Қылмыстық заңда өміріне немесе денсаулығына қауіпті жағдайдағы және сәбилігіне, қарттығына, науқастығына қарай немесе өзге де дәрменсіз күйі салдарынан өзін-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкіндігінен айырылған адамды көрінеу көмексіз қалдырғаны үшін қылмыстық жауаптылық бекітілген. Осының барысында кінәлі адамның сол адамға көмек көрсету мүмкіндігі болған немесе сол адамға қамқорлық жасауға міндетті болған не оны өміріне немесе денсаулығына қауіпті күйге өзі түсірген жағдай орын алуы тиіс.
Қылмыстың объектісі өзін-өзі қорғау шараларын алу мүмкіндігінен айырылған адамның өмірі мен денсаулығы болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы өзін-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкіндігінен айырылған, өміріне немесе денсаулығына қауіп төніп тұрған адамды көрінеу көмексіз қалдырудан көрініс табатын әрекетсіздіктерден тұрады. Берілген қылмыстың құрамы бар деп тану үшін бірқатар мән-жайларды анықтау қажет болады:
- жәбірленуші өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда болуы тиіс;
- ол өзінің сәбилігіне, қарттығына, науқастығына немесе өзге де дәрменсіз күйінің салдарынан өзін-өзі сақтап қалу шараларын қолдану мүмкіндігінен айырылған болуы тиіс;
- кінәлі адамның сол адамға көмек көрсету мүмкіндігі болуы тиіс;
- кінәлі адам өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған адамды құтқару үшін ешқандай шаралар жасамайды.
Қылмыс құрамы формалдық, яғни қылмыс зиянды салдардың орын алуына тәуелсіз түрде жәбірленушіге көмек көрсету бойынша міндеттерін орындамаған сәттен аяқталған деп танылады. Дегенмен, егер тұлға көмек көрсетудің қажеттілігі туралы тиісті орындарға дер кезінде хабарлау шараларын алған болса, онда оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмайды.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, яғни кінәлі адам өзінің өмірі мен денсаулығына көрінеу қауіп төніп тұрған адамды құтқаруға міндетті және тиісті көмек көрсетуге нақты мүмкіндігі бар екенін сезеді және көмек көрсетуден саналы түрде жалтарады. Қылмыстың мотивтері әртүрлі болуы мүмкін және саралауға ықпал етпейді.
Қылмыстың субъектісі арнайы – есі дұрыс және өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған адамға қамқорлық көрсетуге міндетті 16-жасқа толған жеке адам. Сонымен қатар жәбірленушіге қамқорлық жасауға міндетті болып табылмағанымен, бірақ өзінің әрекеттерімен (әрекетсіздіктерімен) жәбірленушіні өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті жағдайда қалдырған (қауіпті саяхатқа алып кеткен, жүзуді білмейтін адамды суға итеріп жіберген) тұлға да берілген қылмыстың субъектісі ретінде танылуы мүмкін.
119-баптың 2-бөлігінде көмексіз қалдырылған адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық бекітілген.
119-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстың құрамы материалдық болып табылады. Субъективтік жағы бойынша кінәнің екі нысанымен жасалады: кінәлі өзінің іс-әрекеттеріне қатысты алғанда қасақаналықпен әрекет ететін болса, өзінің іс-әрекеттерінің салдарына қатысты алғанда абайсыздыққа жол береді. Тұтастай алғанда, берілген қылмысты қасақаналықпен жасалатын қылмыстарға жатқызамыз.