ІІ Үй тапсырмасын сұрау: Ақынның шеберлік тәсілдері, даралық ерекшеліктері туралы түсінік.
Реферат жазу.
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
Абай мектебінің қалыптасқан дәстүрі, жаңашылдығы, прогрессивті мақсат-мүддесі Абай мектебі деген ұғымды екі мағынада алып қарастыру бар. Бірі – кең мағына, яғни Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы өкілдерінің дені ақынның әдебиеттегі дәстүрін ұстанушылар, демек поэзия жолындағы шәкірттері. Екінші – мектеп ұғымы тар, әрі нақты мағынада. Бұл тұрғыдан келгенде Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Жалпы «Абайдың ақындық мектебі» концепциясына қатысты 1950 жылдардағы даудың негізгі себебінде саяси астар жатқанмен, әдеби айтыстың өршіп кетуінің екінші бір себебі «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымға қай тұрғыда келу керектігінің нақты межесі анықталмағандығында да жатыр. Дәлірек айтқанда әлгі кең мағына мен тар мағынада қарастырудың ара жігі сақталмай, араласып кетті. Тағы бір әсер еткен фактор «ақындық мектеп» деген батыс пен орыстың әдебиетіндегі ұғымды Абай мен оның айналасындағы ақын шәкірттерге қатысты қоданудан барып туындағанын да ескерте кету керек.
Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Орыс зерттеушісі В.И.Кулешов «бағыт», «ағым», «мектеп» ұғымдарын біртектес ұғым ретінде қарайды. Ағым-бағыт пен мектеп бір ұғымның аясында немесе синонимдік қатарда қоланыла беретіні тағы бар. Абайдың айналасына шәкірт жинауы әлемдік әдебиеттану үрдісінде табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Әдебиеті әлі де ауызша үлгідегі Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді»