл саяхаттың маңызы – метеорологияның, геомагниттік бақылау станциялар жүйесінің құрылуында және оның бүкіл жүйесінің дүние жүзіне таралуында.
Шоқан Шыңғыс ұлы Уәлиханов (1835-1865). Шоқан өзінің қысқа ғана ғұмырында зор табыстарға жетті. Семей, Аякөз, Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралап қазақ халқының ауыз әдебиет үлгілерін, тарихы мен этнографиясына байланысты материалдар жинады. Жоңғарияға ұйымдастырылған экспедицияға қосылу үшін 1856 жылы сәуірдің басында Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семейге келген болатын. 18 сәуірде Ертістің сол жағалауымен Сарыарқаның құмды даласын кесіп, Аякөз өзеніне бет алады. Жағалауын көк орай шалғын шөп басқан Аякөз өзенінің шөл далада ұжымақ болып көрінгенін, жағалай өскен ағашы қысқы боран-дауылға, жақсы пана болатынын сипаттай отырып, Аякөз мал шаруашылығы үшін таптырмайтын жер екенін бағалап, өзінің жол дәптеріне жазған. Өзенді бойлай жүріп ежелгі тас мүсіндерді тауып, карта-схемаға түсірген. Аякөз өзенінің атының "аядай кішкене бұлақ"- деген сөзден шыққанын атап өтеді. Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу дастанының кейіпкерлері жерленген ғашықтар моласының бейнесінің суретін салып, қолжазбасына: "...мен Аякөзді өте сүйем, оны таң-тамаша көрем, мүмкін бұған, бір кезде осы өзеннің бойында болып өткен, Баян-Сұлудың алтын шашты Қозы-Көрпешке ғашық болуы жайындағы жырға айналған ертегі де бірсыпыра себеп болған болар" – деп жазған.
Евгений Петрович Михаелис. 1869 жылы саяси қылмыскер Е.П. Михаелис Семей қаласында тұруға мүмкіндік алады. Семейде тұрған кезеңінде Евгений Петрович қаланың мәдени өміріне, өлкенің табиғат жағдайы мен шарушылығына зор үлес қосты.м 1871 жылғы Зайсан өлкесіне сапарында Кендірліктегі көмір, тақтатас кен орындарын зерттеген еді. 1879-80 жылдары Михаелис Семейден Зайсанға дейін Ертіс бойымен 700 км қашықтықты зерттеп, оны кеме жүруге қолайлы деп шешті. Сонымен қатар, ол навигациялық картаны жасап, экономикалық-географиялық сипаттағы материалдар жинақтады. Михаелис еңбегінің бірі – Алтай мұздықтарын зерттеуі болып табылады. Ол тұңғыш рет бұрынғы мұздану қабатының шекарасын анықтады. Обручевпен бірлесе отырып Семей аймағындағы дюналық құмдарды, Қалба жотасындағы алтын орындарын дәл анықтап берді. 1882 жылы Михаелис бас бостандығын алғаннан кейін, өз өмірінің аяғына дейін Өскеменде тұрды.
1863 жылы Зайсанның терістігіне ұлы астроном К.Струве және атақты зерттеуші Г.Н. Потанин зерттеу еңбектерін жүргізді. Зайсан – орыстың ұлы саяхатшылары аялдап, қонақтаған қаласы. Оның дәлелі – П.П.Семенов-Тян- Шанский бір сөзінде: "Қазақстанның алғы шептерінің бірі Ертіс аңғары мен Зайсан немесе Алтай мен Тарбағатай аралығындағы кең дала – таулы Азияға шығудың ең қолайлы қақпасы" – деп көрсетеді.
1868 жылы Зайсан өлкесінде алғашқы елді мекен Жеменей әскери бақылау орны салынды. Оған 1871 жылы Зайсан станциясы деген ат берілді.
Зайсан ойпатының түстік жағы құз жартасты "Кішкене таумен" көмкерілген. "Біздің Монғолияға саяхатымыз (1876-1877жж.) осы тауды қуалай аққан Жеменей өзенінің жоғарғы сағасынан басталады" – деп жазды Григорий Николаевич Потанин.
XIX ғасырдың соңы, XX ғасыр басында саяхатшыларды әлі де болса көп қызықтырған өлке Зайсан еді. Осы өлкені зерттеуге келген экспедиция басшылары Н.И. Пржевальскийді, П.К. Козловты, М.В. Певцовты, П.П. Сушкинді, В.Э. Мартиновты өзі үйіне шақырып, дастарханына ортақтастырған Зайсан тұрғыны Андрей Степанович Хохлов еді. Саяхатшылар мен ғалымдар одан ақыл-кеңес алып, жүретін жолдарының бағыттарын анықтатып, аттұрман дайындататын. Ол Зайсан қазаншұңқырының флорасы мен фаунасы жайлы қызықты әңгімелейтін.
А.С. Хохлов Зайсан өлкесінде егіншілік пен бау-бақшасын өсәрәп дамытуда, Алтайда ара шаруашылығының бастамасын жасауда нақтылы үлес қосты. Кендірлік тас көмір кен орнының ашылуына байланысты оны қазып алуға және жергілікті халықты көмірмен қамтамасыз етуге көмектесті.
1876 атақты зоолог, жазушы-натуралист Альфред Эдмунд Брэм және неміс ғалымы Отто Финш Батыс Сібір және қазақ өлкесіне сапарға шығады. Осы жылдың 16 мамырында ғалымдар Зайсанға жетіп Хохловпен танысады. Сөйтіп өздерінің зоологиялық үлгі-коллекцияларын жинақтап толықтыруға мүмкіндік алады.
