Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар



бет9/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

2 Адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына не кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын өлтіру (ҚР ҚК 99 б. 2 б. 2 тармағы)

ҚРЖоғарғы Соты Пленумының Қаулысына сәйкес адамды немесе оның жақындарын осы адамның қызметтік жұмысын не кәсіптік немесе қоғамдық борыштарын құқыққа сай жүзеге асыруға кедергі келтіру мақсатында немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында өлтіру ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің 2-ші тармағымен саралануы тиіс.
Заң мәтінінде «орындауына байланысты» деген сөз тіркестері қолданылады ҚР ЖС Пленумының қаулысында «кедергі келтіру мақсатында» немесе «кек алу мотивімен» деп көрсетілген.
Жәбірлнушінің құқыққа сай жүріс-тұрысына кедергі келтіру мақсаты қызметтік жұмысын (қоғамдық борышын) жүзеге асыруға жол бермеуді немесе оған тосқауыл қоюды білдіреді.
Кедергі келтіру қызметтік жұмысты (қоғамдық борышын) орындауға дейін немесе оны жүзеге асыру үдерісінде орын алады. Егер адам өлтіру қызметтік жұмысын (қоғамдық борышын) орындау барысында, бірақ өзгедей мотив бойынша (пайдакүнемдік, қызғаныш, өзге қылмысты жасауды жеңілдету немесе оны жасыру және т.б.) жасалған болса, онда ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағы қолдануға жатпайды, себебі бұл жағдайда тұтастай алғандағы қылмыс жәбірленушінің қызметтік жұмысымен (қоғамдық борышымен) байланысты болмайды.
Сонымен бірге өзінің қызметтік өкілеттіктерін жүзеге асырушы, бірақ құқыққа сай емес әрекеттер (қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған, оларды теріс пайдаланған) әрекеттер жасаған жәбірленушіге қаза келтіру барысында да аталған саралаушы мән-жай орын алмайды.
Арнайы жәбірленушіге (оның жақындарына) қаза келтірудің қашан және қандай мақсатта жасалғандығына тәуелді түрде оның үш түрін атап көрсетуге болдаы: 1) привентивті (алдын алушы), 2) тосқауыл қоюшы және 3) кек алушы.
Привентивті (алдын алушы) қаза келтіру жәбірленуші қызметтік жұмысын (қоғамдық борышын орындағанға) жүзеге асырғанға дейін оның алдын алу, оған жол бермеу мақсатында жасалады. Сонымен бірге жәбірленушінің жақын уақытта қызметі бойынша құқыққа сай әрекеттерді жүзеге асыруға нақты мүмкіндігінің бар екендігін кінәлінің сезінгенін есепке алу қажет. Мысалы, кінәлі адамның өзінің бастығын оны қызметке тағайындаған күніадам өлтірген тұлғаның жұмысқа шықпай, маскүнемдікке салынғаны үшін жұмыстан шығарып жібермеуі үшін қаза келтіруі, егер жәбірленуші кінәлі адамға бұл туралы олар бірдей лауазымды атқарып жүрген кезде айтқан болса.
Алайда егер жәбірленушінің қызметі (жұмысы) бойынша құқыққа сай әрекеттерді жасауға нақты мүмкіндігі болмаған жағдайда аталған саралаушы белгі орын алмайды. Мысалы, жұмысқа шықпай, маскүнемдікке салынған адамды егер бір күндері оның бастығы болатын болса оны жұмыстан шығарып жіберуге уәде берген қызметтесіне қаза келтіруді (өзгедей саралаушы белгілер болмаған кезде) қарапайым түріндегі адам өлтіру деп саралау қажет.
Тосқауыл қоюшы қаза келтіру жәбірленушінің қызметі бойынша (жұмысы) құқыққа сай әрекеттерді жүзеге асыруының үдерісінде оларды тоқтату (тоқтата тұру, баяулату, тежеу) мақсатымен жасалады.
