Таңдалған зерттеу әдістері: Тарих пәні бойынша сыныптағы оқыту процесін бақылау, алдыңғы қатарлы үлгілі ұстаздардың озат іс-тәжірибелерін жинақтау, талдау, салыстыру, қорыту педагогикалық эксперимент жүргізу және оның нәтижесін сұрыптау, диагностика жасау.
Зерттеудің тәжірибедегі маңыздылығы: Жұмыста ұсынылған амал- тәсілдерді орта және жоғарғы сыныптарда тарихи салаларын меңгертуде қолдануға болады. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге, жаңа тақырыпты тез меңгеруге мүмкіндік береді.
Кіріспе.
Елбасы Н.Ә Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып, үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырманың негізінде маусым айында Үкіметтің 25 маусым 2012 жылы №832 қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды. Ұлттық жоспардың мақсаты-Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау болып белгіленген.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз-адамдардың әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі, заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген функционалдық сауаттылықтың мақсаты –оқушылардың білімдерін өмірде тиімді қолдануға үйрету. «Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60 жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдауына енді. Ол адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдыларының жиынтығынан құралады.
Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде тарих пәнінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін таныту, оларға идеялық-саяси, рухани –адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беру, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыру тарих пәнінің басты міндеті болып табылады.
Көбінде балалар бұрын алған білімін өмірде қолдана алмайды; талдау жасап, содан нәтиже шығаруды білмейді; берген мәліметті жинақтай алмайды; сабақ мақсаттарын анықтап, сол мақсатқа жету жолын таба алмайды. Сабақ барысында оқушылардың аз сөйлеп, өз ойын нақты жеткізе алмауы осының барлығы үлкен проблема болып табылады. Яғни оқушыларда функционалдық сауаттылық дағдылары қалыптаспаған.
Осы мәселені шешу үшін білім берудің сапасын жақсарту мақсатында Сын тұрғысынан ойлау технологиясын өз сабақтарымда қолданып жүрмін. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының мені қызықтырғаны баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойлаушы өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы жұмыс жасағанда оқушылар өз алдына қойған сұрақтарға жауап іздеп, жан-жақты пікірлесіп, талдау жасап отырады. Сын тұрғысынан ойлау мәселесіне байланысты оқушылар өз пікірін еркін сөйлеу арқылы айтуға, ойын жеткізуге, оны дәлелдей алуға, сонымен қатар қасындағы оқушы пікірін де тыңдауға, сол пікірлерді салыстыруға, қасындағы досына құрметпен қарауға, зер салып тыңдауға, топпен жұмыс істеуге жетелейді, оқушылардың қызығушылығын оятады, барлық ескі ақпаратты басшылыққа ала отырып, мол ақпараттар ағынынан өзіне қажеттісін таңдап алады, мәселенің ең негізгі түйінін табуға дағдыланады, сын тұрғысынан ойлай отырып, өзіндік белсенділіктің болуы да білімге құлшынысты, жаңалықты ашуға, ізденуге, қиындыққа төзуге уйретеді. Технология бойынша әр сабақ үш кезеңнен тұрады.
1-кезең: «Қызығушылықты ояту». Бұл үйрену үрдісі. Оқушының бұрыңғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Сондықтан да сабақта қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Бұнда ойды қозғау, ояту арқылы әсер ету жүзеге асады. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты –оқушының белсенділігін, ынта-жігерін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады. Жұбымен, тобымен талқылайды.
2-кезең: «Мағынаны тану». Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетінше жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауға көмектесетін оқу стратегиялары бар. Соның бірі INSERT кестесі. Ол бойынша оқу тақырыбымен, мысалы 6 сыныпта «Сақтар тарихы» тақырыбымен танысу барысында,
Ү-білемін;
-- білмеймін;
+- мен үшін жаңалық;
?- мені таң қалдырды;
белгілерін қоя отырып, мәтінді оқу тапсырылады. Оқушылар білетіндерін анықтап, 5 сыныпта өткенді естеріне түсіреді, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді.
3-кезең: «Ой толғаныс». Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Бұл кезеңде оқушыларға «Тарихи диктант», «Венн диаграммасы», «Даталар сөйлейді» т.б осы сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне қарай лайықты қолданылады. Олар оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы қолданылған сабақтың нәтижесі төмендегідей болады.
Достарыңызбен бөлісу: |