Байланысты: Тарих а дейінгі кезе дегі адамны м дениеті туралы жазы ыз
38. 1930-шы жылдардың екінші жартысындағы Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ауыр ахуалы туралы баяндаңыз.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру — КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы. 30-шы жылдардағы алапат ашаршылық ұлттық апат – кездейсоқ тап болған зобалаң емес. 1917-1919 жж. Түркістан Республикасына қарайтын Сырдария және Жетісу облыстарында көшпенді халықтың миллионнан астамы, яғни бір ширегі опат болды. Мұның басты себебі – өлкедегі кеңес билігінің қолдарындағы қару-жарақ күшімен құлаған режімнің қанау саясатын жалғастырғанында жатқан. Бұл ХХ ғасырда қазақ халқының басына түскен ұлттық апаттың бірінші кезеңі еді. Екінші кезең Қазақ Республикасында 1921–1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі – жергілікті халықтың отарлық қанау салдарынан кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын әуелі азамат соғысы, одан соң орталықтың азық-түлік жинау жасақтары одан әрмен күйзелтуінде еді. Қазақ халқы сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты.
Қазақ қайраткерлері ұлттық межелеу нәтижесінде екі өлкедегі жер-суы мен халқы бірігісімен, ашаршылықтың Үлкен Қазақстанда қайталануына жол бермейтін амалдарды қарастырған. Ресей Компартиясы Қазақ обкомының 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағудың көшпенді түрі – егін егуге қолайсыз даланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі ретінде мойындалды. Сондықтан да жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беруді аса маңызды шара деп тапты.
Сөйтіп Қазобком пленумы ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей бағыттау, кооперацияны күшейту жайында тиісті шешім шығарды. Кең даланы игерудің бірден-бір тиімді жолы – көшпенді мал шаруашылығын дамыту екенін қаулысында атап көрсетті. Мал бағуды ынталандыру, оны одан әрі өркендету үшін арнайы қаржыландыру, өнімдерін тиімді жолмен қалаларға тасымалдап тарату әдістерін, халықты жерге орналастыру реттерін қарастырды. Бұл мәселелер бойынша іргесі кеңейген республика Кеңестерінің Ақмешіттегі 1925 жылғы сәуірде өткен тұңғыш съезінде жан-жақты ойластырылған қарарлар қабылданды.
Алайда олардың орындалуына Мәскеу кедергі келтіре берді. 1925 жылғы қыркүйекте Қазақстанды басқаруға келген БК(б)П Орталық Комитетінің эмиссары Филипп Голощекин тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктаторға айналып, ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдану арқылы жоққа шығарумен шұғылданды. 1927 жылғы БК(б)П XV съезі шешімі бойынша елдің ауыл шаруашылығы 1932 жылдың көктеміне дейін жеке қожалықтардан ұжымдық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді.
Партия алға қойған осы міндетті орындау үшін, 1928 жылғы 27 тамызда Қазатком жартылай феодалдарды тәркілеу туралы арнайы декрет шығарды. 1928 жылғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қарсылық көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және байларды жер аудару туралы қаулы қабылдады. Тәркілеу соңынан «Алаш ісі» атанған саяси репрессиялар басталып, «кеңес өкіметінің қас-дұшпандары» деп танылған алаштықтарды түрмеге жапты. 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылданды.
Халыққа қисынсыз ауыр салықтар салынды. Тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтар салдарынан республиканың әр жерінде үш жүзден астам халық көтерілісі туды, олар әскери күшпен басып-жаншылды. Соның бәрі ел-жұртты жаңа апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931–1933 жылдары көшпенді халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шетелдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе азайды.
30-шы жылдардың басында аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында жер-жерден жекелеген азаматтар Мәскеуге, Алматыға жеделхаттар жөнелтті. Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде өлкекомның жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов, Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз басшылары Мұташ Дәулетғалиев пен Емберген Алтынбеков, Госпланның сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған еді). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.