Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет17/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   24

Оның әдебиет туралы мақалаларының барлығы тек қана бiр – ақ мақсатпен – партияда жоқ әдебиетшiлердiң, оның iшiнде менiң есебiмнен өзiне саяси бедел жинау үшiн жазылды. Ол қысылып - қымтырылмастан – ақ, менiң «Қаракөз» атты пьесамның сыйлық алуы Сәдуақасовтың тамыр – таныстарының арқасы деп жала жапқан болатын, шын мәнiнде бұл сыйлықты құрамында Жандосов, Майлин, тағы да басқа комиссия мүшелерi бар комиссия берiп едi.

Ол өзiнiң баспасөзде жарияланған арандатуларында мен туралы күйсегенi сондай, мен тек қана ақша үшiн жазады дегенге дейiн барды, сөйте тұра бiрде – бiр нақты деректi келтiрмейдi, әншейiн, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да жарасады дегендi желеу етiп, сол сыпыра жамандап, жаттанды тұжырымдар жасайды.

Тiптi баспасөз бетiнде маған қарсы ешқандай негiзсiзден негiзсiз шабуыл жасап, қуғындаған адамның өзi әшкереленiп, қара бет болғаннан кейiн, әрине, қиялына ерiк бередi, өзiнiң iс – әрекетiн Ақтау үшiн жалғыз–ақ жол қалғанын бiледi, ол – өзi қуғынға ұшыратқан адамдардың үстiнен жала жабу, қаралау, контрреволюционер едi – мiс, қазақ буржуазиясының көсемi едi – мiс деп кiнә тағу деп түсiнетiнi анық.

Маған қаратыла қолданылған мұндай теңеулердiң әдiлетсiз әрi оған мүлдем сенуге болмайтынын мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi мен ешқашанда контрреволюционер болғамын да жоқ, болмаймын да. Менiң идеологиялық тұрғыдан алғанда ұстамсыз жазылған шығармаларым болды, алайда контрреволюционер болатындай, кеңес құрылысын жоққа шығаратындай дәрежеде жазылған бiр шығармамды бiр адам көрсетiп берсiншi. Ал менiң 1928 жылдан басталған оқытушылық және ғылыми – зерттеу жұмысымның негiзi толықтай қалыптасқан маркстiк бағытқа құылды.

Қандайда бiр нақты саяси қылмыс жасағаным туралы күдiк те, ол туралы жүргiзiлiп жатқан тергеу iсi де менi бұған сендiре алмады. Менiң үстiмнен тергеу жүргiзуге тек қана Байдiлдиннiң ойдан шығарған жаласы жеткiлiктi болады деп ойламаймын. Сондай–ақ, 1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжiлiстi өткiздi деген мен туралы айтылған Аймауытовтың сөзi де (Голощекин жолдастың жоғарыда көрсетiлген сөзiнде келтiрiлген), жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi.

Тергеу iсiнiң аяқталып келе жатқанына және менiң тұтқындалуыма себепшi болған нақты әрекетiм туралы бiр ауыз сөз естiмеуiме, сондай – ақ түрмеде осыншама ұзақ уақыт қамауда отыруыма байланысты менi сұрақ - жауапқа шақырып, менi жазаға тартқан оқиғаның мәнiсiн көрсетуiңiздi сұраймын. Мұхтар Әуезов».

Мұхтар Әуезовтiң бұл жолғы мәлiмдемесi барынша батыл әрi сенiмдi түрде баяндалған. «Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi». Алғашқы кездегi көңiлдiң алабұртқаны мен алаңдауы басылып, ендi тiкелей Шарпысу мен қарпысуға бекiген сыңайы танылады. Тергеушiнiң «жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанын» меңзеуi – олардың арасына сенiмсiздiк тудырып, өзара кiнәластыруды қарастырған аярлық екендiгiн Мұхтар да түсiнген. Голощекиннiң баяндамасындағы Жүсiпбек Аймауытов арқылы «әшкереленiп шығуы» сондай айла екндiгiн де аңғарған. Берiлген жауаптар да соны растайды. Оқиғаның барысына қарай екеуi бiрiнiң атын бiрi атағаны болмаса, жастық шақтан басталған достық көңiлдерiне шiркеу түсiретiндей жаңсақ жала мен әбес сөз айтпаған. «Аймауытовтың сөзi де, жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi», - деп уәж айту арқылы Мұхтар тергеушiлердiң бопсасының бетiн қайырып тастады.

Ал, мәлiмдемеде айтылған екiншi адам Әбдiрахман Байдiлдин туралы мұндай сүйiнштi сөздi бiлдiруге әсте келмейдi. Өткен тарауларда баяндалғанындай, осынау ұшқалақ та таяз ойлы адам талайға кесiрiн тигiзген. «Алаш iсiндегi» аса қауiптi, өзiн де арандатып тынған бұл кiсiнiң өзгеге қазған оры өзiне көр боп бұйырды. Барлық қоясын шығарып, алаш азаматтарын қаралатып алған соң оның өзiн ату жазасына кестi де, тiрi куәнiң көзiн жойды. Тек қана Мұхтарды ғана ажал оғына итермелеп қойған жоқ, өзi танитындардың барлығын шырмауықша шырмады. Оның тергеушiлерге де сүйкiмi кеткенi сондай, олар мұны ашықтан - ашық – қорғауға көштi. Бұған өзiнше ренжiген Әбдiрахман Байдiлдин прокурордың атына қарсылық бiлдiрiп:

«6 шiлде, 1929 жыл, Алматы.


«Мен, Байдiлдин, Логачев жолдасқа ешқандайда жауап бергiм келмейдi. Ол кеше менi жолдастыққа жатпайтын мiнезiмен жәбiрледi. Ол маған: сенiң тұтқындалуыңның нәтижесiнде өзiңдi де, өзгенi де әшкерелейтiн толып жатқан құжаттарды қолға түсiрдiк, сенiң партиялығыңнан түк те қалған жоқ, мен ГПУ – да қызмет iстеп жүрген кезiмде сенен де биiк ұшып жүрген мыңдаған адамның қанатын сындырған болатынмын, - деп қоқонлоққы жасады. Осыдан 3 – 4 күн бұрын менен жауап алған кезiндегi маған көрсеткен жұмсақтығын ұмытып, кеше дөрекi мiнез көрсеттi. Алдында ол сондай биязы мiнез танытып едi. Сөйтсем, онысы екiжүздiлiк екен, ол менi жек көредi екен. Мiне, сондықтанда мен оған тергеу кезiнде жауап беруден бас тартамын», - деп мәләмдеме жасады.

Бұл – аңғалдық па, алаңғасарлық па? Әлде ақылдың алжасуы ма? Әйтеуiр парасатты, өмiрдiң шындығын бағалай бiлетiн адамның сөзi емес. Өзiн ату жазасына бұйырып отырған тергеушiден қандай достық күтпек? Жанын сақтап қаламын деп жанын суырып берiп отырғанын шыныменен де аңғармағаны ма? Өкiнiшке орай, ол мұнымен де тоқталған, екпiнiн үдетiп, «тағы да айтарым», «өткен жолғы жауабыма қосарым» деп қойып, отыз - қырық беттен тұратын «жауаптарын» көпiртiп жаза берiптi. Тарих бұл адамды қалай ақтайды? Оның жолын бiлмеймiз. Алайда, ар – ождан тұрғысынан алғанда, кешiрiм бола қоймас деп ойлаймыз. Мұндай үкiмдi айту – бiзге де ауыр. Бiрақ ол кiсiнiң әрекетiне жекжаттары мен үрiмдерiнiң ешқандайда кiнәсi жоқ екенi анық. Сондықтан да заманның диiрменiне түскен тағдырды тәлкек етулiң өзi де қисынсыз. Ол өзiнiң жазасын өзi алды, өзiне өзi өлiм жазасын кестi. Бұл да зауалдың бiр түрi. Мұхтардың жанын күйдiрген жан иесi туралы бұдан артық сөз қозғауды лайық деп таппадық.

«Алаш iсi» мен «Алқа» туралы әңгiме қозғалғанда қағазға аты жиi түскен адамның бiрi – Абдолла Байтасов. Аудармашылығымен, шағын мақалаларымен, сыни пiкiрмен сол тұста жұртқа танымал болған, жолдастарының арасында үлкен беделге ие болған бұл азаматтың да әдеби мұралары толық зерттелген жоқ. Көзден таса қалып келедi. Әдебиетте елеулi iз қалдырмағаныменде, сол кездегi ұлттық мүдденiң туын ұстаған азаматтың Жүсiпбек Аймауытовқа жазған хаты тергеу қағаздарының iшiнде тiркеулi жүр екен. Тура бiз сөз еткен әдеби ортаға тiкелей қатысы болғандықтанда және оның көзқарасын толық бiлдiре кету мақсатымен бұл хатты толық жариялауды мақұл көрдiк. Осындай хаттардың iшiндегi пiкiп алысулардан барып «Алқаның» өмiрге келгенi аян. Оның үстiне, осынау дегдарлардың жандүниесiнен мағлұмат беретiн деректердiң көзi де шамалы. Сондықтанда дос адамдардың арасында ғана айтылатын кейбiр жеке мәселелердi де қысқартпадық. Өмiрдiң аты – Өмiр. Ол үнемi – күйiнуден тұрмайды, сүйiнiш те силайды. Сонымен қатар, бұл хаттың түрме тартпаларынан жуырмаңда жарыққа шыға қоюы да неғайбыл. Сонымен, елге демалысқа кеткен Абдолла Байтасов өзiнiң сыралғы досы Жүсiпбекке былай деп сәлем жолдапты:
«Жүсiпбек!

«Көрмегелi көп айдың жүзi болды» дегендей, бiр – бiрiмiзбен көрiспегелi көп уақыттар болып та қалды – ау! Сенiң биылғы жазған хатың маған кешiгiп тидi. Сондықтан саған iле жаза қоймадым. Өйткенi сенiң адресiң өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкентке барған соң қапшықтың ауызын бiр–ақ шешiп, жаздайғы бастан кешкендi бiр көйтермiн – ау деушi едiм.

Не керек, жолыға алмадық. Сенi Қызылордада кездестiремiн деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күнi таңертең Жақаңдыкiне (Мiржақып Дулатов – Т. Ж.) барсам, Ж.: «Жүсiпбектi шығарып жаңа ғана вокзалдан келдiм» - деп отыр. Санды бiр –ақ соқтым. Сенi Ташкент пен Қызылорданың бiрiнде болар деп ойлап едiм. Болмаған себебiңдi Жақаңнан естiдiм. Ж. айтуынша: «Дәлелi – дәлел!» - дейдi. Және Женяның (жеңгенiң) науқасы, Ташкент ауасын жақтырмайтындығы екiншi себеп болса керек. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, ендi орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сенi Шымкентке шақыртуы күштi көрiнедi (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едiм), Өзiң ырза болсаң, олар сенi тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едiк деп ынтық - ақ болып отыр. Әуесi жақсы жер, барсаң да терiс болмас едi. Әлi де кеш емес қой.

Ендi әңгiменi өз жағыма аударайын. Жаз – ай жарым елде болдым. 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңiл – күй жақсы. Әзiрше ойлаған нысанаға дәл тиiп келедi. Ана жағын айтам. Бiзге қырын қарайтын (Өсек айтпаса iшi кебетiн бiр адамдардан келген хабар болса керек) бiреу ол туралы саған терiс информация берген сықылды. «Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгерiп қалса да, сырттағы бiр күш ерiксiз...» - деген сықылды. Бұл сөздердiң источнигi атақты қу атышулылардан шыққан көрiнедi. Әмининың сiңлiсiн Байдiлдин алды. Ол тұқыммен бiз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйiмiзден еш бiр өзгерiс болған жоқ. Қайта одан көрi өмiр қызығырақ болған сықылды. Бiрақ саған ол күйдi суреттi түрде сездiруге қалам шабан ғой. Өзiң ауызға салып жiберсең: «Иә, солай!» - дер едiм. Қалайда, көңiл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бiтiруiне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал – жайымыз осы.

Мағжанға жолықтым. 15 күндей бiрге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенiң соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейiн айызым қанған сәулетшi қалам «Нұр күйi» болды. Қызыққандықтан әлденеше оқыдым дейдi. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менiң ойларымды нық бекiттi. Қуандым. Онымен түрлi мәселелер туралы көп кеңестiм. Соны пiкiрлерi бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: «Түбiнде жалғыздар тобы жасайды, бiз жалғыздар тобының құрамасымыз», - деп жазады екен. Бұл пiкiрдi Мағжан да қуаттайды. Екпiнi күштi қалам, сиқырлы сөз, негiзi берiк пiкiр түбiнде алып та, шалып та жығады деп ақын шалқып – ақ жүрген көрiнедi. Оның настроениесiн көтерiп отырған – Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пiкiр жарысы бар, майдан бар сықылды. Еуропа әдебиетшiлерiнiң де соны пiкiрi жарыққа шығып қалатын шақтары болады дейдi. Марксшылдыққа қарсы пiкiрдi қолдайтын әдебиетшiлер де пiкiр ұсынатын сияқты. Тегiнде бiрезулiк қылмай, ғылыми жетiп, сығалап жүрiп таңдап алса, пiкiр–пiкiр тудыратын майдан шығатындай. Қапелiмшiл желөкпелер көп ағымның арасында кез – келгенiнiң бiреуiне қақтығып, саломдай салмақпен бiреуiне ерiп жүре беретiндей сияқты. Бiздiң Қызылорданың ВАП-ы да сондай бiр ағымға ерiп бара жатқандай деседi. Түрлi әдебиет ағымдарымен таныстыру үшiн олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жiбермек болды. Сен де сұрап алып таныс.

Мағжан саған жазудан қажитын емес дейдi, өзiң де ендi шет тұрғаннан кейiн жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – Т. Ж.) «Восиздаттың» нау. сотрудниктерi. Мүмкiн бұлар арқылы жазуға кiтап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кiтаптарын қазақшаға аудару керек дейдi, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.

Мұхтар: «Әдебиет соңынан жарық алып түстiм. Оқимын» - деп Ленинградқа кетiптi. Оның «Таңдағы» соңғы жазған әңгiмелерiн оқып шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де жақсы – ау! Мұхтар Мағжанмен жиi жазысып тұрған екен, пiкiрлерiн оқыдым. Олардың ендi бiр ойы – сол ұйымдардың бiр қазаққа қолайлы деген бiреуiне қатынасып, қазақ әдебиетiне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пiкiрлерiн тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бiрнеше қырғыз, қазақ тiлдерiнде шыққан әдеби кiтаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделi кiрісемiн деп отыр.

Ташкентте тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспiз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремiн деп барып едi, «Жәшейке қабыл алмады», - деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школаға кiрдi. Мен орыншамын. Менiң мұндағы қуанышым: педфак түзелiптi, программа жақсы. Әдебиет тарихы, тарбие жағы күштi. Әзiрге оқу басталған жоқ.

Жалғызсырайтын емеспiн. Жолдастар бар. Әйтседе, сенiң орының бөлек. Биылғы хатын менi көп желпiндiрдi. Жазып тұр. Не жазайын демессiң. Өмiрiмiздiң қою- сұйығы, ащы – тұщысы бiр – бiрiмiзге мәлiм шығар деп ойлаймын. «Туғаныңды көргемiн жоқ, өлгенiңе жыламаймын», - дейтiн жерiмiз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзiнен қымбат нәрсенi мен өзiм әзірге бiлмеймiн. Жалғыз–ақ, шын достық санаулы екенiн бiлемiн. Бiрақ достық тар кезең, талма жер көрсететiн көрiнедi ғой.
Жап – жақын жайшылықта көп достарды,

Мен неге жамандықта сирек көрем, -

дейтiн ақынның сөзi сүзiлiп өткен таза сөздiң нақ өзi шығар деп ұғамын. Сенiң жақсылығыңа мерейi өсiп қуана алмаған, жамандығыңа жаны ашып күйзеле алмаған ерлiгi жоқ ездердiң не керегi бар?

Жарайды, жазып тұр.

Женеге (Женя, Евгения – Жүсiпбектiң әйелi – Т. Ж.) жақсылап сәлем айт.

Бектұр, Мәруә, Жанақ жолдастарға сүйiп сәлем. Анық адресiңдi жазып жiбер. Абдолладан сәлем.

Ғабдолла. 12 / IХ».
Жылы көрсетiлмеген бұл хаттың шамамен 1924 жылдың аяғында жазылғандығы байқалады. Өйткенi, Мағжан мен Мұхтар өзара пiкiр алысып, жаңа әдеби бағытты бағдарлайтын үйiрме ашудың жоспарын талқылап жүргендiгi туралы мәлiмет соны растайды. Бұл кезде Мұхтар да оқуда жүрген болатын. Жүсiпбектiң «Нұр күйi» дастаны да сол жылы жарық көрдi. Мұндағы әдебиет туралы пiкiрлер де назар аударарлық. Абдолла Байтасовтың куәлiгiне илансақ, онда «Алқаны» құру идеясына Мұхтар Әуезовтiң де дем бергенi байқалады. Екiншiден, мен үшiн үлкен бiр тосын жай – Жүсiпбектiң жалғыз қызының қазақша есiмiнiң аталуы. Әкесi ақталған кезде және одан кейiн де Муза Жүсiпбекқызымен ұзақ - ұзақ әңгiмелескен кезде, ол көзiнен жасы моншақтап отырып талай – талай тағдырдың сын баяндап берiп едi. Сонда: «Әкеңiздiң сiзге қойған қазақша атының болмауы мүмкiн емес», - дегенiмде, ешнәрсенi есiне түсiре алмап едi. Мына хаттағы айғақ бойынша Музаның шын аты – Мәруә болып шықты. Бұл да бiр сүйiнiштi жай. Абдолланың өз хатында ашып жазғанындай: «тар кезең, талма жер көрсететiн» нағыз достықтың сыналатын кезiн олардың бәрi де бастарынан кештi. Әрине, достықтың құнын мұндай күнде сынаудың бетiн аулақ қылсын деңiз. Бұл -–сын емес, жаза. Әдiлетсiз жаза. Заманға, да, адамға да, достыққа да қиянат. Бiрақ кеңес өкiметiнiң өмiр сүру «салтанатының» өзi тек қиянаттан, жазалаудан, құрбандықтан тұрды емес пе. Ендеше оған таңданудың ешқандайда жөнi жоқ.

Әуелде, «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрып, «Табалдырық» атты бағдарды жазғаны үшiн айыпталған Мұхтар Әуезовтiң «қылмысы ауырлап», ендi кеңес өкiметiнiң экономикасына қастандық жасаған бүлiкшiл, оқу –ағарту iсiндегi шараларға кедергi келтiрген, марксшiл iлiмге қарсы үгiт – насихат жүргiзген идеологиялық дұшпан болып шыға келдi. Тергеу барысында мұның барлығын жоққа шығарған Мұхтар Әуезов осыдан екi жыл кейiн жазған «Ашық хатында» жоғарыда жазғандарының бәрiн терiске санап, «қатесiн мойындады». Тiптi, «Алқа» үйiрмесi туралы да мүлдем басқаша пiкiр бiлдiрдi. Ол:

«Алқаның» бағытын әдебиеттегi жаңа төңкерiсшiл бағыт деп қабылдауым да терiс едi. Анығынла ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негiзiнде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетiп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негiзгi бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазiрде қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерiстiк мiндеттердi түсiну жолында, мен ол «Алқаның» терiс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбiр байланысым жоқ деп санаймын», - деп алдыңғы пiкiрiнен айнып кеттi.

Шығар үкiм шығып қойған соң дәл осылай бүгежектеудiң қажетi бар ма едi. Бар едi. Өйткенi, бостандыққа шығарғанменде, еркiндiк бермейтiн. Бұл «Ашық хат» аз да болса тыныс алудың амалы едi. Ал түрмедегi жауаптарынан ерекше бiр қайсарлы мiнез аңғарылды. Тiптi кей тұста тергеушiнiң өзiне кiнә таға сөйлейдi. Мұхтардың – Мұхтарлығы түрмеде сыналды. Мына жауапқа назар салыңызшы:


«ГПУ–дiң өкiлеттi өкiлiнiң орынбасары Ольшанскийге және Попов жолдасқа

Тұтқын Әуезов Мұхтардан


Мәлімдеме

6/ХII күнгi маған көрсетiлген айыптау қорытындысына қарағанда мен 58 – статьяның 7 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылыппын, оның мағнасына (формулировкасына) орай менiң түсiнгенiм мынау: мен Досмұхамедов пен Тынышбаевтiң ұйымының құрамына мүше болыппын – мыс және сол ұйымның тапсырмаларын орындай жүрiп, кеңес мекемелерiндегi бұл ұйымның идеялық ықпалын күшейтуге әрекеттенiппiн, жерге қоныстандыру, баспасөз, мектеп саласы бойынша жүргiзiлген аса маңызды шараларды жүзеге асыруға тосқауыл қойыппын, мұндай мемлекеттiк жоспарлы iстiң атқарылуына мен кедергi жасаппын – мыс.

Мен өзiмнiң өмiрiмде қандайда бiр мекемеде iстемейiн, бiрде – бiр рет 7 –тармақтағы айыптаудан туындайтын экономика саласындағы контрреволюциялық бүлiкшiл әрекетпен айналысқан емеспiн және бұл айыптың маған қатысы бар екендiгiне ешқандайда сенбеймiн.

Оның үстiне мен 1924 жылдан бастап Қазақстанда қызмет iстегемiн жоқ (1924 жылға дейiн Ленинградта тұрып оқыдым, ал 1928 жылдан бастап тұтқындалған күнiме дейiн Ташкентте тұрдым, САГУ –дiң ғылыми қызметкерi болып iстедiм).

Сондай – ақ соңғы екi жылда мұнымен қоса қазақ мектептерiнде (оқу – ағарту институтында және орман шаруашылығы техникумында) қазақ әдебиетiнiң тарихының оқытушысы ретiнде өткiзiлген дәрiстерiмдi өкiметiң ағарту саласындағы бекiтiп берген бағдарламасына қарсы жүргiздi –мiс деген айыпты да мойындамаймын, керiсiнше, қазақ әдебиетiн маркстiк әлеуметтiк тұрғыда оқытуды негiз етiп алған менiң жұмысым өзiнiң пайдасын тигiзгенiне және Қазақстанның орта мектептерiнiң әлеуметтiк бағытына сай жүргiзiлгенiне ешқандай шүбәсiз сенемiн. Бұл бағдарлама қазақ әдебиетi мен қоғамтану пәндерiнiң оқытушыларының 1930 жылы жазда өткен өлкелiк кеңесiнде бекiген болатын. Екi жылдық ұстаздық қызметiм тек осы бағдарламаның негiзiнде жүргiзiлдi, ал бұл бағдарлама марксизмге жат идеология мен қондырғылардың барлығын батыл ысырып, терiске шығарады.

Баспасөз беттерiндегi мақалаларыма орай сiздiң назарыңызды мына мәселеге аударамын: Қазақтың мерзiмдi баспасөздерiндегi идеологиялық күрес пiкiр алысу (дискуссия) үрдiсiнде бiреше жыл бойы жүргiзiлдi, менi сырттай қосақтап кiргiзiп қойған әдеби топтың кқзқарасын көздеп бiр де бiр мақала жазған (1922 – 23 жылдан кейiн) жоқпып. 1926 жылғы қаңтар айынан кейiн жарық көрген жалғыз шығармам - «Қилы заман» повесi. Алайда ол тарихи шығарма болғандықтанда, бүгiнгi күнге ешқандай қатысы жоқ. Ал соңғы жылдары басылып шыққан оқу құралдарына келетiн болсақ, мен оны қазақ мектебiнiң бастауыш кластарына көмек көрсету үшiн ғана жаздым.

Жалпы алғанда, мен өзiмнiң әдеби шығармаларымда ешқашанда контрреволюциялық арандатуға барған емеспiн, егерде алғашқы кезде жiберген идеологиялық ауытқуларым болса, онда оның қандай дәрежеде зиян әкелгендiгiн, қандай пайда келтiрiлгенiн тергеу орындары емес, өлкелiк комитеттiң тиiстi бөлiмдерi анықтауы тиiс. Сондай–ақ, жоғарыда аталған туындыларды 7 – тармаққа әкеп қосақтау – шектен шықққандық деп есептеймiн.

Соңғы айтарым: Досмұхамедов пен Тынышбаевтiң астыртын ұйымына қатысың бар деген айыпты маған жабылған жала деп есептесе, одан мүлдем бас тартамын, басқасын былай қойғанда, мен оларды сондай бiр сүйкiмдi саяси тұлға деп ешқашанда таныған емеспiн. Тiптi қиыннан қылысып, жолымыз тоғыса қалған күннiң өзiн де, бұл екi адамға деген менiң көзқарасымның терiстiгiне байланысты, қасақана олармен бiрге жүрсем едiм. Бұл екi адамға деген өзiмнiң бағамды мен 1926 және 1927 жылдары – ақ берiп қойғанмын. «Сұғанақ сұр» повесiм мен Абайдың өлеңдерiне жазған алғы сөзiмде берiп қойғанмын. (Бұл екi қолжазбаны сiздердiң адамдарыңыз өзге жазуларыммен қоса алып кеткен болатын).

Байларды тәркiлеуге қатысты көзқарасымды бiр повесть пен орыс тiлiнде жазылған «Соңғы соққы» атты либреттомен бiлдiрдiм, онда бұған аса маңызды революциялық шара деп баға бердiм. Бұл «Соңғы соққы» деген атпен «Шығыскиноға» тапсырылды. Мұнда ешқандай өшпендiлiк жоқ, сол шараларды жүзеге асырған кездегi адамдардың шынайы iзгiлiк сезiмi суреттеледi.

Әуезов. 12/ ХII – 30 ».


Мұндай мәлiмдемеден кейiн айыпкердi тағы да жауапқа тарту үлкен дайындық керек. Солай болды да. Ол қайтадан араға тура он бiр ай салып барып тергеуге шақырылды. Бұл жолғы сұрақтар алыстан орағытылып барып қойылса керек. Өйткенi Мұхтар мұнда өзiнiң өмiр жолының елеулi кезеңдерiне баға бере келiп, кеңес өкiметiне сiңiрген еңбегiн баса көрсетуге тырысады. Екi тергеудiң арасының осыншама ұзаққа созылуы Мұхтардың ойланып жауап беруiне мүмкiндiк жасағанымен, түрменiң жағдайы оған әсер етпей қойған жоқ. Топырақты, толғанды, күйiндi, қорланды, ақыры өзiн – өзi қайрап, жауына қарсы ұмтылды. Алғашқы жолдағыдай көзсiз батырлық байқалмағаныменде, жан отының өшпегендiгi анық аңғарылады. Дәлелдерi де орнықты, сөздерi де ширақ. Әуелгi берген куәлiгiмен екi ортада пәлендей айырмашылық жоқ. Ал, Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев туралы пiкiрiне келетiн болсақ, бiрiншiден, мұны әр тұлғаның арасында бола беретiн қарым - қатынас ретiнде қараған жөн. Екiншiден «аразбын» деу арқылы ара жiгiн ашып алып отыр. Бұл – сыналған, сынақтан өткен, өзiн өзi ақтаған «түрменiң заңы». Ендi Мұхтардың сңғы жауабына келейiк:
«ОГПУ – дiң коллегиясына

Қазақ ұлтшылдарының қылмысты

iсi бойынша тұтқынға алынған

Әуезов Мұхтардан


Мәлiмдеме
Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификаций статей) көрсетiлген соңғы жолы маған тағылған айып бойынша, мен: 1) Ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен ВКП(б) – ның қатарына өтiппiн; сол мақсатпен отарлаушыларға (колонизаторством) қарсы күрестi желеу етiп өзiме пайдалы адамдарды кеңес мекемелерiне қызметке орналастырыппын; сондай – ақ - Байтұрсынов, Сәдуақасов, Досов және тағы басқалар дайындаған бағдарламаны 12 – партсъезде өткiзiп жiберу үшiн мен Бүкiлқазақстандық II кеңес құрылтайына жиналған барлық қазақ өкiлдерiнiң басын қосып, мәжiлiс өткiзiппiн.

Бұл сұрақтардың барлығына орай мынаны мәлiмдеймiн: бұрынғы түсiнiктерiмде iшiнара атап өткенiмдей менiң партия қатарына кiруiм туралы жоғарыдағы тағылған айып ешқандай шындыққа сай келмейдi, өйткенi менiң қоғамдық қызметiмнiң өзi партия қатарына өткеннен кейiн басталды деп есептеймiн. Өткен өмiрiмде iс жүзiнде де, идея жүзiнде де «Алашордамен» байланыс жасағаным жоқ, оның ешқандай мекемесiнде қызмет те iстегенiм жоқ. Жас болдым, бiлiм алдым. Керiсiнше, 1919 жылдың қараша айынан бастап қана Колчакқа қарсы астыртын ұйымның жұмысына араластым. Семей қаласындағы кеңестiк төңкерiс жүзеге асқан алғашқы күннен бастап мекеме жұмысын жөнге қоюға, кеңес өкiметiнiң мүддесi үшiн Семей қаласының оқушы қазақ жастары мен жұмысшыларын төңкерiс iсiне тартуға құлшына кiрiстiм. Қоғамдық қызметiнiң жол басы болғандықтанда мен ол жаныммен берiлiп, шын көңiлiмен, аса зор үмiтпен, жас адамға тән қызығушылықпен қызмет еттiм. Бiрақта өмiрлiк тәжiрибесi аз жас қызметкерге тән балаңдыққа байланысты, оның үстiне артта қалған ұлттық ортадан шыққанда және өзiнiң идеясы үшiн табанды түрде күресетiн саяси дәстүрдiң үлгiсi болғандықтанда еркiмдi көңiл – күйiме жеңдiрдiм. Сол тұста кеңiнен тараған өткен дәуiрдiң өктемдiгiнен – отаршылдық пиғылынан арыла да алмаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң әрекетi менiң көңiлiмдi суытып, әптiгiмдi басты. Отаршылдық пиғыл бiздiң, оның iшiнде менiң iшiмдегi ұлттық намысты қоздырды, бiрақ ол жоспарлы түрде (ұлтшылдықты ешқашанда өмiрлiк мақсат етiп көрген емеспiн) қалыптасқан ұлтшылдық емес, тек көңiл – күйдiң әсерi ғана болатын. Бұл сезiмнiң билеп алғаны сондай, бұдан әрi менiң партия қатарында қалуыма мүмкiндiк бермедi. Көңiлдiң жетегiне ерiп өмiр сүрiп, өзiңдi сынайтын нағыз шағымды iстi таппағандықтанда, бұдан әрi партия қатарында қалуым мүмкiн емес деп шештiм. Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды. Мен орталық комитетке арыз жазып, партиялығымды қалыпына келтiруiме болатын едi, ол кезде (партиядан 1922 жылы шығарды) аз ұлттың өкiлдерiне, оның iшiнде жастарға үлкен кешiрiммен қарағаны белгiлi, пратиядан шығып қалған қазақтардың бiразы дерлiктей қайта қабылданды, солардың бiрi боп мен де сөзсiз қабылданатын едiм. Алайда мен өтiнiш бергемiн жоқ. Парттиядан сырт қалдым. Сонда өз – өзiнен мынадай сұрақ туады: егер мен ұлтшылдардың тапсырмасымен партияға кiрген болсам, сонда ол тапсырма 1922 жылы толық орындалып бiттi деп ойлауға бола ма? Керiсiнше партияға жат пиғылмен кiргендер сол кезде де, одан кейiнгi жылдарыда әрi орындай беруге ұмтылмай ма?

Жас кезiмнен бастап өзiмнiң орынымды әдебиеттен iздедiм, тұңғыш пьесамның сәттi болып шығуы менiң барлық назарымды шығармашылық жұмысқа аударып әкеттi. Партия қатарынан шыққаннан кейiн мен саясатқа мүлдем енжар қарадым, таяу жылдарда, нақтылап айтсам 23/24 жылдары ендi ешқашанда саясатпен айналыспаймын деген шешiмге келдiм. Өзiмнiң өткен өмiрiмдегi әрекетiмдi iштей сараптан өткiзе келiп, өзiмнiң саясатқа мүлдем бейiмсiз екендiгiмдi аңғардым. Содан бастап саясатпен айналысқан емесiн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет