9 Бұзақылық ниетпен адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «9» тармағы)
Қоғамдық тәртіпті анық құрметтемеуден не барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекеттер жасау барысында жасалған адам өлтіру сот тәжірибесінде бұзақылық ниетпен адам өлтіру деп сараланады. Кінәлінің жүріс-тұрысы қоғамдық тәтіпті көрінеу сыйламау және өзін айналасындағыларға қарсы қоюға тырысу, оларға менсінбей қараудан көрініс табады (мысалы, айтарлықтай себептерсіз немесе болмашы себепті сылтау етіп жәбірленушіге қаза келтіру).
Егер кінәлі адам бұзақылық ниетпен адам өлтірумен қатар, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын, қоғамды айқын сыйламайтын және азаматтарға күш қолданумен немесе оны қолдану қатерін тудырумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не барынша арсыздықпен ерекшеленетін әрекеттерді жасайтын болса, онда оның әрекеттерін ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «9» тармағымен және ҚР ҚК 293-бабының тиісті бөлігімен, яғни қылмыстардың жиынтығымен саралау қажет.
Бұзақылық ниетпен адам өлтіруді ұрыс-керістің немесе төбелестің барысында орын алған адам өлтіруден дұрыс ажырату үшін олардың бастаушысы кім болғанын, қақтығысты кінәлі адамның өзі арандатып, кейіннен оны адам өлтіруге сылтау еткен жоқ па анықтау қажет болады. Егер ұрыс-керістің немесе төбелестің бастаушысы жәбірленушінің өзі болса, сондай-ақ қақтығыстың орын алуына оның өзінің жүріс-тұрысы себеп болған жағдайларда, кінәлі адам бұзақылық ниеттен адам өлтіргені үшін жауаптылыққа тартылмауы тиіс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы №1 қаулысында, мынадай түсініктеме беріледі: «Жанжал немесе төбелес кезінде адам өлімі болса, соттар оның бұзақылық ниетпен қасақана жасалғандығын немесе өзара бас араздық бойынша жасалғанын ажыратуы тиіс. Бұл мәселені шешкенде жәбірленуші мен айыптының ара қатынасын, жанжалдың немесе төбелестің себептерін, оны кімнің бастағанын, екі жақтың қаншалықты және қандай әрекеттер жасағанын, басқа да мән-жайларды ескеруі қажет»
«Айыпты өзінің іс-әрекетімен қоғамды, қоғамда қалыптасқан тәртіпті ашықтан-ашық сыйламаушылық білдірген мінез-құлық көрсетеді, айналасындағылардан өзін жоғары ұстайды, оларға менсінбей қарайды. Ешқандай себепсіз немесе болар-болмас себеппен қасақана адам өлтіруге дейін барады». Бұл жағдайда оның іс-әрекеті ҚК-тің 99 бабы 2-бөлігінің «9» тармағы бойынша сараланады. Кейде бұзақылық ниетпен адам өлтірілгенде айыпкер болар-болмас нәрсені себеп етеді (жәбірленуші темекі бермеді, т.б.).
Бұзақылық ниетпен жасалған қылмыста мақсатты анықтау қиын. Көбіне мұндай қылмыстар ешқандай себепсіз жасалынады. Бұзақылыққа барған адамдардың басым көпшілігі (90%-ке дейін) сол кезде мас күйде болған. Бірақ мас күйде болу бұзақылық ниетпен адам өлтіруге дәлел бола алмайды.
Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу сияқты бұзақылықтың негізгі нышаны болмаса да, басқаның өмірін заңды бұза отырып қию, бұзақылық ниетпен адам өлтіру ретінде сараланады. Мысалы, адам өлтірудің бұл түрі ешкім жоқ жерде, айдалада жасалуы мүмкін.
Егер, адам өлтіру қай жерде жасалса да, қызғаныш, өштесу немесе қандай да бір жеке арақатынас нәтижесінде жасалса, ол бұзақылық ниетпен адам өлтіру болып сараланбайды. Жәбірленуші бастаған жанжалдың, төбелестің нәтижесінде ол өзі өлсе, бұл жағдайда да қылмыс бұзақылық ниетпен адам өлтіргендікке жатпайды.
Бұзақылық ниетпен бір адамды өлтіргенде екінші адамның денсаулығына қатты зақым келсе, онда бұл іс-әрекет ҚК-тің 99 бабы 2 бөлігінің «9» тармағы және ҚК-тің 105 бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сараланады.
Сот-тергеу практикасында кездесетін ерекше қиыншылық – бұзақылық ниетпен адам өлтіруді жауаптылық ҚК-тің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген төбелес кезіндегі адам өлтіруден ажырату. Мұндай жағайларда қылмыстық істегі мән-жайларды мейлінше мұқият тексеру керек: төбелесті кім бастаған, онда адам өлтіру мақсаты болды ма, сондай-ақ айыпкер әрекетінің субъективтік жағын мұқият талдау қажет.
Қоғамдық орында, басқа адамдардың көзінше қызғаныш, өш алу себептерімен немесе басқадай өзара жеке қатынастан туындайтын себептермен адам өлтіру бұзақылық ниетпен адам өлтіру ретінде қарастырылуы тиіс емес.
Дау-жанжал, төбелес немесе өзге де жеке бастың араздығына қатысты адам өлтіруді саралауға қатысты біз осыған дейін де айтқан болатынбыз.
Атылатын қаруды, газ қаруын, пышақ, кастет немесе басқадай суық қару не басқалардың өміріне, денсаулығына нақты қауіп төндіретін өзге заттарды қолдану (егер айыпкердің адам өлтіру ниеті болмаса) ҚК-тің 293 бабының 3-бөлігі бойынша саралануға жатады.
10 Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «10» тармағы)
Басқа қылмысты жасыру мақсатымен жасалған адам өлтіру, кінәлі адам жасырғысы келетін қылмысты жасағаннан кейін немесе оны жасау үдерісінде жүзеге асырылады. Ізі жасырылған немесе дайындалып жатқан қылмыстың санаты саралауға ықпал етпейді. Кінәлінің әрекетіне құқықтық баға беруге оның ізін жасырғысы келетін әрекеттің қылмыстық болып табылатындығына немесе ондай еместігіне (әкімшілік немесе тәртіптік құқық бұзушылық, моральға жат жүріс-тұрыс) қатысты түрде алғанда қателесуі (жаңылысуы) де ықпал етеуі тиіс. Егер кінәлі адам жәбірленушіні өмірінен айыруды қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету (ол қылмыс болып табылмайтын болса да) мақсатында жасаймын деп болжаса, онда оның әрекеттерін ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «9» тармағымен аяқталған адам өлтіру деп саралау қажет. Жәбірленушінің жеке басына қатысты қателескен жағдайда да (мәселен, қылмыстың куәсін өлтірмек болды, бірақ басқа адамға қаза келтірді) тұлғаның әрекеттерін осыған ұқсас бағалау керек.
Кінәлі адам жәбірленушіні қылмысты емес, өзге құқық бұзушылықты (мысалы, жұмысқа келмегенін) жасыру мақсатында өмірінен айырған және осыны өзі сезінген жағдайды саралау ісі күрделі болып табылады.
Адам өлтірудің осындай түрін бұзақылық ниетпен адам өлтіру ретінде саралаған көңілге қонымды болатын сияқты.
Адам өлтірудің қарастырылып отырған түрі кінәлінің өзінің мақсатына – басқа қылмысты жасыруға немесе оны жасауды жеңілдетуге қол жеткізе алмай қалуына тәуелсіз түрде, аяқталған деп саналады.
Адам өлтіруді ҚР ҚК 99-бабының 2 бөлігінің «9» тармағымен саралауға кінәлі адамның кімнің, өзінің немесе өзге тұлғаның қылмысын жасырмақ немесе оны жасауды жеңілдетпек болғаны да ықпал ете алмайды. Егер кінәлі адам өзінің қылмысын жасыратын болса, онда адам өлтіруді ол жасырған қылмыстың жиынтығымен саралау қажет. Егер ол күні бұрын жасалған келісім бойынша өзге адамның мүддесіне бола әрекет ететін болса, онда оның әрекеттерін ҚР ҚК 99-бабының 2 бөлігінің «9» тармағынан бөлек өзге қылмысқа бірігіп қатысушылық ретінде саралау керек.
