3 Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (ҚР ҚК 127 б.)
Қазақстан Республикасының «Психиатриялық көмек және оны көрсету кезіндегі азаматтардың құқықтарының кепілдігі туралы» заңы психикалық ауытқушылықтардан зардап шегетін тұлғаларды психиатриялық стационарға орналастырудың негіздері мен тәртібін реттейді. Осыған дейінгі уақыттарда, әсіресе кеңес үкіметінің тұсында адамдарды саяси көзқарастары үшін психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру оқиғаларының орын алулары осындай заңның қабылдануына негіз болған.
Адамның бостандығы қарастырылып отырған қылмыстың объектісі болып табылады, себебі психиатриялық стационарда болу бостандықты шектеумен байланысты болады.
Қылмыстың объективтік жағы келесідей іс-әрекеттермен сипатталады:
- психикалық тұрғыдан дені сау адамды мәжбүрлеп, оның еркіне қарсы психиатриялық стационарға жатқызу;
- психикалық ауытқушылықтардан жапа шегетін тұлғаны Заңда бекітілген негіздердің болмауының барысында психикалық стационарға орналастыру;
- бұрын онда заңды негіздерде орналастырылған және психикасының бұзылуынан айыққан адамды психикалық стационарда заңсыз ұстау. Психикалық жағынан дені сау, бірақ оған психиатриялық көмек көрсетуге келісім берген адамды психиатриялық стационарға орналастыру берілген қылмыстың объективтік жағын құрамайды.
Жәбірленушіні стационарға орналастырған немесе стационардан шығарудың мерзімі өткен сәттен қылмыс аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәнің тікелей қасақаналық нысанымен сипатталады. Кінәлі адам жәбірленушіні психиатриялық стационарға орналастыратынын немесе онда заңсыз ұстайтынын сезінеді және көрсетілген әрекеттерді жасауды қалайды.
16-жасқа толған, есі дұрыс тұлға, солардың қатарында медицина қызметкерлері де қылмыстың субъектісі болады. Олар әртүрлі мотивтерге байланысты жәбірленушіден құтылуға мүдделі туысқандары, заңды өкілдері болуы мүмкін.
ҚК 127-бабының 2-бөлігінде психиатриялық стационарға заңсыз орналастырудың жауаптылық пен жазаны ауырлататын белгілері көрсетілген:
1) пайдакүнемдік ниетпен немесе өзге де жеке мүдделілікпен жасалса;
2) адам оларды өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаса;
3) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса;
4) абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Пайдакүнемдік ниет туралы біз ҚК 99-бабын талдау барысында айтқан болатынбыз. Психиатр-дәрігер берілген қылмысты өзінің қызмет бабын пайдаланып жасайтын адам болуы мүмкін ол жеке өзі немесе комиссия құрамында жәбірленушіні психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру немесе онда заңсыз ұстау туралы шешім қабылдайды. Адамды психиатриялық стационарға орналастыру немесе онда ұстау туралы заңсыз қаулы қабылдаған судья көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығарғаны үшін ҚК 418-бабымен жауапқа тартылады.
Жәбірленушінің өзі-өзі өлтіруі нәтижесінде қаза табуын абайсызда жәбірленушінің өліміне алып келген, психиатриялық стационарда заңсыз болудың нәтижесінде қандай да болмасын ауруының асқынып кетуін, оның өлтірілуін өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан салдар деп бағалаймыз. Сонымен бірге психиатриялық стационарда заңсыз болған уақытта жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келуі, жәбірленушінің психиатриялық стационарда болуымен байланысты орын алған оның жақын адамының қаза табуы немесе қатты науқасқа шалдығуы, жәбірленушінің асыруындағы адамдардың күнкөріс жағдайынсыз қалуын өзге де ауыр салдар деп санау қажет.