17. Байланыстырып сөйлеуді оқытудың міндеттері мен мазмұны Байланыстырып сөйлеу тілі – өз алдына жалпы сөйлеу тілінің күрделі түрі болып табылады. Байланыстырып сөйлеу – тек қана сөйлемдердің тізбегі емес, ол сөйлемдердің бір – бірімен тиянақты, белгілі бір ретпен, кезектілікпен, мазмұны жинақы құрастырылған сөйлемдердің жүйесі. Бірақ, өз ана тілін білген адам, тек сөйлеп қана қоймайды, ол өз ойын байланыстырып сөйлеу тілі арқылы жеткізе біледі.
Балалардың сөйлеу тілін қалыптастыру үшін, ересек адамдармен эмоционалды қарым-қатынас жасауға, заттық және әр түрлі ойын әрекеттерінде, ойлау әрекетінің көрнекі-заттық түріне, естуіне, көруіне, иіс сезуіне, қоршаған ортаны бағдарлауына үлкен назар аудару қажет. Осымен бірге ересек адамның сөйлеу тілі баланың фонематикалық есту қабілетінің, белсенді сөз қорының, сөздің мағынасын түсінуінің дамуына өз үлесін қосады.
Сөздік қор мен грамматикалық қатардың дамуы қайталау арқылы меңгеріледі. Баланың грамматикалық қатардағы тілді меңгеру процесі күрделі және көпқырлы екенін сипаттай келе А.И. Гвоздев ең алдымен баланың нақты және оңай категорияны тез меңгеретіндігін жазды.
Басты назарды баланың сөйлеу тілінің негізгі түрі – қарым-қатынас түріне аудару керек. Себебі, ол баланың байланыстырып сөйлеу тілінің қалыптасуының бірден-бір тәсілі. [1,29]
Балалар заттың атын атап айта білуімен қатар, оны сипаттай білулері қажет. Т.А.Фотекованың айтуынша, байланыстырып сөйлеу тілінің қалыптасуында, сөйлеу тілі мен ақыл ойдың дамуын анық көрсететін тығыз байланыс болады. Әрбір жеке адамның сөйлеу тілі, ойлау әрекетінің ерекшелігіне, темпераментіне, жан-жақтылығы мен басқа да психикалық даму жақтарына байланысты ерекшеленеді. Сөйлеу әрекетін әр түрлі танымдық әркеттерімен, әсіресе ойлауымен байланысты қарастыру жөн. Сондықтан да сөйлеу тілі ойлаудың негізгі құралы болып табылады.
Белгілі бір хабарды, мәліметті ауызша байланыстырып сөйлеу тілі арқылы жеткізу үшін, семантикалық ережелерді ескеру қажеттілігі туындайды. Олар сөздердің байланысын оның мағынасымен анықтайды. Нәтижесінде сөздер алынып, хабарлама немесе мәлімет қысқа да, нұсқа айтылады.
Сөйлеу тілінің күрделі жағына ауызша байланыстырып сөйлеуді жатқызамыз. Оған мағыналық, құрылымдық сөйлеу тіл бөлімдері тән. Басқаша айтқанда, ауызша байланыстырып сөйлеу – бір немесе бірнеше сөйлемнен тұратын бірғана тақырыпқа бағытталған және нақты күрделі құрылымды иеленетін біртұтас сөйлем жүйесі. Байланыстырып сөйлеу сөйлем сияқты жоғарғы деңгейде комуникация қызметін атқарады. Ауызша байланыстырып сөйлеу екі жақты үрдіс ретінде жүзеге асады: сөйлеу дағдылары (экспресивтті сөйлеу тілі) және өзгелердің сөйлеу тілін түсіну дағдылары (импрессивті сөйлеу тілі).
Ауызша байланыстырып сөйлеу тілінің мынадай түрлері қолданылады: сұрақтарға толық, кең көлемді жауап беру, оқылған ертегі, мәтінді қысқаша шолып айту, суреттерге қарап өз тәжірибе негізіне сүйене отырып сөйлем құрастыру, бақылаудағы объектіні суреттеу.
Ауызша байланыстырып сөйлеу тілін қалыптастыру, дамыту тапсырмалары келесі міндеттерді орындау қажет:
Оқушыларда сөйлеу қажеттілігін туындату.
Тұжырымдағы логикалық байланысы мен жұмыс..
Тұжырымдамаға тән тілдік құрылым.
Тұжырымдауды ұйымдастыру.
Ауызша байланысқан тұжырымдарды көп қайталау, жаттықтыру, сонымен қатар жаттығу түріндегі әр түрлі тақырыптарды қолдану, мәтін мазмұнын айту, заттарды суреттеу және т.б.
Баланың байланыстырып сөйлеуін тексеру үшін төмендегідей әдістерді қолдануға болады:
1.Суреттер бойынша әңгіме құрастыру, сөйлем құрау
2. Сериялы сурет бойынша әңгіме құрастыру
3. Мәтінді тыңдап мазмұнын айту
Байланыстырып сөйлеуге үйретуде сөздік-тапсырмалар орындату, белгілі тақырып бойынша әңгіме құрастыру, өз қиялынан әңгіме, ертегі құрау, сурет бойынша әңгіме құрастыру керек. Баланың сөйлеу тілін жетілдіруде ойын-жаттығулар мен дидактикалық материалдар, сюжетті рольдік ойындардың маңызы зор.