4. Қазіргі мектептегі тәрбие мақсаты мен міндеттері. Қазіргі жалпы орта білім беретін мектептің тәрбие мақсаты – оқушының жеке басының ақыл-ой, адами, дене жағынан дамуына ықпал ету, қалайда оның шығармашылық мүмкіншілігін ашу, ізгілік тұрғыдан қалыптастыру, оның жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, қабілеті мен мүмкіншілігіне сәйкес оңтайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету.
Адамның өзін-өзі дамуына, өз дүниесін өлшеп білуіне, азаматтық тұғырын сезінуіне, еңбекке, өмірге даярлығын, демократиялық қоғамда өзін-өзі басқара отырып, араласуына көмек беріп, бағыттау, елжандылық борышын жауапкершілікпен атқаруына бейімдеу.
Әр этнос өзінің ұлттық тәрбие жүйесіне сүйене отырып, жалпы адамзатқа тән құндылықтарды дұрыс игеру, әрине оларды қоғам мен тұлға алдында тұрған жаңа мақсаттармен үйлестіру.
Жоғарыда келтірілген мақсаттардан туындайтын міндеттер:
- биік парасатты, ар-ожданы мол азамат тәрбиелеу;
- әр бір жеке адамды әлеуметтендіру;
- рухани және өндірістік кеңістікте іс-тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туғызу;
- нарықтық жағдайда жалпы адамзаттық құндылықтарды тәрбиелеу;
- озық тәжірибелерге, тәрбие теорияларына сүйене отырып, әр этностың ұлттық, экономикалық ерекшеліктерін діліне сәйкес тәрбиелеу;
- ҚР әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дайындау.
«ҚР Білім беру ұйымдарындағы Тәрбиенің кешенді бағдарламасында» тәрбиенің басты мақсаты – полимәдениетті жеке адамды қалыптастыру делінген.
Полимәдениетті жеке тұлға – бойында адамгершіліктік, патриоттық, азаматтық, интернационалдық және жоғары тұрғыдағы моральдық қасиеті дамыған адам.
Сондай-ақ:
- полимәдениетті жеке тұлға – тілдік санасы жоғары дамыған индивід. Ана тілін, мемлекеттік тілді білу, шет тілін оқу жеке тұлғаның дүниетанымын кеңейтеді, әр жақты дамуына әсер етеді.
- полимәдениетті жеке тұлға - тарихи санасы жоғары дамыған индивид. Тарихты тану, тарихи оқиғалар мен деректерді білу ғана емес, оларды талдау арқылы ақиқатқа жету. Тарих арқылы жылдар бойы қалыптасқан ұлттық менталитет, стереотиптер, образдар танылады. Тарихты білу оған қатыстылық сезімді тудырады.
- полимәдениетті жеке тұлға экологиялық санасы дамыған индивид. Ол Жерді ортақ мекен, Қазақстанды ортақ Отан есебінде жақсы көру сезімі, ортақ үйі мен елдің табиғатына деген жауапкершілік сезімі секілді қасиеттерін айқындайды.
- полимәдениетті жеке тұлға – барынша айқын көркемдік-эстетикалық сана иесі. Оған ұшқыр қиял мен нәзік сезім, шығармашылық қабілет, әсемдікке құштарлық тән.
- полимәдениетті жеке тұлға құқықтық сананың иесі, яғни заңды білу, оны құрметтеп, бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау. Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты сезіну.
Сонымен қазіргі замандағы тәрбиенің басты мақсаты – теориялық біліммен қаруланған, оны шығармашылықпен іс-жүзіне асыратын белсенді қоғам қайраткерін, жаңа қоғамдық өмір үшін күресуге қабілеті мол, жоғары мәдениетті жеке адамды қалыптастыру.
Тұлғаны барлық жағынан дамытып, тәрбиелеу, жас ұрпақты қоғам құрылысына белсене қатысуына әзірлеу міндеттері мектеп арқылы жүзеге асады.
Халық ағарту қызметкерлерінің жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің негізгі міндеттері – оқушылардың ғылыми-техникалық дамудың қазіргі талаптарына сай баянды ғылым негіздерімен қаруландыру, политехникалық білім беру, еңбекке тәрбиелеу, сыныптан тыс тәрбие жұмыстрын, оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегін ұйымдастыруда жүзеге асыра білу болып табылады. Осы мәселелерді өскелең өмір талаптарына үйлесімді етіп тәрбиелеудің, дамыту мен қалыптастырудың негізі болады. Ал тұлғаны жан-жақты дамыту – тәрбиенің басты мақсаты.
Бекіту сұрақтары:
1. Тәрбие процесінің қандай ерекшеліктері бар?
2. Тәрбие мақсатын айқындаушы негізгі факторларды атаңыз?
3. 12-жылдық білім беру жүйесіне көшудің қазірдегі тәрбие мақсатын жүзеге асыруда әсері қандай ?
4. Тәрбие мақсаты ретінде жан-жақты адамды тәрбиелеудің мәні неде?
Әдебиеттер: 1, 2, 3.2, 6, 14, 16.
Достарыңызбен бөлісу: |