ТӘУАССУЛ – АЛЛАҺҚА БЕЛГІЛІ БІР НӘРСЕ АРҚЫЛЫ ЖАҚЫНДАУ
التوسل
>Қазақ тілі – Kazakh – كازاخي <
Дерек көз: «Абу Ханифа мирасы» сайты
www.abuhanifa.kz مصدر:
Islamic.kz مراجعة: إدارة الموقع
Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
ТӘУАССУЛ – АЛЛАҺҚА БЕЛГІЛІ БІР НӘРСЕ АРҚЫЛЫ ЖАҚЫНДАУ
1-Бөлім. Кіріспе
Осы тарауды оқып-зерттеу барысында құрметті оқырман ерекше зейін танытуға және қаралып жатқан мәселенің мәнін ұғып алуға тырысуы қажет. Біз осыған дейін қарап өткен мәселелер өздігінше көпқұдайшылық болып табылмайды, бірақ олар - көпқұдайшылыққа алып баратын жолдар мен құралдар. Алайда тәуассул мәселесі стратегиялық тұрғыдан өте маңызды болып табылады, өйткені ол көпқұдайшылық пен бірқұдайшылық арасындағы шекара іспеттес. Тәуассул мәселелерін қарау барысында біз көпқұдайшылыққа алап баратын жолдар туралы ғана емес, үлкен көпқұдайшылық туралы сөз ететін боламыз. Осыны түсінгендіктен, сопылық ағымның өкілдері адамдар назарында оның маңыздылығын кеміткісі келеді, өйткені олар адамдардың осы мәселедегі білімсіздігін пайдаланып осы шекараны өзгелер байқамайтындай етіп бұзып өтуге тырысады. Тәуассул мәселелері мен негіздеріндегі өздерінің жалған сенімдерін тарату үшін олар қасиетті мәтіндерді өз мүдделеріне ыңғайластырып, кітаптар жазады және басып шығарады, тіпті осы мүддеге қол жеткізу үшін аят-хадистердің мағыналарын бұрмалаудан да тайынбайды.
Аллаһ былай деді: “Сондай Кітапты қолдарымен жазып, сонан соң аз ақшаға (дүниелікке) сату үшін: «Осы Аллаһтың қасынан келгені», - дегендерге нендей өкініш! Және олардың қол жазғандарына нендей өкініш! Сондай-ақ олардың табыстарына нендей өкініш!” («әл-Бақара» сүресі, 2:79).
Аллаһтың рұқсатымен, біз олардың кітаптарынан алынған кейбір үзінділерді қарап шығамыз әрі олардың қасақана жасаған бұрмалауларына нұсқаймыз. Содан соң оқырмандарымызда осы адамдардың өтірік сөйлейтініне, олардың қолданатын әдіс-тәсілдерінің пасықтығында, сондай-ақ олардың мақсаттарының шынайы мәнінде күмәні қалмайды.
“«Ақиқат келді. Өтірік нәрселер жойылды. Сөзсіз, өтірік жойылады», - де ” («әл-Исра» сүресі, 17:81).
2-Бөлім. Тәуассул деген не?
Мәселені бастан-ақ дұрыс түсіну үшін, осы тараудың басынан аяғына дейін кездесетін ұғымдарға дұрыс түсіндірме беріп өту жөн болады. Өйткені сопылар мен солар сияқтылардың шебер тәсілдерінің бірі – олар әу бастан шариғи терминдерге өз анықтамаларын береді де, осы терминдер кездесетін аят-хадистерді қолданып, оларды өздерінің берген анықтамаларының негізінде түсіндіреді.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген екен: «Кім сахабалардың өзара сөйлескен әрі сол арқылы оларға Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеген тілді және олардың сөз орамдарын қолданудағы әдеттерін білмесе, сол міндетті түрде сөздердің мәнін олардың шынайы мағынасынан өзгерте бастайды. Белгілі бір қоғамда өсіп жетілген көп адамдар сөз орамдарының кейбіреулеріне сол қоғамның өкілдері тұспалдайтын мағыналарды береді 1. Содан соң олар осы терминдерді Аллаһтың, Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардың сөздерінде тауып алады да, Аллаһ, Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар осы терминдердің астарында оның қоғамының өкілдері тұспалдайтын нәрселерді меңзеген деп ойлай бастайды, алайда, шын мәнісінде, Аллаһ, Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар мүлде басқа нәрселерді меңзеген.
Ал кейбіреулер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың сөздеріне қасақана түрде бұрмаланған мағына береді де, кейін осы терминдерді өздеріне тиімді ұстанымды дәлелдеу үшін қолданып: «Біздің жолымыз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолына сәйкес келеді», - деп жатады. Осындай нәрселер пәлсапашылардан (мутакаллимдердің), исмаилилерден болған құдайсыздардың, сондай-ақ ойшылдар мен сопылардан болған солар іспеттес адамдардың сөздерінде бар». Қз.: «Қа’ида жәлилә» 445-447 т.
Шейхул-Исламның сөздерінен шыға келе, біз кейбір адасқан ағымдар мен секталардың өкілдері өз ұстанымын дәлелдеу үшін ұғымдарды қолжаулық ететінін түсінеміз. Көп жағдайда бұл олардың қолынан келе береді, өйткені олардың үгіт-насихаты дін негіздерінен қарапайым білімге де ие болмаған адамдарға бағытталады әрі осы білімсіздік бұл адамдардың адасуына және опат болуына әкеп соқтырады.
Сонымен, «тәуассул» деген не екен?
«Тәуассул» - таза арабтың сөзі, ол «мақсатқа бірдеңе арқылы қол жеткізу» дегенді білдіреді. Ол «сол арқылы мақсатқа қол жеткізілетін нәрсе» деген мағынаны білдіретін «уәсилә» деген сөзден пайда болған 2.
«Уәсилә» сөзі Құранда екі рет келген:
1. Аллаһ былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар, Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер. Және мұратқа жетулерің үшін, Оның жолында күресіңдер» («әл-Мәида» сүресі, 5:35).
2. Ол сондай-ақ: «Олардың сиынғандарының өздері Раббыларына жақын болудың тәсілдерін іздеуде басқалардан озуға тырысады. Оның рахметінен үміт етіп, азабынан қорқады. Негізінде, Раббыңның азабы сескенуге тиісті», - деді («әл-Исра» сүресі, 17: 57).
Істің бүкіл сыры сопылардың Сүннет пен келісім (әһли-Сунна уәл-жәма`а) жолын ұстанатындардан «Аллаһқа жақындау тәсілдері» дегенде не тұспалданатынын өздерінше түсіне бастағандары себепті бөлініп шыққандығында.
Ендеше, осы тәсілдерді Ислам ғалымдары қалай түсінетініне қарайық.
Ибн Жәрир әт-Табари былай деген: “«Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер», яғни Аллаһ разы болатын нәрселерді орындау арқылы Оған жақындасуды іздеңдер”.
Қатада былай деген: «Яғни Аллаһқа мойынсұнып және Ол разы болатын нәрселерді орындап, Оған жақындаңдар».
Қатаданың осы сөздерін келтіріп, имам Ибн Кәсир былай деген: «Осы ғалымдардың айтқандарына қатысты Құран тәпсіршілерінің арасында келіспеушіліктер жоқ» (Ибн Кәсир «Тафсир әл-Кур`ан ил-‘Азыйм», 2/52-53).
Ханафи мәзһабының өкілдері де осы түсінуде басқа ғалымдармен ортақ пікірде. Қз.: «әл-Кауакиб әд-Дуррия» 3-бет.
Біз хафиз ибн Кәсирдің сөздерінен түсінетініміздей, «Аллаһқа жақындаудың тәсілдері» дегенде Аллаһ разы болатын игі істер меңзеледі. Егер кісі оларды орындап жатса, онда ол Аллаһқа жақындайды, яғни Оның разылығына қол жеткізеді. Әрі осыда Құран тәпсіршілерінің (муфассирлер) арасында келіспеушіліктер жоқ.
Енді ерекше назар бұруыңызды сұраймыз!!!
Ал сопылар болса муфассирлердің бірауызды келісілген пікірімен келіскісі келмей, осы аяттарды өздерінше түсінді.
Ендеше, олар бұл аяттарды қалай түсінді?!
Әрі қарай түсіндірілетін нәрсені ұғынып, оқырман сопылар мен әһли-Сунна уәл-жәма`аның жолдары ажырап кеткен торабты көре алады. Сүннеттің жақтаушылары таухид (бірқұдайшылық) жолымен жүруін жалғастырды, ал сопылар көпқұдайшылдар жаққа ауытқып кетті 3.
Таухидті ұстанушылар Аллаһ олардан нені қалайтынын түсінді. Аллаһ Тағала адамның Аллаһ разылығына жетуі үшін күш-қайрат жұмсауын, жұмыс істеуін, игі істер жасап, жаман нәрселер істеуден бас тартуын қалайды. Ал сопылар бұл аяттарды мүлде кері түсінді. Осы жерде олар адамзат бір кезде жасаған ең қорқынышты қиясты, яғни көпқұдайшылық пен қөпқұдайшылдардың негізі болып табылатын қияс жасады. Сопылар Аллаһ Тағаланы оларға тек «таныс» арқылы, яғни олар жақсы көретін және олардың алдында беделге ие адамдарға жалбарынып, ортаға салу арқылы ғана жақындауға болатын осы дүниенің әділетсіз патшаларымен теңеді.
Олар егер патшаға тікелей жүгінсе, патша оларды кері қайтарады, бірақ егер одан оның жақсы көретін, бағалайтын және құрметтейтін адамдары арқылы сұраса, онда осы патшаның оң жауап беретінін күтуге әбден болады деп шешті. Бұл сопы өзі үшін мынандай қорытынды жасады: «Аллаһ Тағала бұл дүниенің патшаларының қай-қайсынан да ұлы. Егер мен осы дүниенің патшасына тікелей кіре алмайтын болсам, онда патшалардың патшасы болған Аллаһқа қалайша тікелей кірмекпін?!»
Мына қорқынышты логикаға қараңыздаршы! Егер оқырман тағы да кішкене кідіре тұрса, онда оның қауіптілігі неде екенін түсіне алады.
«Мұның несі жаман, бұл сопы осы қиясты Аллаһ Тағаланың ұлықтығы мен Оның құдіретін ұғынған күйде жасады ғой» деген ой туындауы мүмкін. Алайда! Шын мәнісінде, бұл қияс Аллаһты мадақтамайды, керісінше, Оған тіл тигізеді. Сіз: «Не үшін?», - деп сұрауыңыз мүмкін. Өйткені бұл сопы Аллаһты осы патшалардан да асқан әділетсіз деп санады. Патшаларға көп жағдайда олардың ұлықтығы себепті емес, тек олардың әділетсіздігі, тәкаппарлығы, қаталдығы мен озбырлығы себепті ғана кіру мүмкін болмайды. Ал әділетті, жанашыр, ізгі патша не адам өзінің ұлықтығы мен билігіне қарамастан өтінішпен келген адамды қабылдауға тырысады.
Осыдан шыға келе, сопы Аллаһтың «Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер» сөздерін “Аллаһтың алдында құрмет-беделге ие, Аллаһтың сүйіктісі болған «әулиені» іздеңдер де, Аллаһтан сол арқылы тілеңдер, тіпті осы әулиенің өзінен ол сендер үшін Аллаһтың алдында шапағат етуін тілеңдер” деп түсінді 4.
Әрі сіздер тағы да: «Осылай болса да, біз бұда еш жамандық көріп тұрған жоқпыз», - деп айтпақсыздар ма?!
Осы жерде біз бір кішкентай ғана жайтты түсінулеріңізді сұраймыз – бұл қиястың көптеген кесірлі салдары бар, біз олардың тек екеуі жайында ғана сөз етейік.
Достарыңызбен бөлісу: |