Ұйқы безі рагының дифференциалды диагностикасы:
Науқас адамдардың дәрігерге келіп, тексерістерден өтулерінің басты себебі – төс шеміршегі мен кіндік арасы аймағында байқалатын ауырулық сезім және тері жамығының сарғая бастауы. Аталмыш белгілер ұйқы безі рагынан басқа ауруларда да кездеседі, сондықтан ұйқы безінің рагын төмендегі аурулардан ажыратқан абзал:
1. Панкреатит – ұйқы безінің қабынуының салдарынан без тінінде аутолиздік, дегенеративтік (бүліну) үрдістер өрбиді, нәтижесінде без ұлпасында талшықты дәнекер тінді (фиброзирование), беріштеу өрбіп, ұйқы безінің экзокриндік, эндокриндік қызметтері бұзылады.
2. Тасты холецистит – оң жақтағы қабырға етегінде жедел ұстама тәрізді ауырулық сезіммен басталатын хирургиялық ауру. Аурудың жедел басталуының тетігі (патогенезі) – мол мөлшерде майлы тағам мен алкогольді қабылдағаннан, физикалық күштемелерден кейін бауырдан өт көп мөлшерде бөлініп, өт жолдарының қызметі жеделдейді. Осыған байланысты өт қапшығының қабырғасындағы бірсалалы бұлшықеттің жиырылмалы қозғалысы үдеп, өт қапшығындағы тастар қозғалысқа ұшырайды, олардың бірен-сараны өт қапшығының, жалпы өт өзекшелеріне қысылып, ішіндегі сезімтал жүйке рецепторларын (қабылдағыштар) тітіркендіреді, кейде жалпы өт өзегі таспен бітеліп, өзектің тастан жоғарғы жағында іркілген өттің жиналуынан өзек қуысында қысым жоғарылайды.
Егер спазмолитикалық дәрілердің әсерінен өт өзектерінің өтімділігі қалыпқа келсе, аталмыш белгілер дереу кете бастайды. Тасты холециститтің емі – хирургиялық операция.
3. Жұқпалы гепатит (Боткин ауруы) – асқорыту жолдарымен және қан тамырлары арқылы А, В, С т.б. вирустардың қанға түсуінен өрбитін жұқпалы ауру. Сондықтан науқастың анамнезін жинағанда эпидемиялық індет ошағы жайында толық мәлімет алып, соңғы кезде тамыр арқылы қан қабылдағаны, қабылдамағаны анықталады.
Жұқпалы гепатиттің клиникалық көрінісі 4 кезеңге ажыратылады: инкубациялық, сарғаю алды (бейнақты), сарғыштану, реконвалесценция.
4. Ұлтабардың Фатеров еміздігінің ісігі төмендегідей кеңістіктен өрбіп, дамиды:
- еміздіктің ұлтабарға ашылатын өзегінің шырышты қабатының кілегей қабығынан (эпителиінен) өрбиді;
- еміздік ампуласының өзінің шырышты қабатының кілегей қабығынан (эпителиінен) өрбиді;
- жалпы өт және Вирсунгов өзегінің кілегей қабатынан өрбиді.
Алғашқы екі орыннан пайда болған ісік экзофитті бағытта өсіп, полип немесе папиллома тәріздес, ол ал үшіншісі эндофитті немесе аралас бағытта өсіп, сырты тегіс дөңгелек түйін
тәрізді болады.
Егер ісік Вирсунгов өзегін бітесе, жоғарғы құрсақ аймағында тұрақты ауырулық сезім, диспепсиялық бұзылыстар және екіншілік қант диабеті дамиды. Оны анықтау үшін ұйқы безінің экзокриндік ферменттері мен эндокриндік гормондарының мөлшерін анықтап, гипотоникалық дуоденография, ультрадыбысты эндоскопиялық зерттеулерді қолдану керек. Емі – хирургиялық операция.
5. Бауырдан тыс өт өзектерінің ісігі сирек кездеседі, олар өт шығару жолының кез келген бөлімінде пайда болады. Сырт көрінісі полип тәрізді, бүрлі папиллярлы болады. Ісік өт өзегін тарылтып, интрадуктальды өседі. Жиі перипортальдық лимфа түйіндеріне және бауырға метастаз береді. Гистологиялық үш түрі болады. Олар:
- Қатерсіз (емізікті аденома);
- Қатерлі (аденокарцинома, жалпақ жасушалы, пісіп-жетілмеген);
- Сирек кездесетін эмбрионалдық рабдиомиосаркома, карциносаркома.
Клиникасында ерте және тұрақты белгісі – сарғаю. Сарғаю көбінесе дененің қышуымен, арықтаумен, қалтыраумен қосарланады. Бауыр мен көкбауыр ұлғаймаған. Зертханалық тексерулерде билирудинемия (тура билирубин), зәрде уробилиноген жоғарылайды. Нәжісте стеркобилиноген төмендейді, сілтілі фосфатаза белсенділігі жоғарылайды. Диагностикасында эндоскопиялық ретроградты холангиопанкреатография, тері және бауыр арқылы холангиография. Емі – хирургиялық.
Достарыңызбен бөлісу: |