391-бап. Машиналарды жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу
ҚК сай бұл қылмыстың мәнісі – абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірген әскери, арнаулы немесе көлікті машинаны жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзуда болып келеді.
Қылмыстың нақты объектісі – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде белгіленген, оның жауынгершілік дайындығын және пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, әскери жылжымалы техниканы тұтынудың ережесі.
Қылмыстың заты болып – жауынгершілік, арнайы немесе көлік машиналары келеді: өз бетімен жүретін, жекелеп алғанда артиллериялық қондырғылар, транспортерлар және бронетранспортерлар, тартқыш машиналар және с.с. Арнайы машиналар – бұл арнайы (инженерлік медициналық жөндеу және с.с.) функцияларға арналған бульдозерлер, скреперлар және басқа машиналар, сол сияқты жеке құрамды, қару-жарақты, оқ-дәрілерді, өзге әскери мүлікті тасымалдауға арналған көлік машиналары.
Қылмыстың объективтік жағы – жауынгершілік, арнайы немесе көлік машиналарын жүргізу ережелерін бұзуда немесе оларды пайдалану ережелерін бұзуда болып келеді. Жүргізу ережелерін бұзу жүргізушінің жүріп келе жатқан техникалық құралды жүргізу бойынша дұрыс емес әрекеттерінен құралады: светофор немесе реттеушінің тыйым салатын белгісіне қарамастан өтіп кету, озып кету, бұрылу және с.с. тәртібін сақтамау. Пайдалану ережелерін сақтамау – рейске техникалық бұзушылығы бар машиналарды жіберуде, машинаны жүргізуге тиісті дайындығы жоқ немесе мас күйіндегі адамды жіберуде, машиналарды мақсатынан тыс пайдалануда және с.с.
Бұл іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік тек заңда көрсетілген зиян туындағанда ғана пайда болады. Қылмыстың құрамы – материалды, кінәлінің әрекеттері және туындаған зиянды зардап араларындағы себепті байланыс анықталуы тиіс.
Субъективтік жақ туындаған зардапқа байланысты анықталатын абайсыз кінәмен сипатталады.
Қылмыстың субъектісі арнайы – машинаны өзі жүргізетін немесе машинаны пайдалану үшін жауап беретін әскери қызметші.
Бұл қылмыстың дәрежеленген түрлерін абайсыздықтан адам өліміне әкеліп соқтырған (ҚК 391-бабының 2-бөлігі) немесе абайсыздықтан екі немесе одан көп адамның өліміне әкеліп соқтырған (ҚК 391-бабының 3-бөлігі) дәл осы әрекеттер құрастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |