ІІ Үй тапсырмасын сұрау: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін жатқа айту.
Құрылысына қарай талдау.
Сұрақтар: Өлең қай жылы жазылған?
Ақын өлеңде не туралы айтады?
Алғаш рет қай жинақта жарияланды?
Қандай ұйқаста жазылған, неше буынды?
Қандай тілдерге аударылған?
ІІІ Жаңа сабақ:
«Қызарып, сұрланып»өлеңі
«Қызарып, сұрланып» – Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі. «Махаббат лирикасының» озық үлгісі. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады. Абай ғашықтық сезімді, махаббат мұңын аса бір шабытпен, беріле құлаған ынтықтықпен кестелеген. Оның бұл тақырыптағы жырлары ақын сезімінің мөлдірлігін, түсінігінің терендігін,сүйіскен жандарға деген мейірбандылығын паш етеді. Әсіресе, осы өлеңде махаббаттың тілсіз түсінісі, ретін тауып ауылдан аулақта кездескен екі жастың бір-біріне деген ғажап іңкәрлігі, жүрек лүпілі асқан шеберлікпен берілген. Одан ғашықтық пәк сөзімнің лебі есіп, қай-қайдағыны еске түсіріп, бойды балқытады. Оқырманның көз алдына өзгеден ұрланып, оңашада қосылған қос ғашық келеді. Ынтызар болып жұріп, бір-біріне зорға жеткен олар біресе қызарып, біресе бозарып, не істерін білмейді. Өзара тіл қатыса алмай абдырайды. Дүрс-дүрс соғып, лүпіл қаққан жүрекпен алысып, көңілмен ғана ұғысады. Табысқан қолдар бір-бірін күйдіріп, тыныс тарылып, түс бұзылып, талықсып бара жатқандай. Кеудеге кеуде жанасып, иықтары түйіскенде көздері жұмылып, жүздері төмендеп сала береді. Иектер қайта кетеріліп, ерінге ерін тигенде буын-буыннан айырылып есеңгірей түседі. Елжіреген жүрек, босаған буын көзді мұнарландырып, жан рахатына батырады. Бұл сәт көктегі жүлдыздар «біз тұрмыз күзетте, ешкім жоқ, сүйісе беріңдер» дегендей жымың қағады. Тебеден тенген жапырақтар да «сеңдерді жасырармыз, асықпандар, ғашықтар» деп тұрғаңдай. Ғашықтардың бұлармен ісі жоқ, өзді-өзі әуре. Ақын осыңдай суретті елестетеді де, «жүйрік тіл, терең ой», сол сәтте неге үнсіз қалдың, махаббат алдында неге дәрменсіздік керсеттің, «жеңілдің, жеңілдің» деп, «ғашықтық тілінің-тілсіз тіл» екенін мойындатады. Әдетте ақын өз басынан кешірген, өз жүрегінен өткізген, өзі сөзініп, өзі тұшынған нәрселерді ғана елжірей егіліп, жан-тәнімен беріліп жырлай алады десек, осы шындықты Абай өлеңінен айқын керуге болады.
«Қызарып сұрланып» өлеңі А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов шығармалары сияқты мөлдір махаббатты асқан ілтипатпен жырлаған. Оны табиғаттың көркем бесігінде әлдилей білген. Жасырын кеште алғаш кездесіп, сөз таба алмай, тек қана лүпіл қаққан жүрекпен, қабақ пен сыр танытқан қос өрім. Алабұртқан іңкәр сезім тасқынын балауса пәк көңіл сәл тежей бергендей. Енді бір сәт бар әлем ұмыт болып, тулаған жүрек тілегіне ерік беріп, рахат мұнарына шомған екі жас. Бүкіл жан-сезім, ақыл-ес бір біріне арбалып, ажырамасқа ант еткендей. Міне, ақын жүрек дүрсілі құлаққа келіп, ыстық демі бетке тиген махаббаттың жанды суретін осылайша берген. Ақын осындай табиғи күйде, аса бір іңкәр күйде табысқан жүректерді құптап, қостайды. «Абайдың махаббат жайындағы ең нәзік, ең көркем, терең сезімдері осы өлеңде», - дейді М. Әуезов. Өлең 6-7 буыннан тұратын шалыс ұйқас үлгісімен өрнектелген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Ақын басылымдарында 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбалары негізге алынған. Екеуін салыстыра келіп, ойды дәл беретін, буын санына тура келетін түрі қалдырылған. Мысалы, шумақтың 2-жолындағы «лүпілдеп жүрегі» деген тіркес «лүпілдеп жүрегі», 8-шумақтың 1-жолындағы «көкірек елжіреп» «жүрегі елжіреп», 9-шумақтың 1-жолындағы «қызыл тіл», «жүйрік тіл», 2-жолындағы «сол күні» - «сол күнде» деп қабылданды. «Асық», «ғашық» - «асықтық», «ғашықтық» сөздерімен ауыстырылды. Өлең ағылшын, азербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.