Ондай ары үшiн жанын садаға еткендер бұрын да болған, қазiр де бар және ұлы ұлттарда да, аз халықта да кездеседi. Мың рет айғақ келтiрсек те дәлел табылады. Раскольниковтың Сталинге хаты соның бiр үлгiсi ғана. Ғабит Махмұтұлының жазушылық тағдырына қатты әсерiн тигiзген Виктор Гюго тек Квазимода арқылы ғана ықыласын аударған жоқ, «бостандықтың ғашығы» ретiнде жеңiмпаз ақынды пiр тұтты. Екiнiң бiрiн таңдайтын қысылтаяң шақта парламент құрылтайының төрағасы Дюпен «заңнан тыс заңның шешiмiне қарсы шыққан адам қылмыскердiң сыбайласы болып есептеледi» - деп шүйлiккен сәтте: «Мен, төрағасы Дюпен мырзаға мынаны ескерткiм келедi: мың сегiз жүз он бесiншi жылы сотталған маршал Неяны заң орындары қылмыскер деп тапты. Ал, ол менiң көз алдыма батыр боп елестейдi, мен үшiн нағыз батыр сол, бiрақ мен оның сыбайласы емеспiн ғой», - дептi Виктор Гюго. Ғабит те дәл сондай әрекетке барды. Бейiмбет – ол үшiн нағыз азамат едi. Ал оны қорғағаны үшiн қалай «тап жауы» болуға тиiстi. Гюго жоғарыдағы сөзiнен соң Францияның ар – ожданының пайғамбарына айналды. Ал Ғабит ше?
Ол – Алматы қаласының тұрғындарының алдында «масқараланып», қылмысты атанды. «Қазақ әдебиетiнiң» 15 қазан күнгi «жазушылардың қалалық жиналысы» туралы хабарына зейiн қойсақ, келесi «халық жауының» кiм болатындығы да көзге шалынып қалады.
«Осы жылы 11–12 қазан күндерiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиналысы болды. Жиналыста: халық жауларының әдебиеттегi зиянкестiк зардабын түп тамырмен құрту туралы БК(б)П Орталық Комитетiнiң агитация, пропаганда бөлiмiнiң бастығы Қабылов жолдас баяндама жасады.
Жиналыста Мүсiрепов Ғабит туралы көп сөз болды, шығып сөйлеген жолдастар Мүсiреповтың шығармаларындағы ұлтшылдық концепциялары туралы, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгi жиында дұрыс сыналды. Бiрақ Мүсiрепов өзiнiң сөзiнде қаталарын толық, дұрыс мойынына алудың орнына, «Социалистiк Қазақстан», «Каз. Правда» газеттерiнiң ол туралы айтқандарын және жұртшылыққа көптен берi мәлiм фактiлердi тiзi, солардың айтқан сынына қосылған болып мәймөңкелеп өте шықты. «Бұл қаталар саяси бейғамдығымнан болды» деп мөнтеңдедi. Мүсiреповтен жиылыс, өзiнiң қаталарына большевикше мойындауды, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгiн, өзiнiң шығармаларындағы ұлтшылдық идеяларының себебiн толық айтуды күтiп едi. Бұған қарамастан Мүсiрепов, өзiнiң қаталарын толық ашып айтпады. Оған большевиктiк ерлiгi жетпедi.
Жиылыста шығып сөйлеген жолдастардың сөздерi онша қанағаттанарлық болған жоқ. Практикалық iс жөнiнде, жазушылар ұйымын саяси жағынан әбден сауықтыру жайында, жастарды iркiлмей батыл жоғарылату жағында не iстеу керектiгi жөнiнде конкреттi ұсыныстар шамалы болды. Сөйлеушiлердiң көбi бұрын айтылып жүрген фактiлердi, көптен сөз боп жүрген әңгiмелердi айтты.
Мысалы Ысмайылов Есмағамбет жолдасты алайық, ол басқаларды сынап, ұзақ сөйлесе де өзiнiң қаталарын, өзiнiң бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң ықпалында болғандығын, сын мәселесiндегi статьяларындағы және шығармаларындағы ұлтшылдық қаталары жайында үндемей кеттi. Ол тек өзiнiң «заслугаларын» айтып көрсетпекшi болды.
Саин жолдас бұрынғы болған жиналыстарда талай рет сөйлеген сөзiн қайталап айтумен болды, жастар секциясының жұмысы неге жолға қойылмайды, соңғы кезде iстелген практикалық жұмыстар қайда? Мiне, бұл жөнiнде Саин бiр ауыз сөз айтқан жоқ.
Ескендiров Iзiм жолдастың сөзi де онша қанағаттандырарлық болмады. Ол өзiнiң шығармаларындағы ұлтшылдық идеясын айқындап айтып қаталар бере алған жоқ. «Бұл бiлiмнiң аздығынан болған қаталар едi» деп өзiнiң күнәсiн жеңiлдетуге тырысты.
Жиылыста Әуезов Мұхтардың қаталары жайында көп сөз болды. Бiрақ Әуезов өзiнiң сөзiнде: шығармаларындағы көптеген қаталарын, құнды шығармалар бере алмағандығын айқын айтудың орнына «менiң шығармаларымды жұртшылық кезiнде сынады», деп орынсыз дәлелге жармасты.
Жиылыс Әуезовтың шығармаларындағы қатарларын мейлiнше дұрыс сынады. Әуезов 32 – жылдан берi Совет жазушыларының қатарында келе жатыр жұртшылық Әуезовтың творчестволық қызметiне жағдай жасады. Бiрақ ол заманымызға сай құнды шығарма берген жоқ. Жиылыс Әуезовтан қаталарын түзеп, құнды, сапалы шығармалар берудi талап еттi.
Орманов Ғали жолдас өзiнiң қаталарын толық айтпады, халық жауы Жансүгiровтың ықпалында болғандығын, бүкiл творчестволық жолында Жансүгiровке елiктегендiгiн, шығармаларын соған арнағандығын ашық айтпады. «Жансүгiровтың жау екендiгiн бiлмедiм» деп өте шықты.
«Мүсiрепов халық жауы Смағұлов Ғазиздi жақтап, оны «Социалистiк Қазақстан» редакциясының аппаратында ұстады. Белгiлi жулик Айсаринмен тығыз байланыс жасады, оны партия қатарында қалдыруға әрекет еттi. Мүсiреповтың «Өмiр ертегiсi» деген әңгiмесiнiң геройы белгiлi өтiрiкшi, қашқын, жулик Мәмбетбаев едi» - дедi өзiнiң сөзiнде Тәжiбаев.
«Правданың» статьясы және ол статья туралы ҚК(б)П Орталық комитетiнiң қаулысы жазушылардың белсендiлiгiн мейлiнше көтердi. Жиылыс жазушылар ұйымын саяси жақтан сауықтыру, және халық жазушыларының әдебиеттегi зиянкестiгiнiң зардабын түп тамырымен құрту жайында нақты шаралар белгiледi. Жазушылар союзының төтенше пленумын (шақыру) кадр, правленияның жаңа составын сайлауды жазушылар ұйымына тапсырды. Көркем әдебиеттiң барлық жанрларына шығарылған кiтаптарды қайта қарап, қорытын жасау үшiн, секциялардың жұмысын көтеру үшiн бригадалар құрды. Проза, сын, поэзия, драматургияның әр қайсысына жеке жеке бригада құрылды. Бригадалардың составына жазушылардың жақсы күштерi еңгiзiлдi.
Жиылыс, жазушы Мүсiреповке саяси жағынан сенбейтiндiгiн бiлдiрiп, оның жұмысын қарау – тиiстi орындардан сұралсын дедi.
Жиылыс, Мұқанов Сәбиттi жазушылар ұйымының басшылығынан алу жөнiндегi қаулыны бекiттi, Мұқановты жазушылар союзының мүшелiгiнен шығарды».
Аңғарған адамға бәрi де түсiнiктi. Тiптi қиналатын да ештеңе жоқ. Сәбит Мұқанов қарауылға iлiндi. Тек шүрiппенi басу ғана жетпей тұр. Ғабит Мүсiреповтiң де «базары тарқады». Онша алаңдамаса да болады. «Басты жазушылардан» қалғаны жалғыз Мұхтар... Бұлқынып шығып кетпей тұрғанда оған бұғалық тастап қою керек едi. Бiр жақсысы, құрық қолдарында. Қашан тартса да кеш емес. Басқаны қайдам, «ажал тұзағын құрып» отырған арандатушының дәл осылай ойлағаны анық. Жиналыстың есебiмен қоса, Ғабиттi әшкерелеген «үн қосуды» дер кезiнде жариялады, ұмытпады. Неткен ұшқырлық десеңiзшi. Ендi, онсыз жоспары жүзеге аса ма.
Iле, сол мәжiлiстiң есебiмен бiрге «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» деген мақала екi бетке жалғаса жарияланды. Түгелiн тiзiп шығу мүмкiн емес. Iшiнара Ғабит Мүсiреповке айып есебiнде тағылған тұстарды ғана ұсынамыз.
«Жаулармен табақтас болып келген, шығармаларда халық жаулары, алаш – ордашыларға көрiне трибуна берген, большевиктiк сынға, өзара сынға мейлiнше қысым жасаған, өзiнiң қызмет орнын пайдаланлып жазушылар ұйымының жұмысына бөгет жасап келген жазушы Мүсiрепов Ғабит туралы да көптеген фактiлер келтiруге болады.
Мүсiрепов Ғабит қазiргi әшкереленiп отырған халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiровтардың тұсындағы «өзгермейтiн бас жазушының» бiреуi болған адам.
...Шынында Мүсiперов жаудың батпағына батып, аздаған адамдардың қойнына кiрiп, құшақтасып кеткен адам...
...Мүсiрепов халық жауы Майлиннiң жан аяспайтын досы. Онымен достасып, құшақтасып, бiрген тұрып, бiрге жүрген адам. Сондықтанда Мүсiрепов халық жауы Майлиндi қанатының астына алып, қорғап келдi. Майлиннiң бұрын алаш орданың офицерi болғандығы, совет өкiметiне қарсы күрескендiгi, большевиктерге оқ атқандығы, шығармаларындағы контрреволюциялық концепциялары жайында жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселенi дер кезiнде көтерсе де, Мүсiрепов өзiнiң қызмет орнын пайдаланып Майлиндi жанын салып қорғап келдi. Майлиндi аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезде шейiн ашықтан ашық сүйеп келдi.
«Қазақ әдебиетi» газетi осы жылы 9 көкек күнгi номерiнде Майлиннiң шығармаларындағы контрреволюциялық пiкiрлердi әшекрелейтiн статья басыларда Мүсiрепов: «Бұл статья Майлин туралы өте қатты айтылыпты, сондықтан статьяны қайта қарап, сынды жұқалау керек» деп, газеттiң сол номерiн өзi қарап, Майлин туралы жазылған өз қолымен «түзетiп» номердi бұзып қайта жасатты. Соның асқан жауға либералдық, жаудың өмiр сүруiне мүмкiндiк бола ма? Контрреволюцияшыл алашордашыл Майлиндi Мүсiрепов осылай қорғап келдi.
Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымының жиналысында Мұқановтың iсi қаралғанда, Майлин туралы көп сөз болды. Коммунистер Майлин туралы мәселенi сол жилыста қарауды дұрыс көрдi. Алайда жиылыста болған Мүсiрепов Майлиндi қорғап, «Майлиннiң мәселесi кейiнге қалып, бөлек қаралғаны жөн» - деген «ариентировка» бердi. «Мен Майлинмен жақсы жүрсем оның кiм екендiгiн бiлген соң жақын жүрдiм» - дедi. Шынында Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiледi. Майлин де, Мүсiрепов те бiлмейтiн сыр жоқ. Мүсiреповтың саяси бетiн осының өзi – ақ көрсетедi... ...Халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiров, Тоғжановтармен де Мүсiрепов тығыз байланыста болды. Олармен сөз жүзiнде араз болғансып, iс жүзiнде ауыз жаласып, дегенiн iстеп келдi. Ол, бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң партияға қарсы жiгiнде болды. Алашорданың революциялық ролi болды деген зиянды «теорияны» таратушылардың бiрi болды. Оның бұл зиянды пiкiрi шығармаларынан айқын көрiнiп отыр...» ...«Бiздiң жазушылар жұртшылығы жаулардың қалдықтарынан арыла отырып, өзiнiң қатарын табансыз, тұрақсыз адамдардан мүлде тазартуы керек».
Ендi бұған не дауыңыз бар.
Әрине, «Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiлдi». Бiлген соң, адалдығына көзi жеткен соң нақақтан күйiп бара жатқан адамға араша түсiп отыр ғой. Ал соны әлгi белсендiлер бiлмедi ме? Бiлдi. Бiрақ олардың өзi тiрi жүруi үшiн де өзгенi жарға итермеледi. Жаңағы мақала:
«Сталиншiл Нарком Николай Иванович Ежов жолдас бастаған қырағы НКВД орындары қазақ халқының қас жаулары ұлтшыл – фашистердiң қылмысын әшкерелеп қолға түсiрдi. Жапон – Герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды.
Қазақстанның совет көркем әдебиетiне кiрiп кеткен ат төбелiндей зұлым иттердiң күлi көкке ұшырылды. Олардың сiлiмтiк қалдықтарын да құртады. Қайта туған қазақ халқының ежелгi жаулары Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Майлин сияқты ұлтшыл – фашист сұмырайлар қылмысы әшкереленiп қолға түстi. Халық жауларымен ауыз жаласып, олардың жетегiне ерiп кеткен, өзiнiң партиялық, моральдық пiкiрiнен айырылған, буржуазияның жырын жырлаған Мұқанов партия қатарынан шығарылды» - деп хабарлады.
Бұл да «Қазақ әдебиетi» газетiнен алынды. Сонда Тайыр Жароқұлы қол қойған осы газет қана «халық жауын» әшкерелеумен шұғылданған ба деген сауал туады. Жоқ, мүлде олай емес. Мейлi, орталық, мейлi республикалық басылым болсын, бәрi бiр, олардың материалдарының мазмұны мен сөздiк қорының айырмашылығы жоқтың қасы. Айыпкердiң аты басқа, айыптаушының есiмi бөлек. Бiз басқа басылымдарда жарияланған жазушыларға қатысты материалдардың барлығы «Қазақ әдебиетiнде» көшiрiлiп басылғандықтан да негiзiнен соған сүйендiк. Аударылмай дербес күйiнде қалған мақалалар да қаншама. «Каз. Правдада», «Социалистiк Қазақстанда» шыққан «Сәкен Сейфуллин – Жапон империализмiнiң агентi» iспеттi байбаламдар да жеткiлiктi. Бiрақ мазмұны, сөз қолдану тәсiлi бiреу. Мысалы, «Каз. Правданың» қазан айының 11 күнгi санындағы Ғабит Мүсiреповқа қатысты жоғарыдағы мәселенi жұртшылыққа мағлұмдаған:
«Две – три месяца назад в республиканской печати появились статьи разоблочающие национал – фашистскую агентуру., орудовавшую в союзе советских писателей Казахстана. Писатель коммунист Габит Мусрепов бывши и то время заведующим кульпросвет отделом ЦК КП(б)К, бия себя в грудь, заверял тогда партийную группу правления союза советских писателей Казахстана в том, что он полную ответственность и ручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина.
Б. Майлин разаблачен как подлый предатель Родины, как один из соучастников национал – фашистской банды», - деген мақаланың алдыңғы «үндесуден» қандай айырмашылығы бар. Журналистердi ол үшiн жазғыру – әбестiк. Олар да «уақыттың» тiлiмен сөйлейдi.
Сонымен, «жапон – герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды». Олар – Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов... едi. Тек бұл тiзiмге Мұхтар Әуезовтың есiмi жетiспей, шолақ қайырылып тұр.
Иә, ол неге оқшау қалды?
Әр адамның маңдайында кездейсоқтықпен астасып жатқан бақ жұлдызы, белгiсiз қорғаушысы бар дегенге нанбаймыз. Өйткенi, диалектиканың мойындап– мойындамайтын заңдылықтарының бiрi осы. Мұхтардың бақытына орай «кезегi келген кезде» сол кездейсоқтық күтпеген жерден тағы да «жанын олжаға» сыйлады. Екi – үш айдың iшiнде қазақ мәдениетiнiң барлық белдi қайраткерлерiнiң саны күрт сиреп, өнер орманы асқан шапшаңдықпен оталып, жалаңаш қалды. Әр жерде бiр қарауытқан емендердiң де түбi босап, құлауға шақ тұрған. Ендi сәл кешiгiп арып тiзгiн тартса, орны толмас өкiнiшке ұшырарын аңғармау мүмкiн емес–тiн. Басқа адамды қайдам, Мирзоян сияқты жандар ол қасiреттiң орны толмасын бiлген.
Мұхамеджан Қаратаев: «Мұхтар қалай аман қалды дейсiң бе? Мен оның анық - қанығын бiлмеймiн. Әйтеуiр, қатты торығып, қалтырып, үреймен күнелткенi рас. Сәбиттi де, Ғабиттi де, Мұхтарды да ұстамақшы болып әрекеттендi. Анық - қанағына дәл көзiм жетпейдi, бiрақ, Мирзоян осы мәселеге орай арнайы Москваға барып, Сталинге жағдайды түсiндiрiп: «Егер де осы бетiмен кете берсе, онда қазақ мәдениетiн өркендететiн тiрi жан қалмайды. Өнер отының мүлде өшiп қалу қаупi төнiп тұр. Бұтақсыз, қорғансыз ағаш сияқты боп қалды. Ендiгiлерiн мәдениет үшiн, халық үшiн аман сақтайық. Қолда ұстайық» - дептi – мыс. Қазақ әдебиетiндегi аты аталған осы үшеуi болыпты» - дегендi естiдiм. Шындық болуы да. Әйтеуiр олардың аман қалуына сондай әңгiменiң себебi тиген» - деп тосын жақсылықтың нышаны қай жақтан келгенiн мегзедi.
Тағы бiр жай: жиырмасыншы жылдың басында Мұхтар Әуезов пен Ежов Губкомда бiрге iстеген. Топ боп түскен суреттерi де бар. Осы таныстық септiгiн тигiзбедi ме екен деп те жорамал жасауға болады.
Мұхтардың өзi теңеген «жетi басты жалмауыздың» бетiн қайтарған Мирзоян, Мүсiрепов сынды азаматтар. Өкiнiштiсi, олардың қолынан жазықсыз жәбiрленгендердiң барлығын аман қалу, арашалау келмедi. Ол мүмкiн де емес–тiн.
Ал сонша адамды құрбандықтан сақтап қала алатындай адам бар ма едi? Бар едi. Ол – Сталиннiң өзi болатын. Оның көсемдiк атына көлеңке түсiргiсi келмегендер «Сталин iстiң нақты барысын, ауыртпашылығын кеш бiлдi» деп лақап таратты. Иә, лақап, бiрақ шындық емес. «Дақпырт пен қасiрет» атты монография арқылы Сталиннiң саяси портретiн жасаған Д. А. Волкогоновтың пайымдауынша, Жоғары Соттың председателiнiң орынбасары В. В. Ульрих пен Вышинский екеуi сот процесi мен үкiмнiң орындалу барысы жөнiнде тұрақты түрде Сталинге (сонымен қатар Молотов пен Ежовқа) мәлiмдеп отырған. Өндiрiлген көмiр мен астықтың мөлшерiмен қоса жазаға тартылған адамдардың санын да Сталин күн сайын есепке алыпты. Партияның ХХ съезiнде жасаған баяндамасында Н. С. Хрущев бұл қасiреттi: «Бiзге оның iстеген әрекеттерiн шектен шыққан деспоттың әрекетi едi дей алаймыз. Ол партияның, еңбекшi бұқараның мүддесi үшiн, революцияның жеңiстерiн қорғау үшiн осылай iстеу керек деп түсiндi. Ең басты қасiрет осында!» - деп негiзгi мәселеден аулақтатқысы да келдi. Қандай мақсатты көздесе де, ол – сол партияны құрған адал большевиктердi, сол еңбекшi бұқараның өкiлдерiн құрбан етуге ешқандай да қақысы жоқ болатын. Күнделiктi баспасөздегi халық жауын әшкерелеген тергеу жұмыстары туралы хабарларға көзi түспеуi мүмкiн емес – тiн. Тiптi, «зиянкестiкпен егiн ектiрiп, зиянкестiкпен мал бақтырды» деген сөздiң астарындағы арандатуды аңғару үшiн ойланудың өзi артық.
Сондай тергеудiң бiрi Қазақстанда да өттi. Тергеу – Семей облысы Ұржар аудандық партия комитетiнiң хатшысы мен атқату комитетi председателiнiң және басқа да колхоз басқармаларының үстiнен жүргiзiлдi. Бұл ауданның ерекше назарға iлiгуiнiң басты себебi – кезiнде өкiмет комиссиясының құрамында Халық Комиссарлар советi председателiнiң орынбасары Құлымбетов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллиндер осында келген екен. Тергеудiң Сәкенде айыптауға тiкелей Қатысы болғандықтан да сәл ғана үзiндi келтiремiз. Ешқандай бұрмалауға ұрынбас үшiн әдейi түпнұсқауға иек арттық. Тергеу iсi «Процесс антисоветской национал – фашистской банды в Урджарском районе» деген атпен «Казправданың» бiрнеше санына жарияланды. Тергеудiң сұрақ-жауабын жариялаудағы мақсатын газеттiң өзiнiң бас мақаласында: «за них спиной стоят гнуснейшие убицы, Японские шпионы – Кулумбетов, Жандосов, Садвакасов, Ж. Нурсейтов, Сәкен Сейфуллин и другие... Всех, кто поднимает руку на нашу прекрасную Родину, мы будем беспошадно уничтожать, как бешеных собак» - деп түсiндiрдi. Зады, айыптаушылардың iшкi ыза – запыраны шарасынан аса көпiршiсi керек, «бидай егуге нұсау бердi» дегеннiң өзiн «зиянкестiкпен iстеттi» дейдi. Мүмкiн, қолдан жасалған жала шығар. Сонда да жалпы жағдайдан толық мағлұмат алу үшiн де асақажет. Тергеу iсiнен:
«Председательствующий: И вы завербованы в контрреволюционную организацию националистов?
... –
Да, Нурсеитов сказал, что в состав организации входят Кулумбетов, Джандосов, Нурсеитов. Позднее я узнал от Джандосова что Жургенов, Молдажанов, Садвакасов Жанайдар, так же являются членами организаций входит Сакен Сейфуллин, добавив при этом, что о других членах организаций ничто сказать не может, в виду необходимости сохранить строжайшую конспирацию».
Прокурор: «Чем он у вас занималсы? (Кулымбетов – Т. Ж.).
Матчанов: - Главным образом интересовался постановкой вредительской работы в нашем районе, побывал в колхозах, где его заданием был произведен вредительский посев хлебов и уничтожался обобществленный скот. Там же познакомился с нашими людьми, занимавщимся вредительством.
Прокурор: Известно ли Вам что сказал Кулумбетов Елемесову?
Матчанов: Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы. Кроме того, Кулумбетов дал задания Жунусову раздать обобществленный скот в личное пользование колхозников. Это задание нами частично было выполнено в колхозе «Елтай» («Каз. парвда», 30. IХ. 37 г.).
Шыдамның да шегi бар, төзiм де тозады. Сот төрағасының, прокурордың сұрақтарының өте дәлдiкпен қойылып, айыпкерлердiң еш күмәнсiз ығына жығыла жауап беруi қаншалықты шындыққа жақын – оны сарапқа салмай – ақ қоялық. Бiрақ та; «побывал в колхозах, где его заданием был произведен вредительский посев хлебов», «там же он познакомился с нашими людьми, занимавшимся вредительством», «Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы» деген сөйлемдердi: «Ол тұқым сеуiп егiншiлер арасында болды», «сол арада маңдай терiн төгiп жүрген бiздiң адамдармен танысты», «Мектептi жөндеуге 10 мың сом бөлуге уәде бердi» деп өзгертсе, шындық өз орнына келер едi. Бәрiн бүлдiрiп жүрген «зиянкестiк» деген жалғыз сөз.
Жалғыз – ақ сөз. Бiрақ қандай жексұрындық мiндет атқарып тұр десеңшi.
Тергеушiлердiң өз күшiне сенгендiктерi сондай, егiн егу де қылмыс боп шыққан. Сонда олардың өздерi немен күн көрерiн, нанның қайдан келетiнiн бiлмегенi ме? Зады, Ярослав Гашек те мұндай пародияны Швеиктiң аузына сала қоймаған шығар. Бұл жерде жазушының қиялына тергеушiнiң қаламы шаңын да iлестiрмей кеткен.
Өмiр мысқылы, өмiр әжуасы деген осы. Мұндай соттан қандай әдiлеттiлiктi күтуге болады? Ешқандай.
Қасiреттiң ең үлкенi сонда.
IV
Күйiнiшi мол көңiлсiз әңгiменi осымен де доғара салуға болар едi. Қараша, желтоқсан айларында арандатушылардың байбаламы сәл толастап, «айпырмау, бiз не iстедiк осы» дегендей саябыр тапты. Ендi өзара майданға шықпаса, әшкерелейтiн «жау да» қалмап едi. Әсiресе, жазушылар одағының арасында. Сәбит, Ғабит, Мұхтардың тергеу iсi тоқтатылуы олардың көңiлiне де күдiк ұялатты. Кенет алдыңғыларын да ақтап шығарса ше? Онда қай беттерiмен кiсiге көрiнбек?
Өте қауiптi ойын және күдiк те орынды.
Бiрақ әшкерелеу науқаны күрестiң ең нәзiк жерiне кеп тiрелген едi. Ер де, есер де есiн жия бергенде, Сталиннiң «Әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» деген атақты қағидасы шықты. Алдынғылардың барлығы ересектердiң «ермегi» болса, ендiгi кезек жастарға берiлдi. Бұл – әкесiне баласын қарсы қойып, туған анасынан бас тартқызға мәжбүрлiк жасаған ең сұрқия арандату болатын. Сәкен Сейфуллиннiң құлағын созып, қорлағандар да сондай қасиетсiздердiң бiрi шығар. Әкесiнiң атынан безгендер қаншама. Әлi де фамилиясына көше алмай жүргендер бар ғой. Қателiгiн кеш түсiнiп, әке – шешесiнiң бетiн бiр көругет зар боп өткен талай адамның көз жасының төгiлгенiне куә да табылды арамыздан. Жалғыз-ақ мақсатты ұстанды: Ол «адамның арасындағы ең қасиеттi мейiрiм ұясы семьялық жылылықты бұзғысы келдi, әке мен бала арасындағы кәдiмгi қарым - қатынастың тас – талқанын шығарып, болмашы ренiштiң өзiнен үлкен өшпендiлiк тудырып, сол арқылы бала ешкiмнен именбестен әкесiнен бас тартып, өз әкесiн өзi аяққа таптап қорлауына тiледi. Сөйтiп, туыстық мейiрбандықтан айырып, жалғыз қалдыру арқылы өзiнiң қатiгез билiгiнiң алдында қалтырап тұруын армандады». Философ hам жазушы Фазил Искандер осылай түсiндiредi. Бұл адам шындықтың дәл үстiнен түсiп отыр. Басқаша бағамдау мүмкiн емес.
Ал ұстағанын уысында уататын тағдыр шiркiн мұндайда тiптi құтырынып шыға келмей ме. Қиыннан қиыстырып, ең бiр нәзiк сезiмдердiң өзiн қорлап, аяққа таптады. Кеше ғана көз алдында айнақтап, мойныңа асылып жүрген ұлыңның бүгiн әкесiнiң көзiн шұқып, «сен жаусың» деп сұқ саусағын жүрегiңе найзадай шаншып тұруы, не құлағыңнан жұлқа тартып ата – бабаңнан, әке – шешеңнен тартып сыбап шығуы, не тергеудiң тезiнен тәнiн қинап әзер өткен ата - анаңа «мен сендерден бас тартамын» деп өз балаңның өзiңнен жерiп, өкпе – бауырңды суырып алуы қандай сұмдық. Бұны тағдырдың тәлкегi деу аз. Одан да қатыгез, одан да аяр, айтып жеткiзе алмайтын қасiрет. Тағдыр тәлкегi адамның бiр сәттегi кешкен күйiнiң мұң – шерiнен, шарасыздығынан ушығады. Ал, мынау, әдейi жасалған кесiрлiк. Бiр сәтке мұндай суреттi, суреттi емес, өмiр өксiгiн елестетiп кӨрiңiзшi. Әкесi, ақын әкесi түрмеде азап шегiп, қиналып жатқанда оның тұңғыш баласы «Ақын өлiмiне» арналған өлеңдi оқып, сыйлық алып жатады. Сәби жүрек не iстеп тұрғанын сезбесiн, ал соның барлығын көрiп – бiлiп отырған ересектер ше?
Өкiнiшке орай бұл долбар емес – шындық. Ауыр да ащы ақиқат. Iлияс Жансүгiровтың өкiл ұлы Жәнiбек Бiләлұлы Сүлеев «халық жауының күшiгi» деген айыппен он үш жасында, иә, он үш жасында! - абақтыға қамалып, бiр жылдан соң Сталиннiң «әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» деген сөзiнен кейiн бостандыққа шықты. Сол «сенiмсiз күшiк» он жетiге толар – толмасында жасын өтiрiк жаздырып майданға аттанып, ерлiкпен қаза тапты Оның құрдасы Бейiмбеттiң ұлы Мереке ше? Заманның сол ызғары сәби ғұмырына салқынын тигiзiп, әкесi Омардан көз жазып қалған тiрi жетiмнiң бiрi, ақиық ақын Олжас Сүлейменов: «...37 –жылы елiмiзде ең бiр айтулы әдеби оқиға – Пушкиннiң қаза табуының жүз жылдығы аталып өтiп жатты. Алматы мектептерiнде Лермонтовтың «ақын өлiмiне» атты өлеңiн үздiк орындаушыларға арналып бәйге жарияланды. Маған бұл жайды, сол кезде 13 жасқа жаңа толған Бейiмбет Майлиннiң ұлы айтты. Ол осы бәйгеге қатысып, әйтеуiр бiр жүлделi орынға ие бопты. Сол сәтте ол бiздiң салтанатымыздың құнын бағалай алмады, сол бiр қанқұйлы шақта кiмге қарсы көтергенiн де ол бiлмедi. Бұл кезде – царизмге қарғыс жаудыра отырып, Пушкиннiң шәкiрттерi мен iсiн жалғастырушыларды, ақындарды өлiмге байлап берiп жатқан. Сондай сойқанның тұсында Мұхтар Әуезовтың қалай аман–есен құтылғанына, Сәбит Мұқановтың, Мүсiрепов пен Мұстафиннiң тiрi қалғанына таңдануға да болады», - деп ашына жазды.
Расында да таңданатын, сөйте тұрып соған да шүкiршiлiк ететiн жай. Олардан да көз жазып қалудың мүмкiндiгi бар едi ғой және қандай оңтайлы мүмкiндiк десеңiзшi. Ең ауыры – алданған ұлдың өкiнiшi ғой. Әкесiнiң қазасы (ақынның тағдыры ортақ) туралы өлеңдi оқып, бәйге алу – ардан аттағандық емес. Бiрақ мына тұста ол мүлдем басқаша, әкенi де, баланы да қорлау үшiн жасалып отыр ғой.
Мақсат – бәйгеде емес, әке мен баланы өштестiруде.
Мереке Бейiмбетұлы Майлиннiң бар қабiлетiн көрсете алмай, iшiндегi өкiнiшке ертерек өртенiп кетуiне де сол «бәйгенiң» кесiрi тиген шығар. Қаншама жас ғұмырдың өмiрi үсiкке ерте шалынды десеңiзшi.
Ұрпақтардың арасындағы ол жарықшақ әлi бiткен жоқ. Бiрiн қиюластырса, екiншiсi сықырлап шетiней бастайды. Оның даусы да осалдықпен табылып, асқынған дертке оңайлықпен ем қона қоймас. Қазiргi жiкiшiлдiкте сол «қағиданың» сарқыншағы бар десе - қателскендiк емес.
Достарыңызбен бөлісу: |