Психологиямен байланысы. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды. Тілдік материалдардың толық қалыптасуында түсінік, ой, түйсік, сезім және сигнал жүйелері үлкен рөл атқарады. Оқушыларға тілдік материалдарды толық игертуде сабақ процестерінің мәні зор.
Логикамен байланысы. Логика ғылыми дәл ойлау, дұрыс пікірлеу заңдылықтарын үйретеді. Сөйлемнің дұрыс құрылуын ойластырады. Түрлі тілдік фактілердің дәл болуын қарастырады. Мұғалім мен оқуш сөзінің анық болуын қамтамасыз етеді. Мектеп оқулығындағы әр тақырыптың өзіндік белгілерінің және анықтама ережелерінің дәл болуын ойластырады. Сондықтан қазақ тілін оқыту методикасы тілдік фактілерді түсіндіру мен жеткізуде логика ғылымындағы жаңалықтарға сүйенеді.
2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні, мақсаты мен міндеті.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – еліміздегі халықтар бірлігінің негізгі факторы, ұлтаралық қарым-қатынастың ұйытқысы. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде құрметтеу – Қазақстанда тұратын барлық халықтың негізгі міндеті. Тіл – халықтың жеңістері мен жетістіктерінің, ұлттық құндылықтары мен өмір сүру салтының көрінісі. Мектепте оқытылатын «Қазақ тілі» пәні білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, өмірге бейім, жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуге негіз қалайды. Бүгінгі қоғам еліміздің білім беру жүйесінен көп тілді меңгерген дара тұлғаны қалыптастыруды талап етуде. Әрбір қазақстандықтың үш тілді қатар білуіне арналған тіл саясатына сәйкес, сол үдерістің өзегі болып табылатын мемлекеттік тілді оқыту үдерісін жетілдіруді қажет етеді. «Қазақ тілі» пәніне арналған бағдарлама білім берудің ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға негіздей отырып, еліміздің алға қойып отырған іргелі міндеттеріне сай, және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді, ұлттардың бейбітшілік пен келісім өмір салтын қалыптастыру саясатын ұстану қағидаларын басшылыққа ала отырып мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әрі сапалы жүйелерін қалыптастыруды көздейді. Бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілін сөйлесім әрекеті арқылы мәдениетаралық қатысым құралы ретінде меңгерту, оқушылардың сыни тұрғыдан және ойлау дағдыларын қалыптастыру, олардың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени орталарда тілдік шектеуді сезінбей, өзін еркін ұстауына мүмкіндік туғызу - негізгі ұстаным болып табылады. Қазақ тілі пәнін оқыту үдерісі тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Оқу үдерісінде жүйелі жүргізілетін сөздік жұмысы, әңгіме оқу, мәтінмен жұмыс жасау, өлеңдер жаттау, жағдаяттық тапсырмалар орындау, постерлермен жұмыс істеу, сахналық қойылым дайындау т.б. белсенді әдістерді қолдану барысында оқушылардың сөздік қоры жетілдіріледі. Бастауыш сыныптардағы қазақ тілі пәнін оқытуда оқушылардың жас ерекшеліктері және қоршаған ортаны қабылдауға қатысты психологиялық жай-күйі ескеріледі.
«Қазақ тілі» пәнін оқытудың түпкі мақсаты – мемлекеттік тілді қадірлейтін, оның қоғамдық мәнін түсінетін және тіл нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білетін жеке тұлға қалыптастыру «Қазақ тілі» пәні бағдарламасы оқушының тіл сауаттылығы мен сөз байлығын, басқалармен қарым-қатынасқа еркін түсуді және оқушының ойлау қабілеті мен дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді көздейді. Бағдарламаның білім мазмұны қазақ тілі арқылы оқушыларға қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін, қазақ халқының салт-дәстүрін, қазақша сөйлеу әдебін, қазақ әдебиеті үлгілерін меңгертуді көздейді және алған білімдерін өмірдің қажетті жағдаяттарына сай қолдана білуге үйретеді. Аудио-визуалды оқу материалдарын тыңдап, түсініп, көріп, түсініп, берілген мазмұндағы негізгі ойды анықтайды және оған қатысты өз көзқарасын ауызша немесе жазбаша түрде білдіреді. Көркем-әдеби, ақпараттық-танымдық сипаттағы мәтіндерді өзінің оқу мақсатына сай іріктеп, оқу тапсырмасы бойынша талдаулар жасап, ой қорытындысын жасауға үйренеді, қысқа мәтіндерді жазуға дағдыланады. Бастауыш мектептегі «Қазақ тілі» пәні бойынша оқушылардың білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар «Шет тілін меңгерудің жалпы еуропалық құзыреті» (CEFR) деңгейлерін (А1, А2, В1, В2, С1) негізге ала айқындалған және әр деңгейдің соңында күтілетін нәтижелер берілген.
өз ойын, сезімін білдіруге танып-білген нәрселерін қазақша санасына түюге пікір алысуға оқыған, көрген не білген нәрселері туралы достарымен, үлкендермен өз ойымен бөлісуге армандары мен мақсаттары туралы еркін жеткізіп айта білуге «Қазақ тілі» пәніндегі репродуктивтік, продуктивтік, проблемалық, шығармашылық жаттығуларды орындай отырып, оқушылар мыналарды үйренеді:
3. Әдістеменің ғылым ретінде дамуы, зерттелу жайы.
Қазақ тілі мәселелері мен оларды оқыту үлгілеріне ерекше мән беріп, көп еңбек сіңірген тілші-ғалымдардың ең көрнектісі – Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов – қазақ тіл білімінің қай саласында болсын із қалдырған, оқулықтар жазған, тілдік мәселелер жөнінде өзіндік пікір айтып қана қоймай, ғылыми жаңалықтар ашқан әйгілі ғалым-тілші. Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты ұлт тілінің ғылыми негізін салушы, оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы деп танимыз.
Көрнекті ғалымдардың қазақ тілін оқыту, оның әдіс-тәсілдерін меңгеру, оқу жүйесінде әдістеменің алатын орны туралы жазған мақалалары, шығарған оқулықтары, ұлағат пікірлері мен тағылымдық көзқарастары ұшан-теңіз.
Тіл білімінің әр саласына қатысты нақтылы мәселелерді сөз еткен А.Байтұрсыновтың зерттеу еңбектерін былай қойғанда, «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Тіл-құрал» сияқты оқулықтарында қолданылатын әдіс-тәсілдердің ерекшелігі – өз алдына арнайы қарастыруды қажет ететін өзекті мәселе. Кез келген әдіскер мұғалім тілшінің еңбектерін оқу арқылы тілдік материалдармен танысып қана қоймайды, сонымен қатар оқулықтарда берілген тақырыптарды оқытудың әдістемелерін де үйренеді.
Тілшінің оқулықтары оны оқытудың, үйретудің әдістемелік нұсқауларымен жазылып, көрсетілген нақтылы үлгілерімен қатар ұсынылады. Осының өзі-ақ ұстаздың оқу мен оқыту ісінің шебері екенін көрсетеді.
«Қай әдіс жақсы», «Нұсқаушы», «Баяншы», «Әліппе астары» тәрізді еңбектер қалай оқыту қажеттігін, оқытудың әдістемелері мен тәсілдерін баяндайды. Жалпы бұл зерттеулердің қай-қайсысы да әдістеме-тәжірибелер туралы кең мағлұмат береді. Ғалым ұсынған әліпби мен оны үйрету әдіс-тәсілдері осы уақытқа дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Мысалы, А. Байтұрсынов: «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады.
...Оқу басында қиын болса, балалар миға (ұйыққа) түскен мал сықылды, малтығып жылжи алмай қиналады, үйретуші сүйреп шығара алмай қиналады. Екі жағының да жігері кеміп, шабыты болмайды. Шабыттанып істелмеген іс оңды да болмайдыˮ.
«Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімінің ұзақ жолын қысқарту үшін, ол жолдан балалар қиналмай оңай оқу үшін, керек білімін кешікпей кезінде алып отыру үшін, балаға жұмысты әліне шағындап берумен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру»- деп оқытуға, үйретуге қатысты ең маңызды белгілерді анықтап береді (Байтұрсынұлы, 1928a: 32). Сөйтіп, оқытудың әлеуметтік мәніне ерекше көңіл бөлуді сұрайды: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген тұжырымды баса айтады.
А. Байтұрсыновтың, әсіресе, әдістеме жөніндегі пікірлері мен жазғандары – арнайы талдауды, саралап зерттеуді қажет етеді.
Ғалым-тілшінің сапалы оқытудың кілті – іздену, тиімді әдістерді тауып, пайдалана білу, сабақ барысында үнемі түрліше әдістерге сүйеніп отыру керек деген ой-пікірі кез келген әдіскерге қажет. Бұл көзқарастар, әсіресе, қазіргі уақытта қазақ тілін қалайда мемлекеттік тіл есебінде барлық осында тұратын халықтардың, ұлттардың қарым-қатынас құралына айналдырамыз, басқа ұлт өкілдеріне жедел үйретудің тиімді жолдарын табамыз деп сан-сала бағдарламалар, оқу-құралдары, кітапшалар шығып жатқан кезде пайдалы-ақ.
Тілшінің пікірінше, жақсы мұғалім деген атқа түрлі әдістерді меңгеріп, соларды оқытуда қолдана білу арқылы ғана жетуге болады. Бұл да – әділетті тұжырым. Оны бүгінгі өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
А. Байтұрсыновтың әдістемеге қатысты еңбектерін және ондағы айтылған мәселелерді бірнеше топқа бөлуге болады:
1. Оқулықпен қатар жазылған, оқытудың әдістемесін көрсететін еңбектер.
2. Қазақша әліпбидің, дыбыстық негізінде сауат ашу әдісін іске асыратын еңбектер.
3. Ана тілін оқытудың әдістерін баяндайтын еңбектер.
4. Тіл ұстартуды көрнекілік әдіс арқылы дамытуды көздейтін еңбектер.
5. Қазақша сауатты сөйлеудің, оқудың, жазудың әдістерін қарастыратын еңбектер.
6. Әдістің түрлерін жіктеп көрсететін еңбектер.
1. А. Байтұрсынов 1912 ж. мектеп балаларына арнап қазақша «Оқу құралын» жазып, шығарғаннан кейін, енді бірден осы оқулықты қалай оқытудың әдістемесін көрсететін «Баяншы» атты әдістемелік еңбегін жарыққа шығарды. Сол сияқты оқулықтарға қосымша әдістемелік құрал болып табылатын «Нұсқаушы» атты кітабы да осындай мақсатты көздеген еңбек.
Автор бұл еңбектерін мүмкіндігінше өзі жазған оқулықтармен бірге, сол жылдары қатар жазып, шығарып отыруды мақсат еткен. Өйткені тілші оқу құралдары бар болғанымен, енді сол оқу құралдарын тұтыну жолдарын көрсететін әдістемелік еңбектер болмаса, бұл оқу құралдарының тигізер пайдасы шамалы деп есептеген.
Осы саладағы А. Байтұрсынов еңбектерінің қай-қайсысы да таза мәтіндегі әдістемелік құралдар, маңызы зор пайдалы материалдар.
Жоғарыда аталған еңбектерінің ішіндегі «Оқу құралы» мен «Баяншы» мектеп оқушыларына қазақша әліппені үйреткен қажетті басылымдар болды. Бұл оқу құралы бірнеше рет басылып шықты.
2. А. Байтұрсынов 1910-1928 жылдар аралығында қазақша дыбыстың, әліпбидің негізінде оқыту әдісін іске асыратын бірнеше еңбектер жариялаған. Бұған тілшінің жоғарыда айтылған «Оқу құралы» мен «Баяншыдан» басқа «Әліппе» және «Әліп-би астары» атты кітапшалары куә.
Автор оқытудың, білім берудің ең тиімді де керек жолы қазақша «қарыптарды» (әріптерді) дұрыс үйрету, дыбыстарды сауатты жазу, оқу дейді. Сол себепті ғалым тілдің дамуы мен өзгеруіне аса мән беріп отырған. Ол: «Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгертілмеген тіл жоқ»-дей отырып, 1916 жылы әліппенің жаңа түрін жазады. Бұл еңбек «Жаңа әліп-би» (Қызыл-Орда, 1926) деп атала келіп, қазақ тіліндегі басылған кітаптардың көрсеткішінде:
«Жаңа құрал. Емлесі жаңа. Қазақстан Білім ордасы мектептерде қолдануға ұйғарды»,- деп бағаланған («Шора» журналы, 1913).
3. Ғалымның бірқатар еңбектері ана тілін оқытудың тиімді әдістерін қарастырады. Бұл ретте А. Байтұрсынов оқыту сапалы болу үшін жаңалыққа құштар, ізденімпаз ғалым-тілші екенін көрсетеді. Оның «Ана тілінің әдісі», «Тіл-құрал» атты еңбектері – мектеп оқушылары мен мұғалімдерге қазақ тілінің түбегейлі ерекшеліктерін танытқан, үйреткен басылымдар. А. Байтұрсынов қазақша «Әліппені» жазып шығарған соң, қазақ тілін арнаулы пән ретінде оқуға мүмкіндік беретін жаңа оқулық жазуды ойлайды. Сөйтіп, үш бөлімнен тұратын «Тіл-құрал» атты кітап жазды да, әрқайсысын І-тіл танытқыш, II-тіл танытқыш, ІІІ-тіл танытқыш деп бөліп, қазақ тілінің фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін талдап, жүйелеп көрсетті.
Бұл еңбектің бірінші бөлімі алғаш рет 1915 жылы жарыққа шығып, содан кейін бірнеше рет қайта басылған.
4. Әдіскер ғалым қазақ тілін оқытуда көрнекілік әдіске ерекше мән берген. Тілшінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарында да, үлкендерге арналған кітаптарында да сөйлеуге үйретудің, тіл ұстартудың бірден-бір жолы ретінде суреттерге көп көңіл бөлінеді. Ол иллюстративтік құралдарды пайдаланудың, оқулықтарды түрлі-түрлі суреттермен жабдықтаудың үлкен тәрбиелік және тіл дамытушылық қасиеті бар деп біледі. Сол себепті А.Байтұрсыновтың 1926 жылы шыққан «Әліппесінің» жаңа түрі көптеген суреттерді қамтыған. Сол сияқты үлкендерге арналған «Сауат ашқышта» да түрлі иллюстративтік материалдар маңызды орын алған. Сонымен қатар тілші «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» деген мақаласында да осы мәселелер жөнінде пікір айтып, ой тұжырымдайды.
5. А. Байтұрсыновтың қазақша дұрыс сөйлеп, дұрыс оқып, дұрыс жазудың, сауатты болудың амалдарын баяндайтын көрнекті еңбектері –«Тіл жұмсар» мен «Сауат ашқыш».
«Тіл жұмсар»– тіл үйретуге байланысты жазылған жаңаша еңбек. Ол екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімі «Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын кітап» (Байтұрсынұлы, 1928б: 5) деп аталған. Ал екінші бөлімі алғашқы бөлімдегі материалдарды тереңдетіп меңгеруге арналған жаттығу-тапсырмалардан тұрады. Бұл кітаптың өзі әдістемелік жағынан бірін-бірі толықтыра келіп, автордың өзі атап өткендей: «әріптер мен әріп белгілерін, түрлі орында көбірек жұмсалатын сөз бөлшектері мен сөйлем бөлшектерін жаза білуді тәжірибе арқылы жұмыс істеп үйретуді көздеген». Қалай болғанда да, «Тіл жұмсардың» әдістемелік негізі мен ерекшелігі – арнайы зерттеуді қажет ететін тың тақырып. Сондықтан да автор: «Мұндағы білім –«Тіл-құралдағы» білім, бірақ сол білімді үйрету жолы басқа» (Байтұрсынұлы, 1928б: 5) - деп, Тіл жұмсарды?» өзгешелігін арнайы атап өтеді.«Сауат ашқыш»– әдістемелік жағынан әр түрлі тақырыпта кеңінен берілген дидактикалық материалдарымен көзге түсетін еңбек. Мұнда автордың нақтылы көздеген мақсаты өзіндік сөз жүйесінен, тапсырмалардың берілу амал-тәсілдерінен байқалады.
6. Ғалымның әдістің түрлерін баяндайтын еңбектеріне «Қай әдіс жақсы?», «Жалқылау (айырыңқы) әдіс», «Жалқылаулы – жалпылау әдіс» атты мақалалары жатады.
Бұл айтылғандар А. Байтұрсыновтың әдістемелік еңбектеріне берілген қысқаша шолу ғана. А. Байтұрсыновтың тілдік мұрасын ғалым-тілшілер Ә.Қайдаров («Соц. Қаз.», 1989) Р.Сыздықова (1990, 1991), т.б. көптеген адамдар зерттеген. Сонымен қатар көрнекті ұстаз, талантты ғалымның әдістемелік мұрасын арнайы қарастырған тілшілер де бар.
Достарыңызбен бөлісу: |