Әдебиет теоретигі В.Е. Хализев «Теория литературы» деп аталатын еңбегінде герменевтика бастауы мифтер мен қасиетті мәтіндерді талқылау тәжірибесін қолдана бастаған ежелгі дәуір мен христиандық Ортағасырда жатқанын, ал оның XIX ғасырда өз алдына ғылым пәні болып қалыптасуына неміс ойшылдары Ф. Шлейермахер мен В. Дильтей еңбектері айрықша ықпал еткенін жазады. Герменевтиканың негізгі ұғымы-түсіндіру, түсіндірудің маңызды компоненті-интерпретация екені белгілі. Герменевтика- көпқырлы, оның негізгі принципі мәтінтану мәселелеріне құрылады. Көптеген шетелдік ғалымдардың герменевтиканы мәтінді талдау өнері сипатында негіздегенін ұғуға болады.
Герменевтикада түсіну ұғымы басты орын алады. Бұл орайда мәтінді интуитивті тану мен ондағы мағынаны пайымдау, түсіндіру аса маңызды. Сондықтан түсінудің басты шарты – интерпретация (зерделеу) болмақ.
Әдебиеттануда интерпретация көркем шығарманың тұтастай мағынасын, мазмұнын, оның идеясын, концепциясын тану, түсіну, зерделеу болмақ. Оның бірнеше түрлері бар:
1. Алғашқы, оқырмандық интерпретация адамның шығарманы оқып шыққаннан кейінгі алғашқы әсеріне, көңіл-күйіне, сезіміне негізделеді.
2. Ғылыми интерпретация. Әдебиеттанушы оқырман ретіндегі алғашқы әсерін ғылыми негізде жинақтап, нақтылап, әдеби талдаумен тексереді.
3. Шығармашылық-образдық интерпретация әдеби шығарманы көркемөнердің басқа түріне көшіру (мысалы, әдеби шығарма негізінде көркем фильм түсіру, сахналық қойылым, опера немесе балет жасау т.т.).
Интерпретация – көркемдік тұтастықты ғылымның тәсілдері арқылы тану. Интерпретация теориясында туындайтын негізгі сұрақтың бірі – оның теориялық тұрғыда дәлме-дәл, шынайы, яғни адекватты болуы мүмкін бе? Ол үшін сөз болатын нысан туралы объективті, дұрыс түсінік берілуі қажет. Мысалы, С.Елубайдың «Ақ боз үй» романы ХХ ғасыр басындағы кеңестік дәуірдің солақай саясатын (жаппай ашаршылықты, елге төнген нәубет пен асыра сілтеу науқанын) сынайды десек – ол рас, алайда ол жазушы туындысының көркемдік мазмұн ерекшелігін толық ашып бере алмайды. Мұндай «бас-аяғы күзелген» интерпретация салыстырмалы түрде дұрыс дегенмен де, дәл емес.
Герменевтикалық талдауда басты қиындық шығарманың көркемдік мағынасын сөздік ұғымдық (ғылыми) құралдар арқылы жеткізу барысында туады. Семиотика тұрғысынан келсек, мұндай экстралингвистикалық көшіру процесі тұсында кей жағдайларда дәлсіздіктер де болады. Бұл дегеніңіз – адекватты интерпретациядан бас тарту емес, себебі шығарманы бір тілден екінші тілге көркем аудару кезінде де кейбір бұрмаланушылықтар орын алғанымен, біз одан бас тартпаймыз. Семиотикалық сипаттағы дәлсіздіктер шешуші рөл атқармайды. Өйткені дарынды интерпретатор мұндай бұрмаланушылыққа жол бермеуге тырысады, сондықтан олар болса да, қатты байқала бермейді. Екінші жағынан, ондай дәлсіздіктің сипатын ескере отырып, интерпретация жасауда реттеуге болады. Мысалы, ұғымдық ойлаудың көркемдік мағынаны қасаңдандырып жіберетінін ескеріп, шығарманың пафосына көп көңіл бөлу қажет, мәтінді пайымдау көбінесе көркемдік идеяны «жадағайландырады», сондықтан кейбір нәзік тұстарды, қайшылықтарды да назардан тыс қалдырмау керек. Әрине, мұның барлығы шартты, соған қарамастан теориялық тұрғыда нақты интерпретация беруге ешқандай кедергінің жоқтығын айтқымыз келеді.
Герменевтиканың ауқымдылығы, күрделілігі автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынас мәселесінің күрделілігімен байланысты болса керек. Көркем шығарманы оқып, оны түсіну барысында автор мен оқырман арасында диалог жүреді. Өйткені жазушы шығармада өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді, ал оқырман ондағы оқиға мен кейіпкерлер әлемін өз биігінен, өзінің дүниетанымы тұрғысынан бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |