Байланысты: Тарих а дейінгі кезе дегі адамны м дениеті туралы жазы ыз
41. Қазақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимінің әлеуметтік, этникалық мәні мен мазмұнын көрсетіңіз Қазақ халқы қалыптасуы үшін оған көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуге тура келді және бұл процесс бірнеше ғасырға созылды. Ғалымдардың пікірінше, біздің жерімізде Қола дәуірі (Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері) мен Темір дәуірінде өмір сүрген тайпалар (сақ, сармат т.б.) ирантілдес болған. Ал антропологиялық жағынан моңғолоидтік белгілері бар еуропеоидтік нәсілдер екені көрсетіледі. Қазақ халқының бастауы болып саналатын сақ тайпаларының тікелей жалғасы – үйсін, қаңлы тайпалары. Бұл туралы қытай деректері «Өзі сары, көзі көк, атжақты сақ тайпалары үйсіндердің арасында жүр» деп көрсетеді. Қазақ халқының шығу тегін қарастырғанда лингвистикалық және антропологиялық мәселелерді бөліп қарастырған жөн. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге бөлеміз. Біріншісі – үнді-еуропалық, екіншісі – түркілік.
Алғашқы кезеңде Қазақстан тұрғындары үнді-еуропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді. Бұл кез б.з.д. III-I мыңжылдықтарды қамтиды. Екінші кезең Қазақстан территориясына шығыс жақтан көптеген көшпелі тайпалардың, соның ішінде ғұндардың батысқа қоныс аударуына байланысты қалыптасады. Сақ және сармат тайпаларының жалғасы – үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен. Б.з.д. I ғасырда ғұндардың бір бөлігі қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ал б.з. II ғасырының бірінші жартысында қоныс аударудың екінші толқыны барысында олар Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, VI ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Қазақстанның байырғы тұрғындары – үйсіндер мен қаңлылардың ғұндармен этникалық жақындасуы іске асып, үйсіндер мен қаңлылардың моңғолоидтік нәсілге өтуі басталды. Б.з. VI ғасырынан бастап Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдылығы байқалады. VI ғасырдың ортасында, 542 жылы Қазақстан жері түгелдей құдіретті, біртұтас мемлекет – Түркі қағанаты құрамына кірді. Одан соң Батыс Түркі қағанаты 603 жылы, Түргеш қағанаты 704-756 жылдары, Қарлұқ қағанаты 756-940 жылдары, Оғыз мемлекеті IX ғ.соңы мен XI ғ. басы, Қимақ қағанаты 893 жыл мен XI ғ. басы, Қыпшақ хандығы XI ғасыр мен 1219 жылдары, Қарахан мемлекеті 942-1212 жылдары өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуында, әсіресе, екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болды. Біріншісі – Қарахан мемлекеті, екіншісі – Қыпшақ хандығы. Бұлардың құрылуымен этникалық процестер жаңа кезеңге аяқ басты. Қазақ тілінің негізі – әдеби қыпшақ тілі құрылып, қазақтардың өзіне тән антропологиялық кескіні қалыптасты. Алайда шығыстағы қарақытайлардың шапқыншылығы әсерінен Қарахан мемлекеті ыдырап кетті. XIII ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы басталып, қазақтардың халық болып қалыптасу процесі үзіліп, XV ғасырға дейін немесе 200 жылдай уақытқа кешеуілдеді. XIV-XV ғасырларда тайпалардың көшіп-қонып, сапырылысуы орын алды. XV ғасырдың II жартысы мен XVI ғасырда қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті. «Қазақ» атауының мағынасын ғалымдар б.з.д. VII-ІV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының атымен байланыстыруды ұсынады: «сақ», «каспи», «кас», «қаз», «хаз», «аз», «қасақ».
Академик Н.Я. Марра және Б. Грозный қазақ атауының төркіні «қасақ», «көсек» деп пайымдайды. Академик Ә. Марғұлан, тарихшы М. Ақынжанов, жазушы С. Мұқанов осы пікірді қолдайды. Академик А.Н. Бернштам «қазақ» сөзін «каспи» мен «сақ» тайпасының бірігуінен пайда болған дейді. Көптеген ғалымдардың ойлары мен пікірлерін қорытындылай келгенде, қазақ сөзінің шығу тегін екіге бөліп қарауға болады: «Қазақ» сөзі ең алғаш қас пен «сақ» тайпаларының бірігуінен пайда болған. «Қазақ» сөзінің орта ғасырларда «еркін адамдар» деген мағынасы болған.