Студент субъекті болу үшін өзін-өзі тану, өзін-өзі көрсету, өзіне-өзі сену, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі іске асыру, өзін-өзі реттеу және т.с.с. үдерістердің мәні мен маңызын ұғына білсе, оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастың қалыптасуына жағдай туындайды.. Студенттің қатынас жасау типтерін зерттеген еңбектерді қарастыра отырып, студенттердің қарым-қатынас жасау қабілетін үш түрге бөліп қарастыруға болатындығын Л.А.Перовская, Ю.М.Лотман, М.И.Рыданов және Б.Ф.Ломовтардың еңбектерінен көреміз : 1) Жалғыздыққа бейім өзімен-өзі жүретін студент. Оны айналасындағы құрдастарымен қарым-қатынас жалықтырады. Ол өзімен-өзі жалғыз қалғанда немесе өзі ұнататын ісімен айналысқанда ғана өзін жайлы сезінеді. 2) Жұптасқан қарым-қатынас түріне бейім студент. Оның жанында сенімді досы немесе құрбысы болуы қажет. Ол доссыз немесе құрбысыз толыққанды өмірді сезіне алмайды. 3) Топтық, ұжымдасқан қарым-қатынас түріне бейім студенттер. Мұндай ұжымдасқан немесе бейімділіктеріне қарай топтасқан студенттерден дұрыс бағыттағы салауатты қарым-қатынастағы ұжымдар да, сондай-ақ, қоғамдағы жағымсыз әрекеттерге баратын топтар да қалыптасуы мүмкін.