Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар


Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру (ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағы)



бет15/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

7 Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру (ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағы)

ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағындакөзделген адам өлтіруді саралау барысында ҚР ҚК 27, 28-баптарында берілген қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымын және адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қылмыстар ұғымдарын басшылыққа алу қажет.
Қылмыстық заңнамада бекітілген тұжырым бойынша екі немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бірлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады (ҚК 27 б.).
Екі немесе одан да көп адам, адам өлтіруге бағытталған ниетпен күш біріктіре отырып, оған күш қолданып жәбірленушіні өмірінен айыруға тікелей қатысып жүзеге асырылған адам өлтіру, адамдар тобымен жасалған адам өлтіру болып табылады. Бұл жерде, жәбірленушінің қаза табуына алып келген зақымды олардың әрқайсысымен де келтірілуі міндетті емес (мысалы,біреуі жәбірленушінің қарсылығын тойтарып, оны қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырды, ал екнішісі оған өлімші жарақат салады).
Қасақаналықпен қаза келтіруге бағытталған әрекеттерді бір тұлғаның жасауының барысында, оған дәл сондай мақсатпен өзге адам (адамдар) кейіннен қосылған жағдайда да, адам өлтіру адамдар тобымен жасалған болып табылады.
ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағында көзделген адамдар тобымен жасалған қасақана адам өлтірудің үш түрін атап көрсетуге болады:
1) адамдар тобымен жасалған кісі өлтіру (алдын ала сөз байласпаған);
2) алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалған кісі өлтіру;
3) ұйымдасқан (қылмыстық) топ арқылы жасалған кісі өлтіру.
Адам өлтірудің барлық көрсетілген түрлері бірігіп қатысудың түрлері болып табылады. Қылмысқа бірігіп (сыбайлас) қатысу институтын талдау барысында қылмыстық құқық доктринасының қылымысқа бірігіп қатысуды кең және тар мағынасында қарастыратындығын есепке алу қажет.
Кең мағынасындағы бірігіп қатысу ретінде тұлғалардың қылмыс жасауға бағытталған кез келген біріккен қызметі түсініледі.
Тар мағынасындағы бірігіп қатысу қылмысты рөлдер бөлісу арқылы («күрделі қатысу»), яғни бір орындаушы болып, ал басқа бірігіп қатысушылар өзге рөлдерді мысалы, айдап салушының, көмектесушінің немесе ұйымдастырушының рөлдерін атқара отырып, қылмысты жүзеге асыруын қарастырады.
Егер қылмыс тек қылмыстың объективтік жағын тікелей жүзеге асыратын тұлғалармен жасалатын болса, онда бірігіп орындаушылық орын алады («қарапайым бірігіп қатысушылық»).
«Бірігіп қатысушылық» деген бір түсінікті кең және тар мағынасында қолданбау үшін оның түрлерін әртүрлі терминдермен берген дұрыс болар еді. Егер «қарапайым бірігіп қатысушылық» - бірігіп орындаушылық, егер «күрделі қатысушылық» орын алса, онда оны шартты түрде бірігіп көмектесушілік деген терминмен білдірген дұрыс. Шындығында да, айдап салушы да, көмектесуші де және ұйымдастырушы да орындаушыға қылмыстың объективтік жағын жүзеге асыруға көмектеседі (жәрдем береді) және сол арқылы бірігіп көмектесушілер рөлін атқарады.
Адамдар тобымен жасалған қылмысқа қылмыстық құқықтық баға беру, басқа адамды өмірінен айыруға кімнің қатысқандығына тәуелді болады.
Қылмыстық құқықтық теорияда және сот тәжірибесінде жәбірленушіге қаза келтіруге бірнеше тұлға қатысып, олардың тек біреуі ғана қылмыс субъектісі болып, алған қалған қатысушылар жас шамасына немесе ақыл-есінің дұрыс болмауы себепті қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтын жағдай талас туғызып және біркелкі шешілмей келе жатқан мәселе болып табылады.
Ғалымдардың басым көпшілігінің пікірі бойынша, адам өлтіруді ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағы бойынша саралау қылмыстың ең аз дегенде екі субъектісі (бірігіп орындаушысы) болған жағдайда ғана мүмкін болады. Егер қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасауға тікелей қатысқан барлық тұлғалардың тек біреуі ғана адам өлтірудің субъектісі болып табылатын болса, онда іс-әрекет адамдар тобымен жасалған деп саралана алмайды.
