Адамның денсаулығы ҚР ҚК 109-бабында қарастырылған қылмыстың объектісі болып табылады.
Адамның тәнінің ауруына алып келетін ұрып-соғулардан, өзге де күш қолдану әрекеттерінен берілген қылмыстың объективтік жағы көрініс табады. Осының барысында орын алған салдар денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілеттілігінің болмашы түрде тұрақты бұзылуына әкеп соқпауы тиіс. Көрсетілген бапты қолдану үшін ҚК 106-108 баптарында қарастырылған салдардың орын алмауы талап етіледі.
Денсаулыққа зиян келтіруді сот-дәрігерлік бағалау Ережелеріне сәйкес ұрып-соғу денсаулыққа зиян келтірудің ерекше түрі болып табылмайды. Ұрып-соғу бірнеше мәрте соққылар жасаумен сипатталады. Егер ұрып-соғулардың нәтижесінде жәбірленушінің тәніне жарақаттар салынатын болса, оларды жалпы белгілердің негізінде денсаулыққа келтірілген залалдың ауырлығы бойынша бағалайды. Ұрып-соғулардан кейін жәбірленушінің денесінде ешқандай объективті іздер қалмауы да мүмкін. Ұрып-соғулардың нәтижесінде жәбірленушінің тәнінде ағзалардың анатомиялық тұтастығының бұзылуы (тері үстіндегі тырналған, қанталаған, қызарған, көгерген дақтарды санамағанда) орын алмайды немесе 6 күннен аспайтын ем-дом жасауды қажет ететін денсаулықтың жеңіл бұзылуы орын алуы мүмкін.
Тәннің ауруына соқтыратын өзгедей күш қолдану әрекеттері ретінде ҚК 108-бабында көзделген әрекеттерге әкеп соқпаған бір жолғы күш қолдану әрекеттерін атап көрсетуге болады. Оларға қолды қайыру, түйгіштеп ұру, тебу, тырнау, шымшу және жәбірленушінің тәнінің ауруына әкелген өзге де әсер етулерді жатқызамыз.
Әлдеқандай салдардың орын алуы берілген қылмыстың құрамы үшін міндетті болып табылмайды. Сондықтан қарастырылып отырған қылмыс құрамы формальдық құрам қатарына жатады деген қорытынды жасауға болады.
Жәбірленуші үшін ауырлау салдарға әкеп соққан ұрып-соғулар немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін (мысалы, денсаулыққа жеңіл, орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтіру) Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен саралау қажет.
Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің қасақаналық нысанымен сипатталады. Кінәлі адам өзінің әрекеттері арқылы жәбірленушінің тәнін ауыртатындығын біледі және осыны тілейді.
Қылмыстың мотиві қызғаныш, жек көру және басқа болуы мүмкін. Қылмыстың мақсаты, әдетте, жәбірленушіге тәнін ауырту.
Абайсызда ұрып-соғу немесе тән ауруын келтіру қылмыстық жауаптылықты туындатпайды.
16-жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам қылмыстың субъектісі болып табылады.