Әдебиеттер. Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. – Алматы: Ғылым. – 140б.
Зайсанбаева Г. Н. Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі. // Филол.ғ.к. дисс. авторефераты. – Алматы, 2003.
Дәріс бойынша меңгерілетін негізгі терминдер мен ұғымдар тізімі:
Гетеростереотип – басқа халықтың қайсыбір қасиеттеріне қатысты стандартталған тұжырым, ол мейлінше сыни тұрғыда келеді. Мысалы, қазақ халқының қонақжайлығы басқа халық көзқарасы тұрғысынан ысырапшылдық, ал басқа ұлттың есепқорлығы бір елге пайдакүнемдік болып көрінуі мүмкін.
Концепт-ая – лингвомәдени қауымның я этностың, жеке тіл иеленушінің әлем бейнесі немесе ондағы белгілі бір объекті тұрғысындағы таным-білімін, тәжірибесін көрсететін өзара байланысты бірнеше концептілердің жиынтығы. Мысалы, қазақ халқының тілдік санасында үй – Шаңырақ, Үлкен үй, Отау үй, Отбасы, Кенже ұл, Ошақ т.б. концептілердің жиынтығында түсіндірілуі мүмкін. Мұндағы әрбір концепт өз алдына мәдени, рухани, этникалық мәністерге ие. В.А. Маслованың пікіріне сәйкес концепт-аяның құрылымы мынандай: негізгі концептінің когнитивті-пропозиционалды құрылымы – өзек; негізгі концептінің, оның синонимдерінің басқа да лексикалық репрезентациясы орналасатын өзек жанындағы аймақ және ассоциативті-образды репрезентациясы берілетін перифериялық аймақ. Мұнда өзек пен өзек жанындағы аймақ әмбебап және жалпы ұлттық білімді, ал перифериялық аймақ индивидуалдық түсінікті танытады (Қара.: Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. – Мн.: ТетраСистемс, 2004.).
Лингвистикалық гештальт Дж.Лакоффтың адамның ойлау жүйесінің ұйымдасу қағидалары теориясымен, сондай-ақ табиғи тілдегі көптеген сөйленістердің көру тәжірибесін және басқа да сезімдік тәжірибені тірек ететіні, синтаксистік тұтастық мәнісі оның құрылымдық бөліктерінің мәнісінен түзілетіні туралы концепциялармен байланысты, бастысы, сөйлемді агенс-пациенстік құрылымда семантика-функционалды талдау нәтижесінде жасалған теория. Мұның негізінде гештальтты мән-мағынаны беткі формамен сәйкестендіру әдісі, яғни «сөйлеушінің ой мәнісін тілдік формада рәсімдеу тәсілі болса, тыңдаушының тілдік форманы ой сарабынан өткізу тәсілі» ретінде қарастыру қағидасы орын алған.
Қабылдау, ойлау, эмоция, жады, әлеуметтік құрылымдар, сенсорлы-моторлы және тағы басқа танымдық үдерістер – толықтай, әйтпесе, айтарлықтай дәрежеде тілдің әмбебап құрылымдық сипатына алғышарт болып, гештальт түзеді де, гештальтқа тән сипаттар ретінде мына белгілер көрсетіледі: гештальттың біруақытта біртұтастығы әрі талданыла алатындығы; гештальттар біртұтастықта табыла отырып, анықталған қосымша қасиеттерге ие, сондай-ақ оның бөліктері де қосымша қасиеттерге ие; гештальттардың бөліктері ішкі қатынастармен байланысты және бөліктердің гештальт аясында сәйкестену әдістері гештальттің мазмұнына енеді т.б..
Достарыңызбен бөлісу: |