Өзге ғалымдардың пікірлері бойынша, кісі өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп саралау үшін, қатысушылардың барлығының қылмыс субъектісі болуы міндетті емес. Нақты қоғамдық қауіпті іс-әрекетті жасау барысында, адам өлтіру субъектісі болып табылатын бір ғана адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататындығына тәуелсіз түрде, бірнеше адамның біріккен әрекетінің болуы жеткілікті.
ҚР ҚК бойынша екі немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бірлесіп қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа бірігіп (сыбайлас) қатысу деп танылады.
Ақыл-есі дұрыс еместер және жасы толмағандар қылмысты бірігіп жасауға қатысушылар бола алмайды, себебі олар ҚР ҚК 15 және 16 баптарына сәйкес қылмыс субъектісі ретінде танылмайды. Көрсетілген тұлғалардың жүріс-тұрыстары (олардың өздерінің іс-әрекеттерінің фактілік мәнісі мен қоғамдық қауіптілігін сезіне алмауына байланысты) қылмыстық заң үшін оларды қылмыстық жауаптылыққа тартуға қатысты алғанда, жануарлардың жүріс-тұрыстары, арнайы автоматтандырылған конструкциялардың жұмыстары (роботтар және т.б.) тәрізді маңызға ие болмайды. Адам өлтіру барысында кінәлі тұлғаның үйретілген жануарларды (иттерді, өзге де жыртқыш аңдарды) немесе киборг-роботтарды пайдалануы осындай іс-әрекеттердің қауптілігінің жоғары болуына қарамастан бірігіп жасалған қылмыс бола алмайды. Қылмысқа сыбайлас (бірігіп) қатысу ұғымына ҚР ҚК 27-бабында берілген түсінік бойынша екі немесе одан көп адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа бірлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа (қоғамдық қауіпті әрекетке емес) сыбайлас қатысу деп танылады. ҚК 28 б. 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бірлесіп қатысқан адам орындаушы деп танылады. Олай болса, бірігіп орындаушылық ең аз дегенде, қылмыстың екі субъектісінің (есі дұрыс және 14 немесе 16 жасқа толған жеке адам) болуын және олардың әрқайсысының қылмыстың объективтік жағының бір бөлігін болса да орындауын қарастырады. Есі дұрыс еместер және жасы толмағандар қылмыстың орындаушысыбола алмайды, себебі олар қылмыстық құқық бұзушылық емес, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасайды деп санау қажет.
Дегенмен жануарларды (механизмдерді) пайдаланып адам өлтіру барысында субъект жеке өзінің қылмыс жасап отырғанын түсініп, бұл жағдайды сезінеді. Жасы толмағандар және есі дұрыс еместерге қатысты жағдайларда субъект жаңылысуы және адам өлтірудің субъектісі ретінде таныла алмайтын тұлғалармен қылмыс жасауы фактісін сезінбеуі де мүмкін. Осы жағдайға тәуелді түрде қылмысты саралау да әртүрлі жүзеге асырылуы тиіс деп ойлаймыз.
Егер кінәлі адам кісі өлтіруге адам өлтірудің субъектісі болып табылмайтындарды (жасы толмағанды немесе есі дұрыс еместі) тартатындығын сезінсе, онда оның әрекеттерін өзгедей саралаушы белгілер болмаған жағдайда, ҚР ҚК 99 б. 1-бөлігімен сараланған дұрыс, себебі бірігіп қатысушылықтың субъективті де, объективті де белгілері орын алмайды.
Егер тұлға адам өлтіруді қылмыстың субъектісі болып табылмайтын тұлғалармен бірігіп жасайтындығын сезінетін болса және жәбірленушіге нақ соардың бірігіп қатысуымен қаза келтіруді тілесе, онда саралау кінәлінің қылмыстық ниетінің бағытталуы бойынша адамдар тобы болып адам өлтіруге оқталу ретінде ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағымен саралануы тиіс, себебі қылымысқа бірігіп қатысудың субъективтік негізінің (ниеттің бағытталуы) болуы және объективтік негізінің (қылмыстық құқықтық мәнісіндегі адамдар тобының болуы) болмауы. 
Сот тәжірибелерінде қалыптасқан ұстаным бойынша, адам өлтіруге деген алдын ала сөз байласу,яғни екі немесе одан да көп адамның жәбірленушіге қаза келтіруге тікелей бағытталған іс-әрекеттерді жасағанға дейін кез келген нысандағы келісімнің болуын қарастырады. Осының барысында қылмысты бірігіп орындаушылармен қатар қылмыстық топтың өзге қатысушылары ұйымдастырушылар, айдап салушылар немесе көмектесушілер ретінде әрекет етуі мүмкін және олардың әрекеттерін ҚР ҚК 28 бабының тиісті бөлігімен және 99 б. 2 б. «7» тармағымен саралау қажет.
Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру, жәбірленушіге қаза келтіру үшін бірігіп орындаушылардың арасында күш біріктіру туралы келісімнің болуын қарастырады. Жалпы алғанда, адам өлтірудің осындай түрі тікелей қасақаналықпен жасалады. Алайда осының барысында жанама қасақаналықтың орын алуын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, бірігіп орындаушылар жәбірленушінің «сазайын тарттыруға» келісім жасай отырып, оны қатты соққыға жығады және осының барысында оның қаза табуының мүмкін екендігіне немқұрайымды қарайды, оның орын алуына саналы түрде жол береді.
Сөз байласудың алдын ала болуы, адам өлтіру туралы келісімнің қылмыстың (қаза келтірудің) объективтік жақтарын орындағанға дейін, яғни қылмысқа дайындалу сатысында орын алатындығын білдіреді. Оқталу сатысында тек жасалып жатқан қылмысқа қосылуға болады және алдын ала сөз байласу белгісі болмайды. Адам өлтірудің осындай түрін «адамдар тобы» белгісімен саралаған дұрыс.
Адам өлтіру туралы сөз байласу қылмысты жасаудан көп уақыт бұрыннемесе жәбірленушіге қаза келтірудің тікелей алдында жасалуы да мүмкін, бұл жағдай қылмысты саралауға ықпал етпейді, алайда жаза тағайындау барысында сотпен есепке алынуы мүмкін.
Сөз байласу әртүрлі нысандарда жасаулы мүмкін:
1) вербальды (ауызша сөз байласу);
2)вербальды емес (кез келген нысандағы жазбаша келісім, конклюдентті әрекеттер: ишарат жасау, бас изеу, қол сілтеу және т.б.).
Қылмыс туралы сөз байласуға қол жеткізу үшін көрсетілген нысандардың ұштастырулы да мүмкін. Сөз байласу тікелей және жанама (делдал арқылы) жүзеге асырылуы мүмкін.
Сөз байласу алдын ала жасалған болып саналады егер адам өлтіру туралы келісім басқа бір қылмысты жасау барысында орын алған болса (мысалы, жәбірленушіні ұрып-соғу барысында кінәлілердің ойында оны өлтіру ниеті пайда болып, олар оны бірігіп жүзеге асырған жағдайда).
Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру қылмысқа бірігіп қатысуды тек бірігіп орындаушылық нысанында қарастырады және «өзара көмектесу» нысанының орын алуын қарастырмайды.
Адам өлтіруді осы қарастырылып отырған белгі бойынша саралау үшін, тіпті жәбірленушіге қаза келтіру үдерісінде рөлдер бөлісу орын алғанның өзінде де, қылмыстың әрбір қатысушысы адам өлтірудің объективтік жағының бір бөлшегін болса да орындауы тиіс (біреуі жәбірленушіні ұстап тұрып, оның қарсылығын тойтарады, ал екіншісі өлімші жарақат салады).
Қорыта айтқанда, адам өлтіруді сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған деп тану үшін үш шарт сақталуы тиіс:
1) адам өлтірудің объективтік жағын орындағанға дейін жәбірленушіні өмірінен айыру туралы кез келген нысанда жасалған сөз байласудың болуы (келісім, пәтуа);
2) адам өлтірудің барысындағы рөлдер бөлісуге тәуелсіз түрде,барлық кінәлілердің жәбірленушіні өмірінен айыру процесіне қатысуы (бірігіп орындаушылық);
3) барлық орындаушылардың адам өлтіруге деген бірегей қасақаналығының (ниетінің) болуы.
ҚР ҚК 3 б. 36-бөлігінің мәтініне сәйкес ұйымдасқан топ – бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамдардың тұрақты тобы болып табылады.
Бұл жағдайда адам өлтіруді бір немесе бірнеше рет адам өлтіру ниетімен біріккен екі немесе одан да көп адамдардың тұрақты тобы жасаған ретте адам өлтіру ұйымдасқан топпен жасалған деп саралануы тиіс. Әдетте осындай топтар қылмысты мұқият жоспарлайды, адам өлтірудің құралын күні бұрын әзірлейді, топ қатысушыларының арасында рөлдер бөліседі. Сондықтан, көп реттерде, адам өлтіруді ұйымдасқан топпен жасалған деп тану барысында барлық қатысушылардың әрекеттерін олардың қылмысты жүзеге асырудағырөлдеріне тәуелсіз түрде ҚР ҚК 28-бабына сілтеме жасамай бірігіп орындаушылық ретінде саралайды.
Ұйымдасқан топпен жасалған адам өлтірудің қатысушыларының әрекеттерін саралау мәселесі заң әдебиеттерінде бірыңғай шешімін таппаған.