Тосқауыл қоюшы адам өлтірудің екі түрін ажыратып көрсету қажет. Оның біріншісіне жәбірленушінің құқыққа сайнақты қызметтік әрекеттерін тікелей орындауы уақытындажасалатын адам өлтіру жатқызылады. Адам өлтірудің осындай түрі қылмыстың орыны және уақытымен сипатталады. Ол әдетте жұмыс уақытында және жұмыс орнында жасалады. Мысалы, жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізу кезінде ол жұмысшыдан дәлелсіз себептермен жұмыстан қалғандығы туралы түсініктеме алып одан кейін жұмыстан шығармақ болғанда бастықты оның кабинетінде қаза келтіру.
Қарастырылып отырған адам өлтірудің өзге бір түріне жәбірленушінің белгілі бір уақыттан кейін нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған құқыққа сай әрекеттерден көрініс табатын, қызметтік жұмыстарын жүзеге асыруының кезінде жасалған адам өлтіру жатады. Ол кез келген уақытта (күндіз, түнде) және кез келген жерде (жұмыста, көшеде, пәтерде, далада) жасалуы мүмкін. Мысалы, жекелеген жұмысшылардың қарсы болуына қарамастан кәсіпорынды жекешелендіріп алуға талаптанып жүрген (құжаттарды рәсімдейді, жекешелендірудің қажеттілігіне ұжымды сендіруге тырысады, аудиторлық тексерісті ұйымдастырады, сараптама өткізеді және т.б.) бастықты қарамағындағы адамның өлтіруі. Дегенмен осы қарастырылған адам өлтіру түрлерінің ұштастырылуы мүмкін. Мысалы, еңбек ұжымының жалпы жиналысының кезінде тек жиналысты болдырмау мақсатында ғана емес, сонымен қатар жекешелендіруге жол бермеу үшін кәсіпорынның басшысын өлтіру.
Кек алушылық өлтіру қызметтік жұмысты орындағаннан (қоғамдық борышты) кейін оны жүзеге асырғаны үшін кек алу мақсатында жасалады. Қызметтік жұмыстың мазмұнына тәуелді түрде кек алушылық өлтіруді екі түрге жіктеуге болады:
а) нақты құқыққа сай әрекетке бола кек алу үшін (жұмыстан, жоғарғы оқу орынынан шығарып жібергені, айыптаушылық көрсетулер жасағаны және т.б.) өлтіру;
б) тұтастай алғандағы қызмет бойынша белгілі бір уақыт аралығында қатаң талап қойғаны үшін кек алу мақсатында өлтіру (кінәлі адамның пікірінше негізсіз қуғындау, мансап бойынша өсудің болмауы, жұмыстағы кемшіліктері үшін сыйлықсыз қалу, жұмысшының іскерлік қасиеттері туралы жағымсыз мінездеме және т.б.).
Қызмет бойынша жұмыстарды атқару мен адам өлтірудің арасында өткен уақыт қылмысты саралауға ықпал етпейді. Сот тәжірибесінде, жәбірленуші кек алу мақсатында жасалған адам өлтіруге себеп болған құқыққа сай әрекеттерді орындағаннан кейін 20 жылға жуық уақыт өткеннен кейін, орын алған адам өлтіру оқиғасы белгілі.
Жәбірленушінің мәртебесіне (жағдайына) тәуелді түрде кек алушылық өлтіруді үш топқа бөлуге болады:
1) өзінің нақ сол қызметтік жұмысын орындауды жалғастырып жүрген жәбірленушіні өлтіру (кінәлі тұлғаны жұмыстан шығарып жібергеннен кейін, мекемені жекешелендіргеннен кейін және т.б. мекеме басшысын);
2) басқа қызметті жүзеге асырып жүрген жәбірленушіні өлтіру (жұмыс орнын ауыстырған, лауазымын өсірген, өзге жұмысқа ауыстырылған);
3) ешқандай қызметті жүзеге асырмайтын жәбірленушіні (жұмыссыз, зейнеткер, үй шаруасындағы әйел және т.с.с.).
Тұлғаның мемлекеттік, коммуналдық, жеке және бекітілген тәртіп бойынша тіркелеген,меншік нысанына тәуелсіз өзге де кәсіпорындармен, ұйымдармен, сондай-ақ қызметтері заңға қайшы болып табылмайтын кәсіпкерлермен жасалған еңбек шарттарына сәйкес оның міндеттеріне кіретін жұмыстарды атқаруын қызметтік жұмыстарын жүзеге асыру деп түсіну қажет.
