Телжан Шонанов– ғылым-білім, оқу-ағарту, әдебиет пен тіл салаларында құнарлы еңбек еткен талантты жан.
Телжан Шонанов 1915 жылы ұстаз болып қызмет істейді. Кейін 1922-1937 ж. аралығында көптеген зерттеу еңбектерін жазды.
Т. Шонановтың жазған кітаптары, оқулықтары мектептегі білім беру жүйесіне, әдістемелерге, тіл мәселелеріне арналған.
Т. Шонанов әр салада көптеген еңбектер жаза келіп, тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, педагог, тарихшы, аудармашы ретінде көрнекті орын алады. Ол баланың сауатын ана тілінде ашуға ерекше көңіл бөлуді талап ете отырып, тілді үйрену алғашқы балалық кезде тиімді екенін дәлелдейді.
Ғалым білімге, оқу-ағарту ісіне ден қоя келіп, ілім тек балалар үшін ғана емес, ересектерге де қажеттігін ескертеді.
Сондықтан бастауыш мектеп оқушыларына арнап «Әліппе», (Алматы, «Қазақстан» басп., 1935), «Жаңа арна» (Қызыл-Орда, 1931, «Жаңалық») (Қызыл-Орда, 1936) кітаптарын жазса, ересек адамдарға арнап «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы» (Қызыл-Орда, 1930), «Қазақ тілінің оқу құралы» (Алматы, 1933), «Учебник казахского языка для взрослых» (Қызыл-Орда, Казиздат, 1936) тәрізді оқу құралдарын шығарды.
Осы еңбектерінің әрқайсысы оқу жүйесінің сапалы болуын қадағалай келіп, арнайы мақсаттарды көздейді. Мәселен, «Әліппе» бастауыш мектепке арналған оқулық болса, «Жаңа арна»– білім табалдырығын тұңғыш аттағысы келген балаға бағытталған алғашқы кездегі оқу құралы, «Жаңалық»– колхоз мектептері үшін жазылған әліппе т.б. Автор балалардың қабілетін, жасын ескеріп, шағын әңгімелерді, мақал сөздерді, қызықты аңыздарды саралап береді.
Ғалым-тілшінің еңбектерінің ішінде басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді көздеген кітаптары, оқу құралдары ерекше орын алады. Мұның өзі оның, біріншіден, ізденімпаз зерттеуші ғалым екенін танытса, екіншіден, ұлттық ана тілінің мерейін ойлаған көреген екенін аңғартады. Бұл салаға қатысты жарияланған Т. Шонановтың еңбектері төмендегідей: «Орыстар үшін қазақша әліппе» (Қызыл-Орда, 1934), «Самоучителькиргизского языка для русских» (Қызыл-Орда, 1930), «Учебник казахского языка для взрослых» (Қызыл-Орда, 1936).
Оқу құралдарының көпшілігі сол кездегі уақыт талабына сай бірнеше рет басылып шыққан. Мысалы, «Учебник казахского языка для русской школы» бес рет басылым көрген. Оқулық төрт бөлімнен құралған. Оның ерекшелігі: сол отызыншы жылдардың өзінде автор басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін ең маңыздысы – сөйлеу тілін үйрету екенін дұрыс түсінген. Сол себепті оқулықтың алғашқы үш бөлімінде әр түрлі тақырыптағы әңгімелерге, текстерге көп орын берілген. Грамматикалық материалдар соларға жетекші ретінде сұрыпталып, шағындап қосылған. Автордың үшінші бөлімінде етістіктердің жіктелуі мен есім сөздердің септелуіне мән беруі де тегін емес, өйткені қазақша сөйлеудің бірден бір кілті – етістіктердің жіктелу заңдылықтарын меңгеру екені көпшілікке аян.
Сол сияқты ғалымның алғашқы бөлімді «Кіріспе курс» деп атап, онда сөйлеуге үйретудің алғышарттарын белгілеуі де оның білгір тілші екенін көрсетеді.
Т. Шонанов сөйлеуге үйретуді мақсат ете отырып, оқу мен жазуға да айрықша назар аударады.
Еңбектің төртінші бөлімінде сөздіктің берілуі тіл үйренушінің лексикалық қорын автордың маңызды орынға қойғандығын дәлелдейді.
Қазақ тілінің әдістеме саласына айрықша көп еңбек сіңірген ғалымдардың көрнектісі – Ш.Х. Сарыбаев.
Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты еңбектерін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесі.
2. Қазақ тілін қазақ мектебінде оқыту мәселесі.
3. Фонетиканы оқыту мәселесі.
4. Орфография және оның принциптерін оқыту мәселесі.
5. Етістіктің грамматикалық категорияларын оқыту мәселесі.
6. Сөз таптарын оқыту мәселесі.
Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту проблемасын Ш. Х. Сарыбаев 1933 ж. бастап, арнайы қарастырып, 1943 ж. «Методика преподавания казахского языка в русской школе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Жиырмасыншы жылдардан бастап әр түрлі деңгейде сөз болып келе жатқан бұл мәселе сол уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу объектісі болған жоқ еді.
Ғалым-тілші орыс мектебінде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізін салып қана қоймай, оқытудың практикалық мәніне де назар аударды. Сол себепті өзінің сабақ оқытудағы іс-тәжірибесін бөлісе отырып, 1941 ж. «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен» деген еңбегін жазды.
Әдіскер ғалымның бұл сала бойынша ұсынған құнды пікірлері баршылық:
1. Сөйлеуге үйрету грамматиканы меңгерумен тығыз бірлікте жүргізілуі керек.
2. Автордың пікірінше, тілді оқытуда маңызды орын алатын мәселе – сөз. Сондықтан сөз нақтылы атаулардан басталып, тіркес, сөйлем құрамында алынуы қажет. Сөздің мағынасы түсінікті және есте жақсы сақталатындай болғаны жөн.
3. Оқушыға үйретілетін сөздер дұрыс сұрыпталған соң, басты көңіл бөлетін мәселе – сөздік қор. Тіл үйренушінің сөздік қоры үнемі жетіліп отыруы керек және жаттандылықтан алыс болуы қажет. Сөздік қор құр жаттанды сипат алмауы үшін нақтылы заттармен, өмірдегі құбылыстармен байланысты қолданылуы керек.
4. Тілді меңгерту оқушының есту, көру, сезіну, ойлау қабілеттерімен қатар жүргізілуі керек.
Ғалымның бұл пікірі оның жиған тәжірибесі мен білімінің молдығын дәлелдей келіп, тілді оқыту саласындағы көрегендігін көрсетеді. Қазіргі кезде методика ғылымында маңызды орын алған сөйлесім әрекеті мен оның түрлерінің жиынтығын және комплекстік әдістің ерекшеліктерін тілші сол кезде-ақ танып білген. Бұл – кез келген тілді игеру үшін қолданылып жүрген тиімді амалдардың бірі.
5. Оқытылатын тіл мен ана тілінің байланысын ескеру, олардың сәйкес материалдарын тауып, оларды тілді үйрету үшін жан-жақты пайдалану т.б.
Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесіне арналған пікірлерін арнайы сөз еттік. Ғалым-тілшінің одан басқа да әдістеме ғылымына сіңірген еңбегі көп (Сарыбаев, 1936; Сарыбаев, 1956а; Сарыбаев, 1956б).
Қазақ тілі методика мәселелерін зерттеп, оған қатысты еңбек жазған тілші – С. Жиенбаев.
С. Жиенбаевтың 1941 ж. шыққан «Қазақ тілі методикасы» атты кітабы қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты жарияланған тұңғыш зерттеулердің қатарына жатады.
Әдіскер-тілші қазақ тілінің әр түрлі мәселелерін қарастыра отырып, орыс мектебінде қазақ тілін оқыту мәселесіне, оның ішінде: тіл дамыту, сөйлеуге үйрету, арнайы тақырыппен жұмыс, сабақ беру әдісі сияқты мәселелерді сөз еткен.
Қазақ тілі әдістемесіне арналған бірнеше методикалық кітаптардың авторлары: Ғ. Бегалиев, И. Ұйықбаев.
Қазақ тілін оқыту методикасының бағдарламасы мен оқулықтарын алғаш жазған авторлардың қатарына Д. Әлімжанов пен Ы. Маманов жатады.
Д. Әлімжановтың «Қазақ тілін оқыту методикасының программасы» жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ тілі әдістемесінен теориялық білім бере келіп, орта мектепте қазақ тілі сабағын өткізу әдістерін, сабақтың мазмұны мен жүйесін меңгертуді мақсат етеді. Сонымен қатар қазақ тілінің әр саласын жеке оқыту әдістерімен бірге кластан тыс жүргізілетін жұмыстар мен практикалық жұмыстарды да қамтиды.
Д. Әлімжановтың қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған оқу құралы (Әлімжанов, Маманов, 1965) орта мектепте қазақ тілін оқытудың жалпы мәселелерін, қазақ тілін оқыту методикасының принциптері мен қазақ тілін оқыту методтарын қарастырады.
Ы. Маманов – қазақ тілі методикасы мәселелерімен бірге орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесін де қарастырған ғалым. Тілшінің бұл салаға қатысты оқушының тіл дамыту, сөз байлығын сөз ететін бірқатар еңбектері бар.
Қорыта келгенде, тілдік қатынас құбылысы ең алдымен тілді оқыту және үйрету, негізінен, тіл білімінің әдістеме саласымен ұштасып жатады.
Қандай болмасын тілді терең меңгерту үшін оқытудың тиімді әдістерін, ұтымды тәсілдерін білу қажет. Бұл проблемалардың барлығы сол ғылымның әдістемесіне қатысты қарастырылады.
Қазақ тілінің әдістемесіне қатысты барлық еңбектерге талдау жасау біздің алдымызға қойған мақсатымыз емес. Дегенмен, қазақ тіліндегі тілдік қатынас, оның ішінде қазақ тілін оқыту мәселесі сөз болып отырғандықтан, әдістемеге қатысты басты-басты еңбектерді сала-салаға бөліп, шолу жасауды жөн көрдік.
Осы тұрғыдан келгенде, арнайы зерттеліп, ең көп қарастырылған – қазақ тілі синтаксисін оқыту, фонетиканы және орфографияны оқыту мәселелері.
Қазақ тілін оқыту мәселесіне байланысты баспадан шыққан еңбектерді қарастырғанда, олардың көбінесе мынадай салаларды қамтитындығын аңғаруға болады:
I.Фонетиканы оқыту.
1. Дыбыстарды оқыту.
2. Орфографияны оқыту.
II. Лексиканы оқыту.
1.Тіл мәдениетін оқыту.
2. Стилистиканы оқыту.
III. Морфологияны оқыту.
1.Сөз таптарын оқыту.
IV. Синтаксисті оқыту.
1. Жай сөйлемдерді оқыту.
2. Құрмалас сөйлемдерді оқыту.
Қазақ тілі синтаксисінің әдістемесі екі сала бойынша: жай сөйлем синтаксисін оқыту және құрмалас сөйлем синтаксисін оқыту болып бөлініп, 30-жылдардан бастап зерттелуде.
Қазақ синтаксисінің оқулығы (мектеп оқулығы) алғаш рет 1939 ж. С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шығып (Аманжолов, Сауранбаев, 1939) содан бері қазақ тілі синтаксисі және оны оқыту мәселелері бірде мақалаларда, бірде кітапшаларда, енді бірде арнайы еңбектерде қарастырылып келеді. Солардың арасынан жай сөйлем синтаксисі әдістемесінің зерттелу тарихынан хабар беретін бірнеше басты-басты еңбектерді көрсете кетейік.
Жай сөйлем синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері. – Алматы, 1957 ж. Ә.Хасанов. Пунктуацияны оқыту жолдары, – Алматы, 1957 ж. Ә. Ермеков. Грамматикалық талдау. – Алматы, 1958 ж. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері. – Алматы, 1957-1959. Е. Көшербаев. Қазақ тілі сабақтарындағы қайталау. – Алматы, 1961. Д. Әлімжанов, Ы. Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы, 1965. Х. Арғынов. Жай сөйлем синтаксисінің көрнекі құралы. Алматы, 1961. Х. Арғынов. Жай сөйлем синтаксисінің методикасы. Алматы, Мектеп, 1967.
Осы салаға байланысты көптеген еңбектерде жай сөйлемді оқытуға байланысты грамматикалық талдау үлгілері, көрнекі құралды дұрыс қолдану, синтаксистік тұлғаларға мән беру, тыныс белгілерді оқыту, сөйлем мүшелерін жете меңгерту, жеке категорияларды оқытудағы қайталаудың алатын орны т.б. мәселелер мұғалімдердің іс-тәжірибесі арқылы баяндалады.
Бірақ бұл еңбектердің көпшілігі, біріншіден, оқытушылардың тек сабақ барысындағы күнделікті практикасына сүйеніп жазылғандықтан және оқыту мәселесіне қатысты алғашқы баспалдақ болғандықтан, жай сөйлем синтаксисін оқытудың басты қағидаларын толық ажыратып, жіктеп бере алмады.
Достарыңызбен бөлісу: |