Негізінен алғанда, үш негізгі көзқарас қалыптасқан:
1) ұйымдасқан топтың барлық мүшелері олардың адам өлтіру барысындағы рөлдеріне тәуелсіз түрде қылмыстың бірігіп орындаушылары ретінде танылуы тиіс;
2) ұйымдасқан топтың мүшелері ретінде тек қылмыстың бірігіп орындаушылары ғана таныла алады;
3) ұйымдасқан топтың мүшелері ретінде адам өлтіруді бірігіп орындаушылар да және көмек көрсетушілері де (ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші) танылуы керек, бірақ соңғыларының әрекеттері ҚР ҚК 99 б. 2 б. «7» тармағымен ҚК 28-бабының тиісті бөлігіне сілтеме жасай отырып саралануы тиіс.
Сот тәжірибесі көп реттерде бірінші көзқарасты қолдайды. Дегенмен, біздің ойымызша, адам өлтіру барысында ұйымдасқан топты осылайша кең ұғымында түсіну қылмыстық заңның әріпі мен рухына, атап айтқанда, ҚР ҚК 28-бабының 2-бөлігіне сәйкес келмейді.
Егер қылмыстың жасалуына екі немесе одан да көпорындаушы алдын ала сөз байласпай қатысқан жағдайда қылмыс адамдар тобымен жасалған қылмыс деп танылуы тиіс. Қолданыстағы қылмыстық заңнамада алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалған қылмыс түсінігі берілмеген және қылмысқа сыбайлас қатысудың осындай нысаны бірігіп орындаушылықты көздейтіндігі туралы заңшығарушы тікелей көрсетпеген, дегенмен қылымыстық құқық ғылымында және сот тәжірибесінде осындай көзқарас ертеден қалыптасқан.
Адамдар тобымен, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, ұйымдасқан қылмыстық топпен, қылмыстық ұйыммен жасалған қылмыстардың мәнін ашатын нормаларды салыстырмалы түрде талдау арқылы шындығында да, заңшығарушының екі мәселеге екпін беретіндігін аңғаруға болады. Біріншіден, ол адамдар тобы ұғымын береді (қылмысты жасауға екі немесе одан да көп орындаушылардың қатысуы) ал, екіншіден, қылмыстың орындаушылары арасындағы әрекеттердің келістілігі деңгейі бойынша бірігіп қатысудың (бірігіп орындаудың) нысандарын ажыратады. Қылмыстық заңнама адамдар тобы, (алдын ала келісім жасамай бірігіп орындау) алдын ала келісім түсініктерін көрсетпей, ұйымдасқан топ (алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамдардың тұрақты тобы) түсінігін көрсеткен (ҚК 3 б. 36-бөлігі).
Бұл жағдайда, қылмыстық заңға сәйкес кез келген адамдардың тобы қылмысты жасау барысында тек бірігіп орындаушылықты қарастырады. Орындаушы түсінігі берілген ҚР ҚК 28-бабының 2-бөлігіне талдау жасау барысында да осындай қорытынды жасауға тура келеді. ҚК 28-бабының 2-бөлігіне сәйкес орындаушы ретінде танылады:
1) Қылмыстық құқық бұзушылықты тікелей жасаған адам (қылмыстың барлық объективтік жағын жеке өзі орындаған);
2) Қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бірлесіп тікелей қатысқан адам;
3) Қылмысты қылмыстық жауптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалануарқылы жасаған адам:
- жасына байланысты;
- есінің дұрыс еместігіне байланысты;
- ҚК көзделген басқа да мән-жайларға байланысты.
Орындаушының өзге түрлері заңда қарастырылмаған, соның қатарында ұйымдасқан топтың мүшелері ретіндегі орындаушылар туралы да ештеңе айтылмаған.
Осылайша, ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған адам өлтіруді саралау туралы мәселені шешу барысында үшінші көзқарасқа басымдық берген дұрыс болатын сияқты, оған сәйкес, адам өлтірудің бірігіп орындаушылары болып табылатын ұйымдасқан топ мүшелерінің әрекеттері ғана ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «7» тармағымен саралануы тиіс. «Бірігіп көмектесушілердің» (ұйымдастырушының, айдап салушының, көмектесушінің) әрекеттерін құқықтық бағалау ҚР ҚК 28-бабының тиісті бөлігіне сілтеме жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Екі немесе одан да көп адамдарды өлтіру кезінде бірігіп қатысушылардың әрекеттерін саралау мәселесі кейбір қиындықтарды пайда қылады. Берілген мәселе ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі «1» тармағын сипаттау барысында тереңірек талданған болатын.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет