Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет21/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

«Алма бағында» пьесасындағы жастардың бет ажарынан күлкi көремiз. Тұйықтық, ренiш, қайғы оларға мүлдем жат. Бәрi де өмiрiн сүйген зерделi жастар», - деп Қапан Сатыбалдин тiлекке тiлек, ниетке ниет қосты.

Мұхтардың өзi теңей айтқан «Жетi басты жалмауыз» басын көтерiп, «тиiстi сыбағасын» шетiнен тырнағына шеңгелдей iлiп жатқан тұста, мұндай шуақты пiкiр есту, жағымды баға алу – бақыт, зор бақыт. Ұзақ жылғы созылған қақпайлаулар мен көрген қағажулардың қарымтасын қайтара алатындай шұрайлы несiбе едi. Жеке кейiпкерлерiнiң жүрiс – тұрысына, мiнез - құлқына, олардың моральдық бет – бейнесiне қаратыла бiлдiрiлген ескертулер көңiлге қаяу салмайтын. Өзiнiң адалдығын, жастық отын, өжеттiгiн байқатқан жеткiншек Қапан Сатыбалдин осы мақаласы арқылы исi қазақ әдебиетiнiң келешегi үшiн үлкен жақсылық жасағанын, «саяси сенiмсiз адамға» сенiм бiлдiргенi үшiн өз өмiрiн де қатерге тiкенiн бiлдi ме? Бiлмеуi мүмкiн емес. Жетелi адамның түсiнiгi алдамайды. Бұл пiкiрдiң маңыздылығы сонда, ол: «Мұхтардың шығармалары жастарды тәрбиелеуге белсене қызмет етiп жатыр. Бағыт – бағдары дұрыс. Оны алдыңғы қатарлы студенттер қауымы қолдайды», - деген пiкiр қалыптастырды. Қапанның мақаласының соңнан Кәрiжан Дәукенов дегеннiң пiкiрi берiлiптi. Жалпы ниетi дұрыс. Ол: «пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?» - дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады» - деп кiбiртiктеп сыни пiкiр бiлдiредi.

Несi бар, сүйiндiретiн сөз. Жас жiгiтке пьеса ұнаған. Пiкiрiн де жасырмаған. Бұл да белгiлi дәрежеде тәуекелге бел буған. Бiрақ сол тәуекел өзiн – өзi ақтады ма? Қайдам. Әдебиетте, өнерде есiмi ұмытылып кеткен осынау адамға ұрпақтардан айтылар алғыс шексiз болар едi – ау, әттең... Газеттiң сол санының үшiншi бетiндегi (реплика 4 – бетке берiлген – Т. Ж.) «Жансүгiров Iлиястың жинағы туралы» «Барып тұрған зиянды контрабанды» - деген атышулы мақаланың соңындағы «Кәрiжан Даукенов» деген қолдың қойылғанын көргенде жүрегiң мұздап сала бередi. Iлиястiң «көзiн жою үшiн» Мұхтарға араша түсудiң, не керiсiнше, Әуезовты аман сақтау үшiн Жансүгiровты оқтың ұшына байлаудың қандай қажеттiгi болды екен? Осы мақаласыз да жыр дүлдiлi құлагердiң тағдырын құшар, құшпас. Алайда, аз әбiгер әкелген жоқ. Қаралауға, тергеуге мұрындық беретiн «Үш айғақтың» бiрi ретiнде iске тiркелмегенiне кiм кепiл. Iлиястың өзiне тiкелей бағытталған баспасөздегi екiншi материал бұл.

Ал үшiншi куә кiм? Ол адам да «көп күттiрмептi». Себебi, келесi санда Iлиясты «халық жауларының» қатарына қосып, әшкерелей бастады. Демек, ол «Қақпанға» iлiккен. Бейiмбет екеуiнiң тағдыры орлайлас. Тамыз айының ортасынан былай олар көз жаздырып кеттi.

Мәңгiге.


Адамның тағдырында да кездейсоқ құбылыстар жиi кездеседi. Iлиясты көзi тiрiсiнде ең соңғы рет көрген жазушы – Мұхтар Әуезов екен. Ол екеуiнiң қылаусыз достығы қос семьяның арасындағы тосын да күрделi байланыстың жалғасуына, дос адамның үй iшiне деген қамқорлықтың өзге арнамен де дамуына ықпалы тигiзген сияқты. Әрине, оның әдiп – астарына төрелiк айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Заман байлаған түйiншектiң жiбiн тек сол заман ақиқатының үкiмi ғана шешедi.

Фатима Ғабитова – ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясына тиiстi бақыт пен сорды қатар басынан кешкен ер мiнездi әйел. Осынау адамның тағдыры өзiнше жыр. Дара тақырып. Бiз көкейкестi ойымызға дәйек ретiнде Фатима Ғабит қызының балаларының рұқсатымен ол кiсiнiң күнделiгiнен үзiндi ұсынып отырмыз. Мұнда бiрталай тағдыр тауқыметi ашық айтылған. Белгiлi себептермен кей жерiн, кiсi аттарын қысқарттық. Шындықтың барлығы әдебиеттiң, адамдар арасындағы қатынастың бiрлiгiн нығайтпайды. Екiншiден: сол ақиқатты айту үшiн де жазушы болу аз, заң жүзiнде де тиiстi мұрагерлiк баптарға сәйкес құқың болу керек. Ондай өкiлдiк бiзде жоқ. Ең бастысы Iлияс Жансүгiровтың бимәлiм тағдырынан мағлұмат аламыз. Бiзге қажетi де сол.

Фатима Ғабитова:

«1937 жылы жазғы демалысымызды екiге бөлiп, алғашқы кезде Алматы мен Фрунзе аралығындағы Дегерес жайлауында болып, қалған уақытта Тәжiкстанның Орджоникидзеабад ауданында өткiзбек едiк. ӨЙткенi, жыл сайын жазда демалатын орнымыз Алматыға жақын болғандықтан қонақтан - қонақ болып, еркiндеп демала алмайтынбыз. Және жұмыс iстеуге де қолайсыз едi. Iлиясқа мұндай жағдай, тiптi, ұнамайтын.

Октябрь мерекесiнiң 20 жылдығына арнап қазақ драма театры «Исатай - Махамбеттi» дайындауы себептi, Iлияс жайлауға кешiгiп, бiзден 20 шақты күннен соң, тек июльдiң орта кезiнде ғана келдi. Ол бiрнеше жылдар бойы жазып жүрген «Бақытты Жамал» дейтiн поэмасын өзiмен ала келген болатын. Сол Дегерес жайлауында «Бақытты Жамалды» баспаға дайындадық.

Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Абдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық.

Августiң 13 – i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.

Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалар жанында болдым. Кешәұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалқаманды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?» - деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты – Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», - дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.

Барлыә бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты». – дейдi.

Сондай зауал шақта:

Қара түн дүние тұман басқан,

Албасты тұншықтырып уын шашқан.

Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,

Шарт етiп сатыр – күтiр жарылды аспан, -

деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдiлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн – 13 тамыздың түнi, 14 тамыздың таңы екен. Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр – ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмән татқан ананың азап арқалап, уайыммен көшкен ғұмырының «сенбепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе – жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр – жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн өзi теждей алмай, артық - ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе – сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы «ар алдында тазарту» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлияс семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.

Фатима Ғабитова:

«Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй – iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмануына себепшi, болған сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.

Мен – Iлияс Жансүгiровтың әйелi, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.

Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы – Т. Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтардың ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы – тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр», - деп ашына сөйледi. – Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым – түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.

1937 жылдың 13/VIII – сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр – екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!

...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.

Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп - қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.

...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...» - дедiм. Сонда ...ев: Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай жүредi?» - деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.

Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрiншi қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.

1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Мерекеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», - дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн талдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын:
Кешiрiлмейтiн кiнә!

Жаралы жолбарыстай, мен амалсыз.

Отырмын Iлияс кеттiң, сен хабарсыз.

«Алдыңызға кеп тұрмын, кешiр», - дейдi,

Қара иттей ...ев

неткен арсыз?!


Iлияс ақталғаннан кейiн ...ев Iлиястың комиссиясына кiрмек болды. Мен Ғабитке айтып комиссияға енгiзбедiм. Бiрақ Мұхтарға «Эпопея, эпопея» деп жалынып жүрiп Академия шығарған сборникке Iлияс жайлы жазуға рұқсат алыпты. Мұны бiлген мен, Мұхтарға қатты ашуландым. Сонда маған Мұхтар: «Фатима, осы өте саяз жүзесiң, жазсын. Iлиястың бiрiншi қаралаушысы да ...ев және бiрiншi мақтаушысы да ...ев болсын. Келешекте тарих өзiнiң әдiл бағасын шығарар!» - дедi.

Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!»

Жартылай айтылған шындық - жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол – Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгiровтың белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ернi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.

Фатима Ғабитова:

«1937 –iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12 – iншi мектептiң 5 – 7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» А класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен – баламыз болды деп қуанбаймын – сен аман қалды деп қуанамын», - дейтiн.

Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан; екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?» - дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн», - дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер», - дедi.

Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.

1938 –iншi жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД – ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады», - дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД – ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...

Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», - дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.

Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:



  • Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма? – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:

  • Шешiнбеңiз, бес – ақ минут уақытыңыз қалды, - дедi.

Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:

  • Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, - дедi.

Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар» - дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», - дедi.

Бес минут болды ма, болмады ма тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», - дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД – ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД – ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық», - деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың», - деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...

Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым...

Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»

Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды.

Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi.



Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?

Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық - әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның: «Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам - жазушы», - деуi сондықтан. Алайда, отыз жетiншi жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. Солардың қатарында қазақтың адал перзенттерi, оның iшiнде Ленинмен бiрге қызметтес болған Тұрар Рысқұлов iспеттi большевиктер де қоса iлiндi. Алғашқылардың бiрi боп жауапқа тартылды, яғни тұңғыш құрбандардың легiнде кеттi. Бұлар – сол кездегi интеллегенциясының қаймағы едi. Олардың ұсталуы жазушылардың көңiл күйiне тiкелей әсер еттi. Күйiндiрдi де, өкiндiрдi. Және бұлардың ұсталуы Сәкен мен Iлиясқа, Сәбитке, Мұхтарға тiкелей қауiп төндiрдi. Алғашқыда «Социалды Қазақстанда», iле 13 тамыз күнi «Қазақ әдебиетiнде» басылған «ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз» деген мақала баршаның төбе шашын тiк тұрғызды. Бұл – жаңа өрттiң, апат өртiнiң лап ете қалғанының белгiсi едi. Қарғысқа лайық сөздiң бәрi сол азаматтарға бағытталды. Бас – бастарын түгендеп тұрып: «ұлтшыл – фашистердiң басшылары – Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов, және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов – рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контреволюциядан бастады. Қожанов - қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде – ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасавшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай - қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара – бара троцкизммен, оншылдармен ым – жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi», - деп үкiм шығарды. Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Ол елдердi көрдi ме? Оған ешкiмнiң шекесi қызған жоқ. Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады. Жабылған жаланың бiр тармағы дәлелденген күннiң өзiнде өмiрмен қош айтысуға мәжбүрлiгiн сезiнер едi. Айғақ табылмаса ше? Оны кiм iздейдi? Мәселе айғақта емес, мүлдем басқа кiлтипан едi. Социализмнiң күш алып келе жатқан кезiнде Қазақстандағы жергiлiктi халықтың миллиондап аштан қырылып қалуы Сталин үшiн жақсы атақ әкелмейтiн. Бүгiн ол туралы ауызды аштырмағанмен, ертең бәрi iбр ашыларын бiлдi. Сондықтан да оған кiнәлi адамдарды iздедi және тапты да. Бадырайтып тұрып: «Бұл ұлтшыл – фашистер, өздерiнiң фашист қожайындарының разведка орындарының тапсырғандарын орындап Қазақстанда кулак – байлардың көтерлiсiн ұйымдастырды. 1929 – 1932 жылдары арасында болған перегибтердi, көшпендiлiктi осылар ұйымдастырғандығы қазiр әбден айқындалып отыр», - деп жазғырды. Жұртшылық бұған сендi ме? Бәрi емес, бiрақ, нанушылар да кездестi. Себебi оба ауруынан да қатты зардап шектiрiп, түңлiгi ашылмай қалған мұқым ауылды көзiмен көргендердiң өксiгi басыла қоймаған едi. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ендеше мақаладағы: «Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл – фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады», - деген үндеуге кiм иланбайды. Қайта, «қара ниеттi қарақшылардың» ақыры табылғанына қуанып, жазалауды талап етпей ме? Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы» ғой. Ешқандай ақау жоқ. Халық ойланбастан сенетiн – ақ сылтау.

Сендi де.

Iле, сол «сұмырайлардың сыбайластары» әдебиетшiлердiң де арасынан табылды. Бейiмбет пен Iлияс мақала жарияланысымен – ақ Тұрардың «етегiнен ұстап» кеткен болатын.

Жоғарыдағы үндеудi келесi беттегi: «Әдебиеттегi троцкист – бухариншiл – фашист зиянкестерiн жерiне жете құрту керек» деген мақаланы жазған белгiсiз автор (жалпы кiм екенiн жорамалдап бiлуге болатын сияқты) одан әрi дамытып, әдебиетке жақындатып: «Көркем әдебиетте троцкист – бухариншiл фашист агенттерi – Авербахтың iстерi ашылып жатқанда, жазушылар ұйымы, оның кейбiр бастықтары (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгiров) қазақ әдебиетiндегi авербахшылдықты жерiне жете ашуға өте шабан қимылдайды... Сәбит өзiнiң шығармаларында: «Адасқандарында» байды мақтап, 1932 жылы басылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде» халық жаулары алаш – ордашылардың объективтi революцияшылдық ролi бар деген қателерi үстiне соңғы кезде шейiн халық жауларына (Уәлиахметов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көрiне ырымшылдық жасады. Өзiнiң шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аудартуға бердi, Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгенi тағы басқалары – Сәбиттiң жай ғана қатесi емес, үлкен саяси қателескенiн Сәбит те, оны «аяушылар да» уақытында түсiнiп, толық мойындап, ол қатесiн жоюға батылдықтары жетпедi», - деп қалшылдап уытын төктi.

Ашынған жылан шақпай қоймайды. Қапысын табады, оңтайына келтiредi. Белгiлi партия қайраткерi Абдолла Асылбеков тергеу кезiндегi қорлыққа шыдамай «тағылған барлық айыпты мойындаймын» деп қол қойды. Ол тергеудiң есебi «Сәкен – бiздiң басшымыз» деген атпен Қарағанды газетiнде жарияланған. Қол қойдыру – Вышинскийдiң заң ғылымына қосқан «үлесi». Егер де, «халық жауы» қолын қойса, онда сол сұрақ - жауапiшiнде аты аталған адамдардың барлығы да «шпион» боп шығады. «Үш айғақтың» бiрiне жарайды. «Сәкеннiң аманаты» атты пьеса жазу барысында Сейфуллиннiң ең соңғы сәттерi жөнiнде көптеген тың деректер жиған, ардагер жазушы Әлжаппар Әбiшев: «Сәкендi айыптауға себепшi болған «айғақтың» бiреуi – осы Асылбековтың Қарағанды газетiнде жарияланған тергеу iсi. Екiншiсi - «Сәкен – жапон империализмiнiң агентi» деген мақала. Тергеу осы үшеуiне сүйенiп жүргiзiлiптi. Тергеу iсiнде солай жазылған», - деп едi оңаша бiр сырласқанда. Сәбит те Абдолланың досы едi. Ал Мұхтар жиырмасыншы жылдардың басында Семейде губревкомда бiрге iстеген. Үзеңгiлес, ниеттес, ескi көз көргендердiң бiрi–тiн. Яғни, сыншының қамшысының ұшы оған да тиiп жатқан.

Расында да, ол тұста баспасөзде пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң бәрiне «Қоңырау тағып», күмбiрлете қағу – әбестiк. Әбестiк емес – әдiлетсiздiк. Соның бiрi – Қалмақанның хаты. Ол барлық кiнәнi Өз мойнына ала отырып, өзiн де қарауылға iлiндiре отырып мойнын iлгерi созады. Жазаға өз еркiмен бой ұсынады. Сол 13 тамыз күнгi жарияланған: «Бiзде болған қателер» деген «Қазақ әдебиетiнiң» редакциясына жолдаған хатында Қалқаман:

«Мен, екi жылдан аса партия ұйымының ұйымдастырушысы болып келсем де, осы былықтың ортасында отырып алдын – ала қателiктiң бетiн аша алмадым, подхолимдiк, ымырашылдыққа белшемнен баттым. Шынында, бiздiң жазушылар ұйымының айналасында партия ұйымының жұмысы жәй ғана қосалқы ұйым тәрізденiп келдi. «Бiздiң мiндетiмiз жазу, бiзден партия жиналыс, саяси сабақ қалай жүрiп жатқандығын сұрамайды, роман сұрайды, поэма сұрайды», - деу ұйымның бастығы Сәбиттiң екi сөзiнiң бiрi болды, - екi жыл бойында жүрген пропагандистiк мiндетiн орындамады... Ақырында, Жұмабаевтi шақырып алып, оған аударуға кiтап бергiздi» - деп өзiнiң қателiктерiн «ақ жүрек, кедей ақын» ретiнде мойындай келiп ойын одан әрi, - «... Екiншi, бiр айта кететiн сөз Мұхтар совет жазушыларының қатарына кiргелi 5 жыл болды. Совет жазушысына iстелетiн жәрдем, оған түгел берiлдi де, Мұхтар үш – төрттеген тәуiр еңбек те бердi. Сонымен қатар ескi уақытта ұлтшыл, алаш – ордашыл пiкiрде жүрiп жазған зиянды шығармаларын жинақ бастырып отыр. Ол туралы Өзi жұмған аузын әлi ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнiң агентi болып бетi ашылғанда солардың сырын ашарлық iс iстемей, үндемей отыруының өзi күдiк. Бетi ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек едi. Бiрақ, оны Мұхтар атқармай отыр», - деп жалғастырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет