Көзінен басқа ойы жоқ
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.
Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе,
Иемнің әділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
1. Хақ (арабша) – көп мағыналы сөз: а) тура, шын, дұрыс; ә) баға; б) үлес, сыбаға; в) Алла; г) хұқық. Бұл арада дұрыстық, шындық мағынасында.
2. Хикмет (арабша) – көп мағыналы сөз. Пәлсапа (философия). Бұл арада білім, сыр, керемет мағынасында.
«Менсінбеуші ем наданды»
Абайдың 1891 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан түрады. Өлеңнен ұлтының бойындағы мерeз мінезбен күресуден қажыған ақынның қамығып, қынжылып, шарасыздықтан шамырқануы, заманына өкініші көрінеді. Бұрын осы алуандас өлеңдерінде ақын надандықты жақсы ақылмен, сап таза өсиетпен, шынайы адал көңілмен түзеуге болады деген ниетте еді. Бұнда надандық әлсіз жау емес, ол өте күшті кесепат. Сондықтан оны жеңу жалғыздың қолынан келмейді, онымен арпалысып, күресу бос әурешілік-ау деген дағдарыс байқалады. Сөйтсе де, ақын қас наданды қамшылап, намысына тиетін сөздерді айтады. Бір сәт ылажының таусылғанына ызаланып, қазақты басқалардан ұялып, жұртым деуге арланатынын да жасырмайды. Өлең шалыс ұйқас үлгісінде жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909 жылғы жинақта 6-шумақтың 2-жолы «Мұны да ойла толғанып» делінсе, кейінгі басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Оны да ойла толғанып» болып берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында 9-шумақтың 1-жолы «Сондай елден бойың тарт» деп алынса, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Мұндай елден бойың тарт» делінген. Туынды орыс, үйғыр т.б. тілдерге аударылған.
Менсінбеуші ем наданды
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып,
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Жан шошырлық түріне
Бәрі бірдей еліріп.
Ұстай алмадым бірін де,
Кекиді кейін шегініп.
Әринемен ел кетті,
Қоқиланды мақтанды.
Қуат бітті, күн өтті,
Жарылқа, құдай, жатқанды.
Мен-қажыған арықпын.
Қатын, бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып.
Барымта мен партия —
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Татулықты, тыныштықты,
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулыќты
Қызық көрер, өңі енер.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтпай өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?
Достарыңызбен бөлісу: |