2 Денсаулыққа қасқана ауыр зиян келтіру (ҚР ҚК 106 б.)
Қылмыстық кодексте жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларсыз денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық (ҚК 106 б. 1.б.), ауырлататын мән-жайлардың болуының барысында денсаулыққа ауыр зиян келтіру (ҚК 106 б. 2,3 бб.) және жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларда денсаулыққа ауыр зиян келтіргені (ҚК 111, 112, 113 бб.) қылмыстық жауаптылық көзделген.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру денсаулыққа қарсы қылмыстардың барынша қауіпті түрі болып болып табылады.
Басқа адамның денсаулығы берілген қылмыстың объектісі болып табылады.
Қарастырылған қылмыстың объективтік жағы қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), басқа адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруден көрініс табатын қоғамдық қауіпті салдар, сондай-ақ қылмыстық іс-әрекет пен орын алған қауіпті салдардың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады.
Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің барысында тәндік (соққылар жасау, ату және т.б.), сондай-ақ психикалық (психиканың бұзылуына әкелген қорқыту, шошындыру) әсер етулер қолданылуы мүмкін. Кінәлі адам қылмысты жасау барысында әртүрлі құралдарды және бейімделген заттарды, табиғат құбылыстарын, жоғары қауіп көздерін, жануарларды пайдалануы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру өзіміз жоғарыда айтып өткен адам өлтірудің объективтік жағының белгілерінен онша алшақтамайды.
Әрекетсіздік арқылы денсаулыққа зиян келтіру барысында кінәлі адам өзге адамның денсаулығына зиян келтірудің алдын алуы тиіс әрекеттерді оларды жасауға тиісті және мүмкіндігі болған жағдайларда жасамайды.
Денсаулыққа ауыр зиян келтіру әртүрлі белгілері арқылы сипатталады. Осыған дейінгі қолданыста болған қылмыстық заңанамада денсаулыққа ауыр зиян келтірудің белгілері норманың диспозициясында сипатталып көрсетілген болатын. Қазіргі қылмыстық заңда ол белгілер кодексте қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру арқылы берілген (ҚК 3 б. 11 б.).
Дегенмен төменде көрсетілген белгілерді денсаулыққа келтірілген ауыр зиянның сипатты белгілері деп қарастыруға болады:
- адам өміріне қауіпті;
- көруден;
- тілден;
- естуден;
- органнан айрылуға немесе органның қызметін жоғалтуға;
- бет-әлпеттің қалпына келтіргісіз бұзылуы;
- өмірге қауіпті немесе еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін тұрақты түрде жоғалтуға ұштасқан немесе кінәліге мәлім кәсіби еңбек қабілетін жоғалту;
- түсік тастау;
- психикасының бұзылуы;
- есірткімен немесе уытты умен ауыруға душар ету.
Өмір үшін қауіпті денсаулыққа ауыр зиян келтірудің түсінігі Денсаулыққа келтірілген зиянды сот-дәрігерлік бағалау Ережелерінде берілген: Өздігінен алғанда оларды келтіру сәтінде жәбірленушінің өміріне қауіп төндіретін немесе өзінің қалыпты жағдайында өлімге душар етуі мүмкін тәнге келтірілген жарақаттарды да, сондай-ақ патологиялық жағдайларды да өмірге қауіпті денсаулыққа зиян келтіру деп санау қажет. Дәрігерлік көмек көрсетудің нәтижесінде жәбірленушінің қаза табуының алдын алу өмір үшін қауіптілігіне баға беруде назарға алынбауы тиіс.
Өмір үшін қауіпті деп саналатын денсаулыққа зиян келтіруге мысалы, миға зақым келмегеннің өзінде де бас сүйегінің ойылып сынуы; жұлынға зақым келменнің өзінде де омыртқаға сынық түсіру; ішкі ағзаларға зиян келмегеннің өзінде де адамның ішіне тесіп жарақат салу сияқты зияндарды атап көрсетуге болады. Адам өмірі үшін қауіпті саналатын денсаулыққа зиян келтірудің медициналық негіздерінің толық тізбесі Ережеде көрсетілген.
Көруден, естуден немесе қандай да бір органнан айрылу немесе оның қызметін жоғалту өмір үшін қауіпті болып табылмағанымен, бірақ өздерінің салдары бойынша денсаулыққа келтірілген ауыр зиянға жатқызылады. Адамның көздерінің мүлдем көрмей қалуы немесе екі метрдей қашықтықтан және одан да жақын жерден өзінің саусақтарын көрмей қалуын көруден айрылу деп санау қажет. Егер бір көздің көрмей қалуы еңбек қабілеттілігінің үштен бірін (33 %-дан жоғары) тұрақты түрде жоғалтуға алып келген жағдайда онда бұл денсаулыққа ауыр зиян келтіру болып табылады. Өзіміз жоғарыда атап өткен Ережеде өмірге қауіпті емес, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің он медициналық белгілері атап көрсетілген.
Сот-дәрігерлік сарапшы бет-әлпеттің қалпына келтіргісіз болып бұзылуы фактісін анықтамайды себебі медициналық ұғым болып табылмайды. Сарапшы тек әдеттегі белгілерді басшылыққа ала отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның сипатын және ауырлық дәрежесін ғана анықтайды. Осының барысында сарапшы жарақаттың салдарының қалпына келуінің мүмкіндігін анықтайды мәселен, жарақаттың көзге ұрып тұрған салдарының хирургиялық араласуларсыз айтарлықтай азаюы мен біртіндеп жойылуының мүмкіндігін (тыртықтардың, дақтардың, мимикалық бұзылулардың) анықтайды. Егер бет әлпетті тек хирургиялық жолмен (косметикалық ота жасау) ғана қалпына келтіру мүмкін болса, онда бет-әлпет қалпына келтіргісіз болып бұзылған деп бағаланады. Келтірілген жарақаттың жәбірленушінің бет-әлпетін қалпына келтіргісіз етіп бұзатындығы туралы мәселе сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен және сотпен шешіледі.
Еңбек қабілеттілігін үштен бірінен (33 %-дан) кем емес жоғалту, оны тұрақты түрде жоғалту деп түсініледі. Еңбек қабілеттілігін тұрақты түрде жоғалтудың көлемі денсаулыққа келтірілген зиянның түпкі нәтижесі анықталғаннан кейін, объективті мәліметтердің негізінде Еңбек министрлігімен жасақталған еңбек қабілеттілігін жоғалту пайыздарының таблицасын есепке ала отырып анықталады.
Жүктіліктің үзілуі, яғни денсаулыққа ауыр зиян келтірудің нәтижесінде түсік тастау жүктіліктің мерзіміне тәуелсіз түрде денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп танылады және де бұл жағдай (түсік тастау) ағзаның дербес ерекшеліктеріне байланысты емес, кінәлі адамның іс-әрекеттерімен тікелей себепті байланысты нәтижесінде орын алады. Бұл реттерде сот-дәрігерлік сараптама акушер-гинекологтың қатысуымен жүргізіледі.
Психиканың бұзылуы, есірткімен немесе уытты умен ауыруға душар ету денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің белгісі болып табылады. Жүйке ауруына шалдығуды анықтау психиатриялық сараптаманың негізінде жүзеге асырылады, алайда жүйке ауруына шалдығу денсаулыққа келтірілген зиянмен байланысты болуы тиіс. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің белгісі ретінде есірткімен немесе уытты умен (токсикомания) ауыруға шалдығу нарколог, токсиколог қатыстырылуымен сарапшылардың комиссиясы арқылы анықталады. Мысалы, адамның ағзасына инъекциялық жолмен наркотикалық заттарды күштеп енгізуді немесе көрсетілген заттарды алдау арқылы, олардың наркотикалық заттар екендігін жасырып қабылдатуды денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп тануға болады. Егер осындай жағдайлардың нәтижесінде жәбіренуші «нашақорлық» дертіне шалдығатын болса, кінәлі адамды ҚК 106-бабына бойынша жауаптылыққа тартуға негіз пайда болады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзінің қоғамдық қауіпті әрекеттерінің нәтижесінде басқа адамның денсаулығына ауыр зиян келетіндігін сезеді, қоғамдық қауіпті салдардын орын алуының мүмкіндігін немесе олардың орын алмай қоймайтындығын болжай біледі және оларды тілейді (тікелей қасақаналық) немесе оларға саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды (жанама қасақаналық).
Егер кінәлінің ниеті денсаулыққа ауыр зиян келтіруге бағытталғандығы, бірақ кінәліге тәуелді емес себептерге байланысты жәбірленушіге ауырлығы орташа зиян келтіргендігі анықталатын болса, онда кінәлінің әрекеттерін орын алған салдарға байланысты емес, оның ниетінің бағыты бойынша ауыр зиян келтіруге оқталу деп саралау қажет (ҚК 24 б.3 б. және 106 б.).
Қарастырылып отырған қылмыстың мотиві мен мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін: кек алу, бұзақылық, қызғаныш.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының сараланған түрлері ҚК 106-бабының 2-бөлігінде көзделген. Оларға:
1) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) кінәлі адамға дәрменсіз күйде екендігі көрінеу белгілі адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;
4) аса қатыгездікпен;
5) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
6) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша;
7) бұзақылық ниетпен;
8) әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
9) жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатында;
10) бірнеше рет;
11) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
12) төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған денсаулыққа ауыр зиян келтіру жатады.
Жоғарыда аталған саралаушы белгілердің мазмұнын біз адам өлтірудің құрамдарын талдаудың барысында қарастырған боатынбыз. Сондықтан тек қылмыстық іс-әрекеттің салдары бойынша ғана айырмашылықтарға ие болатын белгілерді қайтадан толық талдаудың қажеттілігі жоқ. Дегенмен кейбір ерекшеліктерге тоқталған дұрыс деп ойлаймыз.
Мәселен, жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің мәнісі мынада, жәбірленушіні мәжбүрлеу арқылы немесе оның ес-түссіз күйінде хирургиялық ота арқылы әлдеқандай ағзасы немесе тіні алынады. Бұл жағдайда берілген қылмыс орын алған салдарға тәуелсіз түрде аяқталған деп танылады, яғни кінәлі адамның өзінің қарамағына ағзаны немесе тінді алғаны не алмағаны маңызға ие болмайды.
Қылмыстық әрекетті ҚК 106 б. 2-бөлігінің «10» тармағымен саралау әртүрлі уақытта екі немесе одан да көп адамның денсаулығына аса ауыр зиян келтірген жағдайда (ҚК 106 б. 2-бөлігі «1» тармағымен шатастырмаңыз), сондай-ақ бір және нақ сол адамға қатысты, бірақ әбір ретте жаңадан пайда болған ниетпен жасалған кезде жүзеге асырылады. Осыған дейін ҚК 99 б. көзделген адам өлтірудің жасалуы, берілген тармақтың екінші саралаушы белгісі болып табылады. Адам өлтіруді жасаған кінәлі тұлға ретінде ҚК 99 б. көзделген қылмысты жасаған орындаушы немесе қылмыстың өзге де қатысушылары ғана емес, сонымен бірге басқа адамның өміріне аяқталмаған қол сұғушылық жасаған тұлға да танылады, егер осының барысында бірінші қылмыс бойынша ескіру мерзімі өтіп кетпеген немесе соттылық жойылмаған болса.
ҚК 106 б. 3-бөлігінде абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан не қылмыстық топпен жасалған денсаулыққа ауыр зиян келтіру үшін қылмыстық жауаптылық бекітілген.
Қылмыстық топ түсінігіне қатысты біз адам өлтіру құрамын талдаған кезде айтқан болатынбыз. Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіруде екі дербес құрам біріктірілгендей болады – жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және оған абайсызда қаза келтіру.
Берілген саралаушы белгі абайсызда жәбірленушінің қаза табуына тікелей себеп болған, оның денсаулығына ауыр зиян келтіруден (өмір үшін қауіпті) көрініс табады.
Қылмыстың берілген түрін саралау тәжірибеде белгілі бір қиындықтарды туғызады. Бұл ҚК 106 б. 3-бөлігінің (өзінің салдары бойынша) адам өлтірумен ұқсас болуына байланысты. Бұл қылмыстарды ажырату олардың субъективтік жағы бойынша жүзеге асырылады. Адам өлтірудің барысында кінәлі әрекеттерді де қасақана жасайды және басқа адамға қаза келтіру түріндегі өзінің іс-әрекеттерінің салдарына қатысты түрде алғанда да қасақаналықпен әрекет жасайды. Абайсызда жәбірленушінің қаза табуына алып келген денсаулыққа ауыр зиян келтірудің барысында, іс-әрекет қасақаналықпен жасалды, ал орын алған салдарға – жәбірленушінің қаза табуына қатысты алғанда абайсыздық нысанындағы кінә анықталуы тиіс. ҚК 22-бабы бойынша осындай қылмыс қасақаналықпен жасалған деп танылады.
Қылмыстың субъектісі 14-жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам.