8 Пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «8» тармағы)
ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі «8» тармағында көзделген (пайдакүнемдік ниетпен жасалған адам өлтіру) адам өлтіру істері бойынша сот тәжірибесінде қалыптасқан ұстаным бойынша кінәлі адамның өзі немесе өзге тұлғалар үшін материалдық пайда (ақша, мүлік немесе оған құқық алу) алунемесе материалдық шығын шығарудан құтылу (мүлікті, қарызды қайтару, қызметтердің ақысын төлеу, мүлікті міндеттемелерді орындау, алименттерді төлеу) мақсатында жасалған адам өлтіру танылады.
Пайдакүнемдік ниет кінәлі адамның мыналарды жасауға тырысуынан көрініс табады:
1) өзіне немесе өзге тұлғалар үшін материалдық сиаттағы пайда алу;
2) материалдық шығын шығарудан құтылу.
Заң әдебиеттерінде пайдакүнемдікпен жасалатын адам өлтірудің барынша жіктелген сыныпталуы берілген және оның төрт түрі атап көрсетіледі:
1) әртекті материалдық игіліктерді (ақша, құнды қағаздар, өзге де мүмліктер) алуға бағытталған адам өлтіру;
2) тұрғын үйге, жер теліміне, мұраға қалған мүлікке және т.с.с. – мүліктік құқықтарды алу үшін жасалатын адам өлтіру;
3) мүліктік ауыртпалықтан (алименттерден, қарыздардан, өзгеде материалдық шығындар мен міндеттемелерден) құтылу мақсатында жасалған адам өлтіру;
4) өзгедей материалдық пайдаға қол жеткізу (бәсекелесін жою, оның жалақысы жоғары лауазымын иемдену үшін қызметтесін және т.б.) мақсатында жасалған адам өлтіру.
Жәбірленушіге мынадай мақсаттарды қаза келтіруді қылмыстық құқықтық доктрина және сот тәжірибесі пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіруге жатқызады:
- заңмен қорғалатын, сондай-ақ заңмен қорғалмайтын (бірігіп жымқырған мүліктің бөлігін қайтару, құмар ойындардың қарызы) мүліктік талаптарды қанағаттандыру міндетінен құтылу;
- мүлікті уақытша пайдаланудан (мүліктік құқықтарды);
- материалдық шығындарды кейінге қалдыру.
Егер адам өлтіру мынадай жағдайларда жасалған болса ол пайдакүнемдік ниетпен жасалған болып табылмайды:
- мүлікке (мүліктік құқықтарға) байланысты дау-дамайдың, төбелестің (жәбірленуші қарызын қайтармады, орындалған жұмысқа ақы төлемеді және т.с.с.) барысында;
- кінәлінің өзінің мүлкін қорғауы кезінде;
- өзінің (нақты немесе болжамды) мүлкін (мүліктік құқықтарын) жәбірленушінің құқыққа қайшы иеленуінен қайтару мақсатында немесе жәбірленушінің тарпынан мүлікті құқыққа қайшы иеленумен байланысты;
- жәбірленушінің мүліктік зиян келтіргені үшін кек алу мақсатында.
Пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіру әрекет арқылы да, сондай-ақ әрекетсіздікпен де жасалауы мүмкін. Пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіру барысында қасақаналық тікелей, сондай-ақ жанама да болуы мүмкін және пайдакүнемдік мақсат барлық уақытта адам өлтіруді жасағанға дейін пайда болады немесе көрініс береді.
Пайдакүнемдікпен адам өлтіруді саралау барысында кінәлі адамның өзінің пайдакүнемдік мақсаттарына қол жеткізгені немесе жеткізбегені маңызға ие болмайды. Олай болса, қылмыстық мақсаттарға қол жеткізуге тәуелсіз түрде жәбірленушінің қаза тапқан сәтінен бастап, қылмыс аяқталған болып табылады.
Пайдакүнемдікпен адам өлтірудің барысында кез келген тұлға жәбірленуші болуы мүмкін (мүліктің меншік иесі, иеленушісі, күзетушісі, өзге тұлға). Қылмыстың мотиві адам өлтіруді пайдакүнемдік ниетпен жасалған деп саралаудағы негізгі анықтауышы белгі болып табылады. Олай болса, жәбірленушінің жеке басына қатысты қателесу де қылмысты саралауға ықпал етпейді. Ол қазаның басқа адамға келтірілгеніне (мысалы, кінәлі адам кредитордың орнына оның егіз-туысын өлтіреді) тәуелсіз түрде аяқталған болып табылады.
Қылмыстың орындаушысының материалдық немесе өзге де ақы алуымен шартты болатын адам өлтіру жалдау бойынша адам өлтіру деп саралауға жатады. Сыйақы үшін адам өлтіруді ұйымдастырған, оны жасауға айдап салған немесе осындай адам өлтіруді жасауға көмек көрсеткен тұлғалар ҚР ҚК 28-бабының тиісті бөлігі бойынша және 99-баптың 2-бөлігінің «8» тармағымен жауапқа тартылуы тиіс.
Жалдау бойынша («тапсырыс» бойынша) адам өлтіргені үшін қылмыстық жауаптылық отандық заңнамаға алғаш рет 1997 ж. қабылданған ҚР ҚК енгізілген болатын, оған дейін сыйақы үшін адам өлтіру пайдакүнемдікпен жасалған адам өлтіру ретінде сараланып келді. Қылмыстың орындаушысы пайдакүнемдікпен адам өлтіргені үшін жауапты болса, ал тапсырыс беруші – бұл қылмыстың бірігіп қатысушысы (айдап салушы немесе ұйымдастырушысы) ретінде жауапқа тартылды.
Жалдау – яғни сыйақы төлеу арқылы жұмысқа немесе уақытша пайдалануға алу дегенді білдіреді, жалдамалы – бұл әлдекімге сатылған, өзінің арам ойларымен, пайдакүнемдік ниетімен өзгелердің мүддесінің жақтаушысы.
Осылайша, жалдау бойынша адам өлтіру мыналарды қарастырады:
1) қылмысты сыйақы алу үшін жасау;
2) өзге адамның мүддесіне бола жасау.
Жалдау бойынша адам өлтіруді пайдакүнемдік ниетпен адам өлтірудің жеке оқиғасы ретінде және олар өзара жалпы мен жекенің (арнайының), бөлшек пен бүтіннің арақатысы болып табылады деп қарастыратын жекелеген ғалымдардың пікірлерімен келісу қажет.
Сол себепті сараланған адам өлтірудің қарастырылған түрін ажырату оншалықты негізді болып табылмайды, себебі бұл тәжірибедегі кейбір ситуацияларда кінәлілердің әрекеттерін саралауда айтарлықтай қиындықтар туғызады.
Дегенмен қылмыстық заңнамада жалдау бойынша адам өлтірудің болуы оны пайдакүнемдікпен адам өлтіруден ажыратудың қажеттілігін пайда қылады. Олар бірі-бірінен екі негізгі белгілері бойынша айырмашылықтарға ие болады:
1) қылмыстың орындаушысының (жалдамалының) ойында пайдакүнемдік мотивтің басым болуы – адам өлтіруге тапсырыс берушіден сыйақы алуға тырысу және жәбірленушімен жеке бастық, тұрмыстық не өзгедей қатынастардан туындаған басқаша мотивтердің (кек алу, қызғаныш, көре алмаушылық, жек көрушілік, жақтырмаушылық) болмауы.
2) жалдау бойынша адам өлтірудің орындаушысында қылмыстың тапсырыс берушісінен бастау алатын, жәбірленушіні өмірінен айыруға қатысты бастаманың, ынта-ықыластың (жеке мүдделіліктің) болмауы. Ал пайдакүнемдікпен адам өлтірудің барысында кінәлі адам өзінің ынта-ықыласымен әрекет етеді (қылмысты жеке өзі орындағанда) немесе ұйымдастырушы не айдап салушының рөлін атқара отырып, пайдакүнемдікпен адам өлтірудің орындаушысында жәбірленушіге қаза келтіруге деген өзінің жеке мүдделілігін туғызады (тек сыйақы алумен емес, өзгедей тәсілмен).
Жалдау бойынша (төлем үшін) адам өлтіру пайдакүнемдік ниетпен адам өлтірудің жеке (арнайы) оқиғасы болып табылатындығына байланысты адам өлтірудің саралаушы «пайдакүнемдік ниет» белгісін қосымша көрсету артық болып табылады.
Заң әдебиеттерінде жалдау бойынша адам өлтіру қылмыстың орындаушысының сыйақы алуын қарастырды деген пікір әділетті айтылып келеді. Олай болса, адам өлтіруді жасағаны үшін сыйақыны орындаушы емес, бірігіп қатысушылар «бірігіп көмектесушілер» (айдап салушы, ұйымдастырушы немесе көмектесуші) алатын болса, онда адам өлтіруді жалдау белгісі бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «8» тармағымен саралау теріске шығарылады.
Жалдау бойынша адам өлтірудің орындаушысының тек пайдакүнемдік ниетімен салыстырғанда, тапсырыс берушіні қылмыс жасауға итермелеген ішкі түрткілер мен мақсаттар әрқилы болуы мүмкін (пайдакүнемдік пиғыл, кек алу, қызғаныш, көре алмаушылық, жақтырмаушылық, басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету, жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін алу, ұнамайтын адамнан (қорқытушыдан, бопсалаушыдан, жұбайынан, қызметтесінен және т.с.с.) құтылу.
Тапсырыс берушінің және адам өлтіруді орындаушының мотивтері мен мақсаттарының сәйкес келмеуіне байланысты, қылмыстық құқық теориясында және тәжірибеде кінәлі адамдардың әрекеттерін саралауға қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Келесідей мән-жайларды есепке алу қажет. Егер орындаушы тапсырыс берушінің мотивтері (мақсаттары) туралы аңғаратын болса, онда оның әрекеттерін ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «8» тармағына қосымша аталған баптың адам өлтірудің ауырлататын мән-жайлары ретінде қылмыстың мотивін (мақсатын) (қызметтік жұмысын немесе қоғамдық борышын орындағаны үшін кек алу, қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету, ағзаларын немесе тіндерін алу т.б.) қарастыратын тармағымен саралау қажет.
Егер тапсырыс беруші орындаушыны қылмыстық құқықтық қорғаудың қосымша объектісі ретінде орын алатын арнайы жәбірленушіні (мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерді, судьяны, прокурорды, құқық қорғау органдарының қызметкері) өмірінен айыру үшін жалдайтын болса, онда қылмыстың орындаушысымен осы жағдай сезінілген ретте оның әрекеттері ҚР ҚК тек тиісті баптарымен ғана саралануы тиіс және ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «8» тармағымен қосымша саралау талап етілмейді.
Қылмыстың орындаушысы оның шын мәніндегі мотивтері мен мақсаттарын (арнайы жәбірленушінің өміріне қол сұғу) білмеген жағдайдағы тапсырыс берушінің әрекеттерін саралау белгілі бір қиындықтарға тап қылады. Осындай ситуацияларда орындаушының әрекеттерін тек ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «8» тармағымен саралау, ал тапсырыс берушінің әрекеттерін арнайы жәбірленушінің өміріне қол сұғуға (ҚР ҚК 173, 177, 178, 408 бб.) – бірігіп көмектесу нысанындағы бірігіп қатысушылық (айдап салу немесе ұйымдастыру) деп саралау туралы ұсыныстар заң әдебиеттерінде айтылған.