23. Ерте жастағы балалардың сөйлеуін дамыту. Әрбір дүниеге келген сәби өз қажеттілігін өтеуде және үйренуде ересектерге тәуелді болады және көмек күтеді. Ересек адамдарға сәби жасынан бастап мектепке дейінгі кезеңдегі балалардың сөйлеу тілін жылдам және жеткілікті деңгейде меңгеруіне,сөздік қорын молайтуға, дұрыс сөйлеу тілін қалыптасыруға көмектесетін бірнеше тәсілдер бар.Баланың туылғанынан бірінші күннен бастап баламен міндетті түрде әңгімелесу - сөйлеу тілінің дамуының бастапқы және маңызды талаптарының біріне жатады. Алғашқы уақыттарда барлық көңіл балаға бөлінеді. Әсіресе бала үшін анасының онымен сөйлесуінің маңызы зор. Бала үшін ана – өмір, махаббат, жайлылықтың, еркелетудің және жеке толғаныстардың көзі. Басқалардың сөздеріне қарағанда анасының айтқан сөздері өте әсерлі болады. Сонымен бірге ерте жастағы баланың сөйлеу тілінің қабылдауы мен дамуына жанұялық және әлеуметтік тәрбиенің үйлесуі арқылы жағымды жағдай туғызу керек. Ересектер тарапынан ұйымдастырылған әрбір іс-әрекет бала үшін сабақ екенің естен шығармағанымыз жөн. Баланың сөйлеу тілі туа біткен процесс емес екенін көптеген авторлар дәлелдеген. Ол онтогенез барысында адамның әлеуметтік дамуымен байланысты. Сөйлеу тілінің дамуы мидің орталықтарының және оларды жалғайтын жолдарының қалпына, баланың ой-өрісі мен дене дамуына байланысты болады.
1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі ерте балалық шақ бала өмірінің ерекше кезеңі. Бұл уақытта бала ағзасы тез қарқынмен өсіп, үлкендердің балаға әсер етуі неғұрлым тікелей және ұзақ мерзімде болады. Бір жастағы бала сенсорлық, сөйлеу, манипуляциялық қимыл дағдыларын меңгеруден сензитивті кезеңге өтеді. Сөйлеу белсенділігі қалыптасады. Бала жеке сөздерді анық айта бастайды. Үлкендердің көңілін аудару үшін кейбір жеке сөздерді айта алады. Тапсырмаларды орындайды, өзінің әрекетін сөздер мен тіркестер арқылы толықтырады. Бөлмедегі заттар, жануарлар, өсімдіктер мен адамдардың белгілерін білдіретін сөздерді түсінеді. Ана тілінде қарым-қатынаста шамамен 200-300 сөз қолданады. Сөзді қимылмен, ыммен, көздің қиығымен түсіндіреді. Екі-үш ауыз сөзбен көргендерін айтып береді. Балаларға арналған өлеңдерді дауыс екпінін келтіріп жатқа айтады. Суретті кітаптарға қызығушылықпен қарайды. Осы жас аралығындағы баланың тіл дамуының критерийлері: үлкендердің талаптарын түсінеді, тыңдау, басқа балалардың қызығушылығымен есептесу іскерлігі пайда болады. Эстетикалық қабылдауын, әдемі, ашық заттар мен киімдерін байқайды. Үлкендердің сөздерін, жеке фразаларын, ұйқасын, сөйлеу қарқыны мен дауыс күшін өзгертіп қайталайды. Ертегі кейіпкерлерінің рөлін орындап, заттардың қасиеттерін атай алады. Ерте жаста бала ойын іс-әрекетіне деген ықыласын таныта бастайды. Осыған орай, пәндік-дамытушы ойын ортасын жасау керек. Ойын барысында мәселелі жағдайларды пайдалана отырып, балалардың ересектің көмегінсіз тығырық жағдайлардан шығу жолдарын таба білуге түрткі болу. Балаларды ойын барысында бір-біріне бөгет жасамай ойнауға үйрету, ойындық байланысқа түсуге жетелеу. Ұлы педагог В. И. Сухомлинский өз сөзінде ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз, шығармашылықсыз толық мәндегі ақыл - ой тәрбиесі болмайды деп түйін қорытқан. Демек, ойын арқылы баланың ақыл - ойы, сөздік қоры толыға түседі. Ойынның тілді дамытуда орны ерекше.