3.1. Латын әліпбиі туралы халық ойы
Шәкір Ыбыраев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті:
«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШАДЫ»
Әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қандай?
– Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.
Латын әліпбиін қолданысқа енгізуде қандай кедергілер бар?
– Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін.
Достарыңызбен бөлісу: |