Зайсан құпиясы басқада көптеген басқа да көптеген саяхатшыларды өзіне ү үнемі қызықтырып отырды. Соның бірі Орталық Азия экспедициясынан оралып келе жатқан (1877 ж.) Н.М. Пржевальский еді. Ол Зайсан жеріндегі саяхатының сәтті болуы үшін, ұлан-байтақ өңірді, оның әр сүрлеуін, өзен-бұлағын, тау-тасын жақсы білетін жол серік іздейді.
Осы жолы Зайсан тұрғыны А.С. Хохловпен танысып, сол арқылы жергілікті қариялармен сөйлесіп, экспедицияны жабдықтау туралы ақыл-кеңес сұрайды. Сонымен, 1879 жылы 21 мамырда Н.М. Пржевальский экспедициясы Зайсан қаласынан Тибет жорығына беттеп шығады. Н.М. Пржевальскийдің Орта Азияға ұйымдастырған үшінші экспедициясын Зайсан адамдары азық-түлікпен, "жапан түздың кемесі" аталған түйелермен, жүрдек аттармен қамтамасыз етеді. Олар қиыр дала, қиын жолдардан адастырмай бастайтын елгезек те сенімді "Жиһанкез" жігітті, Мырзаш Алдияровты қосып береді. Гоби, Такла-Макан, Жоңғар алқабында өзі батыр, жол басшы, Мырзаш Алдияров баспаған жер жоқ болатын. Ол Жоғарағы Тибетке дейін кезіп, ғажап шыдамдылық, ептілік көрсеткен, талай қиын сәттен жол тапқан, саяхаттың не екенін бес саусағындай білетін адам еді. Мырзаш саяхат кезінде экспедиция мүшелеріне өсімдіктер мен жануарлардың жергілікті жерге бейімделу қасиеттерін, өсіп-өну мерзімін, бір-бірінен ажырату тәсілдерін үйретеді. Ол қазақ халқының жалбызды, шәйқурады, қарақатты, борсық, аю майларын, аю, қасқыр өттерін қалай емге пайдаланатынын және рауағаштың, тобылғының, баялыштың кәсіптік маңызын айтып береді. Жол басшысының көмегі мен өзінің зерттеу нәтижесінде Н.М. Пржевальский Зайсан фаунасын сипаттауға зор үлес қосты.
Сапожников Василий Васильевич. Алтайға төрт рет экспедицияға шыға отырып (1895-1905 ж.), Алтайдың флорасы мен фаунасынан өте бай коллекция үлгілерін жинақтады. Сапожников Батыс Монғолия мен Қара Ертіс бастауын зерттеген болатын.
Дмитрий Гордеевич Понкратьев көп жылдар бойы Алтай жерінде ара өсірумен шұғылданды және Мичурин ісін жалғастырып, осы кезге дейін сақталған "Понкратьев бағын" өсірді. Осындай ботаникалық бақты Петр Александревич Ермаков та ұйымдастырған.Өз өмірінде Д.Г. Понкратьев 50 жыл бойы, күн сайын, жылдан-жылға ұқыпты түрде метеорологиялық бақылаулар жүргізді. Ертіс өзенінің навигациялық ерекшеліктерін анықтады. Бұл мәліметтердің ғвлвми және практикалық маңызы зор еді.
Осындай метеорологиялық бақылаулар жүргізушілердің бірі Зайсандық математик және астроном Владимир Николаевич Бухман болды.
1924 жылдан бастап он жыл бойы күн энеогиясын пайдалану және алғашқы гелий қондырғысын құру үшін көптеген тәжірибелер жүргізді.
Семей жерінде туған суретші Виктор Николаевич Белослюдов (1883-1916 ж.) 1906 жылы өзінің інілерімен бірлесіп Белослюдовтар мұражайын ашқан. Олар өлкенің тарихы мен археологиясын зерттеген еді.
Қазақстан Ғылым Академиясы мен басқа да ғылыми мекемелердің облыс территориясына жан-жақты сипаттама беру үшін ұйымдастырған экспедициясы Шығыс Қазақстанның байлығын зерттеуде зор үлес қосты. Сарыарқа өлкесін зерттеуші академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1924 жылы Семейтау жеріне жүргізілген геологиялық экспедицияға қатысты. Ол Семей таулы өлкесін және сол жердегі жер қыртысының геологиялық қимасын картада бейнелеп берді.Алтынды Алтай, Қазыналы Қалба, Құнарлы Тарбағатай мен Сауыр, маңғаз Маңырақ туысқан халықтардың, озық ойлы адамдардың назарын ерте аударды. Сондықтан да қазіргі кезеңде Шығыс Қазақстан облысының территориясының арнаулы және жалпы географиялық карталары жасалғанымен, өлкені жан-жақты зерттеу әлі де жалғасуда. Осыған байланысты жыл сайын арнаулы экспедициялар ұйымдастырылып, жан-жаққа жіберіледі.
Өзін – өзі тексеру сұрақтары:
ШҚО территориясы жерінің ерте кезеңде зерттелуі?
ШҚО территориясының орта ғасырда зерттелуі?
ШҚО территориясының ХІХ ғасырда зерттелу ерекшелігі?
ШҚО жерінің жаңа заманда зерттелу тарихы?
Достарыңызбен бөлісу: |