Қызметтік жұмыстар ұғымын кең көлемде түсіндіру арқылы оны кез келген заңды еңбек қызметі деп қарастыруға болады. Олай болса, қызметкер (қол жұмыстарымен айналыспайтын), жұмысшы (қол жұмыстарын атқаратын), шаруа (ауыл шарашылығымен айналысатын) да жәбірленуші болуы мүмкін.
Дегенмен осылай деп түсіндіру бірқатар мәселелерді де туындатады. Өздерінің қызметтерін азаматтық-құқықтық заңнама негізінде (сақтау, тасымалдау, жалдау, мердігерлік шарттары бойынша) жүзеге асыратын тұлғаларды өлтіруді қалай саралау қажет?
Қызметтік жұмыстар ұғымына барынша кең көлемде түсіндіру бере отырып, оны заңға сәйкес келетін кез келген заңды қоғамдық-пайдалы жұмыс, еңбек (адамға, қоғамға және мемлекетке қызмет ету) деп түсіну қажет. Алайда қылмыстық заңға өзгерту енгізу арқылы«қызметтік жұмыс» және «қоғамдық борыш» ұғымдарын «қоғамдық пайдалы қызмет немесе әрекет» деген сөз тіркестірмен ауыстырған дұрыс.
Азаматтың өзіне арнайы жүктелген міндеттерін қоғамның немесе жекелеген адамдардың мүддесіне бола орындауын, сондай-ақ өзге де қоғамға пайдалы қызметтерді жүзеге асыруын (құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы немесе құқық бұзушылық жасағаны үшін іздестіру жарияланған тұлғаның жүрген жері туралы билік органдарына хабарлау, куә немесе жәбірленуші ретінде қылмыс жасаған тұлғаларды әшкерелейтін көрсетулер беру) қоғамдық борышын орындау деп түсінген дұрыс.
Тұлғаның өзіне арнайы жүктелген міндеттерді орындауы ерікті жасақшы ретінде, полицияға жәрдем беретін оперативтік жасақтың, экологиялық ұйымның, қоғамдық комиссияның, яғни ресми қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысудан көрініс табады. Осының барысында азаматтың қоғамдық ұйымның мүшесі болуы міндетті емес.
Өзге қоғамдық пайдалы қызметтерді жасау құқыққа сай жүріс-тұрыстан және адамның, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне жасалған заңды әрекеттерді қарастырады.
Жәбірленушінің жақындарына оның жақын туыстарымен қатар онымен белгілі бір туыстық қатынастарда тұрған өзге де адамдар, сондай-ақ өмірі, денсаулығы өзге де игіліктері жәбірленуші үшін қалыптасқан жеке қатынастарының негізінде қымбат болып табылатын (мысалы, көңіл қосқан қызы немесе жігіті, достары) өзге де адамдарды жатқызуға болады.
«Оның жақындарын» өлтіру түріндегі саралау белгісі тек субъективтік сәтпен ғана (жәбірленушіге қайғы салу немесе ол үшін қымбат саналатын адамға қаза келтіру арқылы оның қызметіне кедергі келтіру) сипатталмайды, сонымен бірге қоғамдық-пайдалы қызметті жүзеге асыратын тұлға мен қаза келтірілген адамның арасында шын мәнісіндегі қайырымды қатынастардың бар екендігін білдіретін объективтік сәтті де қарастырады.
Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: осындай қатынастар туралы немесе жәбірленушінің жеке басына қатысты жаңылысқан кінәлінің әрекеттерін қалай саралау қажет?
Осындай мән-жайлардың барысында орын алған адам өлтірулерге құқықтық баға беру заң әдебиеттерінде әртүрлі тұжырымдалады.
Кінәлінің әрекеттерін ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағымен саралау үшін жәбірленушінің өзіне жақын адамдардың тағдырына мүдделі болуының деңгейі маңызға ие болмайды пікір айтылады.
