4 Кінәлі адамға жүктілік жағдайда екендігі көрінеу белгілі әйелді өлтіру (ҚР ҚК 99 б 2 б. «4» тармағы)
Жүктілік жағдайындағы әйелді өлтіруді саралау барысында қылмыстық-құқықтық теория және сот тәжірибесі жүктілік мерзімі (апта, ай, бірнеше ай) қылмысты саралауға әсер етпейді деген қағиданы ұстанады. Қылмысты ҚК 99 б. 2 б. «4» тармағымен саралаудың маңызды шарты ретінде адамды өлтіру сәтінде жәбірленушінің жүктілік жағдайының кінәлі үшін көрінеу белгілі болуы саналады.
Көрінеу (көрнекілік, көзге ұрып тұру, жақсы белгілі болу) деген кінәлі адам жәбірленушінің жүкті екендігін біледі, субъективті түрде оған көзі жеткен, жәбірленушінің жүкті екендігі туралы ешқандай күмәні жоқ. Жүктілік туралы мәліметтердің көздері әртүрлі болуы мүмкін: жәбірленушінің өзі айтты, медициналық құжаттардан, сырт белгілері бойынша және т.б. Сонымен бірге жүктілік мерзімі өте үлкен әйелді өлтіру кінәлінің әрекеттерін қосымша 99 б. 2 бөлігінің «3» тармағымен дәрменсіз күйде болуы белгісімен саралауды жоққа шығармайды.
Алайда заң әдебиеттерінде адам өлтірудің берілген түрінің субъективтік жағының мазмұны туралы мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер айтылып келеді, атап айтқанда: кінәлінің жәбірленушінің жүктілігін білуінің шындық деңгейі.
Ғалымдардың көпшілігі «көрінеу» ұғымы кінәлінің жәбірленушінің жүкті екендігін айқын білетіндігін көрсетеді деп санайды.
Қылмыстық құқық ғылымының өзге өкілдерінің ойынша, адам өлтірудің субъектісі жүктіліктің нақты бар екендігіне толық сенімі болмаса, онда кінәлінің аталған ауырлататын мән-жайға психикалық қатынасы жанама қасақаналықпен сипатталады (жүктіліктің бар екендігіне немқұрайымды қарау), сондықтан адам өлтіруді ҚК 99 б. 2 б. «4» тармағымен саралауды жоққа шығармайды.
Кінәлі адам жәбірленушіні жүкті деп ойлап, ал ол шын мәнінде ондай болмай шыққанда, яғни оның фактілік қателесуінің барысында кінәлінің іс-әрекетіне қылмыстық құқықтық баға беру мәселесі де заң әдебиеттерінде біркелкі шешілмеген.
Қылмыстық құқықтық әдебиеттерде фактілік қателіктердің орын алуының барысында саралаудың төрт нұсқасы ұсынылады:
1) жүкті әйелді өлтіру ретіндегі сараланған адам өлтіру - ҚК 99 б. 2 б. «4» тармағы;
2) жүкті әйелді өлтіруге оқталу – ҚК 28 б. 3 б. және 99 б. 2 б. «4» тармағы;
3) қарапайым түріндегі адам өлтіру – ҚК 99 б. 1 б.;
4) қарапайым адам өлтіру және сараланған адам өлтіруге оқталу ретіндегі қылмыстардың жиынтығы- ҚК 28 б. 3 б., 99 б. 2 б. «4» және 99 б. 1 б.
Қылмыстарды саралаудың ережесіне сәйкес, адам өлтірудің осындай түрі кінәлі адамның ниетінің бағытталуы бойынша кінәлі адамға жүктілік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелді өлтіруге оқталу ретінде бағалануы тиіс деп ойлаймыз.
Кінәлі адам жәбірленушінің жеке басы бойынша қателесіп, жүкті әйелді өлтірдім деп ойлап, жүкті емес өзге әйелді өлтірген жағдайда (жәбірленушінің егізін, апасын, сіңілісін) жағдайдағы кінәлі адамның әрекеттерін саралау мәселесі де осылай шешілгені дұрыс.
Егер кінәлі адам жәбірленушінің жүкті екендігін білмейтін болса, немесе ол жүкті емес деп қате ойлайтын болса, ал жәбірленуші жүкті болып шықса, бұл жағдайда іс-әрекет қарапайым түріндегі адам өлтіру (егер өзге ауырлататын белгілері болмаса) ретінде саралануы тиіс.
Анасының өміріне қол сұғудың нәтижесінде іштегі баланың қаза табуы немесе оның тірі қалуы қылмысты саралауға ықпал етпейді. Алайда бұл мін-жайлар кінәлі адамған жаза тағайындау барысында сотпен есепке алынуы мүмкін.
Талданып отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналықпен де сипатталады. Сонымен бірге, жәбірленушінің жеке басына қатысты қателескен жағдайда қол сұғушылық жанама қасақаналықпен жасалауы да мүмкін және оны жүкті әйелді өлтіруге оқталу деп саралау қажет.