19. Балалардың тілін дамыту әдістері мен тәсілдері
Балалардың тілін дамытудағы мақсаттары:
- Балалардың ойлау, дұрыс сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту. Сөйлем құрап өз ойларын жеткізе білуге, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету;
- Сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгеруге көңіл бөліп ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру;
- Ертегілерді әңгімелеуге, өлең, тақпақ, мақал - мәтелдер, жаңылтпаштарды айта білуге үйрету.
Осы мақсатты іске асыру нәтижесіндегі міндеттері:
- Бала тілін орфоэпиялық дыбыстау мәдениетіне тәрбиелеу.
- Сөздегі грамматикалық дағдыларды қалыптастыру;
- Баланың сөздік қорын молайту;
- Байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру;
- Балалардың ойын дамытып, тіл байлығын арттыру.
Баланың тілін дамыту, сөйлесе білуге үйрету барысында негізінен үш түрлі тәсіл арқылы іске асырылады:
1. Заттарды бақылатып, көрсету арқылы;
2. Баланың түсінігін байқау, яғни сұрақтар қою, жауап алу;
3. Сол бақылаған оқиғалары туралы дербес жаттығулар орындатып, көрген-білгенін тереңдете тиянақтап отыру;
Мысалы, балаға үй жануарларын бақылатса, олардың төлдері жайлы, ұқсастығы, келтірер пайдасы, бір-бірінен айырмашылығы туралы айтуды сұрау немесе баланың назарын ас әзірлеу үрдісіне аудару ( тазалаймыз, қайнатамыз, қуырамыз, дәмін татамыз) т. б. сол сияқты.
Сондықтан ата-аналар мына ережелердi ұстанғаны дұрыс:
1. Өзіңіздің сөйлеу дағдыларыңызға көңiл бөліңіз, өйткенi ересек адам айтқан сөз дұрыс үлгi болып табылады;
2. Баланың күнделiктi өмiрiнде сөздерді сауатты және дұрыс айтқанын қадағалаңыз;
3. Бала тілін дамытуда, оның арнайы ойыншықтары мен кітаптары болуы қажет.
Балалардың сөздік қорын, тіл байлығын дамыту барысында қолданылатын әдістерге тоқталатын болсақ:
1. Сахна ойындары. Оның барысында қажетті дыбысқа байланысты сөздер, сөйлемдер бірнеше рет қолданылады. әр кейіпкерді сөйлете отырып, балаларға қайталату.
2. Бағдарлама бойынша өтілетін шығармалардан тіл ұстартуға қажетті шумағын алып пайдалану. Сол шумақ қай ертегіден, қай өлеңнен алынғанын сұрап, жауабын алу арқылы тіл дамытудан игерген білім дағдыларын бекітеді, әрі қайталайды.
3. Сөздің дыбыстық жағын анық айтуға жаттықтыруда шағын әңгіме, ертегілерді мәнерлеп оқып беруге болады.
4. Көркем сөз шеберлерінің таспаға жазылған үндерін, мәнерлі дауыс ырғағын тыңдату.
5. Дидактикалық жаттығулар жасау. «Ғажайып қалта» «Не өзгерді?» үстел үстінде ойнайтын ойындарды пайдаланып, әр дыбысқа байланысты суреттерді топтап алу.
6. Жұмбақ, мақал - мәтел, жаңылтпаштарды айтқызу арқылы қажетті дыбысты бекіту.
Жұмыстың осы түрлерін баланың жас кезінен бастап дер шағында қолға алса нәтижесі де ойдағыдай болады.
Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:
- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;
- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;
- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;
- шамасы жеткенше ертегі, әңгіме жаза білу т. б.
Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар – тіл мәдениеті талаптарын жүзеге асыруда аса тиімді.
Оның түрлері:
Ø шығарма, әңгіме жазу;
Ø сурет бойынша әңгіме жазу;
Ø икемі бар балаларға өлең шумақтарын жазғызу;
Ø ертегі жазу;
Ø көркем шығарма оқу;
Ø сайыс, рөлдік ойындарға қатыстыру;
Ø әркімнің қабілетіне қарай деңгейлік жеке тапсырмалар беру;
Ø сөзжұмбақтар құрастыру;
Ø газет - журнал шығарту;
Ø балаларға арналған басылымдардағы сөзжұмбақ, ребустарды шешкізу;
Ø жұмбақтар құрастырту;
Ø хат жаздыру;
Ø белгілі бір шығармаға қысқаша пікір жаздыру т. б.
Достарыңызбен бөлісу: |