Бұдан кейiнгi сұрақ-жауаптарда, айыптау үкiмiнде Колчактың аты кездеспейдi. Зады, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзiне сондай айып тағылғандықтан да 1918 жылығы кейбiр ұмтылуға тиiстi емес деректердiң өзiн қалыс қалдырғанға ұқсайды. Рас, Мұхтардың өзi түсiнiк бергенiндей, Колчак пен Анненковтiң әскерi Семей қаласын басып алған кезде қазақ зиялыларының астыртын әрекетке көшкенi, Мұхтар мен Әлiмхан Ермековтер шаhарда қалып, ақтарға қарсы күрес жүргiзгенi, кейбiреулерi қолға түсiп, оларды Семейдiң көпестерiнiң көмегi арқылы босатып алғаны, кеңес өкiметi орнасымен 1919 жылдың желтоқсанынан бастап қазақ бөлiмiнде қызмет атқарғаны шындық. Мұның жай жапсары «Бесiгiңдi түзе» атты еңбекте егжей – тегжейлi баяндалған. Әлiмхан Ермековтiң естелiгi де, түрмедегi жауаптары да мұны толық дәлелдейдi. Дегенменде тергеу барысында Байдiлдин есiне алмаған, Мұхтар мойындамаған бiр оқиға бар едi.
Бұрын жазушының өзi де, зерттеушiлер де жасырып келген бiр ақиқат – Мұхтардың «Алаш» партиясының жастар iсi жөнiндегi жауапты адамның бiрi болуы едi. «Алашорда» үкiметiнiң құрамына сайланбағанымен де, партияның идеология саласындағы үгiт – насихат жұмысын, өзi айтқандай, жанын салып iстедi. «Сарыарқа» газетi мен «Абай» журналы «Алаш» идеясының ту ұстар басылымы болды. Сол тұста, Омбы қаласында, 1918 жылдың қазан айында қазақ жастарының құрылтайы өткiзiлдi. Бұл ұйымға Смағұл Сәдуақасов жетекшiлiк еттi. Осы құрылтайға «Алашорданың» Семейдегi шығыс бөлiмшесiнiң жастар өкiлi ретiнде Мұхтар Әуезов қатысып, баяндама жасады. Ол баяндамасы Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетiнiң 15 және 25 қазандағы санында «Ескеру керек» деген атпен жарияланды. Жанартаудай жалындап тұрған Мұхтар бұл құрылтайда батыл пiкiрмен, шешен сөзiмен көзге түстi. Смағұл екеуiнiң танысып, табысуы сол жиыннан басталса керектi. Құрылтайда алаш жастарының мiндетi мен бағдары талқыланды. Мұхтар да соған үн қосып:
«Ендiгi халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе - құрсаулы әдiл, қатал билiк. Ендiгi хакiмнiң алдында нашар да, жуан да теңшiлiкте болып, белгiлi негiзге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркi ел iшiне жүрмеуi керек. Әлi де жуан ата билеп – төстеп, қадiрлi болатын болса, автономия деген, бөлектiк дегеннiң бәрi де сырты бүтiн, iшi түтiннiң iсi болады. Бiрақ мұндай күйдi бұрынғы уақыт көтерсе де, қазiргi уақыт көтермейдi», - деп құрбыларына көсемдiк жол сiлтеген едi.
Бұл – бұрынғы Ресей империясының астан – кестенi шығып, азамат соғысының аласапыраны басталып кеткен аса қатерлi де аумалы – төкпелi кезең едi. Орыстарды өзi ақ пен қызылға бөлiнiп, адмирал Колчак дербес Сiбiр үкiметiн құрып, тайталасқа түскен шақ болатын. 1917 жылы ескiше шiлде айының 21 – 28 жұлдысында Орынбор қаласында I қазақ құрылтайы болып, «Алашорда» үкiметi құрылды. Кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға жеке мемлекет болуына бостандық берген декларациясы хабарланысымен, 1917 жылы 29 қараша күнi Заки Уәлиди басқарған башқұрт қайраткерлерi Башқұрт Автономиялы Республикасының құрылғандығын жариялады. Оған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы да зор болды. Мұхтар қазақ жастарының құрылтайына қатысқан тұсында «Алашорда» мен Сiбiр үкiметтерiнiң арасында бiр-бiрiн тану туралы келiсiм жүргiзiлiп жатыр едi. Алайда, арада бiр апта өткеннен кейiн Сiбiр үкiметi «Алашты» да, автономиялық Башқұртстанды да заңсыз деп жариялап, оларды Колчак үкiметiне бағынуға тиiстi, әскерлерiн таратсын деген жарлық шығарды. Ашық күнгi найзағайдай әсер еткен Бұл оқиға дербестiкке қолы ендi ғана жеткен отар ұлттардың мемлекет қайраткерлерiн дағдарып – ақ тастады. Ақ пен қызылдың қаhарына қатар ұшыраған қазақ пен башқұрт ұлтының сарбаздары аса қиын жағдайда қалды. мiне, осындай қысылтаяң шақта екi үкiметтiң өзара келiсiмi қажет едi. Қызыл Мешiттегi Башқұрт ұлттық армиясының қолбасшысы Заки Уәлидимен жолығуға «Алашорданың» уәкiлдерi де келдi. Башқұрт және исi түркi ұлтының азаттығы үшiн ғұмырын арнаған, ортақ Түркiстан мемлекетiн құру идеясын ұсынушылардың бiрi, кейiн түркi тарихының ғұламасы атанған Заки Уәлиди Тоған өзiнiң 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Естелiктерiнде» 1918 жылғы Қызыл Мешiтке келген «Алашорданың» қайраткерi туралы:
«Бiз Ермолаевкада тұрған кезiмiзде, желтоқсанның бiрiншi жартысында өткен, кейiннен бiздiң күрес майданымыздың өзгеруiне тiкелей әсер еткен үш оқиғаны есiме түсiре кеткiм келдi. Бiрiншiсi: тұтқындағы түрiк офицерi Киязим – бей Ташкент қаласындағы Үндiстандық либерал – демократ, ағылшындардың дұшпаны – Мавляви Баракатолламен байланыс жасап тұратын... Олар Башқұрт үкiметiне хат жазып, кеңес өкiметiмен келiсiмге келуге шақырыпты... Мұндай тиянақты мәлiметтер бiз үшiн жаңалық едi, сондықтан да кеңес өкiметiмен келiссөздi бастаудың аса қажет екендiгiне бiздiң бiраз серiктерiмiздiң көзiн жеткiздi. Екiншi оқиға – менiң адмирал Колчактың және Француз генералы Жанненнiң атаман Дутовқа жолдаған хаттарымен танысуым едi... Ол қағазда Башқұртстан мен Қазақстанның әскерiн шұғыл түрде таратып, менi және басқа да башқұрт қайраткерлерiн әскери – дала сотына беру туралы үзiлдi – кесiлдi бұйрық берiптi... ‡шiншi оқиға «Алашорданың» өкiлдерiнiң келуi. Солармен қоса қазақтардың атынан Ғазымбек Бiрiмжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов келдi. Олар да Колчак пен одақтастардың ұлттық әскер мен ұлттық үкiмет құруға қарсы әрекет жасағандығының салдрынан кеңес өкiметiмен келiсiм жасауға мәжбүр болыпты. Кейiннен Ғазымбек Германияға келiп, сонда бiлiм алды, ал Отанына қайтып оралғаннан кейiн зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнектi кеңес жазушысы болды, 60 жасқа толған мерейтойы кеңiнен аталып өттi, Қазақстан Ғылым академиясының академиктiгiне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты», - деп жазды.
Заки Уәлидидiң бұл естелiгi отызыншы жылдары жариялана қалса, қазақ ұлты рухани жетiмсiреп қалатыны анық болатын. «Абай жолы» да жазылаймай, әлем жұртының алдында еңсемiз аласарып, бақытымызды кiм көтерер екен деп жалтақтап өмiр сүретiнiмiз де кәмiл.
Империяның, оның iшiнде кеңестiк арандату мен жазалау саясатын жақсы бiлетiн. Сталиннiң өзiмен бiрнеше рет бетпе–бет сөйлесiп, пiкiр таластырған Заки Уәлиди ғұлама «естелiктерiнiң» қолжазба нұсқасы 1927 жылдары қағазға түссе жарияламауының негiзгi себебi – туған Отанында қалған тұлғалардың өмiрiне қауiп төндiрудi ойлағандығында едi. Соның өзiнде де «қазақ ұлтшылдарының қылмыстық әрекеттерiндегi» тергеу iсiнiң негiзгi және ең басты бағыты – осы Заки Уәлидидiң астыртын ұйымын әшкерелеуге құрылды. Бұл айып «ұлы құрбандықтардың» бәрiне де тағылып, сұрақ-жауап кезiнде үнемi алдарын орап отырды. Бiр таңғаларлық жай: Мұхтар Әуезов пен Заки Уәлидiң кездескенi туралы дерек ғалымның естелiгiнен басқа еш жерде айтылмайды. Әрине, жазушының ешкiмге тiс жармауы заңды. Ғазымбек Бiрiмжанов өзiнiң Германияда оқуда жүргенiнде Заки Уәлидимен жолыққанын тергеушiге баяндап берсе де мына оқиға жөнiнде ләм-мим демеген. Ал Әбдiрахман Байдiлдин бұл кездесудi бiлмеген.
Оған да шүкiр.
Егерде бiле қалған жағдайда Мұхтарды тәубесiне келтiрiп, оқиғаны ушықтырып баяндауы әбден мүмкiн едi. Өзiн «Алашорданың» жас қайраткерi әрi Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкiметiнiң белсендi адал қызметкерi ретiнде сезiнетiн «Қаламның» шегiнетiн жерi де қалмаған болатын. Өзiн – өзi әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан iргесiн ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсiрген. Соның iшiнде төмендегi мәлiметi Уәлиди мен Мұхтардың кездесуiне тұздық құйып үкiм шығартатын. Оған мына жауабы куә.
«Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе – С. Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге сағаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс оны қолдау керек деп шешiм шығарды. (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, оны ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы – С. Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды, оны жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн бiлмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай онда ұзақ отыратын.»
Бiрде ол менiң бөлмеме келдi. Бұл құрылтайдан кейiн шамамен 11–12 өткеннен соң болатын. Әңгiмесiн зiлдi салмақпен бастады. Ол: отаршылдар менi қудалауын тоқтатқан жоқ, керiсiнше, менi партиядан шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтанда, бiр батыл қадам жасағым келедi, бiрақ не iстерiмдi өзiм де бiлмеймiн», - дедi. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрi қарай басмашыларға қосыласың», - деп ұсыныс жасапты. Әуезовтiң бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместiгiн, бiрақ та ол туралы менiң пiкiрiмдi бiлгiсi келетiнiн айтты.
Мен Смағұлға не айтарымды бiлмедiм. Оның жағдайының сондай қиын екенiн және көңiлiнiң қобалжып жүргенiн бiлетiнмiн. Алайда менiң оның дәл осындай ойда жүргенiнен және басмашыларға қосылып кетуге келiсiм бергенiнен мүлде хабарсыз едiм әрi ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсiз кеңес берген обком партияның мүшесi және КЦИК – тiң саяси секретары Әуезовтiң кеңесi түсiнiксiз, оғаш көрiндi. Мен бiздiң мақсатымызды (ұлт мәселесi жөнiнде жүргiзiп отырған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесiмен сәйкестендiре алмадым. Мен өзiмше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебiр шiрiк мақсатты көздедi ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовтың көзiн құртып, бiздiң арамыздағы көсем өзi болғысы келдi ме екен деп топшылаймын. Себебi: ол кезде бiздiң мақсатымыз ортақ болса да, жершiлдiк, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген iшкi мүддемiз бар едi: Әуезов – семейлiк, ал бiз Сәдуақасов екеумiз – ақмолалық едiк. Соңғы мәселе – Әуезовтiң көкейiн тескен шешушi мәселе сияқты боп көрiндi маған.
Бұл ойымның барлығын Сәдуақасоқа ашық айттым және Әуезовтiң ұсынысын қабылдауға түбегейлi қарсы болдым. Мен оған «Демалыс алып Мәскеуге бар, одан кейiн жұмысыңа қайтып араласарсың», - деп кеңес бердiм. Содан кейiн тағы да: «Мүмкiн сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтiп бұрынғы жұмысыңды iстей берерсiң», - дегендi де айттым. Бұған қоса мен: «Соңғы кезде сенiң беделiң өте қатты өсiп келедi, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзiңнiң жаңа қырыңмен көрiндiң, сондықтанда өз болашағың үшiн мазасызданудың қажетi жоқ», - деп оны жұбаттым...
Келесi күнi ол демалыс алды да Мәскеуге жүрiп кеттi...
Бұл оқиғадан кейiн мен Әуезовке күдiкпен қарайтын болдым. Ол менiң көз алдымда екiжүздi адам боп елестедi: бiрiншi Әуезов – партия мүшесi, жауапты қызметкер, ақылды кiсi, бiздiң көзқарасымыздың көсемдерiнiң бiрi, ал екiншi Әуезов - бiрiншi адамның қасиетiне ие, бiрақ, та әлдебiр астарлы оймен жүрген сияқты көрiндi. Соңғы күдiгiмдi мына бiр жағдай, «Еңбекшi қазақ» газетiнiң № 1 санын шығарған кездегi оның iс әрекетi дәлелдей түстi.
«Еңбекшi қазақ» №1 санында қазан төңкерiсiнiң 4 жылдығына арналған 10 күн бойы жаздым. (Ол менiң өмiрiмдегi 1 – мақалам едi). Мұнда мен өзiмнiң сол кездегi көңiл – күйiмдi жеткiздiм. Онда: Ұлы Қазан Төңкерiсiнiң ұлы маңызы, оның жеңiстерi, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерiсiнiң төлi боп келетiн Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымақтығы, тағы да басқа жайлар туралы баяндадым. Мақаламның соңын: «Жасасын Ұлы Қазан Төңкерiсi! Жасасын кеңес өкiметi! ҚССР жасасын!»- деген сөздермен аяқтадым.
Менiң бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашородашылардың ренiшiн туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрiздi. Ол аздай, менiң бұл мақалам – өзiмнiң коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтiң де наразылығын тудырды. Газет шыққан күнi ол менi шақырып алды да жерiме жете ұрысты. Ол менен: «Газеттiң жауыпты редакторына № 1 санның материалдарын неге көрсетпедiң, неге келiспедiң, өзiңнiң мақалаңды алдын–ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерiсiн жөн–жосықсыз даурыға «жасасындатқансың», «Алашорданы» жамандап нең бар едi», - деп ұрысты да түсiнiктеме беруiме талап еттi. Ол бұған мақалада айтылғандардың бәрi де құр көкмылжың, қызыл сөз. Егерде «Алашорданың» атына қатысты тағы да осындай пiкiр бiлдiретiн болсаң, онда сенi редакция алқасының мүшелiгiнен шығаруды талап етемiн, не өзiм кетемiн, мұндай газетте жұмыс iстей алмаймын», - дедi.
Менiң мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едiм. Керiсiнше, қолдайтын шығар, сөйтiп менiң көңiлiме қанат бiтiрер, өйткенi бұл менiң тұңғыш мақалам едi ғой, әрi анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр деп ойлағанмын. Алайда ол күткенiм болмады, жоғарыда айтқанымдай, керiсiнше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрсысып қалдым. Менi шамадандырғаны – менiң мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерiсiнiң маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы едi және оның «Алашорданың» көсемдерiмен байланысын үзбегендiгi де жаныма тидi. Ол орынынан тұрды да өзiн оңаша қалдыруды өтiндi. Мен шығып кеттiм.
Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелерi: Ә. Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегi обкомның үгiт – насихат бөлiмiнiң меңгерушiсiнiң орынбасарына (аты – жөнiн ұмыттым, ұлты латыш болатын) айттым. Соңғы аталған адам бiздi обкомға шақырып алды да, әңгiмелескен соң, екеумiздiң де кiнәлi екенiмiздi айтты. Маған: газет материалын Әуезовпен келiспегенiм үшiн айыптысың, - дедi, ал оған: газетке көп көңiл бөлмейсiң, - дедi. Бұл мәселе бiздi бiрден татуластырып кете қоймады. Бiраз уақытқа дейiн бiр – бiрiмiзге қырын қарап жүрдiк. Мен оның келiсiмiнсiз – ақ № 2 санды шығардым. Содан кейiн бiздiң қарым - қатынасымыз қалпына келе бастады.
Бiрақта бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашылар майданына өтiп кетуi мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң – Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс – әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде – ақ (21 – жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екi ортада теңселiп жүрдi де, алашордалықтарға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».
Тағдырдың Мұхтарға тартқан мол сиының бiрi – осы оқиғаның түбi тектелмей қалуы едi. Төлеужан Ысмайылов құрдасы Төлеубек Жақыпбайұлына қарата әзiлдеп айтқан «әрi әумесер, әрi данышпан секiлдiм» - деген сөзi Әбдiрахман Байдiлдинге де дәл келiп тұр. Өткендегi iсiнде – мақсат пен мүдде бар, ал тергеудегi әрекетiнен шындығында да «әумесiрлiк» байқалады.
Сөйтiп, «Колчакпен сыбайластықтан» құтқарған жазымшы, оған келесi сұраққа жауап берудi талап еттi. Ол «сыбағаны» тағы да құрдасы Әбдiрахман Байдiлдин тартты. Голощекин мен Ежовтың тапсырмасымен қалайда Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай бердi. Ол өзiнiң 1929 жылы шiлденiң 25 күнi жазып берген машинкамен басқанда 45 беттiк түсiнiктемесiнде:
«Мен өзiмнiң түсiнiктемемде, әрине, сәдуақасовшылдықтың мұқым тарихын толық баяндап бере алмаймын. Оған қазiр тиiстi жағдай да жоқ, ең бастысы, қажеттi деректер де қолымда емес... Сәдуақасовшылдық партияға қарсы бағыт ретiнде КССР-дiң құрылған алғашқы күнiнен бастап стихиялы түрде қалыптаса бастады... Егерде жинақтап айтар болсақ, сәдуақасовшылдық мынадай бағытта көрiндi. 1. Партияның ұлттық бағдарламасын жүргiзу бағыты (мұны қалай түсiнiп, қалай талдағаны жеке мәселе). 2. Қазақтардың арасындағы жұмысты күшейту. 3. Төңкерiс жастары деп аталатын топты жоғары қызметке тарту. 4. Отаршылдыққа қарсы күрес және солшыл селтеңбайларға (бездельников) қарсы күресi. Оның бұл бағыт - бағдары (платформасы) сол кезде басылып шыққан «Жастардың жаңа жолы» деген кiтапшасында барынша толық баяндалды» - деп көрсеттi.
Тура осындай айып Мұхтар Әуезовке де тағылды. Әсiресе, Бүкiлқазақстандық Кеңестiң II съезi тұсында өткiзiлген қазақ өкiлдерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек қана идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, Қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. «Коммунистiк колонизаторлық» саясатқа көзi анық жеткен Мұхтар бұдан соң КирЦИК – тiң саяси хатшылығын өз бетiмен тастап, партиялық билетiн хатпен салып жiберуге мәжбүр болды. Мұны ұлт зиялыларының Азаматтық Мойынсынбау туралы шешiм қабылдауы леп түсiнген абзал. Қалыптасқан жағдай бойынша олардың қолынан бұдан басқа ештеңе де келмейтiн. Өйткенi, Қазақстанның солтүстiк және солтүстiк батыс аймағын жайлаған аштық елiнiң ұлт боп өмiр сүруiне қауiп төндiрдi. Кiсiнiң етiн кiсi жеп жатқандығы туралы үрейлi хабарлар Орынборға суыт жетiп жатса да, негiзгi құрамы қазақ емес ұлттардан құралған өлкелiк Революциялық комитеттiң мүшелерi өзiнiң жұмыс жоспарын: 1). ВПК(б) – ның ХII съезiне дайындық деген жалаң ИдеологиялыҚ даурықпаны өршiтуге. 2). Ресейдегi аштыққа ұшыраған аудандарға азық -түлiк жөнелту үшiн жергiлiктi ұлттың ең соңғы қолүздiгiн сыпырып – сиырып алуға (Лениннiң Арал балықшыларына Повольжьеге балық жiберу туралы жеделхатын еске алыңыз). 3). Бұл әдiлетсiздiктiң кесiрiнен туындаған халықтың наразылығын бүрмелеу үшiн барлық кiнәнi «қазақ ұлтшылдарына» жабу науқанына құрды.
Мiне, осындай қиын-қыстау кезеңде үкiмет басшыларының арасында өрбiген пiкiр таласы саяси және ұлттық жiктелiге алып келдi. Большевиктер Қазақстандағы аштыққа қарсы шара қолданбақ түгiл, назарын да салмады. ұлтшылдардың даурығуы деп бағалап, саяси күрестi одан әрi қатаң жүргiзуге, партия қатарын тазалауға рұқсат сұрап, Мәскеуден жарлық күттi. ‡кiмет билiгiнен айырылып қалудан қауiптенген С. Меңдешев бастаған большевиктер де:
«Ашаршылық туралы қауесеттi таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң – мұқтажын жоқтағансып, еңбекшiлердiң назарын өздерiне аудару Үшiн қасақана байбалам салуда», - деп кеңесте сөйледi.
Шындығында, тура сол кезде С. Мендешовтiң өзiнiң туған ауылында түтiнi тiк шығатын бiрде – бiр үй қалмап едi.
Съездiң қарсаңында аштық мәселесiн күн тәртiбiне қойып, коммунистердi шұғыл шара қолдануға мәжбүр ету үшiн Ахмет Байтұрсынов пен саяси хатшы Мұхтар Әуезов ел iшiне өкiлдер жiберiп, аранын ашқан аштықтың қасiретi туралы мәләметтер жинап, тиiстi тұжырым жасауды ұсынды. Тергеу iсiнде бұрмаланып айтылған, «ХII Съезге алдын–ала қастандықпен жасалған Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси платформасы» осы шара болатын. Ал, коммунистер бұған үзiлдi–кесiлдi қарсы шығып; партия съезiнiң назарын басқа жаққа аударуға, таптық күрестi әлсiретуге жол бермеймiз – деп өршелендi.
1921 жылы Орынборда өткен Бүкiлқазақтық Өлкелiк кеңестiң II съезi - қазақ мемлекетiнiң даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тiрегiн анықтайтын аса жауапты саяси кезең болды. Қарбаластың қарсаңында Өлкелiк атқару комитетiнiң өкiлi ретiнде Семейге барған Смағұл Сәдуақасов тек қана орыстар тұратын елдi мекендердi ғана мемлекеттiк құрылымға тартып, қазақтарды сырттан келген сiңбе ұлт деп қарап, бұратана жат жұрттар бөлiмi дегендi ашып, билiк басына қазақ оқығандарын жолатпай қойған Семей губерниялық атқару комитетiн таратып, төрағалықтың мiндетiн уақытша өзi атқарып, негiзгi ұлт - қазақтарды басшы қызметке тағайындап, қазақ ұлтының мүддесiн – мемлекеттiң мүддесi деп жариялаған болатын. Қазақ Автономиялы Республикасының дербес мемлекеттiк құрылым ретiндегi құқын пайдаланған Смағұл Сәдуақасовтың тәуекелге бел буған бұл ерлiгiне губерниялық ревкомда ашық қарсы шыға алмады. Бiрақ Семей, Ақмола губерниясы Сiбiр ревкомына қарағандықтанда бұл заңсыз қадам едi. Шекара жөнiндегi Қазақ АССР-i мен Сiбiр ревкомының арасындағы бұл айтыс бiр жылға созылып барып, Әлихан Бөкейханов пен Әлiмхан Ермеков Лениннiң алдына барып, дәлелдеп шыққаннан кейiн ғана қазiргi солтүстiктегi бес облыс Қазақстанға қайтарылды.
Қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар және ұлттық намысты қозғайтын осынау қасиеттi қозғалыс Орынборда, Алаш ардагерлерiнiң көсемдiк парасатының ықпалымен елiнiң өжет ұлы Смағұлдың батыл әрекетiмен басталып едi.
Ұлттық намыс пен сана – сезiмдi оятқан мұндай ерлiк пен еркiндiктi кекешiл империя кешiрмедi де ұмытпады. Тергеушiлердiң де қатты қадалып, қазымырлана шұқшиуының басты кiлтипаны сол болатын. Мiне, өлкелiк кеңеске осындай кереғар көңiл – күйде келген өкiлдердiң ұлтына қарап екiге бөлiнуi сондықтан едi. Мемлекет басындағы қазақ қайраткерлерiнiң солқылдақтығы мен намыссыздығының салдарынан Смағұлдың тағдыры тәлкекке түстi. Съезд барысындағы шегiне жете ушыққан көзқарастар қақтығысын Әбдiрахман Байдiлдиндей жерiне жеткiзiп, қыбын қандырып жазған адам кемде-кем. Сондықтан қарау пиғылдан туған ащы шындықты назарға ұсынамыз: «Ел сенген өкiл»:
«Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жүрiп кеттiк. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер бiрге аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс–әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс–әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi керiсiнше Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi күрес өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды. Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушыларының өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт – бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады.
Оның сөзiн: бiр жақтан: «жойылсын ұлтшыл», екiншi жақтан: «отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!» - деген айқайлар жиi – жиi кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да айқай–шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х. Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.
Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақта, кейiннен бәрiбiр 3–4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi.
Мәжiлiс жабылардың алдында М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешов, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М. Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұғындары арасындағы жағдайдың хал – ахуалы туралы өзара пiкiр алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», - дедi».
Бұл күндер – алаш жастары қозғалысының қос сұңқары – Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың шын мәнәнде ел көсемi дәрежесiне көтерiлген айшықты мезетi едi. Екеуiнiң де жас мөлшерi 21 –24 арасында болса да нағыз ысылған саясаткер, қажырлы да қабырғалы мемлекет басшысы ретiнде көрiне бiлдi. Тiптi, саяси сайысқа түскен шақтарында ерекше шамырқанып, айбарланып, қарсыласына сес те танытты. Айтқанына сендiрiп, ұлтты ұйымдастырып, ұтымды тұжырым ұсынды. Ұлттық және рухани егес пен қарсыласуға құрылған қарсылықтың тұсында ақылы мен қайратына қатар билетiп, тура сол қарсаңдағы мемлекеттiк мiндеттiң ең шағымды екi мәселесiн күн тәртiбiне қойды. Халықтың назарын төнiп келе жатқан қатерге аударды. «Мен үкiметтi түсiнемiн: болашақ Дума – бiздiң 1907 жылғы шiлде – ақпан айларындағы оқиғаларымыз үшiн қиямет соты болмақ», - деп В. О. Ключевский айтқандай, дәл осы күнгi, осы кештегi қайраткерлiгi Мұхтар мен Смағұлды қашан көз жұмғанша талқының тезiне салып, өмiр бойы жауапқа тартқызып кеттi. Алайда, ұлтының тағдыры тығырыққа тiрелiп, ұйлығысып тұрғанда бар ауыртпашылық пен жауапкершiлiктi мойындарына алды. Бұл екi мiндет: 1) қаралы қанатын жайып келе жатқан күйзелiстен елдi құтқару, сондай–ақ 2) Қазақ жерiн ашкөздiкпен қомағайлана бауырына басқысы келген ұлы орыстық отарлаушы пиғылға қарсы және қазақ елiн зауалға ұшыратуы мүмкiн ашаршылықтың нышанына қарсы күресуге тиiстi қазақ қызметкерлерiнiң iс – әрекет жоспары болатын. Яғни, қауым боп бас қосып, ортақ Ұлттық Идея мен Ұлттық мiндеттi анықтау едi: Мәжiлiсте:
«...Жергiлiктi жерлердегi жағдай туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр губерния өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал – ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiндегi қазақ ауылдарындағы жұмыстың самрқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы – отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», - деп тұжырым жасады.
Достарыңызбен бөлісу: |