78. Ресейдегі Қазан төңкерісі және Қазақстандағы саяси өмірі
Қазан төңкерісі (орыс. Октябрьская революция) — 1917 жылдың 25 қазан (7 қараша) күні Санкт-Петербургта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс Владимир Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен Ресей уақытша үкіметіне қарсы жүзеге асырылды. 1917 жылдың жаз, күз айларының басында елде халықтың большевиктер жағына шығуы күшейе бастады.Әлемдік тарихи дамуға әсер еткен ХХ ғасырдағы ең ірі саяси оқиға. Қазан төңкерісінің қозғаушы күштері ол жұмысшылар,салдаттар,шаруалар болды .Ал қазан төңкерісінің себебі халықтың жағдайының төмендеуі, аштық, Уақытша үкіметтің шарасыздығы себеп болды. 1917 жылы қазан айында Петроградта Уақытша өкімет құлатылып, мемлекет билігінің кеңестердің қолына көшкені тек Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиға бүкіл елде, оның шет аймақтарында Кеңес өкіметін құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты.Төңкеріс бүкіл билікті жұмысышы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әртүрлі топтары мен түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты түрліше үмітте болуына жол ашты. Ресейдің жұмысшы, шаруа, солдаттар бұқарасы елді соғыстан шығарып, халықтың бейбіт еңбекке оралуына, соғыстан бұрын, соғыс жылдарында жоқшылық пен мұқтаждық зардаптарын шегіп әбден қажыған жағдайын түзеуге айқын жол ашылады деп есептеді. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық - әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикалар жұмысшыға, жер шаруаға, бейбітшілік – бүкіл халыққа берілсін - деген ұран көтере отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, олардың төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды. Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей - ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі, мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы табы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады. Кейбір жерлерде автономия жарияланып, олардың Ресей құрамында болатыны - болмайтыны жөніндегі мәселе ашық тұрды. Мәселен, осы тұста құрылған Башқұрт, Түркістан, "Оңтүстік шығыс одағы" деген атпен Сібірде пайда болған автономиялар қазақ зиялыларын ұлттық өз иелігін құруға құлшындырды. Сөйтіп, 1917 жылы желтоқсанда Алашорда үкіметі пайда болды Оның Батыс Қазақстандағы бөлігін Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Шығыстағы бөлігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б. басқарды.Сонымен бірге қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресте жүріп жатты. Соның нәтижесінде 1917 жылы қазаннан 1918 жылғы наурызға дейін Қазақстаның көптеген аудандарында Кеңес өкіметі орнады.
79.Қазақ жүздерінің қалыптасуына этносаяси және шаруашылық факторлардың әсері
Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
Жүздік құрылым туралы
Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ. Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың «жүз» деген сөзін арабтың «джуз» — бір нәрсенің «басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді. Шығыс деректерінде жүздер жөніндегі жанама мәліметтер XVII ғасырдың ортасына қарай кездеседі. М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік организмнің жоғары санаттарының бірі. «Этноәлеуметтік организм» деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.
Қазақ жүздерінің мынандай ішкі белгілері бар:
а) ішкі аумақтық тұтастық;
ә) этностық туыстық;
б) шаруашылық-мәдени бірлік;
в) саяси басқару ортақтастығы.
Осы ішкі белгілердің мәнін аша түсейік. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады. Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.
Қазақ жүздері күнделікті тіршілікте қазақ халқының шаруашылық, саяси аумақтық бөлшектері болды. Тыныштық замандарда ішкі этностық байланыстардың, қатынастардың көпшілігі жүздердің өз ішінде жүріп жатты. Дегенмен бұдан қазақ жүздерінің арасында саяси, шаруашылық-мәдени, этностық байланыстар болмады деген түсінік тумауы керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын, отырықшы не жартылай отырықшы ру-тайпалардың арасында өзара айырбас, сауда қатынастары жиі болды. Жүздердің көршілес жатқан руларының арасында құдандалық, тамырлық қатынастар да өркендеді.
Ішкі шекаралас аудандарда жер дауы, жесір дауы мәселесі де болып тұрды. Сондықтан жүздердің ішкі шекаралық аудандары қазақ халқының өзара мәдени, тілдік, тұрмыстық, шаруашылық бірлігіне дәнекер болған алтын көпір, үзілмес желі қызметін атқарды. Ал ел басына күн туған жағдайда, сыртқы жаулардан қорғану мәселесінде қазақ жүздері жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде «мынау бәлен жүздің жері, елі» деп бөлінбеді, бүкіл қазақ жері, қазақ елі үшін қай жүздің баласы болсын, жанын қиюға даяр тұрды. Қазақ жүздерінің ішкі бірлігінің, жалпықазақтық патриотизмнің, елдіктің озық үлгісін біз Жоңғар шапқыншылығы оқиғаларынан көреміз. Мұндай мысал көптеп саналады. Қазақ жүздерінің қордаланып қалған ішкі, сыртқы мәселелері жүздердің басы қосылған құрылтайларында, жиындарында шешіліп отырды.
Жүздер жөніндегі нақты деректер XVIII ғасырдың бірінші ширегінен бастап кездеседі. 1731 жылы қазақтардың бодандығы жөніндегі келіссөзге Кіші жүз арасына келген А.Тевкелев былай деп хабарлайды: «… қырғыз-қайсақ ордасы үш бөліктен, атап айтканда: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден (Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда) тұрады».
Достарыңызбен бөлісу: |