Таратпа материал
2-тапсырма
Оқы. Оқиға немен аяқталуы мүмкін? Болжа.
Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық. Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Әжем оған:
— Әй, қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп тілеймін. Тым болмаса, немерелерімді жиіркенбей сүйейін, — дейді екен.
Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу бас та домалайды. Кемпір-сампырлармен ілесіп менің Қызтумас әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс әнін естіп қалады.
Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны да сезіпті
«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен», — деп әжем есіктен сығалап қараса:
Қара батыр, құдаша, қара батыр,
Жау қайырар жасқанбай дара батыр.
Тәңір айдап өзіңмен бас қосыппыз
Осы кесе сіз жаққа бара жатыр, —
деп өлеңмен бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып тұрған өз Момышы екен. Әжем сонда ұлына айғай салып:
— Өзің қазанның түп күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса — не болмақ, құдайым-ау! — деп баласын үйден қуып шығыпты. Анасының айтқанын ішінен ұнатпаса да, әкем оның ырқына көнеді екен.
Төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер?
Сенің болашақ жарыңды ата-анаң таңдағаны дұрыс па?
Қызтумас әже не себепті қара қыздың ұлына көз салғанын қаламады?
Әжесінің бұл шарты дұрыс па?
Оқиғаның осы тұсы пролог бола ала ма?
3-тапсырма
Үзіндіні оқы. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы айт, Момынқұлдың жазалануы әділетті болды ма? Талда
Жас кезінде әкемді әйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «Ұста бала» дейтін болыпты. Ал, әжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Әкем орта бойлы, арық қара кісі еді. Маңдайы жап-жазық, қасы қалың, көзі шүңгіл еді. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Әжем оны «Тарамыс» деп те атайтын. Сол күштілігіне бола атаса керек.' Мен бірде әжеме: — Неге «Тарамыс» дейсіз? — деппін, әкемді кемсіткен екен деп.
— Не десе де шешемнің еркі, — деп күлді әкем.
— Қарай гөр, мына жаманды, әкесіне болысып жатыр-ей, — деп әжем өтірік ашуланған болды.
Әлі есімде, бір рет әкемнің Момынқұл дейтін інісі әжеме:
— Қойшы, апа! — деп дауыс көтеріп қалып еді, әжем тарс кете жаздап:
— Сен тұрмақ, Момыш маған осы күнге дейін бетіме тік қарап сөйлеген емес. Сен қайдан шықтың, иттің күшігі! Жоғал, көзіме көрінбе! — деп үйден қуып шықты.
— Не боп қалды? — деп әкем кіріп келді, әжем оны аймалап, арқасынан қағып:
— Апау інің көргенсіздеу боп бара жатыр. Жөнге сал туысқаныңды, — деді.
— Мақұл, апа, сазайын тарттырайын. Бірақ ұрмай-ақ қояйын, мақұл ма, апа, — деді.
— Мейлің, — деп күрсінді әжем.
Момынқұл көкем сол түні қой қорада түнеп шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |