Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет13/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24

Мiне, осындай саяси қысылтаяң тұста екiншi бiр ұлтжанды топ сүзiлiп шықты. Олар бiр кездегi «жас алаштар» едi. Бұлардың күрес сахнасына келуi заңды құбылыс. Солардың қатарындағы ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов едi. Жер туралы заңның жобасы қабылданар кезде, Голощекиннiң қазақ ұлтымен оның ел мүддесiн қорғаған азаматтарына қарсы ашық жаулыққа көшкенде Смағұл өзгелерден жеке дара суырылып шықты. Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт –бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист – отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды. Солардың қатарында Ыдырыс Мұстамбаев, Сұлтанбек Қожанов, Халел Баббасов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов iспеттi «жас алаш» ұйымының өкiлдерi болды. Бұлар 1925–1929 жылдардың арасында Қазақстанның саяси, мәдени өмiрiнде шешушi оппозициялық-ұлттық нысананы мақсат етiп, ой– пiкiрлерiн мемлекеттiк деңгейде талқыға салған, ықпалды да қуатты саяси күшке айналды. Негiзгi үйлестiрушiнiң мiндетi Смағұл Сәдуақасовқа жүктелдi. Қандай пiкiр бiлдiрiп, мәләмдеме жасағысы келсе де, тiптi шығарма жазар алдында да оған өз ойын бiлдiрудi өтiнiп, хат жолдап отырды.

Голощекиннiң:

«Сәдуақасов дегенiмiз – бұл жиынтық есiм, ол – «сәдуақасовшылар» деген мұқым бiр жұлдыздардың шоғыры... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл партияның ықпалынан шығып кетуге жанталасып жүрген кеңес мекемесi... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл пролетариат диктатурасына қожалық еткiсi келетiн тұтас бiр ұлттық мәселе!», - деп күйiнiп айтуының себебi де сонда жатыр.


Егерде жаппай жазалау мен саяси қысыпағына ұшырағанда, мемлекеттiк мiнбеден:

«...‡немi Голощекиннiң көпiрме сөзiне сене беруге де болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың!», - деп ащы шындықты ашына ашық айтқан Ыдырыс Мұстамбаев iспеттi азаматтар Голощекин мен Ежовтың өзiн саясат сахнасынан ығыстырып шығаруы әбден мүмкiн едi.


Шындығында да, «сәдуақасовшылар дегенiмiз - ... тұтас бiр ұлттық мәселе» болатын. Олардың негiзгi мақсаты - «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы күрес едi. Мұндай қарсылықты тудырған – кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға қарсы бағытталған қастандық iс–әрекетi, ұлыдержавалық өктемдiгi мен үстемдiк көзқарасы. Мұны:

«Жазалау жүйесiнiң күретамыры - шовинизм», деп М. Тынышбаев өте тауып айтты.


2
Отарлау саясатының түпкi пиғылы – ұлттық танымның тамырын ұлы империялық апиынмен суару. Сөйтiп ең қасиеттi сезiмдердi жалған идеологияның жемтiгi ету. Мұндай азаматтың ақыл – ойының даму тарихындағы осынау қаскүнем саясаттан ешқандай мемлекеттiк құрылым бас тартқан емес. Әлемде әлеуметтiк теңдiктi орнатуға ант берген социалистiк жүйе бұл ретте бәрiнен де асып түстi. Ол – ұлт атаулыны, ұлттық тарихты, ұлттық сананы тап жауынан бетер жек көрдi. Билiк жүйесiндегi барлық тетiктi соған қарсы қойды. Ұлттың iшiне iрiткi салып, жаппай жазалаудың ең қатыгез жолын тапты. Ұлт мүддесi – жаудың мүддесi есебiнде танылды. Өйткенi бұл пиғылдың барлығы да Роза Люксембургтiң:

«Капитализмнiң тұсында ұлттың дербес өмiр сүруi ұлттың өзiн–өзi билеуi мүмкiн емес, ал социализмнiң кезiнде ол тiптi басы артық мәселе», - деген әйгiлi қастаншықпағыр қағидасының негiзiнде жүргiзiлдi.


Ресей жаhангерлiгiнiң барлық отаршыл аяр саясаты кеңес өкiметiнiң де дiттеген жерiнен шықты. Көкiрегiн жеген өкпе құртына айналған ұлт мәселесiн олар қашан естерiн жиғанша еске алмауға тырысты. Бiрақ орайы келгенде орып, қылтасынан қиып тастауға ұмтылды. «Әлсiз жау – ең сенiмдi дос, - жауымыздан да бетер қатерлi», - деген П. Я. Чадаевтiң кекесiндi пiкiрiнiң желiсiмен жүрген большевиктер, аз санды ұлттарға келгенде бұл қанатты сөздi толық мағынасында жүзеге асырды. Төңкерiс, азаматтық соғыс тұсында езiлген ұлттарды есiркеуге уәде етiп, «әлсiз жау» ретiнде дос тұтты. Ал, «есептi досқа» айналып, бауырына кiргенде дұшпанынан бетер түршiге өшiктi. Ресейдiң құрамындағы 140 миллион халықтың 75 миллионы орыс едi де (Олардың iшiнде өзiн орыспын деп есептейтiн Ленин, Троцкий, Бухарин, Каменев, Свердлов, Дзержинский, Фрунзе, Голощекин т. б., жүздеген мың сiңбелер бар), қалған 65 миллионы өзге ұлттар едi. Ресей үшiн тек қана шикiзат қажет болатын. Онсыз; ақ немесе қызыл жаhангердiң өмiр сүруi мүмкiн емес–тiн. «Әлеуметтiк теңдiктi» желеу жарымаған жарлылардың өкiметiнiң құлқыны – iшi майлы патшаның өңешiнен көрi де кең әрi ашқарақ едi. Сондықтан да, кеңес өкiметiнiң қомағай көмейлi кеңесшiлерi: кез келген «ұлттық мүдде мен құқыққа», сол ұлттардың дәстүрi мен тарихи мекенiн тануға, өзiн – өзi билеу еркiне, дербес мемлекеттiк саяси – экономикалық даму жолына, әскери –шаруашылық құрылым құруына, тiлiне де, дiнiне де, тiптi ұлттық теңдiгiне де қарсы өршелене күрестi. Лев Троцкийдiң мойындауынша мұның екiншi бiр психологиялық астары мынада:

«Шет аймақтағы езiлген халықтың ортасында өскен большевиктер жергiлiктi ұлт партияларымен күрес үстiнде тәрбиелендi және олар шовинизмнiң сананы улаған сарқыншақтарын жоюды былай қойып, сонымен қатар өркениеттi әлеуметтiк әдiл талаптарды онындаудан бас тартты. Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариятының коллегия мүшелерiнiң барлығы да орыстанып кеткен «жат жұрттықтардың» өкiлi едi, езiлген ұлттардың дамуына өздерiнiң қанына бiтпеген қияли бауырмашылдық арқылы күнделiктi iс – әрекеттерiмен оларға қастандық жасауға жұмысады. Бұл ежелден келе жатқан орыстандыру саясатын жүзеге асыруға жол ашты. (Лев Троцкий. «Сталин». 2 – том. 34 – бет.).

Ұлттық отарлау қыспағында өмiр сүрген «Қилы заманында» да, тәуелсiздiк алған тұсында да ең қауiптi құбылыс – ет пен терiнiң арасындағы Л. Троцкий дәл тауып айтқан осынау «арам бездер», янғи, «Қилы бауырмашылдар». Оларды кешегi, бүгiнгi, келешектегi ұлттық қозғалыстардың iшiнен қиналмай – ақ кезiктiруге болды. Оған кеше мен бүгiннiң арасын жалғастырған Голощекин мен бүгiннен ертеңге ауысатын Жириновский мен Масановты мысалға алсақ та жеткiлiктi. Ұлттық сана сүзгiден өтедi. Бiрақ «арам бездер» құрымайды. Бұл да табиғи заңдылық. Олардың әрбiреуiнiң кесiрi – ұлттық көсемдердiң мұқым бiр толқынын жер жастандыруға жетiп жатыр. Мәселенки: не орыс ұлтына, не еврей жұртына қайыр көрсетпеген, атасының атымен атасаң – Шая Ицкович, орысша есiмi – Филип Исаевич Голощекин, қазақтардың сиға тартқан аты – Қужақ, қазақ ұлтының мәйегiн төгiп, сүйегiн қу далаға шашып кеттi. «Ұлттар мүддесiнiң қорғаушысы, лениндiк ұлт саясатының көсемi» Лениннiң өзi де мұндай аярлықтың әккiленген тәлiмiн өте ептiлiкпен қолданды. Ол езiлген ұлттарды сондай жәдiгөйлiкпен жауырынынан сипап тұрып, жауырынымен жер қаптырды. Тәуелсiз Башқұртстан мемлекетi мен «Алаш» үкiметiн де екiжүздiк саясаттың құрбандығына шалды. Сырттай барынша жақсылық жасағансып «езiлген ұлттардың өзiн – өзi билеу еркi, бостандығы бар» - деп жалпы декларацияға кiргiздi де жеме – жемге келгенде башқұрттардың азаттық қозғалысы туралы Бухаринге:

«Тiптi, башқұрттардың өзi қанаушыларды құлатса, сонда да бiз оларға мұны жүзеге асыруға көмектесер едiк. Тек бұл төңкерiс пiсiп – жетiлген жерде ғана мүмкiн нәрсе. Бiрақ та мұны өте сақ, өзiмiз жылдамдатуға мүдделi боп отырған жайды тездетуге өзiмiздiң араласуымызбен бөгет жасамайтын жағдайда ғана жүзеге асыруымыз керек. Ал осы уақытқа дейiн өздерiнiң моллаларының ықпалынан шыға алмай жүрген тюркиздер мен сардар сияқты халықтарға қарата бiз не iстей аламыз», - деп қитұрқы емеуiрiн бiлдiрдi.

Астарына аңғарлының аңғарлысы ғана түсiнетiн жәдiгөй саясат. Ақыры Ленин өзiнiң дегенiне жеттi. Сипап отырған жоқ, сыбап отыр.

Ленин бiр қолымен аз ұлттың мүддесiн мiнберден көпшiлiкке көрсете ұсынды да, екiншi қолымен бұл мәселенi қайта көтерiлместей етiп, тура буынды тұсынан отап отырды. Өзгеге – өзге, тек қана Ресейде ғана емес, дүние жүзiне пролетариат диктатурасын құруға ұмтылған Лениннiң ұлт мәселесiнде ымыраға баруы, яғни әр бiр ұлттың тәуелсiз өмiр сүруiне мүмкiндiк беруi, оны қостауы жай ғана дақпырт қана. Бұл оның мақсатына, өмiр сүру тәсiлiне, тiптi күнделiктi берiлген нұсқау – бұйрықтарына қарама - қайшы келедi. Олай болған күнде оның жарлығын ешкiм де орындамас едi. Ұлт мәселесi жөнiндегi халық комиссариатына тегi «жат жұрттан» шыққан, бiрақ бойында сол ұлтқа деген өшпендiлiктен басқа қасиеттi бiр сезiмi жоқ «арам бездердi» қызметке қасақана алған да Лениннiң өзi. Ол аз болса:

«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бiр – ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», - деп жасырын бұйрық берген де Лениннiң өзi ғой.

Мiне, Лениннiң ұлттық саясатының түпкi мақсаты осы болатын. Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл - кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр. Оны келешек дәлелдер. Ал, бiз бұл ойымызды тiкелей тақырыбымызға әкеп сабақтасақ, онда Смағұл Сәдуақасов айтқан «коммунистiк колонизаторлықтың» да авторы – Ленин едi. Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi – сырт көзге қойылған сахна ойыны ғана едi. Шын мәнiнде, большевиктер отарлаудың жаңа түрiне, коммунистiк түрiне шұғыл әрi жазалау арқылы қауырт кiрiстi. Егерде, ұлттық қозғалыс аса буырқаныспен дамыған Украина мен Түркiстанда қасақана ашаршылық ұйымдастырып, ұлттық коммунистердi жазалаудың жаңа науқанын жүргiсу туралы Лениннiң өзi берген жасырын нұсқау мұрағаттардан табыла қалса, оған ешқашанда таңдануға болмайды. Өйткенi, большевиктер, 1921 –1922 жылдан бастап арандатудың ең қанқұйлы түрiне көшiп едi. Мұның етек алғаны сондай, Л. Троцкийдiң мәлiмдемесiнше, Лениннiң өзiне де у берiлген. Көсем де оған еш қарсылық бiлдiре алмапты. Демек, қазақ ұлтының зиялыларының 1922 жылы жаппай түрмеге қамалуы пәлендей кездейсоқ құбылыс емес.

Оған – әккi, аяр, «коммунистiк колонизаторлық» саясаттың берiлмейтiнiн И.Сталин 1918 жылы 28 наурыз күнгi «Правда» газетiнде жарияланған «Империализмге қарсы» атты мақаласында:

«Өмiрдiң өзi көзiн жоғалтуға үкiм шығарып қойған федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек... Россияны федерациялық құрылымға айналдыру үшiн аймақтарды өзара байланыстырып тұрған экономикалық және саяси тiзгiндi қию деген сөз, бұл ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет. Ресейдегi империализм ұлт мәселесiн шешуге дәрменсiз, шеше де алмайды, сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ, ол тек өзiнiң жарыместiк (донкихоттық - Т. Ж.) түртпектерiмен тарихтың дөңгелегiн керi айналдыруға тырысқандық, сөйтiп әбден шатастырады... Жарым – жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды», - деп ашық мәлiмдеген болатын.

Лениннiң жайдақ уәдесiне сенген аз ұлттардың өкiлдерi оның артындағы зiлi Сталиннiң сөзiнде жатқанына мән бермедi. Тiптi Сталиндi ол кезде мемлекеттiк тұлға деп есептеген де жоқ. Мiне, ендi соның ащы сыбағасына көз жеткiзу үшiн өмiрлерiн қиюға тура келдi. Сәл ғана тыныс алған тұста «достарын жау есебiнде» түрмеге жауып, тағдыр талқысына салды. Тек жекелеген таланттар мен тұлғаларды ғана емес, мұқым ұлтты отарлаудың тас диiрменiне салды. Бұрынғы ұлтшыл деген саяси желеу жайына қалды. Ендi тiкелей ұлттың өзiне шабуылға көштi. Бұған мүмкiндiк беретiн алғы шарттардың барлығы жасалып бiткен болатын. Өйткенi, идеологияға негiзделген қоғам... өзiнiң көздегенiмен үйлеспейтiн көзқарастың барлығын «дұшпандық әрекет» (Ясперс) деп бағалады. Бұл жөнiнен алғанда кеңес өкiметi кез – келген тираннан асып түстi. Мұндай қастандық психологиясын Ясперс «тек қана мойындамауға (отрицание) құрылған өмiр» деп баға бердi. Оның пайымдауынша:

«Өмiрге құшталықтың негiзi – сенiм екендiгiнен бас тартқан кезден бастап тоңмойын мойынсынбау басталды. Өзiңе – өзiңнiң көңiлiң толмаған сәттен бастап – ақ өзгенi кiнәлайсың, әйтеуiр сенен өзге бiреу кiнәлi болуға тиiстi, соны iздейсiң. Егер түкке түсiнбейтiн кеще кiсi болса, онда бәріне қарсы шығады. Барлық пәле – жаланы әйтеуiр бiр нәрседен – тарихи құрылымнан, толық танылмаған теориялық заңдылықтан көредi: бәрiне кiнәлi – капитализм, либерализм, марксизм, христиан дiнi және тағы да басқа ағымдар, - деп түсiнедi, қарсылық көрсете алмағандардың iшiнде белгiлi бiр топтар болуы мүмкiн, солар соқыртекенiң күйiн кешедi – ақыры бәрiне – еврейлер, немiстер немесе сол сияқты тағы бiр топтар кiнәлi болып шыға келедi».

Большевиктер де тура осындай қаскүнем психологияның толыққанды мойынсынбас можантопайларына айналды. Тұтас ұлттық қақ жарып, бiрiн бiрiне қырғызды. Таптық санамен таптатты. Оған аз ұлттарды желiктiрiп, ақыры жерiне жеттi. Ендi өздерi қанқұйлы етiп көзi қанталаған жарымжан ұлт өкiлдерiнiң өзiн мәңгүрттенуген мәжбүр еттi. Басты мақсат: олардың санасындағы дербес ұлт деген ұғымды мүлдем өшiруге кiрiстi. Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «Тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойын - серiк», «қосшы ұйымы», «керей қостары» арқылы тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды. Шет аймақтағы ұлттар – ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құрды, яғни, экономикалық басыбайлы аймаққа айналды. Мұндай сұрқия саясатты Смағұл Сәдуақасұлы сияқты алашқа адал перзенттер бiрден түсiне қойды да оларды «коммунист колонизаторлар» деп әшкерелеп бердi. Тура сол «коммунистiк колонизаторлық» саясатты тiкелей және шұғыл түрде жүзеге асыру үшiн Қазақстанға келген қужақ Смағұлдың өзегiн жарған уытты шындыққа тура жауап бермей, шаялығына салып:

«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек... Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», - деп мекерсiнде.

Шындығында да, қазақ ұлты жаппай аштан қырылып жатқанда «ешқандай жұмысы болмаған Мәскеу мен орталықта» Қазақстанның, оның iшiнде елiн аштықтан арашалаймын деп қуғынға ұшыраған Смағұлдың онда «қандай жұмысы болуы» мүмкiн. Аштарға жөнелтiлген азық - түлiктi «тек қана еуропалық ұлттардың шоғырланған жерiне бөлiп берiңдер» деп жарлық шығарған Мәскеу мен орталыққа кiмнiң қимасы қыши қояр екен. Сенесiз бе, қазақ ұлтының ел басыларының iшiнен де «қимасы қышитындар» шықты. Соның бiрi:

«Қазақтың «түйелерi» социализмге бет алды, бет алып қана қойған жоқ, соған жетiп қалды. Ол өзiнiң жалпақ табанымен жолына кесе көлденең тұрған Сәдуақасовты таптап тастайды», - деп те соқты. («Степь», 1928 жыл, 26 ақпан).

Алдымен Шаяның шаяны боп Смағұлды шағып, жұртын жұтатқан бұл « теңiзге қарап бақылдаған бақаны» (өз сөзi) да «социализмнiң жалпақ табан түйесi таптап кеттi». Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халал, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi. Жүннiң бiр қадағын 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қандай мұқтаждығы бар, мұның қай жерi ұлтшылдық? Немесе:

«Бiрiншiден, әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету – жақсылық, ал дайын матаны тасу – бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi – деген мәселе қандай теориядан туындап отыр. Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», - деген пiкiрдiң қандай терiстiгi бар. (С. Сәдуақасұлы. «Ұлттар мен ұлтжандылар туралы», «Большевик», № 1.).

Экономикалық-саяси, идеологиялық тұрғыдан алғанда жан–жақты тиiмдi бұл бағытқа большевиктер неге өршелене қарсы тұрды? Неге большевиктер Сталиннiң: «Шығыста социализм орнамай, дүние жүзiнде коммунизм орнамайды» деген сөзiн басшылыққа алудан бас тартып отыр? Гәп социализмде емес, сол социализмнен үмiт күтiп отырған «езiлген ұлттарда» болатын. Өзiн – өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын ұлт – социалтзмнiң де, «егеске айналған коммунизмнiң» де қас дұшпаны болатын. Одан гөрi ата жауыңмен ымыраға келген әлдеқайда тиiмдi. Егерде, ұлт аймақтарын орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, ол ұлттың өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылардың өзi кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Мұндай қауiптi күшейтпес үшiн ең алдымен ұлт аймақтарына, оның iшiнде Қазақстанға 360 мың еуропалықтарды сiңiрiп жiберуге тырысты. Ал ол кезде қазақ зиялылары патшалық отарлау саясатынан гөрi кеңес өкiметiнiң «коммунистiк отаршылдығының» анағұрлым жантүршiгерлiктей қасiрет әкелетiнiн болжап – біліп отырған. Бұған сол Смағұл Сәдуақасұлының:

«а) Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», - деген уәжі анық дәлел. (Сонда).

Мiне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп – жерде. Жер – адамды жейдi. Көзiн өңменiңнен өткiзi қадап, телмiртiп отырған да сол жер, қазақтың жерi болатын. «Тың игеру» науқанын Столыпин сұм аяқтай алмай кеттi. Ал, большевиктер өздерi атып өлтiрген Столыпиннiң бастамасын үкiмет басына келiсiмен шұғыл түрде жүзеге асыруға құлшынды. Бiрақ оған ұлт көсемдерi жол бермедi. Өзге шарасы қалмаған кеңес өкiметi жаппай жазалау саясатына жүгiндi. Ұлт көсемдерiн шетiнен түрмеге қамады. Тергедi. Қинады. Сонда да алаш азаматтары алған беттерiнен қайтпады. Өйткенi жер мәселесi - қазақ ұлтының өмiрi мен өлiмiн анықтайтын ең шешушi мәселе едi. Жер жөнiнде алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын. Патшалық Ресейдiң ең беделдi ғалымдары мен әскери барлаушыларынан, отарлау жүйесiнiң идеологиятары мен теоретиктерiнен құралған академик Щербинаның экспедициясының құрамында он жыл бойы зерттеу жүргiзген Әлихан Бөкейханов ел мен жер жөнiндегi мәселенiң астарын бүге–шiгесiне дейiн бiлетiн. Оның пiкiрiмен Щербина, Швецов iспеттi ғұламалар да есептесетiн. Оны түрме тергеушiлерiне берген жауабындағы:

«Е, тағы да жер мәселесi туралы заң шығарғалы жатыр екенсiңдер ғой. Бұдан бұрын да екi рет Халық комиссариаты жер мен жерге қоныстандыру туралы шешiм шығарардың алдында менi абақтыға қамап едi. Бiрақта аз ұлттардың өкiлдерiнiң, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерiнiң талап етуiмен Бутыркадан бiрден Кремльтдiң төрiне шығарып едi. Жер мен қоныстандыру туралы Халық комиссарлар кеңесiнiң қаулысы орыстандыру туралы қаулы екенiн дәлелдеп бергенiммен де, шешiм қабылданбай қалып едi. Өйткенi бұл қаулыны дайындағандар менiң патша заманында –ақ айтысып үйренген Николай патшаның орысшыл «қаражүздi» ғалымдары едi. Швецов сияқты әдiл ғұламалардың тұжырымы бұл iске тартылмапты. Ол жолы Бутыркадан шығарса да Мәскеуден кетiге рұхсат етпеп едi. Әй, бұл жолы қайта шығара қоймассыңдар, қабақтарың қабарып кетiптi», - деген мазмұндағы сөздерi толық дәлелдейдi.



Қанша түнерсе де тергеушiлер түрмеге бұл жолы да Әлихан Бөкейхановты жаба алмады. Ол – дербес әңгiме. Бiрақта алаштың 72 адамы тұтқындалып, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов бастатқан арыстар атылып та кеттi «Алаш iсi» атты бұл тергеудегi жер мен қоныстану мәселесi жөнiндегi «қылмысты әшкерелеп берген» де қазақтың жалаңтөс большевиксымақтары болатын. Жер мен қоныстану туралы қарарлар 1922 және 1925 жылдары аса құпия түрде дайындалса да, дәл сол кездерi Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде мырзақамақта ұстаса да, патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс –тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлекең арқылы алаш азаматтары толық мағлұмат пен ақыл – кеңес алып отырды.

  1. жылы жер туралы заңның ең соңғы кеңестiк – отарлаушы нұсқасы дайындалып жатты. Әлихан Бөкейханов басын бәйгеге тiге отырып қалайда қазақ халқының мүддесiн қорғауға бел буды. Өйткенi, өзге – өзге, қазақ ұлтының тағдыры тек қана жерге қарап қалғанын ол өте жақсы түсiндi. Оның бұл талабын 1929 жылы 27 мамыр күнгi тергеушiлерге берген түсiнiктемесiнен анық байқаймыз. Ескерте кететiн бiр жай; тергеу iсiнiң жауабында уақыт мерзiмi бiресе көктем, бiресе күз деп көрсетiлген. Бұл тергеушiлердiң жiберген қатесi болса керек. Iстiң барысына қарасақ бұл әңгiме күз айында өткен. Әлихан Бөкейханов бұл оқиғаны:

«1925 жылы (көктемде – Т. Ж.) КАССР –дiң Мәскеудегi өкiлдерi Қаратiлеуов пен Сириус менi өздерiне шақыртты да сол арада олар: РСФСР–дiң Жер комиссариатының бекiтуiне ұсынылып отырған Қазақстандағы жер бөлу нормалары туралы өздерi дайындап әкелген жобалары жөнiнде менiң пiкiр бiлдiруiмдi өтiндi. Мен олардың жобасымен танысып шыққаннан кейiн, бұл жобаның өте сауатсыз жасалғанына көзiм жеттi. Мысалы: адай уезiндегi әрбiр қожалықта 28 түйе бар деп көрсетiлiптi, бұл адам сенбейтiн нәрсе едi. Мен бұл ойымды оларға ашық айттым, олар: егерде мына норма сауатсыз жасалған болса, онда сауатты түрде норма мөлшерiн жасап беретiн адам тауып берiңiз, - дедi. Мiне, мен сол кезде оларға Швецовты тауып бердiм. Мен сол кезде (25 жылдың күзiнде? – Т.Ж.) Мәскеуде жүрген Олденбургқа жолықтым, олардың, яғни, Ғылым академиясының Қазақстанда үлкен ауқымды жан – жақты зерттеу жүргiзе алатындай мүмкiндiгi бар ма, жер нормасын дұрыс анықтаудың қандай тиiмдi жолы бар екендiгiн сұрастырдым. Ольденбург маған: егерде қазақ үкiметi бұларға ресми түрде өтiнiш жасайтын болса, онда зерттеу жүргiзiп беремiз – дегендi айтты. Ольденбургпен арамызда болған әңгiменi мен Мәскеудегi қазақ үкiметiнiң өкiлдiгiнiң төрағасы Мырзағалиевке жеткiздiм. Содан кейiн Ғылым академиясына ресми өтiнiш жiберiлдi, нәтижесiнде, 1926 жылы қаңтар айында арнайы мәжiлiс өттi, оған Қазақстанның атынан Жер жөнiндегi халық комиссары Әлiбеков, Жаманмұрынов, Қаратiлеуов және мен қатыстым. Онда үлкен ауқымда зерттеу жүргiзу жөнiнде шешiм -қабылданды. Зерттеудi жүргiзi үшiн құрылған жасақтың құрамына Швецов басқарған экономикалық - есеп тобы да кiрдi. Әлiбеков пен Қаратiлеуовке бұдан өзге ешқандай кеңес бергенiм жоқ. РСФСР –дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде Швецовтың жер нормасы жөнiндегi жоспары талқыланғанда, арнайы маман ретiнде мен ресми түрде шақырылдым, онда мен Швецовтың белгiленген жер нормасын қорғадым», - деп еске алады.

Әрине, түрме тергеушiлерiне жер мәселесi жөнiндегi жоба өзiнiң ешқандай қатысы жоқ екенiн, үкiмет адамдарына ақыл – кеңес бермегендiгiн, олармен ешқандай байланысы болмағандығын баса көрсетуi – аңдып отырған тергеушiлердiң әлгi аты аталған қайраткерлердi жауапқа тартып, түрмеге жабатыны сөзсiз. Әлихан Бөкейхановтың әр сөзi нақпа – нақ, логикалық тұрғыдан алғанда ешкiмде кiнә таба алмайтындай жүйеге құрылды. Мұны оған үйреткен – ұзақ жылғы отарлау жүйесiмен күрескен өмiр мен күрес тәжiрбесi едi. Қаншама құрсауда жүрсе де ол елi үшiн тәуекелге барып, Ғылым академиясымен қазақ үкiметi атынан келiсiм жүргiзгеннен кейiн, iстiң анық - қанығын бiлiп, жер жөнiндегi заң жобасында қазақ ұлтының мүддесi толық қамтылуы үшiн Қазақстанға келiп қайтуды ойластырады. Нәзiр Төреқұлов басқарған Мәскеудегi СССР халықтарының Орталық баспасының қатарындағы әдеби қызметкерi ретiнде жалақы алып отырған Әлихан Бөкейхановтiң жер аударылғандардан пәлендей айырмашылығы шамалы болатын. Оның жеке басының еркi шектеулi, өз еркiмен еркiн жүрiп – тұруға құқы жоқ, ал Қазақстанға келуге ресми тиым салынған болатын. Қадамы аңдуда жүрсе де ұлтының қамы үшiн көп iс тындырды. Отарлау саясатын әшкерелейтiн зерттеулердi жаздырып, оларды Мәскеудiң өзiнде басылып шығуына Әлекең тiкелей ұйытқы болды. Тергеу барысындағы сұрақ - жауаптың негiзiне жүгiнсек, оның бұл мақсатын толықтай жүзеге асыруға үш түрлi қысым жасапты. Бiрiншi, саяси қысым. Екiншi – ОГПУ –дiң тыңшылық әрекетi мен арандату қыспақтары. ‡шiншi, Нәзiр Төреқұлов басқарған кеңесшiл дәбірлер. Осындай үш жақтан қыспаққа түскен Әлихан Бөкейханов ұлтының тағдыры шешiлер тұста жасқаншақтық танытпады. Ұлтының тәуелсiздiгi жолындағы жанқиярлық азаттық күресiн батыл әрi аса сақтықпен тұрақты түрде жүргiзе бердi. Орынсыз әрекет – мiнезбен, ойластырылмаған оқыс шешiммен ұлттық рухтағы қайраткерлердi арандатып алмасуға тырысты. Дегенменде қанша сақтық жасаса да жер мәселесi тағдыр тәлкегiне түскенде сабыр сақтап қала алмады. Ғылым академиясы мен қазақ үкiметiнiң арасындағы ресми келiсiмге иек арта отырып, қалайда Қазақстанға келуге ұмтылды. Тергеу iсiне тiркелген: «Бұл хат сол кездегi Жер жөнiндегi халық комиссары Әлиасқар Әлiбековке арналған» - деген мына жазба соны толық растайды.

«Әли жолдас!

Сен менi қазақ Наркомземының атынан Қызылордаға он бесiншi октябрьге шақырып, маған қағаз жаз. Мен осы қағаздағы көрсетiп, ЦИЗ – ден (Орталық баспадан – Т. Ж.) бостандық сұраймын. Мұны қылмасам ЦИЗ менi «Жiбермеймiн» дейдi. Мен күштеп босанармын. Арамыз ашылып кетер. Мұның саған да, маған керегi жоқ.

Сен қағазды жазатын болсаң Смағұлдан берiп жiбер
Әлихан.

2/Х – 25 жыл» -

Ойлаған iсiн, оның iшiнде елiнiң мүддесi қозғалған тұста қалыс қала алмайтын табанды күрескер Әлихан Нұрмұхамедұлы осы хаттан кейiн ретiн тауып Қызылордаға келдi. Оны Елдес Омаровтың:

«1925 жылы Әлихан Бөкейханов профессор Швецовты ертiп Қызылода қаласына келгенде мен Қызылордада болатынмын, Әлиханмен жүздестiм. Ол бұрыннан жақсы таныс менiң әйелiме сәлем беру үшiн бiздiң пәтерге келдi. Оның келуiнiң басты себебi – Қазақстандағы жер бөлiсiне қатысты кесiмдi жер мөлшерiнiнiң көлемiн анықтау едi. Кiмнен естiгiм есiмде жоқ, әйтеуiр сол кезде ҚССР–дiң Жер жөнiндегi халық комиссариаты Қазақ қызметкерлерiнiң кеңейтiлген мәжiлiсiн шақырыпты деп естiдiм. Бұл кеңеске кiм қатысты және онда қандай мәселелер көтерiлдi, онысын бiлмеймiн және ол туралы естiгемiн де жоқ. Ол жөнiнде Бөкейханов маған ештеңе айтпады... Бiреулерден: «Өзге де қазақ қызметкерлерiмен бiрге Бөкейханов Байтұрсыновтың үйiнде қонақта болды», - деп естiдiм, бiрақта нақты кiмдердiң болғанын айта алмаймын, себебi ол қонақта мен болғамын жоқ», - деген тергеуге берген жауабы толық дәлелдейдi.

Демек, қазақ жерiнiң тебiнге түспеуi үшiн жүргiзiлген қозғалыстың ұйытқысы да Әлихан Бөкейханов болды. Ақмешiттегi жиналыстар мен пiкiр алысуларда, ресми талқылауларда баяндама жасап, жөн – жоба көрсеткен де Әлихан Бөкейханов. Голощекиннiң ықпалына түсе қоймаған қазақ республикасының мемлекет қайраткерлерi бұл тұста барынша бiр ауызды едi. Олардың арасына жiк түсе қоймаған, ұлттық мүдденi ұмытпаған тұсы. Сондықтан да «Алашорда» көсемiнiң және жалпы «Алаш» қозғалысының ұлттық бағдарламасын өзiнiң күнделiктi iс – әрекетiне ретiн тауып пайдаланып отырды. Ұлттық қайраткерлердiң арасына iрiткi салып, «щиналарға» бөлу – Шая –Қужақ келген соң басталды. Қужақ елiре сөйлеп, елдiң зықысын шығарып, азаматтарды бiр–бiрiне шағыстырып жатқанда алаш қайраткерлерi қазақ жерiнiң тағдырына араша түсу үшiн жанкештi күй кешiп жатты.

1925–1926 жылдардың арасындағы Әлихан Бөкейхановтың бүкiл тiршiлiгi осы жер бөлiсiмен оның кесiмiн анықтайтын ғылыми – зерттеу жұмысына арналды. Ленинград пен Мәскеудiң беделдi ғылыми мекемелерiнiң кепiлдiгiмен Адай уезiне аттанған экспедицияның құрамына кiрдi. Бөкейхановтың Қазақстанға келуi Голощекиннiң төбе шашын тiк тұрғызды. Әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариатының қызметкерлерiне ерекше күдiкпен қарап, олардың құрамын жиi ауыстырумен болды. Алайда қанша өршеленгенiмен де әлем таныған Ресей Ғылым академиясының ғұламаларының беделiне тосқауыл қоюға Қужақтың қауқары жетпедi. Бұған 1926 жылғы 2 маусым күнгi РСФСР Ғылым академиясының Төрағасы (Президентi) академик А.Е. Ферсманның төмендегi хаты айғақ. Онда былай делiнген:

«Аса құрметтi Әлихан Нурмухамедұлы!

СССР Ғылым академиясыеның Президиумы, Одақтық және автономиялы республикаларды зерттеу жөнiндегi ерекше комитетiнiң Сiздi осы комитеттiң Қазақстан экспедициясы жөнiндегi тұрақты экспертi болуға шақырған өтiнiшiн қарады, осыған орай Сiздiң Қазақстанның дәстүрi мен өмiрiн етене бiлетiн тұлға екендiгiңiздi есте ұстай отырып, аталған мәселе жөнiнде ерекше көмек көрсеткен болар едiңiз деген ниетпен, Сiздi комитеттiң құрамына енгiзу туралы ұсынысты өте құптарлық iс деп тапты.

Баяндалған жайды Сiздiң назарыңызға жеткiзе отырып, Ерекше комитет жоғарыда көрсетiлген негiздерге сүйене отырып Сiзден комитет құрамына кiруден бас тартпауыңызды сұрайды, келiсiмiңiз арқылы Сiз Қазақ АСС Республикасын жан–жақты зерттеу iсiне игiлiктi ықпал етер едiңiз.

Қазақстан экспедициясының мәселесi туралы комитеттiң таяу арадағы мәжiлiсiнiң өтетiн күнi Сiзге қосымша хабарланатын болады.

Төраға

академик А. Е. Ферсман.



Ғылыми хатшы Б. Линдер».
Аты әлемге әйгiлi академиктiң осылай жоғары бағалай отырып, асқан кiшiпейiлдiк көрсетуi, Әлихан Бөкейхановтың Ресейдiң қоғамдық - саяси өмiрiнде ғана емес, ғылыми лауазымдылардың ортасында да беделiнiң зорлығын танытады. Иә, Әлекең ұлттың көсемi екендiгiн досына да дұшпанына да таныта да, мойындата бiлдi. Бұл экспедицияның жұмысы туралы егжей – тегжейлi қазбалап жатпаймыз. Ал оның нәтижесi туралы бiр кезде Әлихан Бөкейхановпен бiрге Лениннiң қабылдауына барып, Қазақстанның қазiргi жер көлемiн бекiтетiрген Әлiмхан Ермековтiң тергеушiлерге берген жауабына толық мағлұмат бере алады. Әрине, сұрақ -жауаптың жөнi бiр бөлек. Оқиғалар iлгерiндi – кейiндi баяндала бередi. Сондықтанда шашыраңқы жазылған сияқты көрiнуi әбден заңды. Қайтемiз, азаматтың азаматтық қасиетiн дәлелдеу үшiн абақтының ақ қағазына жүгiнетiн заман туды ғой. Кейде түк табылмағаннан көрi, осының өзi де шүкiршiлiк қой деген ойға келесiң. Сонымен, Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен құрылған, профессор Сергей Порфириевич Швецов жетекшiлiк еткен жер кесiмi мен бөлу жобасы жөнiндегi мәселе былай қортындыланды.

Әлiмхан Ермеков: «...Сол кездегi жер мәселесi турасындағы менiң көзқарасымды осыдан бұрынғы жауаптарымда көрсеткен болатынмын, бiрақта мен жерге қатысты мекемелерде қызмет iстегенiм жоқ. Бұл жөнiндегi Әлихан Бөкейхановтың ұстаған бағыты мен оның тұжырымдары Қазақстанның жерге қатысты мекемелерiнiң жұмысына шешушi түрде ықпал жасады, сөздi ұзартпас үшiн айта кетейiн, аты шулы кезеңге (шамамен 5 партконференцияға) дейiнгi Жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс бағдарламсы тек соған ғана негiзделдi. Оны дәлелдеу үшiн мына деректерге жүгiнсек те жеткiлiктi, мәселен: КССР Орталық атқару комитетiнiң 1921 жылғы «Он шақырымдық жайылымдық жердi, қоныстандырушыларға бөлiнген жер мен орманды аймақтарды еңбекшi қазақ елiне қайтарып беру туралы» декретiн; ВЦИК бекiткен 1923 жылғы «Көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiн жерге қоныстандыру туралы» декреттi, Федеральдық комитетте ресми өкiлдiктiң болғандығын; оның жұмысына Швецовтың қатысуын еске алсақ та жеткiлiктi. Мен Швецовтiң экспедициясының жұмысымен етене таныс емес (Осы кезде мен Ташкенттiң педагогикалық жоғары оқу орынында қызмет iстейтiнмiн) едiм, бiрақта, бұл жұмыстың бағыты мен нәтижесi туралы кездейсоқ, алайда күнделiктi тiршiлiктiң қамхаракетiмен жүрген кезiмде мына жайды естiп, көңiлiме түйiп қалдым. Швецов экспедицияның қортындысын жазып бiтiргеннен кейiн: «Ендi ғана менiң жаным тыныш тапты, өйткенi менiң жұмысымның нәтижесiн Бөкейханов мақұлдады, ал мен оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын»- дептi. Демек, Швецовтiң экспедициясы да сол бағытты (Бөкейхановтың – Т. Ж.) сөзсiз қолдап шыққаны анық», - деп куәлiк бердi.

Патша заманында да Әлихан Бөкейхановпен бiрге ғылыми экспедицияға шығып, 1903 жылы Сiбiр темiр жолы бойының экономикалық, шаруашылық мүмкiндiгiн түбегейлi зерттеген С. П. Швецов екеуiнiң пiкiрiнiң бiр арнада тоғысуы заңды да болатын. Өйткенi олар көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiнiң жай –жапсарын, тұрмыс – тiршiлiгiн, өмiр сүру тәсiлiн, сондай –ақ отарлауға түскен тебiндегi теңсiздiк күйiн өте жақсы бiлетiн. Езiлген ұлтының азаматығы үшiн күрескен қыр баласының саяси көзқарасын, мемлекеттiк қайраткерлiгi мен жан тазалығын, жеке басының қасиетi мен қабiлетiн профессор С. П. Швецов жоғары бағалады әрi оның ұлтының мұң – мұқтажы мен мүддесiн түсiндi, силай да бiлдi. Ешқандай ұлы державалық, ұлы кеңестiк ықпалға ерiмедi. Саяси және ғылыми қыспаққа да көнбедi. «Оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын» - деуiнiң өзiнде де үлкен астар жатыр едi. Қазақ елiнiң басына дәл осындай қатер төнген кезде ешкiмнен қаймықпай тарихи шындықты, бiр ұлттың екiншi ұлтқа жасап отырған өктемдiгiн ғылыми тұрғыдан нақты тұжырымдап берген Сергей Порфириевич Швецов iспеттi зиялыларға қазақ ұлты қашанда қарыздар және өз ұлтын құрмет тұтатын әрбiр азамат олардың әруағына тағзым етiп, тiзе бүгуi азаматтық парызына саналмақ.

Атыраут өңiрiндегi осы экспедияция екi ғұламаның соңғы ғылыми сапары болды. Соның нәтижесiнде С. Ф. Барановпен, С. И. Руденкомен бiрiгiп жазған «Қазақтар. Антропологиялық зерттеулер» атты жинақ 1927 жылы Ленинград қаласында басылып шықты. Бұл экспедициялардың мән – жайы Сұлтанхан Аққұловтың тарихи өмiрбаянында толық талданғандықтанда, бiз оны қайталап жатпаймыз. Бiрақта сол тұстағы саяси қыспақтың құрсауы бүрiп бара жатқанын сезген Әлихан Бөкейханұлы туған өлкесiне соңғы рет көрiп қайтуға келiсiм бередi. Бұл кезде тыңшылар оның артына мықтап түскен едi. Аса қауiптi науқанның қарсаңындағы оның iс –әрекетi мен көңiл күйi Елдес Омаровтың тергеудегi жауабында барынша нақты баяндалған. Ұлылардың әр қадамы – тарихқа түскен қажеттi таңба. Сондықтан да бұл жауапты толық келтiремiз.

«Елдес Омаров, қазан айының 13 күнi, 1927 жыл жауап алған Логачев.

Елдес Омаров 1892 жылы туған, туған жерi – Қостанай, тұрған жерi – Ташкент, қазақ, кедей табынан шыққан, Ақпан төңкерiсiне дейiн мұғалiмдiк еткен және окрукгтiк сотта тәржiмашы болған, «Алашордада» қызмет iстеген, Ташкенттегi Қазақ педагогикалық оқу орынының ұстазы, бiлiмi – орташа, бойдақ, «Алаш» партиясының бұрынғы мүшесi, саяси көзқарасы – ұлтшыл, «Алашорданың» Қостанайдағы қазақ полкiнiң саяси жетекшiсi болған

...1927 жылы шiлде айының 15 күнi, мен – Омаров, қазақ оқу ағарту комиссариатының тапсыруымен өлкелiк музейдiң шаруасымен Орынборға бардым. Орынборда мен заң комиссариатының мүшесi Сейдазым Қадырбаевпен жолықтым. Ол: Орынбор уезiндегi Бөртi ауданында демалып қайту туралы ұсынысымды Әлихан Бөкейханов қостамады, маған хатарқылы бас тартып, жауап жазды, - дедi. Бөкейхановтың Қадырбаевқа жазған хатын өз көзiммен оқыдым. Маған – Омаровқа, Мәскеудегi ГПУ – дiң тергеу жүргiзуiне байланысты Әлихан Бөкейхановқа Қазақстанның шекарасына кiруге рұхсат етiлмейтiнi туралы хабар таныс болатын, оны Қызылордада да естiгенмiн. Мен Орынборда жүрiп, Әлихан Бөкейхановты бұрынғы Челябi уезiне қарасты Златоусть округiнiң Бозан хуторына демалып қайтуға шақырдым. Бозан хуторында отыздан астам қазақ үйi тұратын, оның барлығын бала кезiмнен бiлетiнмiн. Егерде Бозан хуторына демалуға келiсiм берген жағдайда маған Қызылордаға жеделхатпен хабар берiңiз деп Бөкейхановқа өтiнiш еттiм. Орынбордан Қызылордаға қайтып келгеннен кейiн оқу ағарту комиссариаты арқылы Бөкейхановтан мен айтқан жерге демалуға келiсiм бергенi туралы жеделхат алдым. Екi күннен кейiн Златоусть округiнiң Бозан хуторына жүрiп кеттiм, 1 тамыз күнi сонда келдiм. Бөкейханов әлi келмептi. Келесi күнi Қостанай округiнде демалып жүрген Нұрымов Ғаббас маған келдi. Оған осында келу туралы жеделхат жолдаған екен. 11 немесе 12 тамыз күнi Әлихан Бөкейханов келдi. Алғашында ол 2 тамыз күнi келемiн деген болатын, кейiннен 8 тамызға дейiн кешiгетiнi туралы жеделхат жолдады, соңынан 9 тамыз күнi Мәскеуден шыққанын хабарлады. Бөкейханов, Омаров, Нұрымов үшеумiз бiрге болған кезде, бiрiншi аталған адам бiзге жерге орналастырудың барысы туралы мағлұмат бердi. Ол бiзге өзiнiң ертерек келе алмағандығының себебiн айтты.

Сөйтсек: жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмысы комиссиясы – бұдан Қазақстандағы жер бөлiсiнiң мөлшерiн анықтайтын комиссияның жобасын талқылауға қатысу үшiн мұның Мәскеуде қала тұруын өтiнiптi. «Мәскеуде аялдай тұрыңыз», - деп Бөкейхановқа кiм өтiнiш бiлдiрдi, онда қандай өкiлдiкпен қатысты, ол жағын Бөкейханов маған айтқан жоқ. Ең әуелi РСФСР –дiң Жер жөнiндегi комиссариатының жер бөлiсi туралы шешiмi оқылыпты, оны сол Жер жөнiндегi халық комиссариатының бiр қызметкерi баяндап берiптi. Олар бекiткен жер бөлу мөлшерi негiзсiз деп табылып, қабылданбай тасталыпты. Бұл жер бөлу мөлшерiн қорғап сөйлегендер, аты есiмде қалмапты, профессор Верещагин дегеннiң беделiне сүйенiптi. Жер бөлудiң бұл мөлшерiне Бөкейханов қарсы сөйлептi, «ол бұлардың сүйенiп, қорғап отырған беделдi профессоры Патшаның тұсында келiмсектер басқармасында iстегенiн, онда орыс дворяндарының мүддесiн қорғағандығын әшкерелептi. Бұл профессорыңыз 1913 не 1914 жылы Мемлекеттiк думаның төрағасы Варун (? – анық танылмады – Т. Ж.) мырза арқылы Торғай мен Қостанай уезiнiң аралығындағы жердi қаратып алу туралы жарлық шығартты», - дептi.

Өзiнiң сөзiнде профессор Верещагин жер туралы мәселенiң тонын терiс айналдырып: «Тула губерниясының мұжықтары жерiнiң аздығынан және жерiнiң жоқтығынан қасiрет шегiп отыр. Ал оның есесiне Қазақстандағы бос жатқан жерде есеп жоқ», - деген көрiнедi. Бөкейханов оның уәжiне қарсы сөйлеп: «Бұл профессор бұрын ғой орыс помещиктерiнiң мүддесiн көздеп қазақтардың жерiн тартып алып, оны орыс помещиктерiне берiп едi. Егерде Тула мұжықтарына жер керек болса, онда бiз қазақтар, мына сияқты профессордың көмегiнсiз –ақ, олардың өзiмен тiкелей сөйлесемiз» - дептi.

Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, РСФСР–дiң Жер комиссариатының кесiмi бойынша жер кесiмi әдейi аз мөлшерде белгiленiптi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер бар дегендi дәлелдемек болыпты. Бұл кесiм – болашақта Қазақстанды отарлау үшiн пайдалануға жол ашады, - деп есептейдi Бөкейханов». Бұл - қазақ халқының мүддесiне қарсы бағытталған әрект. Бұл мәселенi қозғап отырғандар РСФСР –дiң Жер комиссариатының маңына топтасқан орыс мамандары. Егерде орыс мамандарының ықпалымен жасалған жер келiсiмi жөнiндегi жоспарды РСФСР –дiң Жер комиссариаты өмiрге енгiзетiн болса, онда бұл Қазақстанға қаратыла отарлау саясатын жүргiзу болып табылады. Осылай деп күйiнген Бөкейханов: «РСФСР –дiң Жер комиссариатының дәл қазiргi орыс мамандарының жетегiнде кеткендiгi өте қауiптi саясат, олар бұрынғы отарлаушылар болатын, бұл бағыт Қазақстанның сөзсiз отарлауына алып келедi», - дедi. Отаршылдықпен күресудiң қандай бiр әдiс – тәсiлiн Бөкейханов маған да, Нұрымовқа да айтқан жоқ. Ол: профессор Швецов белгiлеген Қазақстанның жер жөнiндегi комиссариатының жер кесiмi мөлшерi бекiтiлуi керек, РСФСР –дiң комиссариатындағы орыс мамандарының әрекетiне қарсы қолданылатын бiрден – бiр саясат сол дедi. Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, Қазақстанда басы артық жер жоқ. Бұл пiкiрдi, мен – Омаров та, қостаймын.

Мен – Омаров, Қостанайға қайтып келгеннен кейiн, Қостанай округтiк жер басқармасының бастығы Көшербаевтан Швецов белгiленген қазақ жер комиссаритының жер кесiмi туралы ұсынысын белгiсiз себептермен Мәскеудiң бекiтпегенiн естiдiм.

Мен – Омаров, қазақ халқының өмiр сүру тәсiлiне байланысты жердi пайдалануға таптық принцип тұрғысынан қарауды мүлдем қисынсыз деп есептеймiн. Өзiнiң шыққан әлеуметтiк – таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық иесi өз жерiн емiн – еркiн пайдалануы тиiс. Әрине, жер ең алдымен кедейлерге бөлiнiп берiлуi керек дегендi қостаймын. Кедейлерге жер бөлiнiп берiлген соң солармен тең дәрежеде және бiрдей мөлшерде бай қазақтарды да жермен қамтамсыз ету қажет. Жердi түтiн санына қарап емес, жан басына қарай бөлiп берсе, әдiл едi деп ойлаймын.

Хаттама маған таныстырылды және менiң айтқан сөздерiм дұрыс жазылды, сол үшiн қолымды қойдым – Омаров. (қолы).

Тергеу жүргiзген – Л. Логачев».


«Алашорда» көсемдерiнiң арасындағы «сүйкiмдi серi» аталған Елдес Омаровтың ерiксiз жазылған бұл естелiгi Әлихан Нұрмұхамедұлының көзқарасы мен жандүниесiн тереңiрек түсiнуге мүмкiндiк бердi. Сондай –ақ дүлейлi дауылдың алдындағы қатерлi кезеңде де өз араларындағы құрмет пен силасымдылықтың жойылмағанын, қайта қадiрi арта түскенiн аңдатады. «Өзiнiң шыққан әлеуметтiк – таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтiн иесi өз жерiн емiн –еркiн пайдалануы тиiс» - деген талаптың түпкi астарында: қазақ жерi - қазақтардың ұлттық меншiгi деген үлкен мағына бар едi. Бұл ретте қазақ азаматтары бiр пiкiрде болды. Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Кәрiм Тоқтабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов iспеттi үкiмет басында отырған қайраткерлер толықтай Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн қостады. Iштей қостап қана қоймай, мемлекеттiк ресми дәрежеде ат салысты, қайрат көрсеттi. Олардың түпкiлiктi пiкiрi Елдес Омаровтың мына куәліг-інен анық байқалады. Онда:

«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да елiмiздiң еуропалық бөлiндегi губернияларынан қоныстанушыларды көшiрiп әкелу туралы әңгiме болуы мүмкiн емес. Төңкерiске дейiн де, төңкерiстен кейiн де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергiлiктi халыққа жер бөлiнiп берiлгеннен кейiн, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егерде жергiлiктi қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшiн қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшiрiп жiберу қажет.

Өзбек пен Түрiкмен республикасы СССР–дiң құрамына кiрген жағдай да ғана Қазақстан СССР–дiң құрамына өз еркiмен ғана қосылуы тиiс және қазақ республикасының маңызын сақтап қалу керек. Менiң ойымша, қазақтың мүддесi тұрғысынан алғанда барлық қазақ коммунистерi тура бiздер – ұлтшылдар сияқты ойлайды деп сенемiн. Мәселен: Қазақстандағы Жерге қоныстандыру саясаты туралы мәселе жөнiндегi бiздiң – ұлтшылдардың пiкiрiн қазақ коммунистерi толықтай қостайды. Олардың нақты атын айтып, тiзiмдеп бере алмаймын, тек жалпылама топшылауым солай. Айтпақшы, мен – Омаров, жер бөлiсi жөнiнде халық комиссары Тоқтыбаев Кәрiммен сөйлестiм, сонда ол: Швецов жасаған жер бөлу жоспарын Мәскеу бекiтпедi, сондықтан да Қазақстанның коммунистерi, оның iшiнде мен де бұл ұсынысты бекiтуге күш салуымыз керек дедi», - деп жазылған.

Иә, алаш азаматтары ол тұста, яғни 1925 жылы бiр ауызды, өзара ынтымағы мықты, ұлттық мүдденi көздейтiн көзқарастағы ұйымшыл саяси күш едi. Шақпа тiлдi Шаяның кесiрiнен барып топ – топқа бөлiндi. Бiреуi – жалаң үгiт – насихаттың жандайшабына, екiншiсi – салпаңқұлақ тыңшыға, үшiншiсi – исалмас езге айналды. Соның нәтижесiнде ұлттың iшкi құрылымын реттеп, ертеңге бағыттап отыратын зиялы ой иелерiнiң берекесi кетiп, ұлы мақсаттары ұсақталып, арандатқыш идеологияның тас диiрменiнде ұнтақталып кеттi. Тұлғалар тозып, тобырдың қатарына қосылды. Сонда да парасат - қадiрiн, мақсат – мұратын бойында сақтап, елiрме саясатқа ермеген мемлекет басындағы табанды тұлғалар болды. Олардың арасындағы қайшылық - таптық, ұлттық, рулық қайшылық емес, ел тағдыры тұйыққа тiрелген қиын кезеңде содан шығар жолды iздеген пiкiр – жоба қайшылығы едi. Бұлардың құрамы да бiркелкi болмады. «Алашорданың» қайраткерлерi мен ұлтшыл бағыттағы коммунистер әр топтың құрамында жүрдi. Тек – мақсаттары ғана ортақ едi. Әрине, мұның өзi белгiлi дәрежеде өзара түсiнiспестiк пен жекелеген ренiш–назды тудырды. Алайда, солардың барлығының басын Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қосып отырды. Арасы алшақ тартып, күрмеуi қашқан тұста өжет мiнездi, от тiлдi Мiржақып Дулатов арқылы бiтiмге келтiрдi. Соның нәтижесiнде «коммунистiк отарлаушыларға» қарсы кеңес қайраткерлерiнiң аса адуынды, тегеуiрiндi толқыны қалыптасты. Бұл пiкiр таластың жай – жапсарына Елдес Омаровтың 1927 жылы 20 қазан күнгi, яғни Әлихан Бөкейхановпен бiрге демалып, Қызылордаға қайтып оралғаннан кейiнгi жүргiзiлген тергеу iсiндегi жауабында қысқа әрi түсiнiктi баяндалған. Бұл кез – Смағұл Сәдуақасовтың Голощекинмен ашбыз майданға шығып, тура шабуылға көшкен кезiтiн. Ұлттық бағыттағы қайраткерлердiң жiк арасын Елдес Омаров өз көзқарасы арқылы былай сипаттайды. Ол бұл жөнiнде:

«Қазақ коммунистерiнiң арасында екi топтың барлығы маған белгiлi. Олардың бiреуiне – Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы Жер жөнiндегi комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етедi. Екiншi топтың жетекшiлерi: Халық комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрiм, Тоғжанов тағы басқалары. Бiрiншi топ – ұлтшылдардың қатарына жатады, екiншiсi де бiрiншiден пәлендей айырмасы жоқ. Аталған екi топтың арасындағы алауыздық тек мәнсап бөлiсуден және жеке бастарының араздығынан туындаса керек. Өйткенi қазақ халықының мүддесiн қорғау кезiнде, мысалы жерге орналастыру мәселесi жөнiндегi тартыс кезiнде екi топ та бiрiгiп кеттi. Қазақтың партияда жоқ зиялылары ана топқа да, мына топқа да iш тартады. Мәселен, мен – Омаров, Сәдуақасовтың тобын жақтаймын. Ал Ғаббасов Халел мен Ермеков Әлiмқан Нұрмақовты қостайды. Менiң ойымша, қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы жiкшiлдiк тек партиялық тәртіп тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қазақ халықының мүддесi тұрғысынан алғанда да үлкен зиян келтiредi. Топтасу өшпендiлiктi туғызады, күштi ыдыратады. Ал ауылдағы таптық жiктеуге келсек, оны мен – Омаров, дәл қазiргi уақытта мойындаймын және оған оң көзбен қараймын. Таптық тартыс, әсіресе шабындық пен егiндiк жердi бөлiскенде айқын байқалады. «Алашордашылар», оның iшiнде мен – Омаров, қазақ халқының таптық жiктеуiне қарсы болдық. Себебi бiз: қазақ халқының көпшiлiк бөлiгi байларға байлаулы болғандықтан онымен ашық күресе алмады, байдың ықпалындағы кедей өзiнiң үкiмiн ауқаттыларға қарсы жүргiзе алмады деп ойладық», - деп түсiнiктеме бердi.

Елдес Омаровтың жауабындағы айтылған жайлар тiмiскi тергеушiлерге берiлген қарабайыр түсiнiктеменiң қатарына жатпайды. Ал бұл – саяси көзқарастың тұжырымы. Голощекиннiң арандатушы әрекетiне саналы түрде қарсы шыққан қайраткерлердiң iс - қимылының бағдарламасы. Елдес Омаров олардың аты – жөнiн айту арқылы тергеушiлерге «жем» тауып берiп отырған жоқ. Бұлардың саяси бағыт – бағдары анық, өз пiкiрлерiн түрлi мемлекеттiк және партиялық жиналыстарда ашық айтып, еркiн талқылауға ұсынған күрес жоспары болатын. Осы топтан қатты қауiптенген Голощекин олардың денiн мемлекеттiк iстен шеттетiп, ал Смағұл Сәдуақасов пен Нығымет Нұрмақовты Қазақстанда қалдырмау, Мәсекудеге алып кету туралы Орталық Комитетке ұсыныс жасады. Өйткенi қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы бұл екеуiнiң беделi аса зор болатын. Сондықтан да Голощекин Смғұлов пен Нұрмақовтан, Қожановтан қатты сескендi. Патша жандармериясының қулық - сұмдығына жетiк, қашып – пысып жүрiп әбден тасыстанып алған Голощекин ұлтжанды қайраткердiң соңына «жансыздады» салып қойды.

Салпанқұлақтардың бәрi де қазақ ұлтының өкiлдерi, кiшi қызметкерлер болатын. Соның бiрi М. Төлепов деген «үндемес» едi. Бұл кiсiге Жер жөнiндегi халық комиссариятындағы басшылардың басқан iзiн бақылау тапсырылған сияқты. Демек, Әлихан Бөкейхановтың да оның назарынан тыс қалуы - қылмыспен пара – пар бағаланатын. Мұндай мәләметтердi дер кезiнде жеткiзбегенi үшiн осы «Алаш iсiне» қатысты тергеудiң барысыда екi «жансыз» ату жазасына кесiлдi. Ал, М. Төлепов жолдас өзiне «тапсырылған мiндеттi» уақытында әрi «абыроймен» орындапты. Әсiресе, жер саясаты жөнiндегi «ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiне» қабырғасы қатты қайысады екен. Ол Әлихан Бөкейхановтың және өзге де мемлекет қайраткерлерiнiң үстiнен төмендегi мазмұнда тiкелей Голощекиннiң өзiне арыз жолдады.

«ВКП (б) – ның өлкелiк комитетiне

«ВКП (б) мүшесi М. Төлеповтен

партиялық билетiнiң №

ҚССР – дегi бiздiң партиямыздың алдында шешiмiн күтiп тұрған аса күрделi бiр қатар мәселелер бар. Соның iшiндегi саяси және шаруашылық маңызы ерекше зор, шиеленiскен және ең қиын мәселенiң бiрi - жер мәселесi. Бұл туралы әр түрлi көңiл – күй қалыптасып, қилы - қилы «теориялар» мен «позициялар», «көзқарастар» орын алып отыр. Әсiресе, дәл кедейлер мен еңбекшi орташалар ғана емес, тегi бiздiң партиямызға жаулықпен қарайтын бай – кулактар мен эсершiл – алашордашылардың өкiлдерi де белсендiлiк танытуда. Соған қарамастан, бiздiң кейбiр жауапты қызметтегi жолдастарымыз тек қана партияның әшкі жұмысы болып табылатын мұндай күрделi мәселенi Әлихан Бөкейханов сияқты контрреволюциялық элементтермен бiрiгiп талқылауға дейiн барып отыр, сөйтiп партия қатарындағыларға бұл адамның ықпалының күшеюiне, бiздiң елiмiздегi шешушi мәселенiң бiрi – КССР – дегi ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленiстiрiп, қиындатып жiберуiне қолайлы жағдай жасалып отыр.

Әз еркiмнен тыс төмендегi партияға қарсы әрекетке куә болғандықтан да, бұл туралы Крайкомға хабарлауды партиялық борышым деп естеймiн:

Осы жылдың шiлде айында Жер жөнiндегi халық комиссары Сұлтанбек Қырымға кетiп бара жатып жолай Мәскеуде аялдады. Сол күнi, қонақ үйге киiм – кешегiн тастай салысымен Сұлтанбеков Әлихан Бөкейхановтың пәтерiне тұра жүгiрдi, өзiнiң ол үйге баратындығы туралы Жер жөнiндегi комиссариаттың қазақ өкiлдiгiнде тiркелген қызметкерi арқылы алдын – ала хабарлатып қойыпты, ол Әлихан Бөкейхановтың үйiнде түн ортасына шейiн болды. Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгiмеден кейiн ол Төреғожин мен Төлепов жолдастарға: «Әлихан Швецовпен сөйлесемiн деп уәде бердi де өзiмiз ойлағандай етiп шешетiн болды», - деп хабарлады. Әңгiме федеральдық мекемелермен арадағы талас тудырып отырған Қазақстандағы жер кесiмi мен бөлiсi туралы едi. Менiң ойымша, партияның iшкi iсi болып табылатын мұндай күрделi мәселенi «Алашорданың» көсемiмен бiрiгiп талдау – төзуге болмайтын жай. Мұндай жағдайда, большевиктер партиясына мүлдем жат идеологияның партия мүшелерiне ықпал етуi мүмкiн, сондай –ақ, Жер жөнiндегi комиссариат сияқты аса жауапты мекеменiң қызметкерлерi тұтастай, не жарым – жартылай аса реакцияшыл, жат пиғылдағы «Алашорда» идеологиясының шырмауында кетпесiне кiм кепiлдiк бередi, бұл бiздiң жұмысымызға тек кедергi жасайды.

Менiң ойымша, бұл мәселенi Бөкейхановпен және оның компаниясымен емес, тек қана жетекшi партия ұйымдарымен, тек қана партияның өз iшiнде талқылау арқылы ғана шешуге болады және солай ету керек.


23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
Иә, азаматтық пен аярлықтың арасы, салиқалылық пен сатқындықтың арасы қаламның ұшына тiркелген заманның «күйiтi ғой» (Абай) бұл. Әйтпесе, дербес ойлау жүйесi бар, сауатты, «аса жауапты мекемеде» iстейтiн М. Төлеповтiң осы жымсытпасынсыз–ақ Әлихан Бөкейхановты қаралайтын жала мен «домалақ арыздар» жеткiлiктi болатын. Бөкейханов үшiн бұл «партиялық хаттың» пәлендей пайда – зияны шамалы – тын. Тек халық қамын ойлаған халық комиссары Сұлтанбековтiң және оның әрiптестерiнiң жолын қиды. М. Төлеповтiң бұл арызы «Алаш iсiнiң» басталуына себепкерлiк еттi. Мұндай ұтымды «айғақты» әккi Голощекин өте ұрымтал пайдаланды. Ол өзiнiң кезектi бiр мәжiлiндегi кезектi – кезексiз, керектi – керексiз сөздерiнiң бiрiнде «ақ жүрек» М. Төлеповтiң арызына сүйенiп:

«Қазақстанды қалай басқару керек екенiн, мысалы, Сұлтанбеков жолдас қасындағы бiрiншi басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегi Әлихан Бөкейхановтан ақыл сұрады», - деп мән – жайдың тонын өзгерте баяндады.


«Қужақтың» өршелене, өрекпи, елiре сөйлеуiнiң астары түсiнiктi. Ол қалайда жер туралы заңды жүзеге асыртып, 360 мың еуропалық қоныстанушыларды жылдам көшiрiп әкелiп, қазақ ұлтының тектiк тамырын келiмсектер тұқымымен будандастырғысы келдi. Ол үшiн ең алдымен қазақ зиялыларын түрмеде тұқыртпай «iс оңға баспайтынына» көзi жеттi. Бұл жазалау саясатының ресми түрде басталу «рәсiмi» болатын. Тергеуге алынған Ә. Бөкейханов бұл оқиға жөнiнде мынадай мәләмдеме жасады:

«... Менiң жер туралы саясатқа көзқарасым мынаған келiп саяды: орыстар (қоныстанушылар) мен қазақтарға жердi тең мөлшерде бөлiп беруге болмайды, өйткенi, орыстар жердi өңдеу мәдениетiн жақсы меңгерген, сондықтан да олар үнемi қазақтардан үстем түсiп отырады, ақыр – аяғында, қазақтарды ысырып шығарады. Мiне, менiң жер мәселесi жөнiндегi «Ұлтшылдық» көзқарасым осы.

Ал ендi, менi Жер жөнiндегi халық комиссариятының жер туралы iсiне араласады – мыс деген қауесетке келетiн болсақ, онда мен мынаны мәлiмдеймiн: менiң бұған ешқандай қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетсiнiп отырған да ешкiм жоқ. Мысалы мен Голощекин жолдастың «Мәскеуге келген Голощекинге емес, маған жолықты» - деп Сұлтанбековтi айыптаған жаласын мойындамаймын, болған оқиғаның жайы мынадай.

Сұлтанбеков Мәскеуге республиканның Жер жөнiндегi комиссары ретiнде РСФСР –дiң Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне жер кесiмiнiң мөлшерiн бекiттiру үшiн келдi. (1927 ж.). Ол кесiмдi мөлшердi бұдан бұрын қазақ үкiметiнiң мекемелерi бекiтiп қойған, кесiмдi жер мөлшерiн ұсынған және оны қорғап шыққан Швецов едi. Мiне, сондықтан да РСФСР –дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде әлгi жер кесiмiнiң мөлшерiн тағы да қорғау үшiн Швецовқа өтiнiш етпек екен, сол үшiн менi iздеп келiптi, олар менiң Швецовпен ескiден келе жатқан (34 жыл!) дос екенiмдi бiлетiн, егерде мен өтiнiш етсем оның бас тартпайтынын, ал Сұлтанбековтiң өзi айтса, онда Швецовтың бас тартуы мүмкiн екендiгiн баяндады. Менiң өтiнiшiмнен кейiн, шынында да, Швецов жер келiсiмiн қорғауға келiсiмiн бердi. Ал, Голощекин ғой, Сұлтанбековке айып тағып, менiмен «кеңестi» деп байбалам салды», - деп Қуажақтың өзiн әшкереледi.

Бiрақ та түрмедегi түсiнiк төрт құбылаға түгел жетпедi. «Қуажақтың» көпiрмесi жарты асырдан астам уақыт бойы айыптау үкiмiнiң орынына жүрдi. Әрине, Әлихан Бөкейхановтың: «халық комиссариатының жер туралы iсiне... қатысым жоқ, менiң ақылымды қажетiсiнiп отырған да ешкiм жоқ» - деуi жай ғана тергеушiнi алдарқату. Азаматтарды айыпты етпеуден туған сақтық. Мұны түсiндiрiп жатудың өзi артық. ОГПУ–дiң тергеушiлерi ешкiмнiң де нағашысы емес екендiгiн ол жақсы бiлетiн. Әйтпесе, жер туралы жобаның барлық баптары Әлихан Бөкейхановтың ақыл – таразысы арқылы өлшенiп жүзеге асқандығын жоғарыдағы деректер толықтай дәйектесе керек. Өкiнiшке орай, заман қыспағына ұшыраған бұл жоба – сол жоба күйiнде қалды. Қазақ елi тәуелсiздiк алған кезеңде де жер туралы заң қабылдағанда iлгерiдегi тәжiрибе ескерiлмедi.

Жер – Отан. Ал Отан туралы Заң тек қана сол жердiң иесi атанған ұлттың мүддесiн көздеп, ар – ожданын, қадiр - қасиетiн қорғауы тиiс. Ата – бабаның сүйегiмен құнарланған топыраққа қасиетсiз дән мен усойқының тамыр тартпағаны лазым. Бiз бiр есемiздi жiберiп алдық. Қолымыздан бердiк. Сол жер заңы үшiн «Алашорданың» үкiмет мүшелерi мен қазақ мемлекетiнiң ұлтжанды қайраткерлерi өмiрiн қиып едi. Олар 1927 жылы күзде шетiнен түрмеге қамалды да соңынан ату жазасына кесiлдi. Голощекиннiң байбаламы Мәскеуге де жеттi. Түрмеге түсiре алмаса да Әлихан Бөкейхановты қызметтен шеттетiп, үй қамауына, яғни қазақтардың ұғымы бойынша «мырзақамаққа» алды. Қаншама жеккөрiнiштi көрсетуге тырысса да Әлихан Бөкейхановтың жеке басының ерекше қасиетiн жоққа шығаруға кеңес дәбiрлерiнiң дәтi жетпедi. Тергеуге iлiнiп, «мырзақамаққа» кесiлгенде оған бас редактордың орынбасары Велиновский:

«Азамат «.Н. Бөкейханов 1922 жылдың 14 желтоқсанынан бастап 1927 жылдың қазан айының 1 күнiне дейiн Мәскеу қаласындағы СССР халықтарының орталық баспасының қазақ бөлiмiнде әдеби қызметкер болып iстедi. Орталық баспада өзiн ғылыми және әдеби қызметкер ретiнде азамат Ә. Н. Бөкейханов қазақтың тұрмыс – салты мен шаруашылығын, тiлдi (орыс тiлiн – Т. Ж.) түбегейлi бiлетiндiгiмен қатар өзiне тапсырылған мiндеттi орындауда ерекше парасаттылық танытты. Орталық баспаның қызметкерлерi санының қысқартылуына байланысты азамат Ә. Н. Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан бастап әдеби қызметкер мiндетiнен босатылды», - деп мiнездеме бердi.

Бұл оның өмiрiндегi соңғы қызмет орыны болды. Сол күннен бастап тура жыл бойы Мәскеуден ешқайда аттап шықпады. «Мырзамақта» жүрсе де түрмеде жатқан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев iспеттi мақсаттас, мұраттас достары мен iнiлерiнiң жетiм –жесiр қалған әйелдерi мен балаларына көмектесiп, қамқоршы атаның орынында жүрдi. Оған мысал да, дәлел де, дәйек те жеткiлiктi. 1937 – жылғы түсiрiлген суретке қарап отырып, бетiндегi қатпар - қатпар қалың әжiм мен ағарған қайратты шашына, шалғы мұрты мен отты да ойлы жанарына көзiңiз түскенде– ақ, осынау ұлты үшiн ғұмырын бағыштаған қазақ ұлтының ұлы көсемiнiң қасиеттi тағдырын оқығандай боламыз.

Соңғы он жылы саяси қысыммен, тiршiлiктiң тәлкегiмен өттi. Оның қандай тауқыметтi күй кешкенi Елдес Омаровтың тергеушiлерге жазып берген түсiнiктемесiнде баян етiлген. Ұлт көсемiнiң өмiр сүруi қиынға айналған тұста сенiмдi серiктерiмен мұраттас шәкiрттерi оны естен шығармаған. Қаражат жиып, рухани тұрғыдан демеу жасаған. Тергеушiлер мұндай игiлiктi, имани қадамды мүлдем басқаға жорып, «Алашорда» үкiметiнiң құпия қорын құрды, «Алаш» партиясының мүшелiк жарнасын жиды деген айып таққан.

Елдес Омаров математика оқулығын жазған алғашқы ғалымдардың бiрi. Мiне, осы алгебраның хатқа түскен формулаларын тергеушiлер «шпиондық шифр» деп белгiлеген. Әлихан Нұрмахамедұлының өзi: «Елiн сүйген Елдесiм!» деп еркелеткен Елдес Омаров та оған деген сүйiспеншiлiгi мен адалдығын түрмеде жатқанда да сақтап қалды. Ол өзiнiң ұлттық рухани ұстаздары мен саяси жетекшiлерiн үнемi құрметпен атай отырып, тергеушiлердiң қыспағы мен қорқытуына қарамастан оларды ақтап куәлiк берген. Соның iшiнде Әлихан Бөкейхановтың өмiрiне қатысты мына деректi оқырман назарына ұсынамын:

Елдес Омаров: «1927 жылы маусым (июнь) айының соңында, мен – Омаров, Ташкенттен Қызылордаға кетiп бара жатқанда Эльза Адамовна арқылы Мiржақып Дулатовқа хат берiп жiбердiм, онда мен: «Математикалық формулалардың белгiленуi жөнiндегi мәселе туралы Ахмет Байтұрсыновпен сөйлесiп бер», - деп өтiнiш еттiм. Ол хатты Эльза Адамовна өз қолымен табыс еттi ме, жоқ па, оны бiлмеймiн. (Әлгi тергеушiлердiң шифр деп жүргенi осы – Т. Ж.). Әйтеуiр Дулатовтың хатты алғаны рас. Байтұрсыновты мен кейiн вокзалға, демалуға кетiп бара жатыр екен. Байтұрсыновпен мен тек қана математикалық формулалардың атауы жөнiнде ғана сөйлесiп үлгердiм. Бөкейханов Әлихан Мәскеулегi Шығыс халықтарының орталық баспасында iстейдi, қандай қызметте екенiн нақты айта алмаймын. 1927 жылдың тамыз не қыркүйек айына дейiн онымен бiрге Мәскеу қаласында өзiнiң қызы, бұрынғы Оқу – ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовтың әйелi - Елизавета (қазақша аты - Ләззат) Әлиханқызы бiрге тұрды. Қызы дәрiгерлiк факультеттi бiтiргеннен кейiн күйеуi Сәдуақасовтың тұрақты жұмыс орыны орналасқан Ташкент қаласында тұрды, ол кеткеннен соң Бөкейханов Әлиханның жағдайы болыңқырамай, әсiресе ас әзiрлеу жағынан күйзелiңкiреп кеттi. Мен – Омаров, өзiмнiң Қызылордадағы таныстарым арқалы, оның iшiнде Жер жөнiндегi комиссар Сұлтанбеков, Халел Ғаббасов, Халық комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы Нұрмақов пен Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаев арқылы Бөкейхановты Қызылорда қаласына ауыстырып алып, Жер жөнiндегi комиссариатқа, не Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiне немесе Қазақстанның есептеу орталығы басқармасына тұрақты қызметке орналастыруды ойластырдым. Менiң тұтқынға алынуыма байланысты, Оқу – ағарту комиссары Тоқтыбаевтан басқа жоғарыдағы аты аталғандардың ешқайсысымен сөйлесудiң ретi келмедi. Соңғы адаммен (Тоқтыбаевпен – Т. Ж.) осы жылдың қазан айында мен Қостанайдан Ташкентке қайтып бара жатқан жолымда жолықтым. Тоқтыбаев Бөкейхантың Қызылордаға ауысуына көмектесуге уәде бердi. Менiң айтарым, бұл жөнiнде, мен –Омаров, Бөкейхановпен арнайы сөйлескенiм жоқ, сондықтан оның қандай пiкiрде екенiн бiлмеймiн.

Менiң жауабым өзiме оқып берiлдi және менiң сөздерiм дұрыс жазылған. Елдес Омаров. Қолы. Тергеушi - Логачев».


Мiне, қазақ жерi үшiн болған саяси күрес «Алашорда» көсемдерi үшiн осылай, түрмемен аяқталды. Бұл – сол кездегi қоғамның даму бағыты мен қоғамның даму бағыты мен қоғамдық ойдың күресi тұрғысынан алғанда тарихи заңдылық едi. Кеңес өкiметi жаhангерлiк отарлаудың жаңа түрiне, ең қатыгез жолына түстi. Қандай қысымға ұшыраса да адамның санасындағы асыл ойды ешкiмде өшiре алмайды. Ұлттың басына осындай ауыр күн түскенде бар салмақты өзi көтерiп, «талша мойным қылша» деп ашық майданға шыққан азаматтардың табылғанына да шүкiршiлiк.

В. О. Ключевскийдiң: «Халықтың өзiнiң сүйген көсемiне деген сенiмi – сол халықтың өзiне деген сенiмi мен рухани күшiнiң қуаттылығының белгiсi», - деп айтуында үлкен тарихи астар жатыр.

Қазақ ұлты да Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты өзiнiң ұлттық көсемi деп таныды, оның жеке басының қасиеттерi мен саяси бағытына, күрес жолындағы адалдығына сендi. Қадiрiн сездi. Оны кеңес өкiмет неғұрлым жеккөрiнiштi етуге тырысқан сайын, ұлты соғұрлым қатты сүйдi. Тiптi Сталин мен Голощекин сияқты дұшпандарының өзi оның қайраткерлiк қаситеiн мойындады. Ақжүрек белсендiлер де Әлихан Бөкейхановты аузына алмауға тырысты. Бұл – оған деген iшкi құрметтi танытады.

Қысылтаяң шақта да ұлт көсемiне деген махаббат әр азаматтың жүрегiнде сақталып қалды. Әрқайсысының бастарына төнген қауiптi сезiне тұра iшкi құрметтi ұмытпады. Жер мәселесiмен «Алаш iсi» ушығып, саяси қысым мен жазалау науқаны қатар жүргiзiлген қат - қабат күндерде де ұлттық сана мен қоғамдық пiкiрдiң қозғалысы толас таппады. Қазақ зиялыларының бұрынғы ашық талқылаулары мен кездесулерi жартылай құпия, мүлде құпия түрде жүргiзiлдi. Олардың арасындағы байланыс құралына сол кезеңдегi мүмкiн болған барлық тәсiлдер пайдаланылды. Патшаның отаршыл жазалау саясаты мен жандармерияның тiмiскi әрекетi алаш азаматтарына конспирацияның неше түрлi қитұрқы амалдарына үйреттi.

Талант пен тұлғаның тағдыры талқыға түскен шақтағы олардың жандүниесi мен жанжүйесiн түсiну үшiн тергеу барысында тәркiленген бiраз хаттардың ұзын - ырғасымен таныстырып, шағын өмiрбаяндық желi тартамыз. Бұл, бiрiншiден, тұлғалардың өзара тағдыр мен таным тамырластығын байқатады. Ал тағдырсыз тұлға қалыптаспайды. Екiншiден, олардың тiлгi тиек етiп отырған ұлттық, мемлекттiк мәселелерге деген көзқарастарын бiлдiредi. ‡шiншiден, негiзгi нысаналы тұлғамыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң ұлттық рухани тәуелсiздiк жолындағы қозғалысқа қатысын және оның кейiнгi өмiрлерiндегi қатпар - қатпар, құбылыстармен қарама - қайшы пiкiрлерiнiң түпкi себебiн ашып бердi. «Алашорда» мен қазақ мемлекет қайраткерлерiнiң «коммунистiк – колонизаторлыққа» қарсы қозғалысы барынша қуатты күшке ие болған қарбалысы мен жанталасы қауырт дәуiрде Мұхтар Әуезов бұрынғы Санкт – Петербург, сол кездегi Ленинград университетiнде оқуда жүрсе де тарихи оқиғадан тыс қалған жоқ. Ол тiкелей мiнбеде сөйлеп, мақала жазбағанымен де ұлттық сана қозғалысының алдыңғы толқынының ағысында жүрдi.

Оған айғақ жетерлiк. Мұны түрмедегi тәркiге алынған құжаттар растайды.

Жат ортада жүрген Мұхтардың да жеке басы аңду мен тiмiскiден азат болмады. Оған Әлкей Марғұланның бiзге айтқан естелiктерi дәлел. Қашан Мұхтар түрмеге түсiп, Марғұлан өзiне –өзi қол салғанша бұлардың соңынан ОГПУ – дiң тыңшысы бiр елi қалмапты. Әлкей Марғұлан марқұм: «Менiң өлiмiме себепкер сол» - деп жазған қолхатымды алған соң ғана ол сескенетiн болды. Сонда да аурухананы аңдып жүретiн. Мен оның тұрақжайын бiлемiн. Әлi тiрi. Соны бiр қорқытып, шындықты анықтап берiңдершi», - деп жиi өтiнiш ететiн. Әрине, кеңес өкiметiнiң өкiлеттiлiгi өктем кезде ол тiлегiн орындау мүмкiн емес едi. Жиырма жылға созылған зерттеу iзденiстерiнiң нәтижесiнде мынадай қорытындыға келдiк. Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның соңына тыңшылардың тіміскiлене түсуi – Әлихан Бөкейханов СССР Ғылым Академиясының жер мәселесi жөнiндегi ерекше комитетiне қатысуға Ленинградқа келгеннен соң басталған.

Сол жылдары елдегi ағайындарынан жасырып, бiрге тұрып жатқан үшiншi әйелi Валентина Николаевна Әуезованың естелiгi бойынша Әлихан Бөкейхановты Мұхтар Әуезов үйiне қонаққа шақырыпты. Ол кiсi туралы әйелiне көп мағлұмат берiп, «қазақтың ұлттық көсемi, нағыз қайын атаң сол. Қалайда риза етуге тырысуымыз қажет. Артық сөз болмасын. Қазiр бұл адам қатты қиналып жүр. Күтiмi келiспей жүр. Көңiлiн сергiтiп жiберейiк», - деп қадағалап тапсырыпты. Содан жалғыз примусқа от жағып, қазақша ет асып, шай қайнатып, бауырсақ пiсiрiптi. Сонда тұңғыш рет жылқының қазы - қартасын асыпты. Валентина Николаевна қызы Ләйлә Мұхтарқызына: «Ондай зиялы, бiлiмдi әрi мысымен адамды басып жiберетiн қазақты көрмедiм», - деп сондай бiр инабатпен айтып отырады екен.

Аса мәдениеттi, адамды мысы басып отыратын Әлихан Бөкейханов он бес күндей үйiнде жатқанда Мұхтар өзiн – өзi кiсiнiң баласындай сезiнiп, елпек қағып күтумен болыпты. Кейiн ол адамды Мәскеудегi қызы Лиза (Ләззат) келiп алып кетiптi. Бұл адаммен қайтып Валентина Николаевна ұшыраспаған. Ал Лиза (Ләззат) Әлиханқызы қашан Мұхтар дүниеден қайтқанша араласуын үзбеген. Ләйлә Мұхтарқызы:

«Бiр жолы Мәскеудiң үлкен театрына әкем екеуiмiз бардық. ‡зiлiс кезiнде бiр әйел: «Әй, Мұхтар!» - деп тоқтатып алды да оған сондай емiн – еркiн, ешбiр қысылып - қымтырылмастан сөйлей жөнелдi. Бiз бiлетiндердiң iшiнде әкемнiң мұндай танысы жоқ едi және ешкiмде онымен дәл осылай бұйыра сөйлеспейтiн. Кейiннен бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановтың қызы, Смағұл Сәдуақасовтың әйелi Лиза (шын аты Ләззат) екен. Сол жолы ол әкеме Смағұл Сәдуақасов пн Жүсiпбек Аймауытовтың романдарының қолжазбасы мен суреттердi бердi», - деп маған мәләметтердi айтып бердi.

Қолжазбалар да, суреттер де, өзгедей айғақтар да Мұхтар Әуезовтiң үйiнде сақтаулы.

Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегі тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген хаттар соның айғағы. Бұл хаттарды Мұхтар 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен – жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ – дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де iле ОГПУ – дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросынға:

«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз» -деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ – дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданып отыр. Демек, зерттеушiлердiң назарына ұсына кететiн жай, бiз ұшығына жете алмай жүрген не iз – түссiз жоғалып кеткен қолжазбалар мен құжаттардың түпнұсқасын Ташкенттен iздеу керектiгi. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж», - деп жазылған да iшiндегi сөз – Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды, ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұны «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.


«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат–хабар алысатындарымда азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақта Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтанда жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігер – ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi немғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР –дiң, орталық алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған Авксеньев одағына Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз. Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтанда мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесiнiң төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Палена мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т. Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т. Ж. ) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т. Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақта бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме?

Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзiн қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?

Әлiмхан. Сотайға сәлем.


Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз.

Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз.

Әлiмхан.

25/II – 28 жыл.

Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».
Бұл хатты Мұхтар оқыды ма, жоқ па, оны ашып айту қиын. Алайда, оның үйiне және тiкелей өз атына жолдай отырып, Әлiмхан Ермековтiң: «Мұхтар! Мына хатты Әлекеңе – Әлихан Бөкейхановқа табыс ет!» - деген бiр ауыз сөз жазғаны анық. Ендеше, мұндағы айтылған жайлардың мазмұнымен Мұхтар толық таныс. Жоғары оқу орынының ашылуына, жер мәселесi мен мәдениет, әдебиет саласындағы саясатқа дәл сол кезде немқұрайлы қарай алмайтын. Өйткенi оның да көңiлi ел жаққа қарап алаңдаулы болатын. Университеттiң толық курсы тамамдалып қалды. «Қилы заманды» аяқтап, «Хан Кенеге» кiрiстi. Қолжазбаларын Қызылордаға жiберiп, оның жауабын асыға күтiп жүрдi. Әлiмхан Ермековтi қатты алаңдатқан жоғары оқу орыны мәселесi сол жылы шешiлдi. Ал, Әлихан Бөкейхановтың Сталинге жолығуы неғайбыл. Тура осы кезде ол «Алашорданың» өзге үкiмет қайраткерлерiмен бiрге тергеуге алынды. Заң магистрi Жақып Ақбаев мырза әшкерленген губернатор Паленнiң «Губерниялық есебi» - қазақ даласындағы «тыңды игерудiң» патшалық отарлау жобасы едi. Әлiмхан Ермековтiң күйiнуiнiң де себебi сонда жатыр. Мұхтар Әуезов те рухани ұстазы Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн ұстанды. Ол өзiнiң 1932 жылғы 10 шiлде күнгi «Социалды Қазақстанда» жарияланған «Ашық хатында»:

«Ол менiң көп замандар бойында ұлтшыл – алашордашы негiзiнде төңкерiстiң жауы болған таптың салт – саналық бағытымен байланысты болып едi. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе – менiң саясат пен әдебиеттегi iсiмнiң мазмұны мен қалпы – соңғылардың саяси бағытына бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерiсiнiң тiрегiне жау болған барынша қарсы бетке бастады», - деп «қателiгiн мойындады».


Әрине, еркiмен мойындаған жоқ, зорлықпен мойындатты. Әйтпесе, шын көңiлiмен қарсы болса, онда Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков сынды «Алашорда» көсемдерiмен хат алысып, хабарласып, қонаққа шақырып, сырласып жүрмес едi. Сондай –ақ бұл тұста Смағұл Сәдуақасовпен ерекше достық ниетте болып, оны рухани үлкен тiрегi ретiнде бағалады. Смағұл да оған барынша құшағын кең жайып, қалтқысыз достық ниетiн танытты. Олар – өмiр қыспағында сыннан өткен жұп едi. Сондықтан да Мұхтардың бұл қысылтаяң кезде қандай саяси бағытты ұстағаны өзiнен – өзi түсiнiктi. Мұхтардың өмiрiндегi Смағұл Сәдуақасовтың қандай орын алатындығы оған жолданған төмендегi хаттың мазмұнынан анық байқалады.
«Жолдаушы: Мұхтар Әуезов. 22/ IХ – 27 ж.

Алушы: Қызылорда қаласы, Ленин, № 26. Б. Майлинге Сәдуақасов Смағұлға табыс ету үшiн.

Хаттың сыртындағы жазу: Бейiмбет! Смағұл онда жоқ болса Ташкенге жiберуiңдi сұраймын.
Смағұл!

Саған үнемi масыл болу маған бiр парыз сияқты мiнез болды. Iстеген iсiмдi: «Барарына барғыз» деп сұрау бiр сәрi жұмыс болсын, соңғы уақытта «жата – жата жамбасқа ауды» дегендей«ендi маған пұл бер, мен асыра» деген күйге де жеттiм. Соңғы жiберген ақшаң ерекше достықтың белгiсi болды. Бiрақ сенде де үй бар, бала-шаға бар. Қазiргi уақыттағы табысың да мардымды болмау керек. Оның үстiне Ленинградта тұратын үйлi-баранды бөгде бiр кiсiнi тағы да асырау әлден асқан мiндет. Қандай күйге жетсемде мен сенi бұлайша зорлауым керек емес едi. Ерiксiз соңғы уақыттағы хал соған әкелдi. Бiрақ iштей қатты қысыламын, қиналамын. Сен отзывчивосын, бiлемiн. Бiрақ солай едi деп асылу, солай едi деп жаралау керек емес едi. Талай – талай ұмыттырмас достық, туысқандық мiнездерiңнiң бiрi болды. Әйтсе де, бұдан былай өзгенiң қылығы үшiн өзiңдi жаралағанды қой. Оны мен тiлей де алмаймын, қабыл да көре алмаймын.

Оның есесiне, жiберген нәрселерiмдi шама келгенше барарына барарлық етiп жiберсең, сол да сенiң аз еңбегiң емес болады. Соған да мен риза боламын.

Тапсырылған нәрсенiң бәрi Ғаббасқа берiлсе, әрине оның ешқайсысының да тезiрекпен аяғы жерге тимейдi. Өйткенi бәрiн жинағанда ол көп материал болмақ. Және жазу – менiң жазуым. Оқып шығу қиын. Көп уақытты алады. Ғаббас үнемi соған қарап отырған кiсi емес. Басқа да қызмет алаңы көп. Сондықтан да бұл менiң сөздерiме жасалған «құрметтi айдау» есептi болуға керек... Сөзiңе қарағанда, менiң былтырғы «Сұғанақ сұрым» да (соған – Т. Ж.) берiлген шығар деймiн. «Ескi әдебиет тарихы», Абай да соған берiлген шығар. Оларға соңғы «Қараш - қараш» деген әңгiме, одан соң «Госиздатқа» жiберiлген әңгiмелер, тағы о-ваға (общество краеведение – Т. Ж.)... тапсырған (кiсiнiң аты танылмады – Т. Ж.) материалдар қосылған шығар. Кәрiмнiң (Тоқтыбаев – Т. Ж.) жазды күнi маған айтқан бiр сөзiнде «Сенiң жазғандарыңды Ғаббас пен Жандосов екеуiнiң бiрiнiң қарамағына берем!» - деп едi. Сонда Абай, «Сұғанақ сұрды» еске ала айтқан сияқты едi. Тегi кейiнгiлердi де сол iзбен жiберген ғой. Осының анығы қалай екен? Ғаббасқа тапсырғанның iшiнде соңғы, биыл жiбергендерiм бар ма екен? Жоқ бұрынғылар ғана ма? Осыны анықтап бiлiп, айырып жазсаң жақсы болар едi. Не болмаса, өзiң бiлiп жүруге уақыт алатын болса Телжанға (Шонанов – Т. Ж.) тапсырсаң жақсы болар едi. Дәл анығын бiлiп, Ғаббас қаншасын қарады, не айтты, қаншасын қараған жоқ. Қашан қарамақ, сол мәселе туралы анық толық хабар берсе жарар едi. Өздерiң жүруге көп жұмыс. Телжанға қадағалап тапсырып, жазып жiбер деп айтып кетсең екен деймiн.

Қызылорда басудан жалықпаса, мен жазудан да сондай қажымаспын деп ойлап отырмын. Жақында бiр пьеса жазбақпын. Онан соң 16 – шы жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме роман қылмақпын. Осы екеуiн жақын уақытта жұмыстап жұмыстарымды бiтiрсем, декабрьдiң 15 – нен әрi Қызылордаға барып қайтамын ба деп ойлап отырмын. Барлық бұрынғы – соңғы жұмыстарымды ең соңғы рет тағы бiр арыла сөйлесiп, барарына барғызып көрсем қайтедi деймiн.

Бұдан ештеңе шыға ма, жоқ па? Декабрьдiң 20 – ларында сен қайда боласың? Барсам бiр –ақ жұмаға ғана барып қайтам.

Одан соңғы үлкен жұмысым: менi бiтiрген соң қайда пайдаланбақ? Бұл жайын өткен хатыңда осы жолы сөйлесемiн деп едiң, сөйлестiң бе? Өзiм барсам қалай сөйлесу керек? Осыны да тез жазып жiбер.

Хат жазсам ылғи мен «шаруа» жайын жазып, онша бiр сыр, нәрлi сөзбен пiкiр алысып, әңгiмелескеннен қалып барамын. Сен де ұзын – ырға болмаса, тәптiктеп жазбайсың. Читатель проблемасы туралы Жүсiпбекпен жазысады екенсiң, не десесiңдер? Маған да айтыңдаршы. Бұл iргелi мәселе болу керек. «Оқушы үшiн әдебиет» дейсiңдер ме, жоқ оқушы средасын әдебиет формировать етедi дейсiңдер ме? Екеуi де қабырғалы, соқталы сөз. Маған екеуiңнiң де не дейтiндерiң екеу сияқты, танысу, бiлу өте қажет сияқты.

Егер маған «Ташкенге барасын» дейтiн болсаң, қай кезде қалайша барамын, Өзiм май iшi бола ма деп мөлшерлеп едiм. Бiрақ бұл Қызылорда нәрселерiмдi басып, қаражат беретiн болған уақытта. Егер: олай болса, жүдеп – жұтап жүрсiң десе, шыдап болмайды. Онда ерте кетемiн. Осы соңғы хал болса қалай баруыма болады, соны анықтап ашып жаз. Осы бола ма деп қорқамын. Өзiң Ташкенде отыру, отырмау (тұру, тұрмау – Т. Ж.) туралы тағы да оспақтап қалған кiсi сияқтысың. Тағы көшемiсiң, әлде немене? Бұлай болса қашан болмақ, қалай қарай? Оны да жаз. Вуз – келесi жылы Ташкенде бола ма, оны да бiлгiм келедi. Бұл туралы жаза сал. Әзiрше қош, сүйдiм. Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады.

Мұхтарың.

24. ХI – 27 ж.»
Мұхтардың мұқым ғұмырындағы жан сырын ашып, жеке басына қатысты жүрекжарды шындығын жария еткен үш хаттың екеуi осы Смағұл Сәдуақасовқа арналған. Бұл екi хатта ешқандай күдiк пен көлеңке жоқ. Әр сөзi өзiнiң сол кездегi көңiл – күйiнiң көрнiсi. Әлденеге алаңдау, пiкiрiн астарлау, емеуірін таныту, баспаңтай болу байқалмайды. Бұдан кейiнгi эпистоярлық мұраларының барлығынан айтылған жолай пiкiрлер үнемi қылаң берiп отырады. Мұның барлығы – әкесiн баласына, маңдайдағы екi көзiңдi бiр – бiрiне аңдытқан тiмiскi өкiметтiң жазалау саясатының кесiрi едi. Ол түрменiң дәмін татқан соң осындай сақтыққа үйрендi. Тiптi мұны өзiнiң мiнез - құлқының бiр бөлшегiне айналдырды. Онсыз зауалды заманның ажал жаңғырығынан аман құтылуы мүмкiн емес едi.

Дәл осы тұста адам ретiнде де, азамат ретiнде де, жазушы ретiнде де ғұмырының ең шешушi кезеңiн басынан кешiрiп жатқан Мұхтардың өмiрi мен көңiл өзегiнiң ыстық - суығын, алаңы мен аптабын толық жеткiзу үшiн толық келтiрiлген хаттағы жайларға қысқаша түсiнiк бере кетейiк. Сонда бiздi дiлгiр еткен бiраз мәселенiң басы ашылады.

Бiрiншiден, Фатима Ғабитоваға жазған хатында: «жеке басымда өзгешелiк бар», - деп емеуiрiн танытқанындай, Мұхтар үшiншi рет, бұл жолы соңғы рет төсек жаңғыртып едi. «Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады» деген адаммен – Валентина Николаевнамен бiрге тұрып жатты.

Екiншiден, жас отау мен студентке жетiспейтiн жалғыз –ақ нәрсе болды. Ол: Адам – Ата мен Хауа – Ана қосылғаннан бергi адамзат атаулының шеше алмай келе жатқан мәңгiлiк мұхтаждығы – ақша, ақша және ақша болатын. Хаттың мазмұнына, «саған үнемi масыл болу – маған бiр парыз сияқты мiнез болды» деуiне қарағанда Смағұл қаражат жағынан Мұхтарды тарықтырмағаны байқалады. Бұрынғы көмегiн «масылдық парыз» деп санаған Мұхтардың бұл жолғы қысылып - қымтырылуын түсiнуге болады. Себебi, Смағұл Сәдуақасов дәл сол күндерi Голощекинмен саяси жекпе – жекке шығып, тәуекелдiң майданына түсiп, жанталаса жанығып жүрген әрi барлық лауазымды қызметтен қуылып, өзi де жұмыссыз жүрген. Соған қарамастан жас отауды «байытып тастағандай» қаражат жiберiп, бiр рет қарық қып тастапты.

‡шiншiден, басқасын қайдам, дәл осы жолғы Смағұлдың көрсеткен көмегi – Мұхтар үшiн де, қазақ мәдениетi үшiн де тарихи көмек болды. Жаз бойы Жетiсу мен Қырғыз өлкесiн аралап қайтқан Мұхтар Әуезовке Ленинградтағы 1927 жылғы күзi, шын мәнiндегi «алтын күз», Пушкиннiң «Болдин күзiндей» қайырымды, шабыт, шамырқанулы күз болды. Хатта атап көрсеткенiндей, дәл сол күндерi «Қараш - қараш оқиғасын» баспаға ұсынып, «16 – жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме етiп», «Қилы заманды» еңсерiп тастаған. «Хан Кене» пьесасының оқиға құрылымын ойында екшеп жүрген. Егде, Смағұл «қаражатпен қарық қылмаса», мұндай күрделi дүниелердi алаңсыз отырып жаза алмас едi. Аталмаш «қолқабысты» - тарихи қоләабыс деуiмiз де сондықтан. «Қилы замансыз», «Қараш – қараш оқиғасынсыз», «Хан Кенесiз» Мұхтардың жазушылық жолы мен қазақ әдебиетiнiң тарихын елестету мүмкiн емес. Демек, бұлар – ұлттық рухани күрестiң тұсында туған, саяси майданның шайқасында жүрген досының сөзiн дәлелдеу мақсатымен қалам тартқан «коммунистiк колонизаторлық» рухани отарлауға қарсы бағытталған шығармалар.

Сонысымен де бiзге құнды.

Төртiншiден, Ақ теңiздiң жағалауында жас келiншегi мен шығармашылық шабыттың буына бөгiп жүргендей көрiнгенiмен, Мұхтардың көңiлi алаңға толы болатын. Сонау шалғайдағы отанында – Қазақстанда жүрiп жатқан Қужақ -Голощекиннiң «естен тандыру» («политика потрясения») саясатының қатерлi бағытын iштей сездi. Күнi ертең қандай күйге ұшырарын анық бiлмесе де, iштей болжады. Сондықтан да, «жазалау науқаны» күш алмай тұрғанда «Сұғанақ сұр» мен «Қилы заманды», «Хан Кененi», «Қараш - қарашты», «Ескi әдебиет тарихын», Абайдың екi томдық шығармаларын жариялап үлгеруге тырысты. Соны Смағұлға қадағалап айтып өтiнiш еттi. Соның iшiнде «Қараш - қараш» пен «Қилы заман» ғана жарияланып үлгердi. (Мұның егжей – тегжейi бiздiң «Бейуақ» монографиямызда толық баяндалғандықтанда, бұл арада оған тоқталып жатпаймыз). Өкiнiшке орай, «Сұғанақ сұр» повесi сол күйiнде жоғалып кеттi.

Бесiншiден, осы хатта аты аталып, тегi тектелген адамдар кiмдер және оларға Мұхтардың сондай бейiл бере құлай сенетiндей ретi бар ма едi? Бар да едi, жоқ та едi. Мысалы, ұлттық ойдың ұйытқысы, ұлттық тұлға, терең тамырлы зиялы Телжан Шонанұлы туған халықының адал жүректi азаматы, достыққа берiк, сертке сенiмдi алаш көсемдерiнiң бiрi болды. Отарлаушылардың қазақ жерiн қалай тебiнге айналдырғанын әшкерлеп арнайы «қазақ жерi мәселесi» атты тұңғыш зерттеу кiтабын жазған осынау ардагердiң ғұлама бiлiмi мен адалдығына дұшпандары да iзетпен қарайтын. Мұхтар сол қасиетi үшiн де қолжазбаларын Телжанның қолына тигiзудi қайта - қайта ескертедi. Бiрақ...

Тiлеген тiлектiң бәрiн жаратқан ием қабыл ете бере ме. Бейiлi – пейiлге, ниетi – пиғылға ауысқан мысық тiлеу заманынның «сайқал мiнезiне» сәйкес, бұл қолжазбалар «сұғанақ сұрлардың» қолына тидi. Хатта аты – жөнi көрсетiлген адамдардың iшiнде сенiмсiздерi де, арандатуға дайын тұрғандары да бар едi дегенiмiздiң астары осында. Бұл өзi жан – жақты тиянақты талдауды қажет ететiн:

Ненi сүйдiм, дүниеде неден күйдiм,

Қазысы оның – арым мен бiр – ақ құдай, -

деп Абай айтқандай түбiрлi мәселе.

Сонда да, әдебиет тарихы дәлелдеген шындыққа жүгiнсек, Мұхтардың Қызылордаға жолдаған шығармалары нағыз «қырсықты қызыл көздiң» өз қолына түстi. Аталмыш хатта аты аталған «Ғаббас» деген адам - Ғаббас Тоғжанов болатын. Аса ауқатты шаңырақтан шыққан, оқуы терең, бастапқыда «Алаш» туының астындағы белсендi жастың қатарында жүрген Ғаббас Тоғжанов жиырма екi – жиырма бесiншi жылдардың арасында Әбдiрахман Байдiлдин мен Сәбит Мұқановқа қосылып, «кеңесшiл кедейдiң» шоқпытын киiп шыға келдi. Қазақтың тұңғыш маманданған әдебиет сыншысы ретiнде аты тарихта қалатыны анық. Алайда, парасат пайымына салсаң, Ғаббас Тоғжановтың ақылға салып шайқағаны – көркем ой емес, саясаттың «сары суы» едi. Сол кезде әдебиеттiң сойылын оңды – солды сiлтеп, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды былай қойып Абайдың өзiн «сiлейтiп» тастаған болатын. Мұхтардың:

«Тапсырған нәрсенiң бәрi Ғаббасқа берiлсе, әрине, оның ешқайсысының да тезiрекпен аяғы жерге тимейдi. Өйткенi бәрiн жинағанда ол көп материал болмақ және жазу – менiң жазуым. Оқып шығу қиын. Көп уақытты алады. Ғаббас үнемi соған қарап отырған кiсi емес. Басқа да қызмет алаңы бар. Сондықтан, бұл менiң сөздерiме жасаған «құрметтi айдау» есептi болуға керек», - деп емеуiрiн танытуы да сондықтан болатын.

Мұхтардың бұл күдiгi орынды едi және «қаупiң неден болса - қатерiң содан» дегеннiң керi нақты келдi. Қужақ - Голощекин қазақ ұлтының үстiнен «Кiшi октябрьдiң» үлкен дуалын соқтырды ад, мұқым халықты ойлағанындай етiп «есiнен тандырды». Соның нәтижесiнде ғылымның әлiппесiн ендi ғана ашқан, бiлiмнiң буы етiнен өтiп, сүйегiне жетпеген «жұмысшы интеллигенттер» шықты. Бұрын Әлихан мен Ахметке сөзiн ұстатқан қазақ елi, ендi Сағыр Камалов, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Исаев, Әбдiрахман Байдiлдин iспеттi шала қарпылған «идеологтардың» аузына қарады. Ленинградта кiтабiм қашан шығады деп үмiттенiп жүрген Мұхтардың қолжазбасын олар Қызылордада отырып қағып алып:

«Шығарманың саяси бағыты оның авторының қандай ағымды ұстаанатынына тiкелей байланысты. Алдынала шығарылған есеп бойынша, ұлтшыл – жазушылар 14, КазАПП – тықтар 16 және жолбикелер 9 кiтап шығарды... Соның iшiнде ұлтшылдардың өкiлдерi әр саланы қамтыған (Байтұрсынов, Әуезов, Кемеңгеров, Омаров, Абай, Жұмабаев). ұлтшылдар дала мен қазақ халқының өмiрiн таптық мүддеден тыс, бояуын сiңiре жырлайды, сөйтiп, өзiнiң қаламын кеңес өкiметiне қарсы бағыттайды», - деп идеогиялық қақпақылға түсiрдi, яғни, қолжазба халықтың қолына тимей жатып, оның маңдайына қарғыс таңбасын басты.


Сол жылдары Қужаә - Голощекиннiң үкiм шығаратын мiнбесiне айналған «Советская степь» газетiндегi бұл маәаланың авторы Сағыр Камалов едi. Ол нағыз кеңестiк және голощекиндiк «естен тандыру» рухында тәрбиеленген «ақ жүректiң» өзi болды. Таптық күрес идеясы көзiн тұмандатқаны сондай, «Алашорда» үкiметiнiң көсемдерiнiң қатарына Абайды да қосып жiбердi. Мұхтар дайындаған Абайдың екi томдық шығармалар жинағының жарық көрмей қалуына бiрден – бiр кесiрiн тигiзген осы Сағыр Камаловтың аталмыш газетте жарияланған «Абайдың бурзуазиялық күл - қоқысын ысырып тастау керек» - деген мақаласы – тын. Ел - жұртты «естен тандырамыз» деп жүрiп өздерiнiң «естерiнен танып», «есiрiкке» қалай айналғанын бiлмей қалды. Қолжазбалары Ғаббас Тоғжановқа тапсырылғанда Мұхтардың: «бұл менiң сөздерiме жасалған «құрметтi айдау» есептi болуға керек», - деп күдiктенуi орынды. Оның бұл ойлағаны дәл келдi. «Қараш - қараш оқиғасы» мен «Қилы заманның», «Хан Кененiң» қолжазбасы қолына түсiсiмен Ғаббас Тоғжанов оны жарыққа шығарудың орынына, керiсiнше, бесiгiнде тұншықтыруға ұмтылды. Қалайда Голощекиннiң көзiне түсу үшiн сол кезеңдегi «шала пiскен идеологтар» өзiнiң мақалаларын жаппай орыс тiлiнде жазып, «Советская степь» газетiне жариялауға құлшынды. Дәл осындай «сыбағаны» Ғаббас Тоғжанов сонау Ленинградта жатқан Мұхтарға да тартты. Ол Мұхтарды Қазақстанға келтiрмеу үшiн, қайтып саяси – мәдени сақнаға шығармай, жолын кесiп тастау үшiн алдын – ала байбалам салып, үкiмiн шығарып қойды. «Алаш iсiн» алдыға тарта отырып, Ғаббас Тоғжанов баспасөз арқылы Мұхтарды ресми түрде халық жауы деп жариялады. Ол:

«Осыдан бiраз ғана 3 –4 жыл бұрын – бiздiң ұлтшылдарымыз... Өнер, оның iшiнде әдебиет саясатқа бағынбайды, саясат, оларша айтқанда, таптық тар мүдде қызықтырмайды, қазақ әдебиетi өзiнiң алдына таптық мүддеден жоғары жалпы ұлттық мүдденi алдына мiндет етiп қояды деп даурыққан болатын. Қазақ ұлтшылдарының жас идеологтары – Әуезов, Ысқақов, Аймауытов және олардың компаниялары осылай деп жазды. Ал, Сәдуақасов болса бiздiң кеңестiк әдебиетiмiздi ұлтшылдарсыз – Әуезовсiз, Аймауытовсыз және Кемеңгеровсiз көз алдына елестете алмайды. Оның ойынша, ұлтшыл – жазушылар ұлттаралық тақырыпта қазақ еңбекшiлерiнiң тiлегiн қанағатандыратын пайдалы шығармалар жазуы әбден мүмкiн екен. Мұнымен де қанағаттанбай, ол бiздiң ұлтшыл идеологиядағы ақын Мағжан Жұмабаевтi – әйгiлi ұлтшылды, бiр кездегi контрреволюцияшылды әшкерелеуiмiзге де қарсы», - деп жазды.

Әрине, бұл достықтан туған «игi тiлек» емес. Ал адамгершiлiк тұрғыдан алғанда сатқындық едi. Өзiне сенiп тапсырған қолжазбаны ешқандай ресмилiктi сақтамай құрбандыққа шалуы – заң бойынша қызмет бабын жеке басының мүддесi үшiн, кек алуға пайдаланды деген айып тағылуға тиiстi азаматтық қылмыс едi. Алайда, азаматтықтың өзiн «тап күрескерi», «жазалаушы» деп түсiнген ақ жүректерге ешқандай заң жүрмейтiн. Оның үстiне дәл осы кезде Жүсiпбек Аймауытовтың «Ақбiлек», Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман», «Хан Кене» iспеттi отарлау саясатын әшкерлеген әлемдiк көркем ой деңгейiнде жазылған шығармалары дүниеге келiп едi. Мұндай әсерi мол қуатты туындылар кеңесшiл, тапшыл идеологтардың төбе шашын тiк тұрғызды. Олар үшiн ең қауiптi «қылмыс» осы болатын. Ұлттық мүдде – олар үшiн жат, ең жеккөрiнiштi ұғым едi. Ал, Мұхтар мен Смағұлды бұл кезде мүлдем басқа мәселе алаңдатып жүр едi. Смағұл оқу – ағарту халық комиссары қызметiнен босалып, оның да тағдыры белгiсiз болып тұрған сәт едi. Алайда ашық күрестен тайсақтамайтын отты азамат қызмет уайымының бәрiн ысырып тастап, мақсатты жұмысын атқара бердi. Ол барлық жазушыларға, оның iшiнде Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке өмiрбаяндық, шығармашылық мәселелерге қатысты бiрнеше сұрақтар жiберiп, соған сүйене отырып алғы сөз жазып олардың шығармаларын Мәскеуден орыс тiлiнде шығарды. Жауаптары қазiр Мұхтардың мұражайында сақтаулы. Ал Мұхтардың жоғарыдағы хатына мынадай жауап жазды.
«Жiберушi: Ташкент, Далинская, 14. Смағұл Сәдуақасов.

Алушы: Ленинград қ., орталық, Декабристер көшесi, 14, 1 пәтер. Әуезов Мұхтарға.

Мұхтар!

Сенiң соңғы хатыңды баяғыда алсам да, оған жауап жазуға жаңа ғана мұршам келiп отыр. Бiзде аздаған өзгерiстер бар. Мен педвуздан кеттiм, бүгiн Қызылордаға жол жүрмекпiн, ал ондағылар қайда жiбередi – бiлмеймiн. Менiң орыныма әлi ешкiмдi қойған жоқ, уақытша бiздiң басқарма мүшелерiнң бiреуi қалады.



Ендi, сенiң бiзге қызметке келуiң туралы мәселе өзгешелiк болуы мүмкiн. Оқу – ағарту комиссары таяуда бұндағы жаңа директорға ендi бұл арада ешкiмде қалмайды дептi, бәрiмiзде солай ойлаймыз. Сондықтан да сенiң Ташкентке келуiң ресми емес жолмен расталды. Бiздiң Алматыға көшер – көшпесiмiз әлi шешiлген жоқ. Оқу – ағарту комиссариатының айтуы бойынша, таяуда көшуiмiз керек, бiрақта нақты емес.

Пәтер жөнiнен қам жеме – педвуздың өз үйi бар. Мен тұрған үйде бiр үлкен де кең бөлме бар. Оның үстiне менiң үйiм үш бөлме, соның бiреуiн саған босатып беруiме болады. Лиза Ташкентте қалады, ол университеттен шығып кете алмайды. Сондықтан да мен қайда кетсем де жалғыз кетемiн. Егерде Қызылорда келiсiм берсе – Ташкентте қаламын.

Жiбергенiңдi алдым. Қуана - қуана сәлем жолдаймын. Егерде бұл хат болмаса, мен саған ренжитiнiм анық едi. «Еңбек жүрiп жатыр». Жураб жөнiнде пiкiр таласын өткiздiм, баяндама жасадым. Адам көп болды. Мен өзiме – өзiм қанағаттанбадым. Мен жақсы – ақ дайындалдым, бiрақ әдеттегiдей 40 –50 ғана кiсi болатын шығар деп ойлағанмын. Бiрақта 300 – 400 қаралы адам жиналды. Сөзiмнiң қорытындысында өзiмнiң беделiмдi сақтап қалғандай көрiндiм. Жора пiкiр таласын ұйымдастырмақшы, мен онда баяндама жасамақпын, ал Сәкен қосымша баяндама жасамақ.

Әзiрше, сүйiп құшақтадым – Смағұл.

Келесi хатты Қызылордадан жазамын. Смағұл».
Хаттың мазмұны айтып тұрғанындай, бұл Смағұлдың Қазақстандағы саяси сахнадан мүлдем қудалануының басы едi. Онымен күресуге ешқандай шарасы қалмаған Голощекин өзiнiң қолындағы ең соңғы мүмкiндiктi пайдаланып, Смағұл Сәдуақасаовты барлық қызметтен алып тастады. Соншама күш шығарып, жанын салып жүрген тұңғыш жоғары оқу орынының ректорлығынан да ысырды. Оған Смағұлдың «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы жазылған «ұлттар мен ұлтжандылар» туралы мақаласы себеп болды. «Бурзуазиялық демократиялық көзқарастың көсемi ретiнде әшкерелеген» К. Таболовтың мақаласынан кейiн, Ташкенттегi жоғары педагогикалық институттың партия – ұйымының жауапты хатшысы I. Қабылов:
«Бұл ұлт мәселесi жөнiндегi большевиктiк, лениндiк танымға қарсы әрекет... Сондықтан да Сәдуақасов жолдасты бұдан әрi қарай қазақ педагогикалық жоғары оқу орынының ректоры мiндетiнде қалдырудың ешқандай қажетi жоқ әрi мүмкiн емес», - деп өрекпiдi.
Соның нәтижесiнде, әлi жоғары бiлiм алып көрмеген I Қабылов партияның атын жамылып, өзi ұйымдастырған институттан Смағұлдың өзiн шеттеттi. Смағұл Сәдуақасов Қызылордаға барған соң да марқадам таппады. Ақыры Мәскеуге жол тартты. Онда халық комиссариатының салааралық жауапты маманы ретiнде қызмет атқара жүрiп, темiр жол институтын тәмамдады. 1933 жылы «Днепростройдың» құрлыс басқармасының орынбасары болып жүрген кезiнде «күкiрт қышқылы газымен» уланып, Кремльдiң ауыруханасында қайтыс болды. «Бүкiлодақтың ақсақал» М. И. Калининнiң өзi қоштасу азасына қатысты. Смағұлдың қазасын дәрiгерлер «өндiрiстiк уланудың» қатарына жатқызды. Алайда, оны сол күндерi Мәскеуде көрген, әңгiмелескен, Кремльге шығарып салған адамдардың естелiгiне жүгiнсек, Смағұл өзiнiң денсаулығы туралы ешкiмге ештеңе деп шағымданбаған. Ол Кремльге киiммен кiрiп, кебiнге оранып шыққан. Егерде, тура сол кездегi Кремльдiң iшiндегi «өндiрiстiк уланумен» қаза тапқандардың қасақана уланып өлтiрiлгенi туралы құпиялардың ашылып жатқанын ескерсек; сондай – ақ С. Сәдуақасовтың жиырма екiншi жылы «кене -адам» - Ежовты Семей губерниясының секретарынан шеттетiп, бұл облысты Сiбiр ревкомынан Қазақ АССР – iнiң құрамына кiргiзенiн қаперге алсақ, ал сол «кененiң» өрмелей – өрмелей Кремльге келiп, НКВД -ның «көсемiне» айналғанын айтсақ, Смағұлдың кiмнiң қолынан қаза тапқанын аңғару қиын емес. Рас, «күкiрт қышқылы газымен» Смағұлдың улануы мүмкiн. Бiрақ, «өндiрiстiк улану» болса, онда Смғұл Сәдуақасов «Днепростройдың» ауруханасында дүние салуы керек едi ғой. Ал Смағұл таңертең Кремльге кiргенi кешке қарай өлгенi анық. Әрине, бұл дербес әңгiме. Түптiң –түбiнде шындықтың ашылатыны кәмiл. Өзiнiң зерттеушiсiн күтiп тұрған, ұрпаққа парыз мiндеттiң бiрi осы.

Мiне, тұлғалы тұқыртудың құрбаны болған осындай азамат жазықсыздан жазықсыз заман өртiне шалынды. Ол өрт Мұхтарды да қамтыды. Жұбанышты бiр жай сол: осындай қарбалас шақта Көкшетаудан баспаның бас редакторы болып келген орман қызметкерi Ғабит Мүсiрепов Мұхтардың «Қилы заманын» ешкiммен ақылдастан тергеуге жiбередi. Кiтап «Алаш iсi» ресми тергеуге алынып, Байтұрсыновтар қамауға алынғанша жарық көрiп үлгердi. «Сұғанақ сұр» повесi сол күйi «сұғанақтардың» шеңгелiне түсiп, iз – түзсiз кеттi. Ал, «Хан Кене» сахнаға қойылмады. Астана – Алматыға ауысты. Егер Мұхтар мұнда келсе, бiрден абақтының есiгiн ашар едi. Сондықтанда, Ташкенттегi Орта Азия университетiне жол тартты. «Қужақтың» құрығы онда да құтқармады. Сөйтiп, ол «Орта Азия басшыларының идеологиялық жетекшiсi» болып шықты да, түрмеге түстi.


Оған: «Жер мәселесi мен тәркiлеу науқаны тұсындағы кеңес өкiметiне қарсы жүрген қастандық әрекеттерi» себеп болды.

Ол қандай әрекеттер және кiмге қарсы бағытталған? Мұны талқылап жатпаймыз. Өйткенi кеңес өкiметтiң қандай отарлаушы – жазалау саясатын ұстанғаны белгiлi. Сондықтанда мәселенiң басы ашық болғандықтанда, бiз сол қаралау үкiмiнiң екiншi бөлiмiн толық аударып беремiз. ‡кiмнiң үлбiреп тұрған қисынсыз баптарының өзiнен – ақ тергеу iсiнiң тек қана жалаға ғана емес, бiр жақты әдiлетсiз айыптауға құрылғандығын байқау қиынға байлығы мен өмiр сүрудiң тәсiлi туралы түспейдi. Мәселе: ұлттың ұйтқысы – жер, Отан, оның байлығы мен өмір сүрудің тәсілі туралы болып отыр. Ал айыптаушылардың қазақ халқының үштен бiрiн аштан қыруға, отанынан айыруға бағытталған саясат пен мемлекеттiк әрекеттерге қарсы шығуы заңды едi. Әрине, мұның барлығын кейiннен тарих өз орынына қойды. Бiрақ бұл шара тым кеш жүзеге асты. Қазақша ұғыммен бiлдiрсек, «болар iс болып, бояуы сiңiп кеттi». Ол құрбандықтардың құны тым қымбатқа түстi. ұлттың өзегi өртенiп, мәйегi iрiдi. Ұлт пен оның ұлттық тұлғаларын тағдырдың талқысы мен тарихтың тезiне салған жасанды да жалған, қатал да қатерлi, әдiлетсiз де аяр үкiм шықты.

Қандай қоғамда болмасын, қауiпсiздiк мекемесiнiң өзiне тән құпиясы сақталып қалады. Бiздiң қолымыздағы бұл үкiм өзге зерттеушiлердiң қолына түсе ме, жоқ па, кiм бiлсiн, сондықтанда оны iркiп пайдалануды жөн деп санамадық. Тарих пен таным ғылымы шағымды кезiнде екшеп алар. Әзiрге дерекке сараңдық жасамадық. Сонымен, «Алашорда» үкiметi мен қазақ зиялыларына тағылған екiншi айыптың көшiрмесiн назарларыңызға ұсынамыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет