3. Сюжет және фабула. Әр түрлі ғалымдардың ой-пікірлерін қорытындылай келе, «сюжет, фабула дегеніміз не?», «сюжет пен фабуланың ара қатысы қандай?» деген сауалдарға жауап беріп көрейік.
«Сонымен, өмірлік деректердің тұжырымдамасы бола отырып, фабула шығарма сюжетінің негізін құрайды. Оқырман фабуладан орын алған оқиға туралы мәлімет алса, оның қалай болғанын, характерлердің психологиялық жағдайын сюжеттен біледі. Өмірдің өзінен алынған оқиға белгілі бір тәртіп бойынша баяндалады, бұны біз фабула деп атаймыз. Жазушы осы өмірлік оқиғадан өзінің идеясына жауап беретіндей тұстарын іріктеп алады. Ауызша әңгімелеп беруге болатын кез-келген оқиғада фабула болады, ол өз кезегінде сюжетпен байланысты, бірақ фабула көркем сюжет бола алмайды. Фабуладан сюжет қалыптасады, бұл процесте фабула өзгеріске ұшырайды. Ал сюжетке келетін болсақ, соңғы уақытқа дейін оның (сюжеттің) нақты анықтамасының болмағандығын айтуымызға болады. Әр түрлі ғалымдардың әр жылдары сюжет туралы айтқан ой-пікірлерін сараласақ, екі түрлі көзқарасты, екі түрлі тұжырымды байқаймыз. Біріншісі, «сюжет – көркем шығармадағы оқиғалар желісі, жүйесі, жиынтығы» деген әдебиеттану ғылымында кеңінен тараған, қазір де оқулық, анықтамалық, сөздіктерде берілетін анықтама. Бұл, біздің ойымызша, сюжетті тар мағынада түсінушілік. Екіншісі, сюжет өмір құбылыстарын бақылаудан басталып, шындыққа арқау болған өмірлік материалдарды іріктеп, сұрыптаумен қатар, адам образын типтендіріп, әлеуметтік те, жеке бастық та тартыстарды айқындап, оқиғаның даму жүйесін нақтылайды дегенге саяды. Бұл сюжетті «кең» мағынада түсіну, яғни сюжетті жеке дара емес, шығарманың тақырыбы, идеясымен, характерлермен, жанрлық ерекшеліктерімен, көркемдік әдіс мәселесімен байланыста қарастырудан келіп туындаған қағида. Әсіресе Л.С.Левитан мен Л.М.Цилевич сюжеттің өмір шындығын бейнелеудегі, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды көрсетудегі, характерлер жасаудағы, тақырып ашу мен жазушының авторлық ұстанымын танытудағы маңызына ерекше назар аударады» [3, 50].
4. Сюжет құру – шығармашылық әрекеттің бір кезеңі: өмірлік материалды көркем өңдеу, дәлірек айтқанда өмірлік материалды өңдеу нәтижесінде көркем шындық – сюжет пайда болады. Бұл тұста протосюжет және сюжет алды (предсюжет), яғни жазушы санасындағы ой түрткі ұғымдары сюжеттің шығармашылық әрекеттің бір кезеңі ретіндегі рөлін түсіндіреді.
«Сюжет құру» ұғымының екі түрлі мәні бар: кең мағынада (өмір шындығының көркемдік шындыққа айналу процесі) және тар мағынада (өмір құбылыстарының шығармада өзара байланысуы, тура мәнінде сюжеттің жасалуы). «Сюжет құру» термині сондай-ақ көркем шығарманың нақты сюжетін талдауға байланысты да қолданылады. Бұл жерде «сюжет композициясы» терминін пайдаланған дұрысырақ. Бұл термин көркем уақыт пен кеңістіктегі оқиғаның қозғалысын анықтауға арналған. Бұл қозғалысты зерттеу екі аспектіде жүргізіледі: сюжеттік-тақырыптық және сюжеттік-композициялық. Біріншісінде сюжет характерлердің өзара қарым-қатынасында көрініс тапқан тақырыптың ашылуы ретінде түсіндіріледі. Ал екіншісінде сюжет шығарманың көркемдік компоненттерінің өзара байланысуы, орналасуы түрінде түсіндіріледі.
Сюжеттің екі түрі бар. Бірінші түрдегі сюжетте іс-әрекет барынша қарқынды дамып, сюжет барысында негізгі идея ашылады; сюжеттің құрамдас бөліктері айқын көрініп, ал шешімі шығармадағы проблеманы шешуде үлкен қызмет атқарады. Бұндай сюжет түрі динамикалық деп аталады. Аталмыш типтес сюжеттер ХХ ғасырдың І жартыжылдығында жазылған шығармаларда көптеп кездеседі. Сюжеттің екінші түріне адинамикалық сюжетті жатқызамыз. Мұнда сюжет баяу дамып, «шешілуге» асықпайды, кейде тіпті сюжеттің өзі қызығушылық тудырмауы да мүмкін, ал классикалық түсініктегі сюжеттің құрамдас бөлшектерінің болуы міндетті емес, бірақ тартыс шығарманың жалпы композициясында сюжеттен тыс бөлшектер арқылы жүзеге асады. Бұндай сюжеттің типі Ә.Кекілбаевтың, сондай-ақ қазіргі қазақ прозасындағы молынан кездеседі. Адинамикалық сюжеттің құрамдас бөлшектерін талдау маңызды емес, ал кейде тіпті мүмкін де емес.