Жекелеген зерттеушілер осындай мән-жайлардың барысында орын алған адам өлтіруді саралау барысында жәбірленуші қоғамдық-пайдалы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның жақыны болып табылады ма, әлде жоқ па есепке алынуы тиіс деген ұсыныс айтады. Егер жәбірленуші туысқаны болып табылатын болса, онда адам өлтіруді ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағымен саралау барысында олардың қарым-қатынастарының сипатын (сыйластықты, дүрдараз, дұшпандық) есепке алу талап етілмейді, «өмір, денсаулық және өзге де игіліктерінің қалыптасқан жеке бас қатынастарына сәйкес жәбірленуші үшін қымбат екендігін кінәлінің көрінеу білуі» деген сөз тіркестері туысқандарға қатысты болмайды.
Бұлай болса, жәбірленушінің қоғамдық-пайдалы қызметін жүзеге асыруымен байланысты оның кез келген туысқанына қаза келтіруді ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағымен саралау қажет. Егер кінәлі адам олардың арасындағы қарым-қатынасқа қатысты жаңылысқан болса (олардың қатынастары қайырымды деп ойлады, шындығында олар дұшпандық жағдайда болды) немесе олардың өзара қатынастарының жағымсыз екендігін алдын ала білді, алайда тұлғаның құқыққа сай қызметіне бола оның туысқанын өлтірді.
Жекелеген зерттеушілердің пікірі бойынша, өзге адамдарды (жәбірленушінің туысы еместер) өлтіруге қатысты, екі жағдай қажет болады: субъективтік – кінәлінің өзге тұлғалар мен жәбірленушінің арасында қайырымды қатынастың бар екендігін білуінің көрінеулігі және объективтік – осындай қатынастардың шын мәнінде болуы. Осының барысында кінәлі адам жәбірленуші мен өзге адамдардың арасындағы нағыз қатынастарға қатысты жаңылысқан болса, бұл мән-жай әрекетті ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағымен саралауға ықпал етпеуі тиіс.
Бұл ретте кейбір зерттеушілер ұсынған жақын адамдарды туысқандарға және өзге тұлғаларға жіктеу өз мәнісінен айырлады. Шындығында, бұл осыған дейінгі келітірілген пікірлермен үндес болып шығады.
Қарастырылып отырған белгінің қазіргі бар тұжырымына сәйкес жәбірленуші және өзге адамдардың өзара қатынастарының сипатына қатысты қателесу, мәнісі бойынша жақын емес, дүрдараз, дұшпандық күйде болуы жақын адамдар түсінігінің объективтік негізін жоққа шығарады. Саралау ережелеріне сәйкес, ауырлатылған адам өлтіруге оқталу ретінде саралануы тиіс. Жақын адамның жеке басына қатысты қателесуге байланысты да солай болады. Мысалы, туысқанының, досының орнына кінәлі адам жаңылысып, басқа адамды өлтіреді.
Егер қылмыс әлдебір тұлғаның қоғамдық-пайдалы қызметімен байланысты жасалған болса, онда кез келген адамды өлтіру ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағымен саралануы тиіс деген зерттеушілердің пікірлеріне ден қою керек сияқты.
Дегенмен бұл үшін, бізбен қарастырылып отырған саралау белгісінің тұжырымына өзгеріс енгізу қажет және заң мәтініндегі «оның жақындарын» деген сөз тіркесін «өзге адамдарды» деген түсінікпен ауыстыру керек.
Қарастырылып отырғанадам өлтірудің субъективтік жағына қатысты құқықтық әдебиеттерде негізгі екі көзқарас айтылады. Бірқатар ғалымдардың пікірінше ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағында көзделген қылмыс тек тікелей қасақаналықпен жасалады.
Кейбір ғалымдардың әділетті пікірлері бойынша, адам өлтірудің осындай түрі тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналықпен жасалуы мүмкін. Шындығында да, тұлғаның құқыққа сай қызметіне кедергі келтіру мақсаты – (оны жүзеге асырғаны үшін кек алу) – оны өлтіру мақсатымен сәйкес келе бермейді.
Мысалы, жәбірленушіні қатыгездікпен ұрып-соғып кінәлі адам жәбірленуші белгілі бір уақыттарға дейін өзінің өкілеттіктерін жүзеге асыра алмайтындай етіп, «оны қатардан шығаруға» тырысады, бірақ өмірлік маңызды мүшелеріне соққылар жасай отырып, оны қазаға ұшыратады және оған немқұрайды қарайды, саналы түрде жол береді. Қоғамға-пайдалы қызметті жүзеге асырумен байланысты жанама қасқаналықпен жасалған адам өлтірудің орын алғандығы айқын.
ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағында көзделген қылмысты арнайы жәбірленушінің қызметтік жұмыстарын жүзеге асырумен байланысты қол сұғушылықтардан ажырата білген дұрыс, бұл орайда оның өмірі қылмыстық-құқықтық қорғаудың қосымша объектісі болып табылады. Мысалы, ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне қол сұғушылық (ҚК 177 б.), ҚР Президентінің өміріне қол сұғушылық (ҚК 178 б.), Сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғу (ҚК 408 б.).
Адам өлтірудің сараланған түрін аталған қол сұғушылықтардан ажырату барысында олардың біріншісі, қылмыстың жалпы құрамы болып табылатындығын, ал екіншілері, арнайы қылмыс құрамдары болып есептелінетіндігін ескеру қажет. Қылмыстарды саралаудың жалпы ережелері бойынша жалпы және арнайы құрамдардың бәсекелестігінің барысында әрдайым арнайы құрам қолданылуы тиіс. Арнайы құрамның бір белгісі болса да орын алмаған жағдайда, саралау қылмыстың жалпы құрамы бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Мәселен, сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғушылықты 14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасайтын болса, онда ол ҚК 15 б. екінші бөлігіне сәйкес жауаптылыққа 408 бап бойынша емес (қылмыстың берілген түрі үшін жауаптылық 16-жастан басталады), ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінің «2» тармағы бойынша тартылады. Егер әскери қызметшінің өміріне оның қызметтік жұмысына байланысты, бірақ қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланыссыз қол сұғылған жағдайда да арнайы құрам болмайды.
Адам өлтірудің сараланған түрі арнайы жәбірленушілердің өміріне қол сұғудан қылмыстың негізгі объектісі бойынша ажыратылады. Адам өлтірудің барысында бұл – жеке адам, оның өмірі. Арнайы жәбірленушінің өміріне қол сұғуда бұл – мемлекеттік билік, басқару тәртібі, сот төрелігі, ал өмір қосымша объекті болып саналады.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамдарының конструкцияларында да айырмашылықтар бар. Адам өлтірудің сараланған құрамы материалдық құрам ретінде құрастырылған және арнайы жәбірленушіге қаза келтірген сәттен бастап аяқталған қылмыс болып саналады.
Арнайы жәбірленушінің өміріне қол сұғу заңшығарушымен формальдық құрам ретінде құрастырылған және жәбірленушіге қаза келтірген сәттен емес, оған қаза келтіруге оқталған сәттен аяқталған қылмыс болып саналады. Осылайша, адам өлтірумен салыстырғанда (олармен қатыстылықта) арнайы жәбірленушілердің өміріне қол сұғуды «келте» құрам деп атауға болады.
Адам өлтірудің сараланған түрі мен арнайы жәбірленушілердің өміріне қол сұғуды ажыратуды субъективтік жақтары бойынша жүргізу қажет. Тұлғаны қызметтік жұмысына байланысты өлтіру тікелей сондай-ақ жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін болса, өмірге қол сұғу тек тікелей қасақаналықпен сипатталады. Алайда бұл өмірге қол сұғушылықтың барысында жәбірленушінің қаза табуына деген көзқарас деген тек тікелей қасақаналықтан көрініс табуы тиіс дегенді білдірмейді. Мысалы, кінәлі адам судьяны оның қызметі үшін аяусыз ұрып-соғады. Судьяның өміріне қол сұғуда қасақаналық – тікелей (тілемесе, қол сұқпас еді). Судьяның қаза табуына қатысты кінәлінің көзқарасы немқұрайымды болуы да мүмкін (басты мақсат – оның қызметіне кедергі келтіру).



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет