3 ҚАСАҚАНАЛЫҚПЕН АДАМ ӨЛТІРУ БОЛЫП ТАБЫЛМАЙТЫН ӨМІРГЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР
1 Абайсызда қазаға ұшырату (ҚР ҚК 104 б.)
Адам өлтіру және абайсызда қазаға ұшырату қылмыстарының объектісі бір және құрылысы жағынан бір тарауға енгізілген. Алайда қылмыстардың аталған түрлері бірі-бірінен айтарлықтай айырмашылықтарға ие болады. Олардың ең басты айырмашылығы қылмыстың субъективтік жағынан көрініс табады. Алғашқысы (адам өлтіру) кінәнің қасақаналық нысанымен сипатталады. Абайсызда қазаға ұшыратудың барысында тұлғаның қылмыс жасайын деген ойы да болмайды, өзінің әрекеттерінің салдарына – жәбірленушінің қаза ұшырауына абайсыздықпен жол береді. Қылмыстың аталған түрінің қауіптілігі, ең алдымен, кінәлі адамның сақтық шаралары ережелерін сақтамауы, өзге адамдардың өміріне жеңілтектікпен қарауы, сондай-ақ жоғары қауіп көздерін пайдалану барысындағы ұқыпсыздығы мен мұқиятсыздығынан көрінеді. Өрескел тәртіпсіздік, тұрмыстағы, өндірістегі қалыпты ережелерді сақтамау кінәлінің жеңілойлылығы, немқұрайымдылығы нәтижесінде абайсызда қаза ұшырату орын алады.
Басқа адамның өмірі, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар берілген қылмыстың объектісі болып табылады.
Тұлға тек жәбірленуші қазаға ұшыраған жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылады, сол себепті абайсызда қазаға ұшыратуға дайындалу немесе оған оқталу объективті түрде мүмкін болмайды. Қылмыс құрамы материалдық – жәбірленушіге биологиялық тұрғыдан алғандағы қаза келген сәттен қылмыс аяқталған деп танылады. Жәбірленушінің қаза табуына алып келмеген абайсыз әрекеттерді аталған қылмысқа жатқызуға болмайды.
Соның нәтижесінде басқа адамға қаза келтірілген тиісті сақтық ережелерін бұзған әрекет немесе әрекетсіздіктер қылмыстың объективтік жағын құрайды.
Кінәлі адамның қылмыстық жүріс-тұрысы мен орын алған қоғамдық қауіпті салдардың - жәбірленушінің қазаға ұшырауының арасында себепті байланыстың болуы қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі ретінде қарастырылады.
Келесідей қылмыстық істің материалдарын абайсызда қазаға ұшыратудың мысалы ретінде келтіруге болады.
Құрманов Галимовты мойыны тұсынан екі рет жұдырығымен ұрған және аяқтарымен денесіне тепкілеген, сосын жәбірленушіні мойынан ұстап, қысып, көтеріп Галимовты жерге тастап жіберген. Жүректің рефлекторлық тоқтап қалуына алып келген мойынның жабық жарақаты салдарынан Галимов қаза тапқан. Құрмановтың Галимовқа қарсы арнайы әдістерді қолданбағаны, соққыларды тек жалаңаш қолдарымен жасағандығы, содан кейін жәбірленушінің мойынынан қысқандығы анықталған. Галимовтың жағдайының нашарлай бастаған көріп, ол бірден көмек көрсетуге тырысқан.Сот дәрігерлік сараптаманың қорытындысы бойынша, ішкі ағзалары тіндерінің әлсіреуі салдарынан Галимовтың ағзасының сыртқы әсерлерге деген тұрақтылығы төмендеген және осылардың нәтижесі жәбірленушінің қаза табуына себеп болған. Галимовтың ағзасында орын алған аномалиялар туралы Құрманов білмеген және білуі де мүмкін болмаған.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды есепке ала отырып, жоғарғы сот сатысы оның әрекеттерін ҚК 106-бабының 2-бөлігінен ҚК104-бабымен қайта саралаған.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады. Қылмыстық менмендіктің барысында кінәлі адам жәбірленушіге қаза келуінің мүмкіндігін болжай біледі, алайда оған жеткілікті негіздерсіз өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, оның алдын аламын деп есеп жасайды.
Кінәлі адам жәбірленушіге қаза келуінің мүмкін екендігін болжай білмесе, дегенмен тиісті деңгейдегі ұқыптылық пен сақтық танытқанда оны болжап білуге тиіс және болжап біле алатын болғанда қаза келтіру немқұрайлылықпен жасалған деп танылады. Немқұрайлылық түріндегі абайсыздықпен қаза келтіруді қылмыстық жауаптылықты туындатпайтын бақытсыз жағдайлардан, яғни кінәсіздікпен зиян келтіруден ажырата білу қажет.
Қылмыстың субъектісі 16-жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам. ҚК 104-бабының 2-бөлігінде берілген қылмыстың ауырлатылған түрі – абайсызда екі немесе одан да көп адамды қазаға ұшыратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Егер абайсызда жасалған әрекеттердің нәтижесінде бір адамға қаза келтіріліп және басқасының денсаулығына зиян келтірілсе, онда әрекет ҚК 104 б. 1-бөлігінде және 114 б. тиісті бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.
Абайсызда қазаға ұшыратуды жанама қасақаналықпен жасалған адам өлтіруден және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруден ажырата білу қажет. Көрсетілген қылмыс түрлерін ажырату барысында кінәлінің әрекеттерінің субъективтік бағыттылығын басшылыққа алу қажет.
Жанама қасақаналықпен жасалатын адам өлтірудің барысында, субъект жәбірленушінің қаза табуына жол бермейтін кездейсоқ сәттілікке ғана сенім білдіреді. Қылмыстық нәтижеге деген немқұрайлы көзқарас онымен өзге мақсатқа қол жеткізу барысындағы аралық бөлшек ретінде ғана қарастырылады және ол барлық уақытта бірдей қылмыстық болмауы да мүмкін (топтың арасында тұрып мылтық ату – туған күніне байланысты «от шашу, салют»).
Менмендікпен қаза келтіруде іс басқаша болады. Тұлға оның пікірі бойынша, жәбірленушінің қаза табуын болдырмайтын әлдебір объективті, нақты нәрсеге есеп жасайды. Алайда осындай есеп жасау жеңілтектікпен, оған жеткілікті негіздерсіз жасалған болып шығады.
Зиянды салдарға – жәбірленушінің қаза табуына қатысты кінә нысанының ортақ болуы ҚК 106 б. 3-бөлігінде және 104 б. көзделген қылмыстарды ажыратуда күрделі мәселені пайда қылады. Осы аталған қылмыстарды ажыратудың барысында абайсызда қазаға ұшыратуда денсаулыққа қасақана зиян келтіру ниетінің болмайтындығын басшылыққа алу қажет.