Адам өлтіру мен басқа қылмыстың арасында өткен уақыт, тіпті жасырылған қылмыс үшін жауаптылыққа тарту мерзімі өтіп кеткен болса да қылмысты саралауға ықпал етпейді.
Адам өлтірудің берілген түрінің тек тікелей қасақаналықпен жасалатындығы туралы құқықтық әдебиеттерде кездесетін пікірлерге қарамастан, осындай адам өлтірудің жанама қасақаналықпен де жасалуының мүмкін екендігі туралы айтқан дұрыс. Мысалы, кінәлі адам қылмыстың куәсі болған адамды оның өмірлік маңызды ағзаларына залал келтіріп, ол өзін әшкерелейтін көрсетулер бермейтіндей етіп қатігездікпен ұрып-соғады, алайда жәбірленушіге қаза келтіру мақсаты оның ойымен қамтылмаған, қаза келудің мүмкін екендігіне немқұрайымды қарайды, оның орын алуына саналы түрде жол береді. Егер адам өлтіру жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасаудың ақырғы сатысы болатын болса, онда әрекетті ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағымен қосымша саралау талап етілмейді. Мысалы, кінәлі адам алдымен жәбірленушіні ұзақ уақыт ұрып соғады, ал содан кейін қылғындарады немесе суға тұншықтырады.
Адам өлтіру істері бойынша жинақталған сот тәжірибелеріне сәйкес, белгілі бір тұлғаны басқа қылмысты жасыру немесе осы жасауды жеңілдету мақсатында кінәлімен жасалған адам өлтіруді ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағы бойынша саралау, нақ осы адам өлтіруді аталған тармақтан басқа, ҚК 99-бабы 2-бөлігінің адам өлтірудің өзге мақсатын немесе мотивін қарастыратын әлдеқандай өзге бір тармағымен саралауды жоққа шығарады. Сондықтан, егер жәбірленушіге қаза келтіру пайдакүнемдік немесе бұзақылық нитепен жасалған болса, ол сонымен бірмезгілде ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағымен саралана алмайды.
Зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан адам өлтіру ретінде көрсетілген қылмыстарды жасау үдерісінде немесе оларды жасыру мақсатында,сондай-ақ осынау қылмыстарды жасау кезінде көрсеткен қарсылықтары үшін кек алу түрткі болған адам өлтіруді түсіну қажет.
Осының барысында екі дербес қылмыстың жасалатындығын есепке ала отырып, әрекетті ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағымен және істің нақты мән-жайларына тәуелді түрде ҚР ҚК 120 немесе 121 баптарының тиісті бөліктерімен саралануы тиіс.
Зорлауды немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасыру дербес түріндегі ауырлататын мән-жайлар ретінде белгіленуі себепті, кінәлі адамға «басқа қылмысты жасыру» тәрізді саралаушы белгіні қосымша таңудың қажеті жоқ.
Егер кінәлі тұлға зорлауға оқталу барысында жәбірленушінің қарсылығын еңсеру мақсатында оған қаза келтірсе, ал содан кейін жыныстық акт жасайтын болса, онда оның әрекеттері кінәлінің жәбірленушіге қаза келуі фактісін сезінуіне тәуелді түрде тек ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағымен немесе ҚР ҚК 120 бабымен 24-баптың 3-бөлігіне сілтеме жасала отырып (зорлауға оқталу) қылмыстардың жиынтығымен сараланады.
Өлген адамның мүрдесімен өзінің жыныстық құмарлығын қанағаттандыру мақсатында (сот, тергеу тәжірибелерінде осындай оқиғалар да кездескен) адам өлтірген тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесі күрделі болып табылады. Осындай әрекеттер ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «9» тармағымен саралауға жатпайды және ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «12» тармағымен (жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатымен жасалған адам өлтіру) толықтай қамтылады деп ойлаймыз.
Заң мәтіні бойынша зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан адам өлтірудің жәбірленушісі болып, тек зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне ұшыраған тұлға ғана емес, сондай-ақ кінәліге көрсетілген қылмыстарды жасауға кедергі келтірген немесе оның осы қылмыстарды жасағандығын әшкерелей алатын кез келген тұлға да болуы мүмкін.