Бақылау сұрақтары және тапсырмалар Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыстардың өмір мен денсаулыққа қарсы қылмыстардан басты айырмашылықтары қандай?
Қолданыстағы қылмыстық заң бойынша өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін қылмыстардың қанша құрамы бекітілген?
Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қоюдың (ҚК 116 б.) ерекше ауырлатылған құрамы қандай қылмыс санатына жатады?
Соз ауруын жұқтырудың (ҚК 117 б.) ауырлатылған құрамы қандай белгілерді қамтиды?
Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыстардың қандай құрамында марапаттаушы норма көзделген?
Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қоюдың (ҚК 116 б.) материалдық құрамы кінәнің қандай нысанымен сипатталады?
5 АДАМНЫҢ ЖЫНЫСТЫҚ ҚОЛ СҰҒЫЛМАУШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЫНЫСТЫҚ БОСТАНДЫҒЫНА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР
1 Жыныстық қылмыстардың жалпы түсінігі
Жыныстық қатынастар адам өмірінің ажырамас өрісі болып табылады. Негізінен алғанда олар мораль қағидаларымен, отбасы заңнамасының нормаларымен реттеледі. Жеке тұлғаның бостандығы мен қолсұғылмаушылығы оның жыныстық бостандығы мен жыныстық қолсұғылмаушылығын да қамтиды. Жыныстық бостандық дегенді ересек адамның өзінің сексуалдық қажеттіліктерін кіммен және қандай нысанда қанағаттандыруды өз еркімен шешуі және ересек адамның, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамның да жыныстық қол сұғылмаушылыққа деген деген құқығы деп түсіну қажет. Қылмыстық заңнама аталған құқықтарды жыныстық моралдың қоғамда қалыптасқан нормаларына көрінеу қарсы келетін әрекеттерге тыйым салулар арқылы қорғауға алады.
Жыныстық қолсұғылмаушылыққа және жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар дегеніміз 16 немесе 14-жасқа толмаған тұлғалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына, қалыпты түрдегі тәндік және психологиялық дамуына және ересек адамдардың жыныстық бостандығына немесе жыныстық қатынастардың қоғамда қалыптасқан салтына қол сұғатын, қылмыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтар болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі жеке адамның жыныстық бостандығы мен жыныстық қол сұғылмаушылығына қатер төндіруінен, кәмелетке толмағандарды азғындатып, олардың өнегелік және тәндік тұрғыдан алғандағы дамуына жағымсыз ықпал етуінен, қоғамдық моральды әуейілендіруінен көрініс табады. Бұрыңғы әрекет еткен қылмыстық заңнамаларда (ҚазКСР 1959 ж. ҚК) ауырлатылған мән-жайларда жасалған зорлау үшін өлім жазасы көзделген болатын.
Қылмыстардың берілген тобының объектісі жыныстық бостандық және жыныстық қолсұғылмаушылық, кейбіреулерінің қосымшаобъектісі ретінде (ҚК 120-122, 124 бб.) балалар мен жасөспірімдердің қалыпты түрдегі тәндік және өнегелік дамуы танылады. Жәбірленушілердің сипаттамасын әрбір бап бойынша бөлек беру қажет болады. Заңның мәнісі бойынша, жас шамаларына тәуелсіз түрде әйелдер сондай-ақ еркектер де болуы мүмкін, қай жыныста болмасын, тұлғалар тең түрде қылмыстық құқықтық қорғауға алынған.
Жыныстық қылмыстардың объективтік жағы, мәністері Қылмыстық кодекстің тиісті бабында айқындалған кінәлі тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерімен сипатталады. Қылмыс құрамдары негізінен алғанда, формальдық.
Осы топтағы қылмыстардың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Қылмыстың мотивтері негізінен алғанда, сексуалдық, алайда өзгедей де болуы мүмкін.
16-жасқа толған, есі дұрыс еркек немесе әйел адамдар жыныстық қылмыстардың субъектісі болып табылады. Зорлау (ҚК 120 б.) және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер (ҚК 121 б.) үшін қылмыстық жауаптылық 14-жастан басталады.