3. Тәрбиелік: елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.
Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу..
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, бағалау, қорытындылау,
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру;
ІІ Үй тапсырмасын сұрау:
Абай өлеңдерінің тілі және қазақ поэзиясына енгізген жаңалығы
туралы түсінік.
Реферат жазу.
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
Ақынның шеберлік тәсілдері, даралық ерекшеліктері
Аса көрнекті ақын-жазушылар шығармаларының тілі екі тұрғыдан зерттеледі. Бірі - қаламгердің қолданған тілінің даму барысында оның алған орны мен сіңірген еңбегін анықтау, екіншісі-оның өз қаламына тән шеберлік тәсілдері мен өзге де тілдік ерекшеліктерін талдау. Абай тілін де осы екі тұрғыдан қарастыру керек, өйткені ол әдеби тілде дайын тұрған қалып-нормаларды дұрыс, көркем пайдалана білген қатардағы қаламгер емес, сол тілдің даму тарихындағы жаңа кезеңді бастаушы, сапалық жаңа түрінің іргетасын қалаушы суреткер. Қай тұрғыдан болса да Абай тілін өз алдына сөз ету оның туындыларын талдаумен қатар жүріп келді. Әрине, бір мезгілде, бірдей қарқында емес. Ең алдымен, ақын шығармашылығының идеясын, мазмұнын танып, білуге күш салынды, сол мазмұнның сыртқы көрінісі-тіліне үңілу содан кейін басталды. Абай шығармашылығы хақында алғашқы пікір айту-19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың алғашқы жылдарында басталған болса, тілі жайында да алғаш рет сөз қозғау осы тұстарға саяды. Әрине, бұл әңгіме ұлы ақынның тілін нақты түрде талдау емес, жалпы тұжырым айту, қазақтың поэтикалық дүниесінің тіліне жаңа лептің келгенін атау түрінде болды. 1901 ж. қазақ даласынан жиналып, Орыс географиялық қоғамына жіберілген өлең үлгілерінің ішінде Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдері: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп басталатын туындылары болды. Осы материалдарды редакциялап, баспаға дайындауды қолға алған орыс түркологі П. М. Мелиоранский, авторы кім екенін білмесе де, бұл өлеңдердің өзге шығармалардан бөлекше тұрғанын, олардың жазба әдебиет үлгілеріне жататынын айтты. Абай поэзиясы және оның тілі жөнінде қазақтардан түңғыш рет арнайы пікір айтқан - Ә. Бөкейханов. А. Байтұрсынов «Қазақ» газетінің 1913 ж. 39-41-сандарында «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақала жариялап, ақынның өмірбаянынан қысқаша мәлімет бере келіп, оның поэтикасын сөз етті. Ал С. Торайғыров «Айқап» журналының 1913 ж. 22-23-сандарында «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында сол тұстағы қазақ поэзиясының мазмұн-мәнімен қатар, тілін де азын-аулақ сөз етеді, тіл жағынан Абай өлеңдерін өте жоғары қояды.
1930 жылдардың орта шенінен бастап Абай шығармаларының тілі жөніндегі пікірлер көбірек және айқынырақ айтыла бастады. Әсіресе, бұған 1934 ж. Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуын атап өту шаралары үлкен себепкер болды. М. Әуезов, Қ. Жұбанов, I. Жансүгіров, Е. Ысмайылов, 3. Шашкин ұлы ақынның тілге деген көзқарасы мен еңбегін, сөз қолдану шеберлігі мен өлең құрылысын арнайы сөз етеді. Әуезов ақынның өмір кешкен ортасы мен қалдырған мұрасына үңілген еңбектерінде Абайдың тілі жөнінде де дұрыс әрі түбегейлі пікір айтып отырды. 1934 ж. «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласындағы ойын 1951 ж. жазған «Абай мұрасы жайында» деген еңбегінде де, содан кейінгі «Абай Құнанбаев» деген монографиясында да өрбітіп, анықтап айтады. Бұларда Әуезов Абайдың қазақ әдеби тілінің даму жолындағы орнын көрсете келіп, екі ерекшелігін атайды:
1 - «Қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетуі»;
2 - «Қазақ қоғамы ортасында Абай заманында кіре бастаған жаргондық сипаттағы кітаби шұбар тілден іргесін ашып алуы, одан бас тартуы». Абай шығармаларының тілі жайында арнайы пікір айтқан ғалым - Қ.Жұмалиев. Өзінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарынан бастап, 18-19 ғ-дағы қазақ әдебиеті тарихы туралы жазған ғылыми зерттеулерінде, әдебиет теориясына арналған еңбектерінде Жұмалиев Абайдың шығармашылығымен қатар, оның тілін талдап:
1) Абайға дейін де қазақтың поэтикалық тілі дамып келді... оның өзінше даралық байырғылық сипаты болды. Абай осындай әдебиеттің о заманнан қалыптасып қалған поэтикалық тілін жоғары мәдениеттілік сатыға көтерді.
2) Абай заманында едәуір етек жайған тілдегі шағатай шылау, татар шылауға қарсы күрес ашты, қазақ тілін аса қадірлеп, таза сақтауға күш салды, оның сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі болды.
3) Абай қазақтың мол сөз байлығын қолданумен қатар, өзі де жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын енгізді.
4) Өлең құрылысына қыруар жаңалықтар қосып, көркемдеудің жаңа тәсілдерін ұсынған деген тұжырым жасады. Ақын шығармаларының тілі жайында жеке монография жазбаса да, ол жөнінде белгілі жазушылар мен ғалымдар Ғ. Мүсірепов, М. С. Сильченко, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Т. Әлімқұлов, X. Сүйіншәлиев пікір айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |