4 Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтыру (ҚР ҚК 118 б.)
Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) үлкен қауіп көзі болып табылады, себебі ол ЖИТС ауруына шалдығуға алып келеді және аурудың бұл түрі қазіргі уақытқа дейін емі табылмаған ауру деп саналады. Инкубациялық мерзімінің ұзақ болуы, бірнеше айдан бірнеше жылдарға дейін созылуы аурудың аталған түрінің өзіндік ерекшелігі болып табылады.
«Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» 2006 ж. 7-шілдедегі ҚР Заңына сәйкес аурудың аталған түрінен өз еркімен емделуден бас тартқан реттерде мәжбүрлеп емдеу шаралары қолданылады. Тесеруден өтуден және емделуден жалтарған, сондай-ақ ЖИТС ауруын таратқан тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жауапқа тартылады.
ҚК 118-бабы 3 бөліктен тұрады. Өзінде АИТВ/ЖИТС бар екендігін білген адамның осы ауруды басқа адамға жұқтырғаны үшін ғана емес, сондай-ақ басқа адамды АИТВ/ЖИТС жұқтыру қаупіне көрінеу душар еткендігі үшін де қылмыстық жауаптылық көзделгендігін айту қажет.
Адамның өмірі мен денсаулығы қылмыстың объектісі болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы жұқтыру қаупіне душар етудің тәсіліне тәуелсіз түрде, басқа адамды адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупіне көрінеу душар етуден көрініс табады. Ауру жұқтырудың барынша кең таралған түрі жыныстық қатынастар арқылы жұқтыру болып табылады. Осының барысында жәбірленушінің бойында вирус бар адаммен жыныстық қатынасқа түсуге келісім беруі кінәлі адамды қылмыстық жауаптылықтан босатпайды. Қылмыстың берілген құрамы формалдық құрамға жатады, яғни қылмыс жәбірленушіге иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупін тудырған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыстың субъективтік жағы көп реттерде тікелей немесе жанама қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам өзінің әрекеттерімен басқа адамға АИТС инфекциясын жұқтырудың нақты қаупін туғызатындығын біледі және осыны тілейді немесе осыған немқұрайлы қарайды. Басқаша айтқанда, кінәлі адам бойында вирус бар екендігін сезіне тұрып, басқа адаммен жыныстық қатынас жасауға қойылған тыйымды немесе сақтықтың өзге де ережелерін бұзады. Бұдан бөлек, қылмыстың субъективтік жағы тұлға қылмыстық салдардың алдын аламын деп жеңілойлылықпен әрекет еткен кезде, қылмыстық менмендік түріндегі кінәнің абайсыздық нысанымен де сипатталуы мүмкін.
16-жасқа толған, есі дұрыс, өзінде АИТ вирусы бар екендігін білетін жеке тұлға қылмыстың субъектісі болып табылады.
ҚК 118-бабының 2-бөлігінде өзінде АИТВ/ЖИТС бар екендігін білетін адамның осы ауруды басқа адамға нақты жұқтырғаны үшін қылмыстық жауаптылықты бекітілген.
Аталған баптың екінші бөлігінде көзделген, екі немесе одан да көп адамға не көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет үшін жауаптылық 118-баптың 3-бөлігінде бекітілген.
Сонымен бірге осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді жасаған адам, егер АИТВ/ЖИТС жұқтыру қаупіне душар болған не оны жұқтырған басқа адам біріншісінде осы аурудың бар екендігі туралы уақытылы ескертілген және жұқтыру қаупін туындатқан әрекеттерді жасауға өз еркімен келіскен жағдайда, қылмыстық жауаптылықтан босатылады – деген ескерту бар.